ШЫҒЫС ДАНАЛЫҒЫ
11.08.2021
3108
1

Мен көптен бері айтып келемін: неше түрлі философия бар. Аристотельдің ілімі – өз алдына философия. Платонның философиясы да басқалардың іліміне ұқсамайды. Конфуций туралы да осыны айтуға болады. Батысша, Гегельше, Марксше ойлайтындар дәстүрлі орыс, қазақ философиясын, дәстүрлі Шығыс философиясын нағыз философия деп танымайды, қоғамдық ойлау жүйесі деп біледі. Кеңес дәуіріндегі орыс философы М.Бахтиннің: «Нағыз философтар – Германияда, Ресейде тек ойшылдар болған», –  дейтіні содан.

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор  


ДАНАЛЫҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ СЫРЫ

Мен философияны шартты түрде ғылыми философия және даналық философиясы деп ажыратар едім. Мен тілге тиек еткелі отырған Шығыс философиясы даналық философиясының тап өзі деуге болады. Қазақ философиясы туралы да осыны айтуға болады. Мен осы жұмысымда Шығыс философиясына ғылыми тұрғыдан талдау жасауды мақсат етіп отырған жоқпын. Мені қызықтыратыны және оқырманға да ұсынғым келіп отырғаны – Шығыс философиясының қай адамға да сабақ болар, бағыт сілтер, жол көрсетер ойлары, үлгілері. Конфуций несімен осы кезге дейін  он мың ұрпақтың ұстазы болып келді? Лао Цзының дао (жол) туралы ілімі адамға қандай жол көрсетпек болады? Сидхартха Гаутама (Будда) неге өмірде кездесетін қиындықтардың, бейнеттердің барлығын надандықпен, білместікпен, тайыздықпен байланыстырады? Оның ойынша, көрсеқызарлық та, нәпсіқұмарлық та, дүниеқорлық та, мансапқорлық та – бәрі де адамның өзін, дүниені, өмірді танып білмеуінен, түсінбеуінен, тереңге бойламауынан.

 «Восток – дело тонкое» деген ұлағатты сөз бар. Әңгіме қытайлардың, жапондардың, тағы басқалардың аңғарғыштығы, сезімталдығы, түсінігі туралы болса керек. Шынында да, Шығыс – жұмбақ әлем. Көпшілікке әлі жұмбақ болып келеді. Шығыс елдерінің осы кездегі жетістіктері, менің ойымша олардың философиясымен. идеологиясымен, дүниетанымы мен тығыз байланысты. Қытай, Үндістан сияқты миллиардтан астам халқы бар елдердің ынтымақта, үйлесімді өмір сүріп келе жатқанын үнді, қытай философиясының, шығыс тәрбиесінің ықпалымен түсіндіруге болады. Батыста да, Кеңес заманында бізде  де Шығыс философиясына жете көңіл бөлінбеді, елемеді деуге болады. Жазушы, ғалым Мақсат Тәжімұратов Шәңгерей туралы кітабында: «Абай, Гаутама ілімін оқып, «Шіркін, Будданың сөзі қалай терең еді, жасымда кез келмеді-ау» дегені абайтануда дәлелденген факт», – деп жазады. Ұлы Абай сияқты біз де маркстік-лениндік философиямен айналысып, Шығыс философиясына кезінде көңіл бөлмегенімізге өкінеміз.

      Кеңес Одағынан бір айдың ішінде тас-талқан болып жеңілген Жапония қазір ең дамыған елдердің бірі. Бұл елде біздегідей табиғи байлық атымен жоқ. Жапондардың өздері: «Бізде теңіз суынан және балықтан басқа табиғи ресурстар жоқ», – дейді. Қалай бұл ел суырылып алға шықты?

       

«ҚЫТАЙ КЕРЕМЕТІ» КЕЛЕ ЖАТЫР МА?

Қытай бұдан жарты ғасыр бұрын артта қалған аграрлы ел еді. Қазір АҚШ-ты қуып жетуге айналды. Бір кезде Наполеон айтқан екен: «Шығыста бір алып ел ұйықтап жатыр. Оны оятудың қажеті жоқ. Қытай оянса, дүние дірілдеп кетеді», –  деп. Наполеонның айтқаны шындыққа айналды.     

       Жапондардың, қытайлардың танданарлық жетістіктері, менің ойымша, рухпен, сана-сезіммен, ар-ұятпен, намыспен, дәстүрді бетке ұстауымен, осынау қасиеттерден  туындайтын еңбекқорлықпен, ұқыптылықпен, ынтымақпен, бірін-бірі тыңдауымен, бірін-бірі сыйлауымен байланысты.

       Әдебиетте «грек кереметі» (греческое чудо) деген сөз болды. Енді «қытай кереметі» деп айтуға тура келеді.

       «Шығыс дегеніміз не?» – деген сұраққа Солтүстік Корея мен Оңтүсік Кореяны салыстыра отырып жауап беруге болады. Солтүстік Корея социалистік жолға түсіп, шығыс дәстүрінен алшақтады. Сөйтіп, артта қалып қойды. Оңтүстік Корея Қытайдың үлгісімен дамып, озық елдер қатарына қосылды. Қытай формальдық тұрғыда социалистік жолмен дамып келеді. Бірақ оның социализмі біздегі социализмнен бөлек, қытайланған социализм болып шықты. Қытай басқаларға еліктегісі келмейді, бірақ басқалардың озық үлгілерін өздеріне үйлестіріп ала біледі, жүзеге асыра біледі. Қытай буддизмді қабылдады, бірақ ортодоксалды  буддизмді өз салтына сай өзгертіп алды: чань буддизм.

       Шығыста дәстүрді қатаң ұстанады. Батыста мұны традиционализм деп сынайды. Қытайлар: «Бәрі ескіреді, дәстүр ғана ескірмейді», –  дейді. Тек, дәстүрді жаңаша қабылдап, жаңа жағдаймен үйлестіріп қолдану керек. Шығыста мынадай мақал бар: «Өнерін сыйлаған жұрт өрге шығады,  дәстүрін сыйлаған жұрт төрге шығады» деген.

        Қытай «ескі» деп қалыптасқан дәстүрден, тәртіптен, тәлім-тәрбие мен ел басқару үлгілерінен бас тартпайды. «Жаңа» деп не болса соны ала салмайды. Жаңаны өздерінің салтына, тұрмыс-тіршілігіне үйлессе – қабылдайды, үйлеспесе – қабылдамайды. Батыстық үлгідегі демократия Қытайдың өмір салтына үйлеспейді. Бұл елде қоғамдық тәртіп, жеке жауапкершілік бәрінен жоғары тұрады. Қытай өрши бастаған пандемияны темірдей тәртіп арқылы аз уақытта ауыздықтады.

       Қытай жаңалық атаулыға сақтықпен қарайды.  Әртүрлі жаңалықтар, реформалар елдегі ынтымаққа, тәртіпке қайшы келмеуі керек. Елде үш мың жыл бойы бір алфавит-иероглифтер сақталып келеді. Біз бір ғасырдың ішінде алфавитімізді үш рет өзгерттік: арабша, латынша, орысша. Енді қайтадан латыншаға көшкелі жатырмыз.

     

МАХАТМА ГАНДИДІҢ АНАСЫНЫҢ ТАЛАБЫ

 Үнділер ұлттық тәлім-тәрбиені қатаң ұстанады. Махатма Ганди Англияға оқуға кетерде анасы оған үш талап қояды: «Ет жемейсің (үнділерде ахимса деген принцип бар: тірі жанға қиянат жасамау), арақ ішпейсің, жат жұрттың қызына үйленбейсің». Махатма Ганди анасының талабын қалтқысыз орындаған. Эйнштейн Махатма Гандиді таңғажайып тұлға деп есептеген: «Сірә, келер ұрпақ мына жер бетінде кәдімгі ет пен теріден жаратылған осындай адам өмір сүрді дегенге сене қояр ма екен?!» – деп таңданысын  да білдірді.

       Үндістанда  «каста» деп аталатын әлеуметтік жікке бөліну, қоғам өзгеріске ұшыраса да, бүгінгі XXI ғасырда да әлі сақталып келеді. Премьер-министр Индира Ганди, оның орнын басқан баласы Раджив Ганди касталық жүйені жоймақ болды. Екеуін де ескі жүйені жақтаушылар өлтіртіп тастады. Дәстүрін, дінін, салтын сақтау арқылы үнділер үнді болып, қытайлар қытай болып келе жатыр. «Сәйкестілік» (идентичность) деген сөз бар: үнді үндіге, қытай қытайға ұқсауы керек. Бұл үшін не істеу керек? Мәдениетін, әдебиетін, тілін, дінін, дәстүрін құрметтеп, біліп, күнделікті өмірде басшылыққа алу керек.

       Үндістанда осы кезге дейін өздерінің көне кітаптарын  мектепте оқытады. Қытайдың атақты «бес кітабы» (пятикнижье) Конфуцийдің, Лао Цзының кітаптары әрбір қытай үшін киелі кітаптардай оқытылады. Қытайда осы кезге дейін Конфуцийді «нағыз қытай» (настоящий китайец) деп құрметтеп, соның жолымен жүріп келеді. Қытайда қазір мыңдаған Конфуций мектебі бар. Біз де қазақтар Абай жолымен жүрсе бүйтіп артта қалмас еді деп ойлаймыз.

       Мен жоғарыда: «Шығыс елдеріндегі жетістіктер олардың философиясымен байланысты», – дедім. «Қандай философиямен?» деген сұрақ туады. «Даналық философиясымен», – деп жауап берер едім. Мен кітаптарымда Үнді, Қытай философиясына даналық философиясы, түсінік философиясы, тәлім-тәрбие философиясы деген анықтама беріп жүрмін. Будданың сөздері жазылған кітап «Дхаммапада» деп аталады: ізгілік жолы деген мағынада  («путь добродетели»). Конфуцийдің ілімі баяндалатын кітап  «Лунь юй»   («Даналық сабақтары») деп аталады. Лао Цзының ілімі «Дао дэ цзин» деген кітапта баяндалады, оның мазмұнын дүниенің үйлесімділігі (гармония мира) деп сипаттауға болады. Ізгілік те, үйлесімділік те түсінік арқылы, даналық арқылы іске асады.

       «Восток – дело тонкое» деген сөзді мен «Восток – дело мудрое» деп толықтырар едім. Шынында да, Шығыс тұнып тұрған даналық. Қытайдың ең бай адамы Джек Ма өз елінің жетістігін даналыққа баса көңіл бөлуімен түсіндіреді.

      

ЖАПОННЫҢ СӨЗДІГІНДЕ ЖАМАН СӨЗДЕР НЕГЕ АЗ?

 «Батыстан – үлгі, Шығыстан – өнеге» деген тәмсіл бар. Батыстан не алуға болады? Нақты демократияны, плюрализмді, құқықтық мәдениетті, дамыған ғылым мен технологияны, бәсекелестік тәжірибені. Ғылым мен технология қазір Шығыста да дамып жетілді. Шығыстан не алуға болады? Даналықтың, тәлім-тәрбиенің, дәстүрдің озық үлгілерін, тәртіпке, жауапкершілікке мойынсұнуды, елжандылықты, еңбекқорлықты, тағысын тағыларды. Елдің дамуының тетігі  тек  ғылым мен техникада, экономикада ғана  емес екен. Адамның ынта-жігеріне, ниетіне, түсінігіне тікелей байланысты екен.     

       Жапониядағы синтоизм діні бойынша адам үш нәрсеге баса көңіл бөлуі керек: табиғатты аялау, бабалардың рухына тағзым ету, үйде де, түзде де тазалықты сақтау. Жапондар дөрекі, балағат сөздерді қолданбайды. Олардың сөздігінде жаман сөздер жоқ. Өнеге деген осы емес пе?

       Шығыста ата-ананы, үлкендерді, ұстазды, билікке ие болған адамдарды сыйлау жазылмаған заң сынды. Конфуций өзін күн сайын «Ұстазымның айтқанын есте сақтап, орындап жүрмін бе?» деп тексереді екен. Үнді философиясында «Упанишад» деген ұғым бар: ұстаздың аяқ жағында отырып, айтқанын қағып алу. Үнділер ұстазды (гуру) осылай құрметтейді. Жапондарда мәтел бар: «Ұстаздың (сенсэйдің) көлеңкесін басып кетпе» деген. Конфуцийдің пікірінше, адам тек үш нәрсеге табына алады: аспанға, рухқа, аруаққа. Қытайда: «Біз үш нәрседен қуат аламыз, – дейді, – денемізден, космостан және аруақтан».

       Шығыс даналығын паш ететін ұлағатты сөздерді, мақал-мәтелдерді көптеп  келтіруге болады. Мәселе мұнда емес, сол сөздердің, мақалдардың, өсиеттердің адамдардың сөзінде, іс-әрекетінде, қарым-қатынасында жүзеге асып жатқанында.

       Біз білмейтін нәрсе бар ма екен? Тек соның қайсысын біз күнделікті өмірде пайдаланып жүрміз?

       Дегенмен  даналықтың, өнегенің кейбір үлгілерін атап өтейін. Оқудың қиындығы туралы біз: «Оқу инемен құдық қазғандай» дейміз. Сұңғыла, терең түсінік. Қытайда: «Оқу ағысқа қарсы жүзумен бірдей» дейді. Ағысқа қарсы жүзу де –  қиынның қиыны. Жүзе алмасаң, ағыс сені кері алып кетеді. Оқымасаң, сен қатарыңнан қалып қоясың.

       Білім, ғылыммен де қатарға қосылуға болады. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп қазақ тегін айтпаған. Мен студенттерге: «Мен ақын немесе әнші емеспін. Кәсіпкерлік те қолымнан келмейді. Бірақ білім-ғылымның арқасында ғылым докторы, профессор болдым, мыңдаған шәкірт  алдымнан өтті. Мені елім біледі. Менің кітаптарымды жер-жерде студенттер оқып жатыр», – деп айтамын. Өзімді дәріптеу үшін емес, студенттерге сабақ болсын деп айтамын.

     

БІР ОРЫНДА ТҰРҒАН АДАМ КӨБІРЕК ШАРШАЙДЫ

 Шығыста: «Кездескен қиындықтар үшін басқаларды кінәлауға асықпа. Себебін өзіңнен ізде», – дейді. Тағы бір қытай мақалы: «Бір орында тұрған адам көбірек шаршайды». Қимылдау керек дегені. Үнділерде: «Құлдай болып жұмыс істесең, пілдей болып өсесің»  дейді. Адамды өсіретін нәрселердің бәрі атақ та, абырой да игілік те еңбекпен келеді. Конфуцийдің дана сөзі: «Адам аяғынан басына дейін өлшенбейді, басынан бастап аспанға дейін өлшенеді».  Адам адам болғасын бір күйде қалып қоймайды, өседі, үйренеді, жетіледі. Адамның мүмкіндігіне шек қоюға болмайды. Лао Цзы: «Қанағатшыл адам – ең бай адам» дейді. Оған көп нәрсенің керегі жоқ. Ол Сократша: «Бұларсыз да өмір сүруге болатын нәрсе қандай көп», – деп айта алады. «Білімі бола тұрып, «білімім аз» деп қам жейтін адам дана, – дейді Лао Цзы, – Білімі болмаса да, көп білетін адамдай дандайсыйтын адам – надан». Адамгершілік туралы қытай мақалы: «Бидай өскен кезде басы өздігінен салбырап тұрады». Жақсы адам өскен сайын кішіпейіл болуы керек.  

       Қытайда: «Бір жылдығын ойлаған адам күріш өсіреді. Он жылдығын ойлаған адам ағаш өсіреді. Жүз жылдығын ойлаған адам  ұрпақ өсіреді»  дейді. Бәрінен де қиыны, бәрінен де маңызды нәрсе – ұрпақ тәрбиесі. Елдің  болашағы – жастар. Мен студенттерге айтамын: «Сіздер қандай болсаңдар – ертеңгі Қазақстан да сондай. Еліміз алда болсын десеңдер, сіздер ынталы, жігерлі, білімді, білікті, рухты, намысшыл, еңбекқор, жетілген маман болуларыңыз керек», – деп. Сондай болуға жастардың мүмкіндігі бар.  

        Жапондарда: «Егер сен жас шағында қиындықты бастан кешпесең, ертең ер жеткен соң оны қыруар қаржыға сатып аласың», –  деген сөз бар. Қиындықсыз өмір болмайды. Қиындықсыз өсу, жетілу мүмкін емес. Адамның адамшылығы кездескен қиындыққа мойымай, төтеп беріп, жеңе білуінде.

       Шығыста «Дәулет мехнат шеккенге бітеді, еңбекпен тер төккенге бітеді», – деген түсінік санаға сіңіп қалған. Шығыста «Аш адамға сен балық берме, балық ұстайтын қармақ бер» деген мақал бар. Аксиомаға айналған қағида. Отбасы да, мектеп те, билік те адамды өзін өзі алып жүретін, өзін-өзі қамтамасыз ететін субъект етіп тәрбиелеуі керек. Масылдықты Абай да сынады, масылдық бізде қазір де белең алып тұр. Ата-ананың зейнетақысына, бала-шағаның жәрдемақысына сүйеніп. сенделіп жүргендер ауылда да, қалада да жетеді.

       Қытайда: «Қас-қағым сәтте қырық мың жылдың тарихы бар» дейді. Адам өмірі осындай сәттерден тұрады. Сол сәттерді елеу керек, сол сәттерден сабақ алу керек.

       Батыс философиясында негізінде экстроверттік ойлау басым (extro – лат. сыртқы), сыртқы дүниеге көбірек көңіл бөледі, дүниенің негізі, бастауы, жаралуы, дамуы, өзгеруі, танылуы туралы пайымдайды. Шығыс философиясына интроверттік ойлау тән (intro – лат. ішкі): адам өміріне, рухани дүниесіне, өсіп жетілуіне, тәрбиесіне, қызметіне баса назар аударады. Батыс философиясы ғылымға, зердеге (разум) көбірек арқа сүйейді, рационализмді, сциентизмді бетке ұстайды. Шығыста сезімге, эмоцияға, көңіл күйіне, үлгіге, тәжірибеге ден қояды. Философия әдебиетке жақын. Ал әдебиетте ең алдымен сезімге сөз беріледі. Батыс философиясы таным, ғылым, логика, методология жолымен жүріп келеді. Шығыс филиософиясы тәлім-тәрбие, даналық, түсінік жолын ұстанады.

       Бізге де осы бағыт жақын.  Қазақ философиясы да осы жолмен дамуы керек деп мен көптен бері айтып келемін.

       Шығыс философиясында әртүрлі мектептер, ілімдер, осы кезге дейін мәнін жоймаған мәселелер, әлемдік философияда, әдебиетте орын алған ұғымдар бар. Қазіргі кезде әлем назары Шығысқа, шығыс мәдениетіне, философиясына бұратала ауып болған.

       Жоғарыда айтқанымдай, бұл мақалада мен Шығыс философиясының тағылымдық жақтарына көңіл бөлдім. Мен соңғы кезде адамға, кез келген адамға философияның танымдық, теориялық қызметінен гөрі, тәлімгерлік, өнегелік қызметі жақынырақ деген ойға келіп жүрмін. Ұстаздық қызметімде де философияның осы жағына баса мән беріп келемін.

       Бұдан, әрине, философияның ғылыми қызметі қажет емес деген пікір тумауы керек. Әр кезде, әртүрлі жағдайда, әр елде философия әртүрлі қызмет атқаруы мүмкін. Мен осы мақала арқылы бізге, қазақтарға бүгінгі күнде қандай философияны бетке ұстау керектігін  айтқым келді.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.08.2021 | 22:31

Ұзтаздың көлеңкесін баспа деген ұнады! Ата-анаң, тіпті әрбір үйреткен адам ұстаз ғой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір