Ержан ИТЕМЕНҰЛЫ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ
10.08.2021
2284
5

Коронавирус пандемиясы, Төтенше жағдай режимі, карантин еліміздің, жалпы бүкіл әлемнің әлеуметтік құрылымына әсер етпей қоймады. Соның ішінде жетекші болып саналатын денсаулық сақтау, білім беру салаларының жұмыс істеу принципі мен құрылымдық жүйесіне үлкен өзгерістерді енгізуге тура келді. Енді қызыл, сары, жасыл түстері аймақтардың эпидемиологиялық көрсеткішіне де айналды. Бүгінде халық жаппай екпе салдыртып жатса да, күн сайын науқастардың саны артып, қазақстандықтар қызыл белгіден арыла алмай отыр. «Covid-19 жұқтырғандардың 99,9 %-ы екпе алмаған, салудан бас тартқан отандастар»,  – деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.  Осы орайда еліміздің жетекші техникалық білім ордасы Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ жаңа оқу жылына жоспарларымен бөлісті. ЖОО-ның Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Корпоративтік  даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы  Ержан Итеменұлы оқу жылында міндетті түрде өзгерістер  болатынын айтты. Сұхбат барысында пандемияның себебінен университет студенттеріне ұсынатын түрлі жеңілдіктер мен білім ордасында орын алған жаңа енгізулер жайлы сөз қозғалды.

 

– ҚазҰТЗУ оффлайн оқуға дайын ба?

– Биылғы жылдың маусымынан бастап университет №12, №4 емхана ақ халаттыларымен жасақталған медициналық вакцинация бөлімшесін ашты. Онда 789 қызметкер, яғни ұжымның 60%-ы ақысыз түрде екпе алып үлгерді. Індеттен жақында айыққан, жүкті, аллергиясы бар және т.б. елеулі себептермен  медициналық анықтамасы бар қызметкерлерді қосқанда, жалпы құрамның 81.6% болады. Айта кететін жайт, әр адам өзі қалаған препаратты таңдай алады. Студенттер қашықтықтан оқу форматына көшкендіктен, бұл көрсеткіш 30%-ды құрайды. Тамыз айының бірінен бастап медициналық ұйымдар қатарын «Студенттік емхана» толықтырды. Ол Айта кетерлігі, вакцина алғандардың арасында «егу паспортының» фальсификациясының  алдын алу үшін, 28 шілдеден бастап  медициналық бөлімшеде барлық егу құжаттаының орталықтандырылуы жүреді. Алдағы уақытта екпе салу бойынша жұмысты күшейту қолға алынады. Екпе егу пункті дүйсенбі-жұма күндері, сағ 9:00 – 16:00 аралығында өтеді. Біз үшін студенттер мен университет қызметкерлерінің денсаулығы аса маңызды.

– 2021-2022 оқу жылында вакцина алған студенттер мен қызметкерлерге қандай қолдау көрсетіліп, ынталандыру сыйлықтары тағайындалады?

– ЖОО тарапынан студенттерге және оқытушыларға бірқатар жеңілдіктер ойластырылды. Шілденің 1-31 күндері аралығында екпе алған студенттердің арасында келесі сыйлықтар үлестіріледі:

  • Жеке стартап ашуға 5 млн. теңге грант;
  • Жатақханадан 20 орын;
  • Отандық және шетелдің жетекші компанияларында тегін тағылымдама;
  • Кәсіпкерлік шеберлікті дамытуға бағытталған «Қолдау» цифрлық платформасында 100 тегін курс;

Сонымен қатар студенттерге оқу жылының аяғына дейін кез келген курсты ақысыз түрде қайта өтіп, 3 кредитті жаңадан тапсыру мүмкіндігі беріледі.

Ал  2021 жылдың соңына дейін екпе алып үлгерген қызметкерлерге:

  • Жалақы сақталатын 2 күндік демалыс;
  • ЖОО жатақханасында тұрып жатқан 10 қызметкерге жыл соңына дейін 50%-дық төлемақы жеңілдігі;
  • 100 қызметкер құны 5000 теңге болатын үстемеақы беріледі.

–       Вакцина алған 1 студентке ЖОО тарапынан жеке стартап ашуға 5 млн теңге қолдау көрсетілетінін айттыңыз. Оған қалай қол жеткізуге болады? Оны сосын студент қайтара ма?

–  Аталмыш грант кез келген студентке бұйыруы мүмкін. Әрине, басты талап – вакцинациялануы шарт. Грантты тағайындау екі кезеңнен тұрады. Әуелі ашатын кәсібі жайлы бейнеролик жасап, жобаның идеясын, қоғамға тигізетін пайдасын айтуы қажет. Екінші кезеңде бизнес жоспарды комиссияның алдында қорғайды. Білікті мамандардан құралған комиссия мүшелері үздіктердің үздігін таңдап, грантты табыстайды. Ол – қайтарымсыз қаржылай  үстеме.  Яғни, ұтып алған жағдайда университет жас кәсіпкерден бұл қаржыны қайтаруды талап етпейді. Сәтбаев университеті студенттерге барынша қолдау көрсетуге дайын, бар болғаны –  еңбектену қажет.

–  Елдегі эпидемиологиялық  жағдайдың тұрақсыздығын ескере отырып жұмыс және оқу үдерісі қалай жүреді деп жоспарлап отырсыздар?

– Иә, күн сайын науқастардың саны артып барады, сол себептен біз үшін ЖОО қызметкерлері мен студенттерінің денсаулығы басты назарда. Қызметкерлер шілденің басынан, ал студенттер тамыздан бастап университетке «ashyq» бағдарламасымен кіреді. Бетперде тағып жүруге әркім міндетті. Ол вирустың таралуына тосқауыл болады. Ғимарат әрдайым бактерияға қарсы қоспалармен тазартылып, желдетіліп тұрады. Қашықтықтан себілетін санитайзерлер орнатылған.

– Вакцина салдырмаған қызметкерлер қаншалықты жиі тест тапсыруы қажет? Оған университет көмек көрсете ме?

–  Жоғарыда айтылғандай, 1 тамыздан бастап университет аумағында ашылған медициналық бөлімшеде ПЦР тапсыруға мүміндік болады. Аталмыш қызмет тек университет студенттері мен оқытушыларына ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтарына да  қолжетімді. Ол халық көп шоғырланған аймақтардың ауру жұқтыру қаупінен сақтау мақсатында қолға алынды.  Вакцина алмағандар апта сайын тест тапсырып тұрады.

– 2021-2022 жаңа оқу жылына тілегіңіз?

– Күні кеше Президент Қ.К.Тоқаев жаңа оқу жылының оффлайн, яғни дәстүрлі форматта өтетінін хабарлады. Бұл тек білім беру саласының мамандары үшін емес, оқушылар мен ата-аналар үшін де көптен күткен жаңалық. Дегенмен  бұған қол жеткізу үшін денсаулығымыз сыртқы қоздырғыштардың әсеріне тойтарыс беретіндей мықты болу қажет.  Құрметті қазақстандықтар, оқырмандар! Ең әуелі тілейтінім –  денсаулық, отбасылық бақыт. Әлемді жайлаған тәжвирусын ел болып жеңіп, жаңа оқу жылында жаңа күшпен, биік мақсаттармен жүздесейік!

Сәния ТЕМІРХАН,

 Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ  қызметкері

ПІКІРЛЕР5
Аноним 11.08.2021 | 09:22

👍👍👍👍👍

Аноним 11.08.2021 | 09:23

Оң болсын🙏

Аноним 11.08.2021 | 09:39

👍👍

Аноним 11.08.2021 | 10:29

Өте қуаныштымын. Әрине дәстүрлі форматта болғанын қалаймыз. Менің балам осы университеттің студент. Айта кететінім уәде етілген дей Маңғыстау студенттеріне жатақханада орын берілесе екен.

Аноним 11.08.2021 | 11:08

Он сегизге толмаган студент ,вакцина али салмаган, не истеу керек. Ар апта саин пцр тест алу керек пе? Ондай акша кайдан?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір