САҒЫНЫШ БОП ОРАЛАТЫН ҚҰСТАР-АЙ…
10.08.2021
1286
0

Лунара ХАМИДОЛЛАҚЫЗЫ

 ***

Санада сабылар мұң,

Бақ қайдан табыларын

Біле алмай сенделесің,

Өзіңе дем бересің,

Оралға оралатын,

Жаңбырды сағынамын!

 

Аспанның күрсінгенін,

Тамшының гүл сүйгенін,

Сезгенде езілемін,

Сезіммен кезігемін,

Тартады мені еріксіз,

Осылай тылсым демің.

 

Ақ жаңбыр сіркіресін,

Жер-ана, сілкінерсің.

Тұлпардай шыр айналып,

Жанарың тұманданып,

Дүрсілдеп дамыл таппай,

Жүрек, сен күрсінесің…

Неге?

 

***

Рухани ашпын мен,

Жүдеу, жадау, қас сүлдем.

Жарқырайтын кезімде,

Шулы ортадан қаштым мен.

 

Өзімнен де қашамын,

Солай түрме жасадым.

Жастығымды құшақтап,

Өксігімді басамын.

 

Шақырады арманым,

Барармын деп алдадым.

Үзілуге шақ қалған

Үміт жібін жалғадым.

 

Бір тылсым кеп ғайыптан,

Көптен мені сағынтқан,

Қанатына мінгізіп,

Әкетер ме  Жайықтан?..

 

Болашақтың таңы – нұр,

Ару едім жаны – жыр.

Жүрегімен кеңескен

Лунаның әні бұл…

 

***

Хаттарды…

Жауапсыз етпе өтінем, жазыңыз,

Үйлеспей тұр ма бағымыз, бәлки сазымыз…

Жүректің кілтін өлеңге орап қалдырдым,

Алыңыз…

 

Болмаса біздің арамыз жақсы болсыншы…

Кей кезде осы бақытқа кеуде толсыншы.

Бір жұмбақ сезім біздерді тербеп, жағаға

Шағала шаттық қонсыншы…

 

Ақ қар да маған аппақ боп шаттық бермеумен,

Жабыққан жанды жетім жырларым емдеумен…

Қыс өтіп барады, көктемнен қорқам тағы да,

Өтер-ау сізге «кел!..» деумен.

 

Тәртіпті досым… Тәртіпке мені салыңыз,

Аяй ма әлде жаныңыз?

Таңырқап, бәлкім, қаларсыз ұқпай жырымды,

Егіз емес қой жанымыз.

 

Түсіме кірмей кеттіңіз соңғы күндері,

Осы да мені жүдетіп әбден жүргені.

Алаңдап жүрем, бақ тілеп жүрем әрқашан,

Дұғама қосып түндері.

 

Айтатын сыр көп, жазатын жыр көп, ғашықпын,

Көрсем деп және асықтым.

Адасып қалып жолыға алмаған сәттерде,

Өзіңді ұзақ тосыппын.

 

***

Білесің бе, саған алыс елдемін,

Жүз адастым, жүз жыладым, өлмедім.

Арманым да, мақсатым да болмады,

Мысалдағы шегірткедей сенделдім…

 

Көргенім жоқ өзіңдей жан бұл жақтан,

Санам сансыз сансырауда сұрақтан.

Арманымда жүрген жанды мүсіндеп,

Жыр жазамын саған қарап жырақтан,

Айып болмас ұнатқан?!

 

Ұқсағанмен түрі менен киімі,

Сендей емес армандаған биігі.

Олар маған келгенменен сыланып,

Бола алмадым елігі мен киігі.

Сүймеу деген, білесің, ең қиыны.

 

Күндер озып бір-бірімен жарысқан,

Түндер көшті жанымменен алысқан.

Жүрегімде естелігі бүлкілдеп,

Бір сағыныш қол бұлғайды алыстан.

 

Білесің бе, саған алыс елдемін…

 

***

Өкінте ме, түңілте ме мына өмір?

Сен – асқақсың, сен –  адалсың! Біле-біл!

Сенің жаның тазалықтан жаралған,

Бізді айналып кие жүр.

 

Өтер-кетер ауыр күндер, өкініш,

Өкінішке бал мен шекер қосып іш.

Адалдықтың кірлетпесең парағын,

Тірі жанға осы – күш.

 

Жүрегіңнің емін сұра Алладан,

Ұлық Алла  үміт жібін жалғаған.

Ақ пен қара қайшыласқан заманда,

Сыр бермейді айналаң.

 

Биік арман мекен етсін күн елін,

Түріп сана түнегін.

Жаратқанның мейіріне шомылып,

Кірлемесін жүрегің.

 

***

Жағадағы жетемін бе қайыққа,

Сұлу жаным ит тірлікке лайық па?!

Көйлегімдей кірбің шалған көңілді,

Шайып-шайып алсам шіркін, Жайыққа…

 

Жайық менің ұғар ма екен мұңымды,

Еркелесем,  лақтырып бұрымды…

Жан-жағымнан жалаңдаған бөрілер,

Менің асқақ түсірмек қой құнымды.

 

Бара ма екен балғын дәурен шақ кеміп,

Маңдайымнан сүйер бір күн бақ келіп.

Терезеден телміргенде ұйқысыз,

Қуантса ғой  алыс шақтан хат келіп…

***

Неден қорықтым, неден сонша шошындым?

Түн де бөлек, бөлек маған тосын күн.

Кірпік ілмей таңым атты қаншама,

Менен қашқан ұйқымды іздеп отырмын.

 

Барам неге өз-өзіме ұқсамай,

Дәл төбемде дөңгелейді ұшқан ай.

Туған жерден ұшып кетіп алысқа,

Сағыныш боп оралатын құстар-ай.

 

Мен де ұшар ем, болса егер қанатым,

Қанатымды байлап қойды қара түн.

Кеудем сыздап сағынамын осылай,

Қанатым жоқ, бір демде ұшып баратын.

Таусылғанда тағатым…

 

***

 

Мұңды қойшы қасыма кеп түнеген,

Мен қайғымнан жүрегіме гүл егем.

Күлімдесін күндей болып жақсылар,

Маған бақыт,  маған шаттық тілеген!

 

Көлеңкені мен де енді көрмейін,

Көлеңкеге енді мен де ермейін.

Адастырмас шолпан болып биікте,

Ұшып кетіп, қара жерге келмейін.

 

Мына еліме тіл қатайын ғарыштан,

Мекен алып, қоныс теуіп Марстан.

Құтылайын мынау күйбең  өмірден,

Құтылайын бәсі төмен жарыстан.

 

Жүр кетейік, сен бірге бол, ардағым,

Қаламаймын қанатымның талғанын.

Осылай бір қиялдасам бола ма,

Мүмкін осы орындалар арманым

 

Қызыма

 

Қызым менің, толғанайым, ақ гүлім!

Көрмей сені басылар ма аптығым?

Иіскегенде маңдайыңнан сеземін

Бұл өмірдің шаттығын.

 

Жүрегімнің дүрсілінде өзіңсің,

Сен дегенде жырдан маржан төгілсін!

 Жібектей боп жұпар шашқан бұрымың

Ақ батаммен өрілсін!

 

Бойжетерсің, бой түзерсің сылана,

Сынаптайын уақыт, шіркін, тұра ма?..

Жырларымнан сыр іздерсің әлі де

Жаттап алып шумақтарын ұнаған.

 

Тарихынан елдің алып  тағылым,

Жүрегіңе иман жина, жарығым.

Әдептілік әдебіңнен айныма,

Жақсы көріп барлығын.

 

Кез-келгенге ашпа сырдың сандығын,

Білім іздеп өтсін қымбат әр күнің.

Әке көрген, ана көрген қыз десін,

Болсын Алла жар, күнім!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір