Нәзігүл Нұрғалиқызы Мергенбаева өмірден өтті
10.08.2021
602
1

Жеделхат

Ардақты аналарыңыз Нәзігүл Нұрғалиқызы Мергенбаеваның дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Анадан айырылу бұл орны толмас қасірет. Анаңды арқалап үш рет Меккеге апарсаң да парыздан құтыла алмайсың. Белгілі филолог, педагог Нәзігүл Нұрғалиқызы қазақ тілінің дамуы жолында еселі еңбек етті. Ұлағатты ұстаз ретінде мыңдаған шәкірттер тәрбиеледі. Өмірде Жарасқан Әбдірашевтей қазақтың танымал ақынына адал жар болып, өнегелі ұрпақ өсірді. Қоғамымыздың шын құрметіне ие болды. Жақсы істерімен соңына үлгі-өнеге қалдырған аналарыңыздың иманы саламат, жаны жәннатта болсын.

Қасым-Жомарт Тоқаев,

ҚР президенті

 

Aйналайын, Рүстем! Жәнібек! Шыңғыс!

Қаралы хабарды естіп, қайғыларыңды жан-жүрегімізбен сезініп, қабырғамыз қайысып отыр. Аналарың Нәзігүл айырықша жаратылған ақылды, жаны жайсаң, жүрегі жомарт жан еді. Біздер, бірге оқып, қатар өскен, бір жылдың төлі болу міндеті маңдайларына жазылған, әкелеріңнің сөзімен айтқанда «соғыстан соң туғандар» атанып, тарихтың тағдырлы кезеңдерінде әдебиетті ары санап, Алладан бұйырған таланты мен дарынын ұлтына арнаған, қазақтың тілі есік күзеткен қиын, күрделі дәуірде қазақша сөйлеп, қазақша ойлап, қазақша түс көре білетін ұрпақ өсірген буын ішінде – қазақтың ұлы ақыны марқұм Жарасқанның орны қалай асқақ, биік болса, ақынның сүйікті жары, отбасылық бақыттың иесі, бар саналы өмірін әкелеріңнің қаламының өткір, шығармашылық ғаламының өрісті, кең болуына жағдай жасауға арнаған аяулы Нәзігүлдің де орны өзгеше болатын.

Аналарың өлеңнің отына әкелеріңмен бірге өртеніп жүріп, Қазақ елінің ертеңі мен болашағына қызмет етер Өздеріңдей ойының өрісі кең, жаны, жүрегі қазақ деп соғар ұлдарды тәрбиеледі. Алла қашан да әділ ғой… Берерін ұлан-асыр етіп, туған ұлтына өлшеусіз мол бергенімен, аларын көзі тірісінде толық ала алмаған Жарасқанның олжасын ұрпағына бұйыртқанын аналарың Нәзігүл көрді. Біздер, Жарасқанның достары көрдік. Аңыздың төркінінде Ақиқаттың барына, Ақиқаттың арты сұлу Аңызға айналарына көзіміз жетті. Аты да Нәзік, Өзі де нәзік аяулы жанның қуанғанын көріп, талай қуандық! Жарасқан үшін, аналарың үшін, сендердің Жеңістерің үшін қуандық! Ақиқат дейтін ұлы дүниенің бар екенін және Аяулы, Ардақты сол ақиқаттың аналарыңның көзінде қуаныш пен жеңістің жасы болып тұнғанын сан мәрте көрдік! Рүстем, шырағым! Сол ана көзіндегі қуанышты Жарасқанның Рухы қалай тербесе, сенің Қазақ киносын биіктен биікке көтерген әр жаңа дүниелерің де солай тербеп еді!..

Енді міне, аналық ақ махаббаты мен әжелік адал мейірімін мына жарық дүниеге тапсырып, қазақ жырына муза сыйлаған, қазақ кино өнеріне өрісі кең өркенді тұлға берген, қазақ қоғамына жүрегінің жалыны мол қайратер ұл, қылқаламының қиялы өмірге етене жақын перзент өсірген Аналарыңа Қазақ Елі риза! Біз ризамыз!

Аналарыңның Рухы Әкелеріңнің мәңгілік мекеніне бет алған екен… Жолы ақ болсын! «Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады…» деген Жарасқанның екі жолы қолқамды қауып отыр…

Бақұл бол, Ақынның жары! Бақұл бол, өскен-өнген әулеттің аяулы анасы, ардақты әжесі! Рухың пейіш төрінде шалқысын, аяулы Нәзігүл!

Нұрлан-Фаукен Оразалиндер

 

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшылығы, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарының еңбек ұжымы  көрнекті ақын Жарасқан Әбдірашевтің  отбасына, белгілі режиссер Рүстем Әбдірашевке  анасы

 Нәзігүл  Нұрғалиқызының

қайтыс болуына байланысты, қайғырып көңіл айтады.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.08.2021 | 13:14

Кайгырып конил айтамыз,кайырлы болсын, иманы жолдас болсын деп тилеймиз.
Жараскан мен Назгульдин жолдастары профессор Мусаев Алпысбай Мусаевич, Айслу Ахмадиевна Тасимова.Орал-Актобе

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір