Әдебиетке бірге келгенбіз
10.08.2021
650
1
Журналистика факультетінің 1971 жылғы түлектері; Нұржамал-Баққожа, Шөмішбай, Сұлтанәлі; Дәулет.

Журналистика факультетінің 1971 жылғы түлектері; Нұржамал-Баққожа, Шөмішбай, Сұлтанәлі; Дәулет.

Жарты ғасыр бұрын…

Біз, жиырма бес түлек ҚазҰУ-дің журналистика факультетін осыдан тура жарты ғасыр бұрын бітірген едік. Сол шақта елдегі бірден бір университеттің журналистика және заң факультетіне екі жыл жұмыс өтілінсіз қабылдамайтын. Ал ақын-жазушы болғысы келетіндер журналистика факультетіне түсуге тырысып бағатын. Оның сыртында «Қазақ әдебиеті» мен «Лениншіл жас» басылымдарында қызмет істеу үшін міндетті түрде аталмыш оқу орнын бітіру керек деп түсінетінбіз.

         Екі жылдық еңбек өтілім болмағандықтан мен мектепті бітірген соң Семейдегі педагогика институтының тіл-әдебиет факультетіне түскем. Сонда оқып жатқан ақын һәм сазгер ағам Мұрат келер жылдың көктемінде бізді біреу күтіп тұрғандай Алматыға жетелеп алып келген. Құдай берейін десе оңай ғой, Жазушылар одағына бас сұққанымызда одақтың Семейдегі облысаралық бөлімшесінің жетекшісі, жазушы Медеу Сәрсеке жолыға кетсін! Келген шаруамызды естіген соң одақтан қол созым жердегі университеттің бас корпусына бастап барды. «Журналистика факультеті сонда. Ал мен біршама танитын белгілі жазушы-ғалым Зейнолла Қабдолов болашақ қаламгерлерге дәріс оқиды. Кезінде бұл кісіні Мұхаң, Мұхтар ағамыз политехта оқып жатқан жерінен ҚазМУ-ге ауыстырып алған. Қазір жолыға қалсақ, енді оның шапағаты сендерге тиіп қалуы әбден мүмкін. Оның үстіне қазір бұл факультетке екі жыл жұмыс істемей-ақ бірден түсуге болатын жаңа ереже қабылданған көрінеді» деді Медеу ағамыз.

         Құланның қасуына мылтықтың басуы дегендей, іздеп келген адамымыз факультет деканы Тауман Амандосовтың кабинетінде отыр екен. Мекең ішке кіріп кетті, тыпыршып біз сыртта тұрмыз. Сүт пісірімдей уақыт өткен соң декан мені ішке шақыртты. Төрде таудай болып отырған Тәукең: «Иә, бала, жазған-сызған бірдеңелерің бар ма?» деді. Мен ала қапшықтың аузын ашып, өзіммен ала келген газет қиындыларын деканның қолына ұстаттым. «Ой, мына бала жарады, — деді түсі суықтау деканның қабағы жазылып, — Тіпті, өзінің хабар-ошары «Лениншіл жаста» да жарияланған екен». Тәукең бұдан кейін факультетте аз болса да қыздардың оқып жатқанын, ал журналистика қыздардың қолы емес екенін айта келіп, алдағы күзден бастап өздерінде оқитынымды, бірақ жазғы сессияны тек төрт пен беске тапсырып келуімді шегелеп айтты.

         …Сонымен күзде университет студенті болып шыға келдім. Бас корпустың екінші қабатындағы бір аудиторияның есігін имене ашып, ішке кіргенім сол еді, қараторының әдемісі дерлік қияқ мұртты жігіт жанындағы бос орынға шақырып алды. Өңі қараторы демесең, шаш қойысы, еркін отырысы бұл шақта атақ-даңқы аспандап тұрған Олжасқа келіңкірейді екен. «Баққожа Мұқаев» деді ол маған қолын созып. Ұсынған қолымды жіберіңкіремей қысып-қысып қалғанда жаным мұрын ұшына келгендей қиналып қалғанымды бүгін несіне жасырайын! Ол болса соған риза қалыппен көзі сығырая күлімсіреп: «Иә, бала қай жақтан келіп қалдың?» деді. Бетіне бажайлап көз салсам, менен соншалықты үлкендігі байқалмайды. Бірақ мығым сөйлегені мысымды баса берді. Оның сыртында мұрт қойып алған соң шындығында жасы үлкен болар деп: «Аға, Семейден келдім» деп қысқаша жөнімді айттым. Одан әріде «жасы үлкен ағам» мені түрлі сұрақтармен тергеп, біраз терлеткен. Әкемнің сиыр фермасының бастығы екенін сұрап білген соң, «иә, деканға неше сиыр бердіңдер?» деп сұрақты төтесінен қойған. Мен сасқалақтап: «Сонау Семейден сиырды қалай жеткіземіз?» дегенде өз сұрағына ма, әлде соған берген жауабыма ма риясыз күлген. Сонсоң «сен әкем ферма бастығы деп мақтанба» дегендей, өзінің әкесінің кезінде колхоз бастығы болғанын айтып мені және бір тұқыртып алған. Ал енді сиыр мәселесіне келсек, осы күні деканға сиыр бермек түгілі дұрыстап рақмет айта алмағанымды, тым болмаса мейрамханаға шақыруға батылым бармағанына қысыламын. Тіпті, соған батылым барғанда да Иван Грозный сынды қаһарлы декан қолынан тастамайтын аса таяғымен қатты нұқып жіберуі де ғажап емес-ті.

         Қадірлі Баққожаға қайтып оралатын болсам, біраздан кейін  шындығында оның жасы менен бір-ақ жыл үлкен екені анықталды. Соған қарамастан мен оны аға тұттым, ол да аға бола білді. Ең алдымен жазуға адалдығына таң қалатынмын. Түнімен жатақханадағы оқушылар залынан шықпайтын. Содан түске дейін ұйықтап, сабаққа көбіне бара бермейтін. Бірде маған өмірінің соңына дейін жазатын шығармаларының жоспарын көрсеткені бар. «Ең алдымен әңгімелер жинағын, содан кейін повесть-хикаяларымды, содан кейін барып романдарымды жарыққа шығарамын. Драма жазуға да уақыт табамын» дейтін жарықтық. «Алғашқы әңгімелер жинағым «Жаңбыр жауып тұр» деген атпен шығады дегені де бар. Кейін солай болды да. Алғашқы әңгімесі сондай атпен «Лениншіл жаста» жарқ ете қалғанда бұған сенбеске амалым қалмаған. Ал содан кейінгі жерде анда-санда басының сақинасы ұстайтын, басын уқалап беруді інілік һәм достық парызым деп білгенмін.

         Баққожаның сол тұста дүркіреп тұрған жерлес ақын ағасы Мұқағали Мақатаевпен таныстырғанын қайтіп ұмытармын. Киров көшесінің бойында «шахта» деп аталып кеткен асхана болды. Тамағы да жақсы, сырасы да мол еді. Бірде Баққожа бар, басқасы бар дегендей сонда бара қалып едік, еңгезердей Мұхаң жалғыз отыр екен. Сәлем беріп едік, «Амансыңдар ма, қызталақтар» деді. Бұрын-соңды мұндай сөзді естімеген мен бұл кісі бізді боқтап тұр деп ұқтым. Сөйтсем, бұл сөз Нарынқол жағында айналайын дегенге парапар сөз бе дедім. Бұрын атақты ақындар сұрап ішеді екен, есіңді шығарады екен деп еститінбіз. Мұхаңнан ондай бейәдеп мінез байқалмады. Бергенімізге рақмет айтты, бірақ беріп отырсыңдар ғой деп бәйек қақпады. Бұлданбай өлең оқыды. Айғайы жоқ, қоңыр үні қандай, шіркін! Енді кезінде қазақ радиосында диктор болған адам ғой. Сол бір отырыс күні бүгінге дейін көз алдымда. Кейінде оқу бітіріп кеткен соң тағы бір курстасым Шөмішбай ақын асығыстау бір отырыста Мұқағали ақынмен қайыра таныстырған. Мен ол кісіге сізбен алғаш рет жерлес ініңіз Баққожа таныстырған еді демедім. Сол кезден елдің алақанында жүрген алып ақынның есінде соның бәрі қайдан болсын!

         Бүгінде және бір жасы үлкен курстасым Жақау Дәуренбеков «Дәулет, сен Баққожа марқұмға қарыздарсың» деп қалғаны бар. Білесің, білген соң айтасың демекші, онысы рас енді. Үшінші курсқа көшкен жылдың күзінде Баққожа өзімен бір бөлмеде тұратын біздерге тосын ұсыныс айтқан. «Мына қарсы бөлмедегі физик қыздардың лирик қыздар екенін аңғарып қалдым. Соларды ерулікке шақырсақ» дейді ғой баяғы. Расында әлгі қыздар Тұманбай, Қадыр, Төлегендердің жырларын жатқа соққанда оларға да, өзіміздің досымызға да риза болғанбыз. Сол тұста Бәкеңнің «Қазақ университеті» газетінде әлгі физик-лирик қыздар туралы тартымды мақаласы жарияланған. Сол қыздардың бірі жетісулық Кәденмен жете танысып, табысып кетуіме курстас досымның бірден бір себепкер болғаны өз алдына бір әңгіме. Әлі жасымыз жиырмаға тола қоймаған біздер жоқ нәрсеге өкпелесіп қалсақ, арада Бәкең жүреді. Көрші қарсы бөлмедегі қыздарға әзіл өлең, шымшыма шумақтар жолдаудан еш жалықпайды. Енді бірде тіпті өтірік қызған болып бөлмелеріне кіріп кетеді. Жаратылысымнан тұйықтау менен ондай ерлік шықпайды. Ал ерке Баққожаға есік ашық. Жақау ағам айтқандай оның шапағаты маған тиіп жатты.

         Жақау демекші, Семейден ауысып келгенде бір группаласым осы кісі болып шыққанына қатты таң қалғанмын. Себебі, есімін алдымен «Қазақстан пионері», соңынан «Лениншіл жас» арқылы комсомол емес, тіпті пионер кезімнен жақсы білетінмін. Оның етектей-етектей мақалалары аталмыш басылымдарда әлсін әлі басылып жататын-ды. Ал мен болсам, оны сол басылымдардың бірінің қызметкері шығар деп ойлайтынмын. Сөйтсем Жақау университетке дейін Арал аудандық газетінде қызмет істеп келген сақа азамат екен. Өзінің есінде қалды ма, білмеймін, менімен танысқан бетте Алматыдағы аралдық жерлестерінің жүздесуіне ертіп барғаны есімде қалып қойыпты.

         Енді бүгінде есімі елге кеңінен танымал жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевқа келетін болсақ, бұл азамат университетке өмір мектебінен өтіп келіп түскен екен. Сырдың бойында қой бағыпты, қоймен бірге ой бағып, өлеңнің соңына түсіпті. Оқуға түсетін алпыс алтыншы жылы жас ақындардың республикалық байқауында бас жүлдені иеленіп, соған орай республикалық теледидардан берілген хабарға қатысады. Жас ақын үшін бұл үлкен сенцация. Ендеше сол жылы университеттің журналистика факультетіне бұл түспегенде кім түседі?! Менде ақ плащ киген осы Сұлтекеңнің ақ қайыңға сүйеніп түскен суреті бар. Жіңішке, ұзын бойлы, аққұба, қою қара шашты оны курстастар «Ақ қайың» деп атап кеткені де шындық. Ал сол «Ақ қайыңның» тербетіліп тұрып: «Күздің әні мұңлы ән – жаңбыр әні, Есіңе қай-қайдағыны салдырады…» деп тебіреніп өлең оқитыны да рас. Бірақ ол неге екені белгісіз, студент атанғаннан кейінгі жерде өлеңнің соңына түспеген. Тіпті, жазу атаулымен жанығып айналыспады. «Солайша он жылдай уақытымды жоғалтып алдым» дейді өзі бүгінде. Бірақ кейінде жазу мәселесінде де, қоғамдық өмірде де көштің соңында қалмағанын елдің бәрі біледі. Ал оны әңгіме соңында айта жатармыз.

         Осы орайда астын сызып айтатын қызықты бір жайтқа тоқталмасқа болмайды. Сөз басында тобымызда жиырма бес студент болғанын айттық. Оқуға түскенде соның бәрі өлең жазатын. Уақыт өте келе республикалық байқаудың бас жүлдегері Сұлтанәлі бас болып өлең жазуды қойып кетті. Баққожа да енді өлеңді ермек үшін ғана жазатын болды. Соңғы курсқа тақағанда ұлдардан біреу, қыздардан біреу ғана поэзия патшалығына адалдығын сақтап қалды. Сол екінің бірі Шөмішбай Сариев еді. Аралдағы Шөміш стансасында өмірге келген, есімі соған орай қойылған ол шын мәнісінде ақын болатын. Сол жылдары өз атынан қорынып Шалқар Сарин болғысы келгені де бар. Бірақ қалай болғанда да ол қалың оқырманға өзінің шын атымен танылды. Баққожа екеуіміз Шөмішбаймен соңғы үш жыл бойы бір бөлмеде бірге жаттық. Ол ақындық болмысымен де, түр келбетімен де орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкинге ұқсайтын-ды. Тіпті, бакенбард қойып алған соң көшеде қарсы кездескендер бұрылып қарап жататын. Оған ақын мінезді, бала мінезді біздің Шөкең мәз. Мәз болғандығы емес пе, қай бөлмеге көшсек те, өзі жатқан керуеттің тұсына ақын Александр ағасының суретін іліп қоюдан танбайды.

         Өлеңнің соңына түскен Шөмішбайдың жырлары аратұра мерзімдік басылымдарда бұрқырап шығып жатады. Мұның сыртында қыздарға өлең жазудан жалықпайтыны және рас. Бір күні өз-өзінен ішек-сілесі қатып күліп отыр. Әбден күліп алып, себебін сұратпай өзі айтсын. «Мына қыздардың бәріне өлең жолдай отырып, астына сәлеммен Шөмішбайың деп жазады екенмін. Шын мәнісінде мен олардың біреуінің байы емеспін ғой» дейді сабазың. Оны естіп енді біз күлеміз. Солайша күле жүріп соңғы курста әрқайсымыз шын мәнісінде бір-бір қыздың байы болып шыға келіппіз. Алдымен Баққожа Нұржамал сұлумен бас құрады. Одан кейін мен жоғарыда айтқан физик-лирик қыздардың бірі — Кәденмен шаңырақ көтеріп, жатақханадан әуежай жағына пәтер жалдап шықтым. Ал Шөмішбай Қостанайдың аруы Жұмагүлмен үлкен өмірге бет алғанда оларға өзіміз тұрып жатқан пәтердің дәл қарсы бетінен құтты қоныс тауып бергенбіз. Қайтып айналып келмейтін қайран сол бір күндер-ай дейсің бүгінде.

         Айтпақшы, жас жазушылардың 1968 жылдың аяғына қарай шыққан «Бәйшешек» жинағына кешегі Оралхан Бөкеев, бүгінгі Тынымбай Нұрмағанбетов сынды әдебиетіміздің болашақ алыптарымен және ең бастысы кураторымыз, ғылым кандидаты Абдул-Хамид Мархабаевпен бірге, курстасым Смағұл екеуміздің де әңгімелеріміз енген еді. Сонда осы Шөмішбай жерлес ағасы болып келетін кураторымызға «бұл жинаққа шәкірттеріңізбен шығып жатқаныңызға ұялмайсыз ба?» деп салған. Кең мінезді, жаны жайсаң Әбекең болса, бұл сөзге күлген де қойған.

         Ал соңғы курстың қысындағы менің үйлену тойым ыңғайы солай болып, өзімнің туған күніме дәл келгенін айтсаңшы! Той қарсаңындағы студенттік ақыл шәй үстінде курстасым Смағұл Елубаев маған өзім күтпеген тосын ұсыныс айтты. «Дәулет, мен де сен секілді тұйықтау адаммын ғой. Сендердің тойларыңды басқарып ашылайын» дейді сабазың. «Оу, Смеке, сөзіңнің садағасы» дестік Кәден екеуіміз. Алматыдағы асханалардың бірінде өткен біздің студенттік тойымыздың тағы бір ерекшелігі сол, той қонақтарын кейінде исі қазақтың мақтанышына айналған әйгілі әнші, жампоз шешен Жәнібек Кәрменов сан қырлы өнерімен тамсандырып, таң-тамашаға бөлеген.

         Енді студенттік кезден проза жанрының жалынан мықтап ұстаған Смағұл туралы бірер ауыз сөз айта кетсем деймін. Бірде прозаның фельетон жанрынан сабақ беретін темір Темкең атанған ұстазымыз Темірбек Қожакеев феодализм дәуірінің ит терісін басына қаптап, алдағы жарқын болашақ коммунизмді дәріптеп баққан. Ұстазымыз бір тыныстаған шақта Смағұлымыз тыныш тұрмай мен сол феодализміңізді өз көзіммен көріп келген адаммын десін! «Совет өкіметі орнағанына жарты ғасырдан асты, ал сенікі не сөз, қайдағы феодализмді айтып тұрсың» деп бақырып, шақырып ұстазымыздың шат-шәлекейі шыққан. «Менің аталарым сонау ашаршылық жылдары Түркменстанға ауып барады, — деді асып-аптығуды білмейтін Смағұл, — сондағы құмның арасында бертінге дейін совет өкіметінің орнағанын білмеген ауылдар болды». Ашаршылыққа дейін айтылып қалған мына сөз совет журналистикасының жауынгер жанры — фельетон сардарына атқан оқтай дөп тиіп, ұстазымыздың көзі бақырайып, тілі байланып қалған. Сол шақта ол кісі ішіне не түйіп кеткенін біз, әрине білген жоқ едік.

         Осы оқиғадан соң көп уақыт өтпей факультеттің ұзын қабырғаны тұтасымен алып аратұра шығып жататын қабырға газетінің кезекті бір нөмірінде Смағұлдың қаншық ит туралы аянышты әңгімесі шықты. Болашақ декан әлгіні ерінбей, жалықпай оқып шыққан соң ал қиғылықты салсын кеп! Қаншық ит арқылы совет әйелінің образын беріп тұрсың дейді. Сендейлерді жергөгінде тұншықтырмаса болмайды дейді. Курстасымызды қайдам, отыз жетінші жылдан бері арада отыз жыл өткенмен біздің өзіміз мына сөзден кейін есеңгіреп қалдық. Әйтеуір, ол айдалып кетпегенмен, университеттегі оқуынан қуыла жаздаған. Бірақ сол оқу жылында факультеттің комсомол жетекшісі болып сайланған оған мұндай «құрметті қоғамдық жұмыспен» қоштасуға тура келді. Смағұл үшін бұл да бір шыңдалу мектебі болған шығар деп ойлаймын.

         Жоғарыда тобымыздағы жиырма бес ақыннан уақыт өте келе екі-ақ ақын қалды дедім. Соның екіншісі Баян Сұлудың бергідегі сіңлісі болып келетін аягөздік Гүлжаухар Сейітжанова болатын. Өлеңі де, өзі де биязы жан еді. Оның студент кезінен кешегі Сара, одан кейінгі Мәриям, Фариза, Ақұштап сынды ақын апаларының шоғырына қосылғаны анық. Мұның сыртында өлеңмен бірге, өмірдегі жолы да студенттік жылдардың басынан айқын болатын. Олай дейтінім, бізден жасы біршама үлкендеу маңғыстаулық Жоламан Бошалақов тағы бір аягөздік курстасымыз Аманжол Арғынгелдинмен бір бөлмеде тұрып жүріп алдымен онымен, соңынан Гүлжаухармен жақын араласып, кейінде соңғысымен достықтары махаббат сезіміне ұласқан. Тегінде біздің тобымызда бұл екеуінен басқа Хамит пен Әдияш та қол ұстасып үлкен өмірге бірге қадам басқан-ды.

Д.СейсенұлыЖарты ғасырдан соң…

Сөз басын аға досым Баққожадан бастадым ғой. Сол тәртіппен сөзімді одан әрі жалғастырайын.

         Алматыға журналист, жазушы боламын деп келген басым арада төрт жылдан соң қайтадан қасиетті де қасыретті Семейіме ұшақтан топ етіп түсе қалғанмын. Оның қысқаша мәнісі былай. Университетте әскери кафедра болды да, бұрын әскер қатарында болмағандарды офицер ретінде сапсарала киіндіріп, сапқа алған. Қолымда бір диплом, жанымда бір келіншек, қолтығымда бір баламен елге оралғанмын дейтінмін сол шақта әзілдеп. Сонда жоғарыда айтқандай, Алматының әуежай жағында тұратын бізді түнделетіп іздеп келіп, ақ жол тілеген Баққожа мен Нұржамал жеңгем болатын.

         Бұдан кейін де провинцияда, яғни шеткерірек өңірде тұратын менен Баққожа хабарын үзбей, әлсін әлі телефон шалып тұрады. «Дәулет деген бала үйде ме?» дейді телефон трубкасын көтерген тұңғышымыз, Алматыда туған Алмагүлге. Қызымыз болса, «ол бала емес, біздің папамыз» дейді намыстанып. Оған, әрине Бәкең мәз болады. Енді бірде телефон трубкасын Кәден көтермей ме! Сөйтсе Баққожа онымен қарт жазушы Әлжаппар Әбішев болып сөйлесіп, «Мені танисың ба, қарағым?» дейді ғой баяғы. Сонда анау-мынауға алдана қоймайтын біздің бәйбіше: «Әрине, сізді танымай не болыпты. «Жас түлектеріңізді» жасымызда жастанып оқыдық емес пе» дейді. Оған досымыз шаттанып мәз бола бастағанда: «Бәке, тоқсандағы Әлжаппар ата атануыңызға жол болсын» демей ме! Сонда Бәкең: «Кәден, сен мені қайтіп тез танып қойдың?» деп кәдемгідей қапа болыпты. Мен болсам, мазасын ала бермейін деп онымен көп хабарласа бермеймін. Сонда ол өзің хабарласуды білмейсің демейді-ау! Оған үйдегілер «Бәкеңнен асқан адал досың жоқ болар» десіп қайран қалатын.

         Ал енді Алматыға бара қалсам «қонақ үйің не біз тұрғанда»  деп үйіне шақырып алатын да осы Баққожа. Және барған сайын бас, жамбас асулы тұрады. Мен ыңғайсыздансам, ол: «Сен қысылма, Алматының дүкендерінде басқа болмаса да, бас табылады» деп күледі. Аяқ асты басқосуымызға көршісі Кәдірбек ағаны, не курстасымыз Сұлтанәліні шақырып алып, ас соңында проферанс ойнайтынымыз және бар. Кейінде екі курстасымыз да уақыттың жауы деп бұл ойынды қойып кетті. Бірақ ара қатынасымыз сонымен тиылған жоқ.

         Енді кейінгі жас қаламгерлер мен бүгінгі оқырман қауымға жазушы-драматург Баққожа Мұқаидың шығармашылық жолы туралы қысқаша мәлімет бере кетейін. Досымыз студенттік кезінде айтқан сөзін ұстанып, шығармашылықтың шыңына көтеріле білді. Соның айғағындай, прозалық кітаптары жыл аралатып жарық көрсе, драмалық туындылары еліміздің театрларымен бірге, талай шет елдің театр сахналарында қойылып жатты. Кітаптары да бірнеше шет тілдерде жарық көрді. Атақ-даңқтан да, қызметтен да кенде болған жоқ. Соның айғағындай, 1982 жылы ол «Қош бол, менің ертегім» пьесасымен Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, ал 2000 жылы желтоқсан тақырыбына арналған «Өмірзая» романымен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Одан кейінгі жерде «Парасат» орденімен марапатталды. «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасы бас басқармасының басшысы, «Парасат» журналының бас редакторы қызметіне тағайындалған кезінде де абыройлы болды. Алматы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын ұйымдастырғаны, ҚР ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі ретіндегі жемісті еңбектері мұның сыртында.

         «Дәулет, сендер зейнетке шыққан соң Алматыға, мұндағы балаларыңның жанына келетін боларсыңдар. Сонда «Парасат» журналында, менің қасымда боласың» дейтін. Бірақ бір кем дүние демекші, қадірменді досымыз алпысқа енді толғалы жатқанда өмірден аттанып кете барды. Қабіріне топырақ салуға үлгере алмаған біз қырқына келдік. Қамшының сабындай қысқа өмір дегеніңіз, міне осы!

         Енді Жақау туралы сөзімді жалғастырайын. Тегі біздің ішімізден алғаш болып кітабы шыққан да, университетті аяқтамай жатып, алдымен қызметке орналасқан да осы кісі. Он шақты жыл «Лениншіл жаста» абыройлы қызмет жасаған оның есімі қалың оқырманға кеңінен танылды. Арасында кітаптары да шығып жатты. Журналистика саласы бойынша Қазақстан Журналистер одағының, прозадағы оңды талпыныстарымен түрлі әдеби байқаулардың бірнеше мәрте лауреаты атанды. Кезінде «Өнер» баспасында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болса, соңғы отыз жылға жуық уақыттан бері «Ана тілі» баспасының директоры, ҚР Баспа және полиграфия ісінің қайраткері. Мұның сыртында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болып қызмет істегені де бар. Бір сөзбен айтқанда бұл аға жолдасымыз журналистика, жазушылық пен баспа ісіне бір кісідей еңбегі сіңген жан.

         Ал жоғарыда «он жылдай уақытымды босқа өткізіп алыппын» деген тағы бір аға жолдасым Сұлтанәлі Балғабаевтің өз сөзін айта кеткен едім. Кейінде сол зая кеткен уақытын өндіртіп жазған тынымсыз еңбегімен қайтарып алғаны да шындық. Бұл өзі жаны жарқын, көңілінде еш бүкпесі жоқ, барды бар, жоқты жоқ деп айта алатын адал азамат. Соның айқын бір дәлеліндей «оқу бітірген соң менің «Білім және еңбек» журналына қызметке орналасып, Алматыда қалуыма бірден бір себепші болған адам Баққожа болатын» деп қайталап айтудан танбайды. Ал өзінің шапағаты басқаны білмеймін, өз басыма артығымен тиіп жатты. Айталық, әскер қатарынан оралған соң менің журналистік жалақым бұрынғы офицерлік айлығымнан екі есеге жуық кеміп кеткенде журналда отырған ол әлсін әлі тапсырма беріп, әжептәуір мөлшерде қосымша қаламақы табуыма себепкер бола білді. Ал «Жалын» баспасына қызметке барған соң алғашқы әңгімелер жинағымның жарық көруіне қамқорлық танытқан. Бірақ мен бұдан кейінгі жерде деректі прозаға ден қойып, хакім Абайдың бас шәкірті Шәкәрім қажы, көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов, жасынан қалың қазағының сүйікті әншісіне айналған Жәнібек Кәрменов, Семей атом полигонының қасыреті туралы деректі кітаптарым Алматы мен Астанада, Новосібірде кезек кезегімен жарық көріп жатты.

         Сұлтанәлінің баспаға барған соң тартымды әңгіме мен хикаяттар жинағын бірінен кейін бірін бұрқыратып шығарып жатты. Одан кейін әдебиеттің драма жанрын мейлінше жоғары деңгейде дерлік меңгеріп алды. Соның айғағындай, драмалық туындылары отандық театр сахналарымен бірге, шетелдерде де үздіксіз қойылды. Мұның сыртында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары ретіндегі еңбегі ересен. Шеттегі қандастар мәселесімен оның Еуропа, Азия құрылықтарын сан мәрте шарқ ұрып айналып шыққанын жақсы білеміз. Сөйте жүріп шетелдердегі қандастарға арналған «Алтын бесік» журналына басшылық жасады. Тіл, діл, дін мәселелері де назарынан тыс қалған жоқ. Соның нәтижесінде ұлт мәселелеріне арналған «Қазақтың қызыл кітабі» атты жинағы жарық көрді. Ол енді, міне соңғы он жылдан астам уақыттан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында курс жетекшісі, аталмыш оқу орнының профессоры ретінде жемісті еңбек жолын жалғастыруда. «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты екендігі өз алдына бір әңгіме. Ал мұндай курстасыңмен қайтіп мақтанбассың!

         Биылғы жылдың қысында жетпіс бес жылдығына небәрі екі ай қалғанда келместің кемесіне мініп кете барған курстасымыз ақын Шөмішбай Сариев те сондай мақтанышқа әбден лайық азамат еді. Ол да шығармашылық ересен еңбегі еленіп, «Парасат» орденімен марапатталған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» және «Жыл адамы – Алтын адам» сыйлықтарының лауреаты атанған арқалы ақын болатын. Хакім Абайдан кейін хинди тілінде жыр жинағы шыққан да осы Шөмішбай екен. Біздің курсымыздан ғылыми дәрежеге қол жеткізген де Шөмішбай болатын. Жатқан жерің жарық болсын дейміз курстас қаламгерге!

         Келесі кезекте есімін тілге тиек етейін деп отырған курстасым Смағұл Елубайдың да әдебиеттегі жолы мен жөні бөлек екенін қалың оқырман қауым жақсы білсе керек. Смағұл өзі айтқандай Түркменстан жағынан феодализмді өз көзімен көрген, сол жақта өмірге келген азамат. ҚазМУ-ден кейін ол Мәскеудегі сценарийстер курсын бітірген-ді. Оқырман қауымға ашаршылық тақырыбына арналған «Ақ боз үй» романы кеңінен танылса, көрермен қауымға сценарийін Смағұл жазған «Қазақ хандығы», «Алмас қылыш», «Алтын тақ»  және басқа  көптеген көркем фильмдері жақсы таныс. Бір жылдары «Парасат» журналын басқарған ол бұдан кейін оншақты жыл сонау бір қиырдағы Прагада болып, «Азаттық» радиосында қызмет істеді. Оның есейіп кеткенде ағылшын тілін меңгеріп кеткені осы кез. Ол да түрлі марапаттан кенде емес, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақ «Пен клубы» сыйлығының лауреаты. Бұған қоса тіл мәселесіндегі қажымас қайраткерлігін қазақ қауымы жақсы білсе керек.

         Поэзияға адалдығын сақтап қалған екінші бір ақынымыз Гүлжаухар Сейітжанова дедік қой. Гүлжаухар оншақты жыл Маңғыстау облыстық газетінде қызмет етті. Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының тізгінін қолына алғанда қажымас қайраткерлігімен көзге түсті. Арасында мемлекеттік қызметте де болды. Осыдан бірер жыл бұрын өмірден озған оның соңында бірнеше жыр кітаптары қалды. Жолдасы жасы бізден үлкендеу Жоламан ағамыз болса, облыстық телевидение жағында басшы қызмет атқарды. Одан кейінгі жерде облыстық газеттің тізгінін қолында ұстады. Бұдан кейін аймақ тілшісі ретінде екеуміздің басымыз ел басылымы «Егеменде» тоқайласты. Бір сөзбен айтқанда ерлі-зайыпты жандар қазақ руханиянатының өркендеуіне бір кісідей үлес қоса білді.

         Міне, шиырып айтқанда біздің курстас қаламгерлер осындай абзал жандар. Олар туралы жарты ғасырдан соң сөз қозғап жатқанымыз да сондықтан!

Дәулет Сейсенұлы,

                         журналист-жазушы

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.08.2021 | 08:15

Басылым басшылығына қайыра рақмет айтамын. Мұны мен курстас қаламгерлерге құрмет деп түсінемін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір