ЕЛОРДА ДА ӘДЕБИ ТУРИЗМНІҢ КІНДІГІ БОЛСА ДЕП АРМАНДАЙМЫЗ
05.07.2021
492
0

      Ел астанасы Алматыдан Арқа төріне көшкенде Көк байрағымызды қолға алып, ақеділ тілегімен, баталы сөзімен Елордаға ат байлаған тұлғалар Әбіш Кекілбайұлы, Нұрғожа Ораз, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлылар еді.  Олар сырбаз ақын Сәкеннің жыры қалған өрісті өлкені руханияттың ордасына айналдыру жолында  еселі еңбек етті. Кейін бір шоғыр қаламгерлердің қатарын Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, Құныпия Алпысбаев, Марфуға Айтқожина, Серік Тұрғынбек  секілді сөз зергерлері толықтырғаны мәлім. Сарыарқаға құйылған көшті  бірте-бірте жастар  жалғастырып, бас қала мәдениеттің, әдебиет пен өнердің асыл арнасына айнала бастады. Бүгінде қолына қалам алып, әдебиет әлеміне аңсары ауған әрбір жас өзінің кемел шағын   Елордадан көрмекке ұмтылады.  Жаңа дәуірдің жаңа қаласы – жаңа өркениеттің парағын аударды. Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы бас шаһардағы әдеби өмірдің ұйытқысына айналып келеді.  Шабыттың пырағына мінген жас буын үшін  Нұр-Сұлтан шаһарындағы «Жазушылар үйі» құтты орда десек те болады. 2019 жылы қолданысқа берілген рухани орталықта қазіргі кезде мәнді, мағыналы бастамалар көтеріліп, келелі кештер жиі өткізіледі.  Аға буын мен өндір жастардың алтын көпірі – бұл жер. Дәл сол жылы ел астасында Еуразия астаналары қаламгерлерінің форумы өтті. Форумға Еуразияның 20-дан астам елінен әдебиет өкілдері жиналып,  сөз өнерінің өткені мен бүгіні, келешегі талқыланды. Аталған форум ең үлкен әдеби жаңалық ретінде бағаланғанын білеміз. Форум проза, поэзия, драматургия сынды әдебиеттің негізгі салаларына қарай бірнеше секцияларға бөлініп өткізілді. Әр елден келген қаламгерлер ашық пікірсайысқа түсіп, әдебиет болашағы туралы құнды ойларын ортаға салды.  Елордалық ақын-жазушылардың жиі бас қосатын жері – қаладағы «Қаламгерлер аллеясы». Сәкен, Ілияс, Бейімбеттей Алаш арыстары осы нүктеде тұғырға қонды. Күні кеше Алаш Орда жетекшілері Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатұлына ескерткіш орнатылды.  Абай  көшесінің бойында орналасқан Қаламгерлер аллеясына аялдаған ақын-жазушылардың  жүрегінен жыр төгілмеуі мүмкін емес.  Жақында шаһардағы қалам ұстаған жандар аллеяға өзінің есімі жазылған көшет егіп,  бағаналы ордамыздың жасыл желекке орануына үлес қосты. Есіл жағасындағы еңселі Елордаға аймақтардағы сөз ұстаған жастар да жиі ат басын бұрады.  «Жас уақытта – көңіл гүл» атты дәстүрлі әдеби кешке орталық, солтүстік өңірлердегі қыз-жігіттер қатысып, әдеби ортаның көрігін қыздырды.  Алдағы уақытта басқа да қалалардың жас қаламгерлерінің басын қосу жоспарда бар.  

Ару қала Алматынының бейнесі   Тұманбай, Қадыр, Жұмекен, Фариза, Есенғали, Ұлықбек сынды арқалы ақындар  жырында  қалай көрініс тапса, бүгінде Елорданы да  кестелі өлеңімен әспеттеп жүрген қаламгерлер аз емес.

Несіпбек ақын айтқандай, «Астана – ескерткіштің ең ұлысы, Ұлт үшін құрбандардың барлығына…» Гүлнар Салықбайша тебіренсек, «Төбесінде жарқырап, күн байланған астананы» Ерлан Жүніс жастық жалынымен, ақындық арынымен  асқақтата жырға қосты.

Иә, Нұр-Сұлтан кесімді сөз, шешімді ой қалықтаған қастерлі шаһар атанды.  Жастардың шығармашылығын насихаттап, жан сөзін жарияға жеткізетін  бұқаралық ақпарат құралдарының да дені осында. Ел газеті – «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Түркістан», «Астана ақшамы», «Самұрық» журналы басылымдары, «Әдебиет», «Қаламгер», «Мәдениет порталдары»  қаладағы әдеби өмірдің хабаршысындай.   Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елордалық қаламгерлердің 30 кітабы жарық көргелі отыр.  Бұл да – руханият салысындағы қуанышты жаңалық! 

Шекспирдің қанатты ойларын қалықтатқан Верона қаласы, Эмил Золяның шығармаларында бәдізделген  Париж, Пушкиннің  өміршең өлеңдері туған Мәскеу секілді Елорда да әдеби туризмнің кіндігі болса деп армандаймыз. Бас қаладағы қаламгер қауымы осындай мұратты жолда тер төгіп келеді.  Жылдармен қанаттаса болашаққа беттеп бара жатқан Елорданың жылнамасы осылай жазылып жатыр!  Мұратты миссия жалғаса бермек!

Олжас ҚАСЫМақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір