Есбол  ҮСЕНҰЛЫ. СЕНДЕЛЕМ ТАС АДАМДАР ҚАЛАСЫНДА…
01.08.2021
1054
2

 

Бөліну

Көр түнде тұңғиыққа торланғандай,

Жатқанымда оңаша қорланғандай,

Көмейімнен бір зуыл үн шығады,

Қанатын қағып қыран қомданғандай.

 

Кім кепіл өмірімнің бар-азына?!

Қыл көпір…

 тартылам ба таразыға?!

Кеудеме қонақтаған қыршын жаным,

Кірленген тәніме араз, наразы ма?!

 

Кетпек пе ұшып бойдан, ірге бөліп,

Алқымға арманымды бірге көміп?!

Беймезгіл ауа жетпей аласұрам,

Қалғандай суық көрде түрмеленіп…

 

Тірліктің санаулы ма бұла таңы?!

Сүйекке өткені ме күнә табы?!

Сыр ашқан жұлдызым да ағып түсті,

Екіұдай көңілді кім жұбатады?!

 

Ай нұры бозартып тұр төбені әрең,

Рухымды еліткен бе бөлек әлем?!

Хақтанып алдына оның жүгіне ме,

Шайтани  ындыным мен көне дәмем?!

 

Уақыт мойынсұнбай тұр қалауға,

Өкініш өзегімді тырмалауда…

Қалды ма бойда – намыс, жүзде – ұят,

Жерінген рухымды шырғалауға?!

 

Қосыла бірі жылап, бірі күлген,

Дауыс шықты…

әуремін күдігіммен.

Булығып өліп қалған сияқтымын,

Жоқ, жүрегім соғып тұр, тірімін мен.

 

Бөлінудің ақыры…  жоғалу ма?  

Жан мен тәннің айтысын доғару ма?!

…Жаратқан берді ме аян  «дайын бол» деп,

Ғайыпқа мәңгілікке жол алуға?!

 

Тас адам

 

Күн менен түн, ай мен жыл қосақталған,

Жандар қайда мені ыстық құшаққа алған?!

Түсім…

Біреу тұрады қарсы алдымда,

Қолына ұстап жүрегін пышақталған.

 

Түршігемін, үзіліп аp-шыдасым,

Ризамын, жай оты қамшыласын.

Селге айналып, кетеді мені ағызып,

Жанарымнан құлаған тамшы жасым.

 

Бір сұмдықтан тап болам бір сұмдыққа,

Сел әкеліп таcтайды тылсым жұртқа.

Өң – түс ара, көксеуші ем, елес мекен,

Сол қиялым айналып тұр шындыққа.

 

Алдымда сабылады ғайып бейне,

Кейі – жаяу, кейі – атты, қайықпен де.

Шырамытам, анық кім, таба алмаймын,

Өзіммін кінәлі оған, айып менде.

 

Бәрі де баяғыдай,  жас – күшінде

Өртеген бір күйік бар ащы  ішімде…

Тілдеспекке ентелеп жақын барсам,

Өзгереді меңіреу тас мүсінге.

 

Таба алмай тірі жанның қарасын да,

Сенделем тас адамдар қаласында.

Тастанды боп мәңгіге қалып қоям,

Пәни менен Бақидың арасында.

 

Біткен бе жүрек-бауыр басқа маған?!

Өмір жолын қайда бір басқан адам?!

Аруақтардың тіземін қатарына,

Қашап алып беймезгіл тастан адам…

 

Тұр ағаш,  тамыры – арса ұры қолдай,

Құстар да алыс кеткен,

Бірі қонбай.

Түбінде елегіздім, келетіндей

Бір бейне жас қалпында нұры оңбай.

 

Түн-түнек төңіректі перделеді,

Бір үрей билеп алды демде мені…

Дертімді келе ме ол емдегелі,

Жоқ, әлде, сұраққа алып тергегелі?!

 

Элегия

1

Алғаш рет жанарымыз түйіскен,

Елесім жүр кете алмай мүйістен.

Сағыныш па, өкініш пе шеңбектеп,

Жегідей жеп бір қамырық күй іштен.

 

Табиғатты пенде өзіне лайықтап,

Зәулім үйлер бой көтерген, ғайып бақ.

Орынында сенделеді елестер,

Тар пешене тағдырларын айыптап.

 

Тұңғиық түн, хикмет түс, қаралы,

Дір-дір еттің еліктей боп жаралы.

Түнге сіңіп хал-күйіңді сезіндім,

Сансыз жолдар түрса да бөліп араны.

 

Еңсергенмен қараңғының байтағын,

Тіл қата алмай, бұрылыстан қайтамын.

Сол бір жолы көздеріңнен түнекті

Нұрландырар бір жарықты байқадым.

 

Алғаш рет жанарымыз түйіскен,

Елесім жүр кете алмай мүйістен.

Ғайып сырын көлегейлеп лезде,

Жанарыңды тайдырмауға тиісті ең?!

 

2

Жер бетінен ғайып болған гүлзарда,

Сенделемін дауа таппай мұң-зарға.

Қанатына байлап алып сүлдемді,

Өзіменен жүреді алып түн – қарға.

 

Түнге ілесіп бара жатып – таң алды,

Көзім шалды көңілсіздеу қараңды.

Уысыма ілінбей шоқ жұлдыздар,

Тырналады тағы ескі жарамды.

 

Мойын бұрып артыңа бір қарашы,

Әсем Құлжа, арналы Іле жағасы.

Тал түбінде саған қолын бұлғап тұр,

Сағым адам, толықсиды қарасы.

 

Қу бұтақтар құры қолды ұзартып,

Қызыл жалқын көкжиекті қызартып,

Баттағандай құлазыған сезімге,

Сары жағал бояуларын күз, артық.

 

Көкті жарып тырналардың тырауы,

Қалықтады қарашаның қылауы,

Дауыстарға, бояуларға, тамшыға,

Айналғандай көңілдердің сұрауы?!

 

Қайрылмадың…

 тұрса-дағы көз көріп,

Қилы заман ауысқандай күз келіп.

Адам-ғарып – диуанаға, баршын тал –

Қу томарға кетті азып, өзгеріп.

 

Түн желегі сыпырылып қаралы,

Жер жүзіне таңғы арай тарады.

Көз алдыңда азған жанның, теректің,

Түнге сіңіп ғайып болды бараны.

 

Алғаш рет жанарымыз түйіскен,

Елесім жүр кете алмай мүйістен.

Ғайып сырын көлегейлеп лезде,

Жанарыңды тайдырмауға тиісті ең…

 

Күйші Ару

 

Тілеймін мең-зең масыл ұйқыны мен,

Қандай күш дуалаған сиқырымен?!

Ұсынып жабықтан қыз домбырасын,

Айтысқа шақырады күй тілімен.

 

Болғанмен қағытпаға тіл-жақ дайын,

Тосылып күй тартыстан сырғақтаймын.

«Ыңғай төк» болмағанмен «Көкейкестім»,

Бар еді қағысы кем бір қақпайым.

 

Сағасы домбыраның – саусақ табы,

Бір зауық ұзақ болған аңсатқалы,

Түртпектеп шабытымды мазалап жүр,

Періште армандарым бал шақтағы.

 

Әуенге айнала алмай өткенім де,

Тынады, басқа жан боп кеткенім бе?!

Арудың әуелеткен «Аққу», «Қазы»,

Қонады бал дәуреннің бөктеріне.

 

Не деген көрікті еді мына ғалам,

Жаралған күнәсіз боп туа-да адам.

Қолдасып қос сәби жүр ертелі-кеш,

Алаңсыз қызықты ойын қуалаған.

 

Дөңгелек аспан сиған шарасына,

Келеді айна көлдің жағасына.

Көңіліне ұялатып ақ арманды –

Аққулар – сәуле беріп санасына.

 

Айдында керіп құлаш-қанаттарын,

Талпынтып баулығандай талаптарын.

Бір әуен безектетіп арқам қозып,

Соңына мен де бір күй сабақтадым.

 

Арасы «Сылқылдақ» пен «Қос алқа»-ның,

Барады бұлтқа сіңіп көші Арқаның.

Арындап ұстатпайды арғымақтар,

Бергенмен құрық – шалма, дос, арқанын.

 

Пернеге сіңіп қайта «Қыз Ақжелең»,

«Аққу» да, ай ару да ұзар менен.

Алатау, Қаратау да биік емес,

Тегінде тірлік екен құзар деген…

 

Арудың қолы епті «Сары жайлау»-ға,

Заманым құлықты емес арды ойлауға.

…Күйіне үнсіз мүлгіп отырамын,

Келсем де хан сарайға той тойлауға…

 

Тағдыр

 

Алай-дүлей дауыл тұрып қаһарлы,

Аспанда жай от қамшысын үйірді.

Алақанда ойнататын жаһанды,

Тәңір кімді жазалауды бұйырды?!

 

Асқан жандар түп иесін тани ма,

Топыраққа тойғанынша араны?!

От семсерін көкте білеп, жаниды, ә,

Жаратушы пендесіне назалы?!

 

Уақыт берген пенделерге сынаққа,

Тәңірменен тұр ма жасын ұрысып?!

Дүлей шоғы түсті ағаш, бұлаққа,

Бұлттың  көші сахараға жылысып.

 

Желе жортып келе жатты атты адам,

Ойын бөліп бала-шаға, жоқ қамы.

Тұлпар мініп баба салтын сақтаған,

Қоңыр мінез, жоқ қойнында шоқпары.

 

Тақыр, таза екі беті жолдың да,

Жай оғына қалқа болар далда жоқ.

Қапияда жанып кетті орнында,

Түсіп тылсым қаһарынан қалған шоқ.

 

Жаратушы Тәңіріне налыған,

Жоқтау үндер күңірентті даланы.

Айырылды бауыр еті – барынан,

Қатал тағдыр осты оңдырмай ананы.

 

Найзағайға айтып өтті лағынет,

Бұл жалғаннан татар дәмі біткенше.

Ұрпағының дұғасын, Алла, қабыл ет,

Пәле-қаза бере көрме көктен тек…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 12.08.2021 | 12:17

Өлеңдеріңнің ой тереңді гімен көркем сөз күші жетіп тұр.Ал оқырманға не беретініне түсінбедім. Менше өз ұлтың мен өмірдегі оқырманына түсініксіз өлпңдер мұң мен зардың ортасынан табылып жүреды. Мұнымен осы замандағы оқырманды зияндасақ зияндаймыз, Мұқағали сияқты адамзаттың жаралы жанын емдей алмаймыж.жараға тұз сеуіп емес, Мұқағлиша дәрілеген жақсы.
Қалайда сөз тереңдігі мен көркем арғы-бергі заманның романтиялық әсері мені таңғалдырды

Аноним 13.08.2021 | 06:27

Есбол бала кезінен талғампаз, дегдар жігіт еді. Сөзден гөрі оқығанды, жазғанды жақсы көретін. Сол сырдесте мінезімен өлеңін мінсіз өріп шығыпты. Кім қалай түсінеді әр кімнің өз еркі. Ойға құрылған, тереңдікке тартатын жырларын ұсынған екен. Сәт сапар тілеймін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір