«Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ…»
«Қазақтың әдебиетіне жан берген: сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңнен өрнек шығарған Абай еді. Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан шыққан философ. Өмір жолында Абайдың айтпағаны аз», – деген екен Абайды ең алғаш білгірлікпен танып, бағасын беруге талап қылған Жүсіпбек Аймауытов.
Бұл сөзімде жалған жоқ
Айтылмай сөзім қалған жоқ, –
дейді Абайдың өзі. Оның кешегі айтқаны біздің ХХІ ғасырдағы бүгінгі өмірімізбен соншалықты үйлесім табуда.
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.
Біздің арамыздағы бүгінгі кейбір «пысықтарды» көздеп айтып тұрғандай емес пе? Немесе «Сәулең болса кеудеңде» өлеңі сияқты жырлардағы, қара сөздеріндегі өзекті ойлар бүгінгі ел бірлігін, саяси тұрақтылықты сақтау бағытындағы мемлекет мүддесімен үндесіп жатыр.
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол, –
деп түйіндейді Абай. Немесе:
Көп шуылдақ не табар
Билемесе бір кемел, –
дейді тағы.
Өмірдегі қандай құбылыс, адамға, қоғамға, ғаламға қатысты нендей мәселе болса да, Абайдан бір ой ұшығын таппай қалмаймыз. Өйткені, Абай – Физули, Фирдоуси, Гете, Байрон, Пушкиндермен қатар тұрар ұлы ақын, Платон, Сократ, Конфуций, Дрепэрлермен ой жарыстырар ғұлама ойшыл.
Иә, Абайдай алып тудырған халықтың бағы кемел, мерейі үстем болуға лайық. Өкінішке орай, планетарлық ауқымдағы осындай данышпанды өзге жұртқа танытпас бұрын, көп жағдайда өзіміз де оның қаншалықты биіктігін болжауға өреміз жетпей, тереңіне бойлауға білім-білігіміз олқы соғып, таңғажайып жұмбақ әлемін еркін аралай алмадық. Оған кейде тарихи, саяси жағдайлар, кейде қанымызға сіңген «шын сөз қайсы біле алмай, әр нәрседен құр қалып» жүретін марғаулығымыз да себеп болған сияқты. Әлі де болса, кемеңгердің «жүрегіне терең бойлай алмай», «ет жүрексіз еріннің сөзін» айтып, бетінен қалқып жүргендей күйдеміз-ау.
Ендігі жас өркен сол олқылықтардың орнын толтыруға күш салып, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз», – деген сөздерін айқын бағдар етіп ұстануы қажет.
Көк тұман – алдыңдағы келер заман
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған, – деп келер заман, туар ұрпақпен ұлы рухының өлеңдері, «өлмейтұғын сөздері» арқылы тілдесерін, түсінісіп табысарын данышпан ойшыл жүрегімен сезініп, ақылымен болжап түйгендей.
Адамды түзу жолға салуды мақсат еткен ұлы ғұламаның білім, ғылым, оқу, өнер, жас ұрпақ тәрбиесі, ұстаз, шәкірт тақырыбына жазған өлең, қара сөздері, педагогикалық көзқарас-пікірлері де — теңіздей терең ойлы.
Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ, – деп ұлтына ұлағат айтып, ұрпақ санасына ұлы құндылықтарды сіңіруді мақсат еткен кемеңгердің рухани асыл мұрасын жас ұрпақтың зердесіне құйып, зейінін ашу – ұлттық білім беру саласының ұлық мұраты дер едік.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығымен ең алғаш 2000 жылы мектеп оқушылары арасында кемеңгер ақынның 155 жылдығына орай ұйымдастырылған Республикалық Абай оқулары бүгінгі күні дәстүрлі білім сайысына айналып, ағымдағы жылғы 10-11 қыркүйекте Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесінің амфитеатрында он алтыншы рет өткізілді. Осы жылдар ішінде қасиетті Қарауылға, киелі Жидебайға «көкірегі сезімді, көңілінің көзі ашық» мыңдаған жас дарын қадам басып, жарқын болашағына қанаттанып ұшты.
«Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап, тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өз халқын «өссін, өркендесін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын», – деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзін жан-жүрегімен түйсінетін азаматтар қатары жыл сайын Абай оқуларына қатысқан саналы ұрпақпен толығып отырды деген сенімдеміз.
Жас ұрпаққа кемеңгер ойшылдың асыл сөзін жеткізуді мұрат еткен, ұлық поэзияны ұрпақ жүрегіне жалғайтын алтын көпірге айналған осынау ізгі шара балалар кітап оқудан қол үзіп бара жатқан ақпараттық инновациялық технологиялар заманында оқушылардың білім сайысында қатысу үшін ұлы ақын шығармашылығын қызыға зерделеуіне жол ашты. Ендігі жерде:
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», – деп күңіренген ойшылды әрбір қазақ баласы зерделеп оқып, терең түсіне білуі шарт.
Абай оқуларына қатысушы жастар Абай, Шәкәрім шығармаларын оқып, жаттап қана қоймай, «нұрын, сырын көруге», мағынасын ұғынуға тырысады. Жаттаған туындыларды ұмытпай, көкірегіне түйіп, Абайдың асыл мұрасын өздерінің өмірлік жан азығы етуді көздейді.
Абайдың ұлылығы да сонда, асыл ой-пікірінің, айтқан сөзінің өміршеңдігінде, ешқашан ескірмеуінде, маңызын жоймауында.
Мектеп оқушылары арасында жыл сайын Абай оқуларын өткізудегі мақсатымыз: 1) жас ұрпақты Абай мен Шәкәрімнің рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке, елжандылыққа, азаматтыққа, адамгершілікке тәрбиелеу;
2) әдеби кітап оқуға, көркем шығармаларды сүйіп оқуға ынталандыру;
3) дарынды балалардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту болатын.
ХVІ Абай оқулары үш бөлім бойынша өткізілді:
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» – Абай және Шәкәрім шығармаларын жатқа оқу конкурсы. Ұлылар шығармаларын көбірек жатқа білетінін дәлелдеген оқушыға жоғары баға қойылады.
«Көңілім әнді ұғады» – Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындаушылардың, әншілер мен күйшілердің конкурсы.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» – жас дарындар конкурсы. Қатысушы өз өлеңдерін оқиды немесе өздері шығарған әндері мен музыкалық туындыларын орындайды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай биыл бірінші рет ұйымдастырылған «Туады ерлер Ел үшін…» атты І Республикалық қазақ батырлық эпосы жыршыларының байқауы екі бөлімнен тұрады:
Бірінші, «Қайратты туған ер еді…» тақырыбындағы қазақ батырлық эпостарын жыршылар мақамымен жатқа орындау конкурсы. Конкурста қазақ батырлық эпосын (жыр жолдарын) көбірек жатқа білетін және білімін дәлелдей алған оқушыға жоғары баға қойылды.
Екінші, «Алатаудай айбатың, Ер екенсің айтулы» – қазақ батырлар жыры бойынша білім сайысы. Конкурсанттар «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» және «Қамбар батыр» жырларының мазмұны, көркемдік ерекшеліктері, аталған эпостарды жырлаған белгілі жыршы, жыраулар, әдебиет теориясы, т.б. мәселелер бойынша өз білімдерін ортаға салды.
Кейінгі жылдары оқушы жастар назарынан тыс қалған, халық поэзиясының інжу-маржаны, Елдік пен Ерлікті ту еткен батырлар жырынан білім сайысын ұйымдастырудағы мақсат:
– мектеп оқушылары арасында қазақ халқының батырлық эпосын насихаттау, жыршылық дәстүрін қалыптастыру;
– халық поэзиясына, қазақ халқының рухани мұрасына, қазақстандық патриотизмге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу;
– елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерді ұрпақ санасына сіңіру, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту;
– ұлттық дүниетанымдары мен сана-сезімдерін, тарихи танымдарын қалыптастыру.
Республикалық қазақ батырлық эпосы жыршыларының байқауы бірінші рет өткізілгенімен, Министрлік пен өңірлік білім басқармаларының бірлескен жұмыстары негізінде, ең бастысы, дарынды шәкірттерін шынайы махаббатпен, үлкен жауапкершілікпен дайындаған аяулы Ұстаздардың еңбегі арқасында өте жоғары деңгейде өтті.
Жалпы, осы іс-шараларды ұйымдастырып өткізуде Министрлікке облыстық Білім басқармасы, әсіресе, Абай ауданы, Семей қаласы әкімдіктері мен педа-
гогикалық қызметкерлері үлкен қолдау көрсетті.
Аталған шараларды ұйымдастыру барысында:
Біріншіден, көркем әдебиет, әсіресе, поэзия аз оқылатын қазіргі кезде балалар Абай, Шәкәрімнен 170-тен 300-ден астам шығармаға дейін (өлең, қара сөз, поэмаларды), батырлық эпостарынан 1000-3000 жолға дейін жатқа білуге жарыса ұмтылады. Бұл – үлкен игілік, олар дайындық барысында Абай, Шәкәрім шығармашылығын, қазақтың батырлар жырларын зерделейді, білімдерін тереңдетеді.
Екіншіден, тарихи жерлермен танысу, театрландырылған көріністер арқылы тарихи танымдары кеңейеді.
Үшіншіден, ұлылар мұрасы, халық поэзиясы оларды рухани адамгершілікке, отансүйгіштікке, ойлылыққа, адалдыққа, әділдікке, азаматтыққа баулиды.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз: Абай оқуларының әр деңгейінде қатысып, ұлылардың алтын сөзін көбірек білуге ұмтылған әрбір жастың Абай ұлықтаған жауан мәрттіліктің мәнін ұғынарына, жүрегі таза, көңілі ояу, жаны жайсаң азамат, «толық адам» болып өсеріне біз сенеміз.
ХХІ ғасырға өзіне-өзі сенімді, нық қадаммен енген Қазақстанның одан әрі өркендеп дамуында Абай шығармашылығының, қазақ халқының рухани мұрасының алатын орны биік.
Абайдың этикалық-философиялық ілімі, халық даналығы жас ұрпақты жоғары адамгершілік бағдардан тайдырумауда, сана-сезімін пайдакүнемдік пен жалтырақ арзан идеялардан қорғауда ерекше маңызды.
Осы мәселеге бала тәрбиесіне қатысы бар әрбір маман, ұстаздар мен тәрбиешілер, ата-ана айрықша көңіл бөліп ізденісте болса, Абай мұрасы жас ұрпақтың жалпы өмірде және небір сын сағаттарда адастырмас рухани Темірқазығына айналар еді.
Республикалық Абай оқулары, Республикалық қазақ батырлық эпосы жыршыларының байқауы сияқты үлкен мақсат арқалаған іс-шаралар өткен мен келер күннің арасын жалғар алтын көпір ретінде даналар сөзін ұрпақтан ұрпаққа жеткізе берсе – игілік сол!
Баттал Роза Мұхамеджанқызы.