Қазақ жазушысы енді шведше «сөйледі»    
30.07.2021
677
0

Жазушы Дулат Исабековтің таңдаулы шығармалары швед тілінде кітап боп шықты. Кітап жақында (24-28 маусым аралығында) Лондонда өткен Еуразия әдебиетінің ашық фестивалі аясында көпшілікке таныстырылды.

Тұсаукесер рәсімін Еуразия шығармашылық гильдиясының төрағасы, көрнекті аудармашы, редактор Джон Фарндонның өзі жүргізіп отырды. Ал гильдияның вице-президенті, Лондондағы «Hertfordshire Press» баспасының негізін қалаушы баспагер Марат Ахмеджанов болса, алдағы уақытта Д.Исабеков кітабының арнайы онлайн-таныстырылымы болатынын, ал биылғы 7-12 қыркүйек аралығында Бурабайда өтетін «Voices of Friends» («Достар дауысы») атты әдеби фестиваль аясында офлайн-тұсаукесері ұйымдастырылатынын да атап өтті.

Швед тілінде жарыққа шыққан кітаптың аты «Brännande Sol, Isande Vind, Levande Stäpp» деп аталады. Яғни «Ыстық күн, ызғарлы жел, тірі дала» деген сөз. Жинаққа Дулат Исабековтің ең танымал бес хикаяты мен екі әңгімесі енген. Кітапты басып шығарған Швецияның «Gün Publishing House» баспасы Ұлыбританияның «Hertfordshire Press» баспасымен бірлесіп, жазушы шығармаларын ағылшын тілінен швед тіліне сапалы аудару үшін 2019 жылдан бері тынбай еңбектенген.  

«Қазақстанда ұлы жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековті танымайтын адам жоқ, делінген «Hertfordshire Press» баспасы таратқан баспасөз парағында. – Ол – жиырмадан астам пьесаның авторы. Оның пьесалары Қазақстанда ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдерде, сондай-ақ Болгария, Түркия, Корея, Ұлыбритания сахналарында қойылған. 2022 жылы бұл қатарға Австралия да қосылғалы отыр… Швед тіліндегі жинақтың ерекшелігі – мұнда автордың мазмұны мен түпкі идеясы жағынан бір-бірінен өзгеше үздік туындылары топтастырылған. Кітаптың өн бойынан мейірім мен махаббат сезіледі, дәстүрлер құндылығы дәріптеледі, сондай-ақ нәзіктік пен дөрекіліктің, ізгілік пен зұлымдықтың бітіспес айқасына куә боламыз. «Гауһартас» хикаяты өткен ғасырдың орта шеніндегі қарапайым қазақ отбасының, шопан әулетінің тіршілігінен сыр шертсе, «Біз соғысты көрген жоқпыз» туындысында Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ауыл балаларының қиын тағдыры суреттеледі. Бұл хикаят Лондонда бөлек кітап болып басылып шыққан. «Өкпек жолаушы» – егде тартқан ер мен әйелдің екеуара әңгімесі арқылы қазіргі заманғы қилы тағдырлар жөнінде баяндайтын шығарма. Осы хикаят негізінде жазылған пьеса әлемнің көптеген театрларында, соның ішінде Лондонда да сахналанған. «Қабылан», «Тыныштық күзетшісі» әңгімелерінің өзегінде де қасіретті тағдырлар жатыр: Қабылан атты ақылды ит қызғаныштың құрбаны болса, жұрттың түнгі тыныш ұйқысын күзететін «әумесердің» түбіне сол адамдардың өзі жетеді…».

Кітапқа сондай-ақ жазушының «Дермене», «Үндемес» хикаяттары мен «Социализм зәулімі» атты әңгімесі де енген.

Д.Исабеков шығармаларын швед тіліне аударған – академик, Нобель сыйлығының иегері Бенгт Самуэльссон. Ол Шведтің Корольдік академиясының, сондай-ақ Американың ғылым және өнер академиясының мүшесі, көптеген кітаптар мен ғылыми еңбектердің авторы.

Швед тіліндегі Д.Исабеков кітабының ресми тұсаукесері биыл жыл аяғына дейін Қазақстанның Швециядағы елшілігінің атсалысуымен Стокгольмде өтеді деп жоспарланған. Оған қазір осы кітапты оқып, рецензия жазып жатқан швед академиктері мен дипломаттары да қатысады деп күтілуде.

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір