«ЖАРЫҚ ЖОЛЫ»: МЕН ФИЛОСОФИЯ ІЗІМЕН ЖҮРДІМ
30.07.2021
1555
4

Дидар АМАНТАЙ, жазушы

 Жадыра ШАМҰРАТ: «Жарық жолын» «Адырнадан»  оқыдым. Бұл  – «он жеті жыл бойы шаң-топырақ астында, екі қалақ құрылыс лайы ішінде, кірпіш арасында ұмыт жатқан кітап»  туралы. Емһадтың кітабы. Жанры – роман-aллюзия, автофикшн. Сенімді оқиғалар мен фактілерді ойдан шығару, яғни өмірбаян мен фантастика шегіндегі дүниеден ешкім сенен жүз пайыз шындықты беруді талап етпейді: бірінші жақтан жазасыз ба әлде адамды көрсетпей баяндаушының артына жасырасыз ба, өз еркіңізде. Неліктен бұл бағыт сіз үшін өзекті болды?

Дидар АМАНТАЙ: XX ғасырда, Хайдеггер мен Делез ғасырында субъект әлемге объект көзімен қарағысы келді. Жүйелерде екеуінің  арасындағы кедергілер жойыла бастады. «Сана қашанда белгілі бір нәрсеге бағыттаулы, алға тартылған құбылыс оның үнемі назарында» деген қағида қалыптаса бастады, феноменология, сөйтіп, реалды дүниені тап басамыз деп ойлады, бірақ ешкім Кант ұсынған ноумен/феномен түсінігін аттап кете алмады, дәлірек, Иммануил Кант шектеу қойған таным қабілеті табысқа жете алған жоқ: білген сайын білмегеніміз көбейді.

Білімнің қос түрі, онтогенез/филогенез одағы, бинарлы жаратылыстың көшірмесінен туды, апостеориялық (жеке тәжірибемен келген) нұсқасы мен априориялық (адамзат тәжірибесі) нұсқасы бір-бірін сүйемелдей отырып, ғалам пішінін толықтыруда үлкен рөл атқарды.

Талқы, таным жолы, сараптамалық амал-құрылым екі жағдайдан құралды: аналитикалық (түсіндіру немесе құбылыс-зат қасиетін ұғындыру), синтетикалық (таным өрісін кеңейту).

Неміс ойшылы ақыл-ой ғана шеше алатын математика, жаратылыстану, метафизика тобы жұмбақтарын тануды «Tаза ақыл-ойды тезге салу»  («Критика чистого разума») кітабында қарастырды, келесі шығармасы этикаға арналды, үшінші томы таным шекарасын айқындады. «Өзі үшін өмір сүретін нәрсе»  – ноумен мен «біз үшін өмір сүретін нәрселер» –   феномен бір-біріне қарама-қарсы қойылды. Әсілі, ақиқат адамға өзі ашылуы тиіс деп ойлады Кант.

Трансцендентті танылмайды, адам қабілеті жетпейді, трансцендентальды – біздің қолымызда.

Мен философия ізімен жүрдім, жолдың сілеміне еріп, автофикшн талаптарына жеттім, хроника, хронология дәлдікті, сенімділікті, күмәнсіздікті күшейте түсті, кеше Рене Декарт ақиқат деп тәжірибеде дәлелдене  алатын жайтты айтып еді, енді көп дәлелдер ашылуы үшін жағдай керек болды, яғни ақиқат көрінуі үшін шарттарды орындаған жөн. Әлі күнге дейін кванттар табиғаты толық пысықталған жоқ, демек  позитивизм іргесі шайқалды, қазіргі адам абсолюттен бастап кванттарға дейін бар екеніне шүбәлі, өзіне-өзі сенімсіз атеистік қоғам өсіп шықты, сондықтан мәтінге деген талап күшейді, сенім мәселесі алдымызда көлденең тұр, роман шын екендігіне ешкім күмән келтірмейтін биікке көтерілуі тиіс еді. Қалай шықты, қадірменді оқырман шешіміне тәуелді, туындының күштілігі, қуаты оқырманды әсерлендірген, көңілін қуанышқа бөлеген сезім тереңдігімен өлшенеді. Жалпы, фальштен қаштым, бір де бір жалған пафос жібергім келген жоқ. Тек қана индикациялық/денотациялық ойтүрткілер, өткір манифестация және сигнификациялық сілтемелер. Қатынастардан басқа ештеңе жоқ – эмоция да, жігерлендіретін дискурс та, метанарративтік экзистенциалистік ой-толғамдар да. 

Жадыра ШАМҰРАТ: Жазу мәнерін тақырыптың өзі ұсынды.

Дидар АМАНТАЙ: Иә, әдетте, әр тақырыптың өз тәсілі болады. Ғарыш жайлы қысқа сөйлемдермен жазу кең толғатып жазудан әлдеқайда қиын. Тақырыпқа белгілі бір мәнер сұранып тұрады.

Жадыра ШАМҰРАТ: Қарапайым тұрде айтсақ, адамның өзін іздеуін, кең көлемде алсақ, адамзат өркениетінің сырын физикалық заңдылықтармен түсіндіруге бола ма? Бұл бүгінгі ғылымда, басқа халықтардың дүниетаным жүйелерінде қалай көрінеді? Жазушы біз түсініп жарытпайтын не үстірт түсінетін идеяларды түсіндіру үшін батыл түрде жаратылыстану ғылымдарының соңғы жаңалықтарын пайдаланады. «Жарық жолы»  романы – осы бағыттағы ізденіс, қазақ әдебиетіндегі жаңаша беталыс. «Жарық жолы»   жалпы адамзаттық проблемаларға (өмір, жастық, сезімдер мен борыш, ғалам сырлары мен заңдылықтар) және  жаратылыс ғылымдарына қатысты көзқарастарға негізделген.  Тұлғаның деформациясын аша отырып, бүгінгі адамның ішкі әлеміне үңілуге тырысады, оны өте қиын өмірлік жағдайда көрсетеді; бұл бір жағынан азапты көрінеді, өйткені баяндалып отырған кейіпкер өзінің ғана емес, адамзаттың  тағдырын білуге қатысты сұрақтар қояды, сол арқылы жазушы жоғалған гуманистік құндылықтарды айқын аңсайтындығын  жасырмайды. Шығарманың руханилығына және жазушының дүниені  қабылдау ерекшелігіне күмәнім жоқ. 

Дидар АМАНТАЙ: Мен жарықты образ тұрғысында жаздым. Күн образы, пенде бейнесі, ғалам пішіні, әлем кейпі. Шын мәнісінде, біз өзімізді космос сыртында тұрғандай сезінеміз. Жоқ, космос деген – біз. Ғарышта жүріп жатқан күллі сұмдықтар, жүйелер бұзылып, галактикалардың шоғырлануы, планеталар, жұлдыздардың жойылуы, бәрі де бізге қатысты. Біз – аса қиын жағдайдамыз. Дәл қазір, қаншама метеориттар біздің Жер шарымызды көздеп жүйткіп келе жатыр, адам нәсілі осы бір аласапыран ортада өмір сүріп, өзін бақытты сезіне ала ма? Бұршақтап жауған, қарша борап атқылаған аспан денелерінің, үлкен жұлдыздардың бір-бірін жұтуы, қуаты қайнап таусылған планеталардың өртеніп, кішіреюі – шексіз ғарышта адам өміріне, қуанышына, қауіпсізідгіне кім кепіл. 

Жадыра ШАМҰРАТ: Әдетте біз шығарманы қалыптасқан тәсілдермен талдауға үйреніп алғанбыз, бірақ «Жарық жолына» ол тәсіл жүрмейді. Негізгісі сюжет емес, ойлар, толғаныстар, пәлсапалық тұжырымдар. Автор көп жазушылар сияқты адамның оқиғасын, тағдырын талдауды біріншіге қоймайды. Сонымен бірге мұны деректі тарихқа сүйене отырып, публицистикаға ұқсас жазылған деуге болады. Мысалы, ортағасырлық рыцарлық романдарды оқысаңыз, сіз оқырсыз, басқаларға бұл қызық болмауы мүмкін. Идеалға деген құштарлық, азапты іздеу бейнеленген. Автор өмірдің мәнін іздеуді басқаша қарастырады, жеке тұлға мен қоғамның байланысын, «қоңырауы жоқ» адамдардың мәселелерін де қамтиды.

Сонымен бірге мұны деректі тарихқа сүйене отырып, публицистикаға ұқсас жазылған деуге болады. Мұнда публицистикалық және көркем мәтіндерінің бірлігі бар. Осыдан келіп бұл шығарманы оқырмандардың өте тар шеңберіне арналған,  интеллектуалды, элиталық  дүние деп атауға да болар еді.

Дидар  АМАНТАЙ: Мен, әрине, өзіме өзім баға бере алмаймын. Бірақ, Cіз танып отырсыз, бұл – «біртүрлі роман». «Гүлдер мен кітаптар» да –  «біртүрлі роман», алайда  оның «біртүрлілігі» басқаша. Енді новелла-тараулардан тұратын «Бақыт биохимиясы»  романын жазып жатырмын.

 

«Фальш – атмосфераның жауы»

(рецензия)

«Братислава. Естелік тарауында»  алғашқы кездесу туралы айтылады. Қыздың атынан. «Тастар тарауы» мен «Әйел есімі» тарауында бұл жіп үзілмей, ұзара түседі. Осында уақыт, топырақ пен тас мәдениетіне Шығыс пен Батыс мәдениетінің пәлсапасы айтылады. «Сағыныш»  тарауында автор уақыт пен кеңістікті әдебиетшінің көзімен емес, физиктің, астрономның көзімен сипаттай түседі. «Біз, сірә, адамды емес, сұлулықты сүйеміз», –  дейді. Рас. «Метафизика. Антигравитациялық тарауда» Эйнштейн теориясы туралы айтылады. Мұны автор неге алды деп ойлайсыз? Қызық үшін. Оның космологиялық тұрақтылық идеясы дегенді ойлап тауып, артынша одан жерініп, оны өзінің қателігі деп тануы, шынында, қызық болды. Бұдан әрі автор өз қателігіне қарай ойыса түсетінін байқауға болады. Өзінің ғашық болған қызы үшін табандылық таныта алмағанына өкінеді. Әлемнің кеңейетінін алға тартқан Фридман деген ғалым туралы ойлап, троллейбус терезесінен ойға батқан қиялилау жігіттің бейнесі елес береді. Ол уақыт пен кеңістік туралы ойланып барады. Асқатпен кездесуде әдебиет туралы пікірталас басталғандай болады да кілт үзіледі. Тарихтың аяқталмағаны, яғни жалғаса беретіні… маза бермейді, әлемнің термодинамикалық тепе-теңдікке жетпегенін ойлап отырып, Кантты еске түсіреді. (Осы жерде бірдеңе есіме түсті. Біздің философ ағай да Кантты қатты сүйетін, бірақ  тек өзі ғана түсінетіндей, оның идеяларын басқа жұрттан қызғанатындай көрінетін). Қайшылықтар тарауында сұхбат жалғасады. Өнерпаздарды таланты емес, жарнама шығаратыны, кітаптың құбылыс емес, жай ғана тауарға айналғаны, бүгінгі мәдениеттің сауыққа айналғаны айтылады.

«Егер әдебиет жоғалып кетсе, кітаптардың орнын не басады?» деген сұрақ жазушыға маза бермейді. Бұрын, баяғыда кеңес әдебиеті  оқырманын мақтан тұтатын, қазір ол жоқ, елесі қалды, сосын… прецеденттік мәтіндердің көпіршігі қалды, «оқырман коды» деген ұғым анық өше бастады. Екінші жағынан, оқырман жоғалмаса да оқу стратегиялары өзгерді, біз, керісінше, көп оқитын болдық: оқитынынымыз – Дидар Амантай күткендей романдар емес, жарнамалар, әлеуметтік желілер, жаңалықтар ғана.  Біз мәтіндермен үнемі өзара әрекеттеміз. Бұдан әрі… әңгімелеуге де шамам жетпей отырғанын көрмейсіз бе? Өйткені романның ортасынан ойысқанда физик, астроном, философтар келіп, әңгімені қыздыра түскен. Бірақ  олардың өзара әңгімесін ұғу үшін мектепте оқыған мағлұматтарды ойымда жаңғыртуға не қайта ілім үйренуге тура келеді. Ол – оңай емес. Сондықтан өзімізге түсініктісін айтайық. Жазушының жастық шағында көп үміт етіп, бірақ жылдар өткенде жалт берген армандары, басының орнын аяғы басқан, жүйесіздік жайлаған бытысып-шатысқан бүгінгі қоғамның алас-күлес шақтарында өзі жас, бойында күші мен жігері тасыған, бірақ «қоңыраусыз»  келген  жастың қажет болмай қалғаны, ешкімі болмағандықтан  шарықтап кете алмағаны баяндалады. Одан әрі әділетсіздік, әділетсіздіктердің үлкені, кішісі туралы…

«Кішкентай адамдар» тарауында бұл жалғасады. Ұлы идеалдар күйреп, кішкентай адамдардың  үлкейгені айтылады. Автор айтқан шындыққа қосыламын: «Бәрі, бүкіл ғұмыр, барлық дәстүр жалған мақтанға айналды. Мақтанға мадақ айтылды. Мадақтан тілемсек қоғам шықты. Бір-бірін мақтаған ел. Жұмыс істеу міндет емес – мақтау парыз. Түсінбегенді түлен түртті, қарсы сөйлегенді шайтан арбады. Сіз іштіңіз. Жеңілдіңіз»… Бұл тек Оның трагедиясы еместігін сезіп отырған шығарсыз. Бәріміздікі. Осы жерде айта кетейік, физика заңдылықтарын айтып отырып та автор оқырманға қоғамдағы мәселелерді түсіндіруге көмектесіп, қоғамдық көңіл-күйді береді. Бұл жерде оқырманның естігісі келіп отырғанына, не сұранысына  бейімделмей-ақ,  өз замандастарының өмірі, келешегі үшін алаңдайтынын байқаймыз. Қоғамдық формациялар ауысып, идеалдар өзгерісіне дөп келген бүтін бір ұрпақтың күйзелістерін ашық айтуға, олардың іштерінде қалған жасырын қорқынышын қалқытып шығаруға келгенде көп сөз де шығындамайды. Енді физикалық құбылыстардың мәнін, осы жерде қолданылуының  маңызын ептеп ұға бастайсыз. Тербеліс заңы – жазушының ішкі толқыныс сезімдерінен шығып жатыр. «Сынақ. Дерт» тарауында бергі жақтағы баяндаушының өз сөзін бағыттап отырған кейіпкерінің басына қиын күндер келгенін түсінесіз. Ол тек асфальттан тайып жығылған жоқ, өмірден жеңілді. Ол ұйқысыз түндердің бәрін жазумен өткереді. Жазып азап шегеді. Емін де ақыры жазудан табады. Дертті де содан тапқан негізі. Ол шалдыққан кеселдің қандай кесел екенін де ішіңізден шамалайсыз. «Мехнат» тарауы –  ауыр тарау. Баяндаушы адамның өзіне хат-хабар келгені туралы айтқанынан үміт еткенмен, ол ешқандай жеңілдік бермейді. Жазушының «Пұт-кітап» романының ұрланғаны басында ашық айтылмайды, бірақ  түн туралы пәлсапалық ойлары тым көңілсіз, одан қаракүздегі суық жаңбырдың сызы сезіледі. Әзизді алып кеткеннен кейінгі оның өзімен-өзі оңаша отырып ішіп, балалық шағын, әжесін, ата-бабаларын  есіне алғаны біздің ең бір таныс сезімдерімізді қозғайды. Бәріміздің кеудемізде әлдекімді сағынған бір шер жасырынып жатыр, оны қозғамаңыз… Бір уақ біздің жүрген-тұрғанымыз, әлдебір шешім қабылдағанымыз Ньютонның қозғалыс заңын, тартылыс заңын еске салатынын немесе керісінше екенін ойлап кетеміз. Неге? Жазушымен ілескіміз келе ме? Әлде оның ойлары ішімізге еніп жатыр ма?

Жай ғана көлік жүргізуші  жазушымен пікір-таласқа түсе алады. Шамасы көбімізден тәуір. «Образдар» тарауында:  «Қазіргі заманда қазаның жиілігі, қатыгездіктің өрістеуі, немқұрайдылықтың көбеюі  ұлы романдарды оқымағандықтан, ғұлама персонаждарды танымағандықтан, қамқор образдарды білмегендіктен туындап отыр»,  – деген ой айтылады. Бұл – жай ғана ой емес. Бұл – ОЙ. Осы тарау өзіме ұнады, біраз күн ойланып жүрдім. Сондағы пәлсапалық тұжырымдарға үңілдім. Бірақ ойланар алдында не оқығанымды қайыра еске түсіріп алуға тура келді. Ой орамдары күрделі болғаннан әрі есте сақтау қабілетім нашарлап кеткенін байқадым. Газеттің қоқыс материалдарынан толып қалса керек. Айтпақшы, не ойлап едім?

Мысалы, күрделі романдар – дионистік өнер дегені. (Бұл жерде ойын-сауық пен шарап құдайы емес, өнердегі монументті стильде ерекше үлгі болған  суретші Дионисийді айтып отыр деп түсіндік). Қалай болғанда да, роман оны жазушының талантын, даналығын паш етуі шарт. Дегенмен  романды диалогтық жанрға жатқызғаны ақылға сыймайды. Менің, біздің көзімізбен қарағанда, әрине. Бұл ойды бұрын-соңды ешкім айтпағаннан болар… Сондай-ақ (сондай-ақ деген сөзді мақала жазудан жұқтырып алғанмын, қалмайды) философияның әр дәуірде, заманда, кезеңде әртүрлі қалыпта көрінген ролі мен сипаты туралы айтқандарыңыз «соқырға таяқ ұстатқандай». Оның антикалық заманда қойылған сұраққа жауап іздеу болғанын, Декарт заманында күмән мен таңғалыстан ойшылдық басталғанын, бірақ осы кезеңде бұл одан сайын ерекше түр-сипат алып, біз оған ілесудің орнына біздің ойсыздық пен талғамсыздыққа қарай безе қашып келе жатқанымызды көрмейсіз бе…

Ізбасар мен Емхадтың әңгімесінде салыстырмалы теория, әлем туралы әңгіме толастамайды. Бір сәтте ілесіп түсініп отырған сияқты боламын, бір сәтте құр тыраштанып, қара терге түсіп отырғанымды шамалаймын. Маған өзіме түсінікті әңгіме ұнайды, құлағыма жағымды. Мысалы, форма, стиль туралы. Оны да керемет түсінемін дей алмасам да ғарыш пен физикадан әлдеқайда жақынырақ. «Сіздің көп оқығаныңыз қажет. Әсердің негізі осы. Бірақ жазған кезіңізде оқығаныңыз мәтіннен көрінбеуі тиіс». Мұны мен түртіп алдым. Жаңа айттым ғой, есте сақтауым нашарлаған. Бұл тарауда түртіп алатын дүние көп екен. Бұл – жаңа жазып жүргендер есте ұстайтын, қолданатын рецепт. «Стиль – тәртіп. Тәртіпсіз проза – мәдениетсіз проза». Кейде тым тереңдеп, қиындатып жазатын жазушының кейде өте оңай түсіндіретініне таңғалам. «Фальш – атмосфераның жауы» деген сөзді  бүкіл шеберхана, театрлардың маңдайшасына жазып қою керек қой. Айтпақшы, постмодернистік көзқарастар. Бұған соншама бас қатырудың маңызы бар ма, білмеймін… Постмодернизм уақыты, менің ойымша, аяқталып келеді: бұл тенденцияның мұрагерлерін толғандыруы мүмкін. Бізге әдебиеттің жаңа белгілерін, тәсілдерін, ерекшеліктерін іздеу керек. Көп дүние өзгерді. Әдебиет сонысымен баурайды, сонысымен қызық.  Егер бұрын қиян шеттегі өзіміз көрмеген аборигендерге алтын іздеген англосаксондардың көзімен ғана қарайтын болсақ, енді өзіңіз айтқан Фолкнер, Купер секілді жазушылардың сол кіші халықтардың проблемалары туралы даусын шығарып шын сөйлеген шығармаларын оқуға құштармыз.

Әрине, өз бетімізше оқыған, ілген білімге сүйеніп, бұл дүниеден метамодернизм белгілерін табуға тырысушылық болғанын жасырмайын, өйткені мұнда шеңбер бойымен жүру, жаңа идеялар да бар, жазушының өзі кейде шығарманың кейіпкеріне айналып,  кейде көркем мәтін түрінде көрінеді. Бірақ, қалай болғанда да, «теңіз туралы шығармадан балықтың иісі шығып тұру керек»  дегенге қосыламын (Тәкен Әлімқұлов).

«Қаһармандар ақыры» тарауында ол жалғыз қалды. Бұрыннан жалғыз-тұғын. Енді нағыз аскетке айналған. Тек жазады. «Асыл мұраттан терең мағына табу үшін». Осы «Қаламгер» тарауында басыма керемет ой келді. Мүмкін, керемет түгі жоқ шығар. (Білімі онша емес адам әруақытта күмәншіл).  Осы тараудағы жазу шеберлігін көтеру, сөзбен жұмыс, стиль, машық… осының бәріне тамаша түсінік берілген, осының бәрін жинақтап жас қаламгерлерге арналған оқу-құрал жасап, әдебиетке аяқ басқан әрбіреуіне салтанaтты түрде табыс етуге болар еді. «Көркемдік таным. Пафос» тарауында: «Шашылып-төгілген су рәсуә болады, артық-кем айтылған сөз анық ойынан адасады», – дейді. Тағы да автор: «Сөз еркін, бірақ тегін емес, сөздің құны – жауапкершілік», –  дейді. Бұл сөздерді жазып алу үшін бөлек қалың блакнот сатып алу керек. Келесі бөлімде: «Паузаны игеріп, тоқтап сөйлеуді меңгерген жазушы әдетте жазғандай сөйлейді, сөйлегендей жазады», –  деген бар. Мұндай бағыт-нұсқама жетеді, лақтырып тастайтыны жоқ. «Гутенберг. Баспахана» тарауында қаріптер дәуірі, кітап культі сөз болады. Өз қорындағы сирек кітаптарды сатып, кейін сатып алғандарды өлтіріп, кітаптарын қайтарып алған бейшара сол өз кітапханасындағы кітаптардың бір де біреуін оқымаған деген аңызды келтіреді. «От» тарауында  Сұлтанмахмұт  екеуі кафеге кіргендегі әңгіме, ондағы етістіктің толып жатқан анықтамасына не дейсіз? Етістікті отқа теңейді. Немесе керісінше. Тағы да гравитацияға – материялар арасындағы тартылыс күштердің әсеріне  оралады, (уақыт өте адамзат өзінің о бастағы болмысын іздеп, ақиқатқа жақындай ма немесе осыған дейінгі ақиқат деп танығанының бәрі салмақсыздыққа ұшырап, мәнін жоғалта ма… деп лаққан ой кешесің). «Қастандық» тарауында жоғалған қолжазбаның үш хабары шығады. Емһадтың кітабының. Бірінде екі адамның орманға апарып кітаптың парақтарын бір-бірлеп жұлып, отқа тастап отырғаны  туралы. Екіншісінде базарда қымбатқа сатылып жатқаны. Үшіншісінде ескі үйдің шатырынан шыққаны. Бұл бастапқы қисынға жақын. Бұл Емһадтың қаптаған құзғындардың қысымына тап болған сәті еді. Жазушыға қарсы жасалған қылмыстар аяқтала ма?.. Жалған уәде, күмәнді келісім-шарттар, алаяқтықтар… оның бәрі жазушыны өлтіруде таптырмайтын тәсілдер. Оның соңы өкініштер…

Бірақ жазушы құламайды. Өйткені оның ұстазы – әлем әдебиеті. Соңында, бәрібір, автор біздің көңілімізге қарап жатпай, Емһадтың о дүниелік болғанын айтады. Ол да Тәңір сияқты кванттарда өмір сүреді деп сендіреді бізді жазушы. Олай болса өлгені – өтірік. Емһад – дүние сырын жазушы, Емһад – СӨЗ, ОЙ, КЕҢІСТІК, УАҚЫТ. Уақыттың жалғасқан жігіндегі шындық оқиғалар.

Сұқбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТ, жазушы

ПІКІРЛЕР4
Аноним 07.08.2021 | 12:30

Қиын, бірақ қызықты сұхбат қайталап оқып түсіндім

Аноним 28.09.2021 | 11:03

Пәлсапамен кірігіп тұрған фантастикалық тұжырым менің ойымша.Кеңістік,уақыт,қияли ойлау,бір сөзбен айтсам- жазушының негізгі идиалы уақыттан озу.Жадыра сұхбатыңды оқып шықтым,түсіне білетін,сана түйсігіне жинақтай алатын адам ғанабұл жазбаны түсіне алады деп ойлаймын.👍Жалпы Дидар Амантайдың шығармашылығы аз да болса да таныс .Қолыма түссе түсініп оқимын.👍💐

Аноним 28.09.2021 | 17:51

Миды біраз қозғауға тура келді.жадыражан,тамаша сұхбат.сенен күтерім көп.

Аноним 29.09.2021 | 00:58

Дидар Амантайдың шығармаларын оқып-тану үшін жан-жақты біліммен қарулану керек, Жадыра Сізге алғыс !

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір