Жолдас Құспановтың әні әсерлі асқақтаған…
Ғарифолла Құрманғалиевтің талантты шәкірті Жолдас Құспановтың үні алғаш естігеннен қайран қалдырып еді. «Жайық қызы» ансамблімен Алматыға келгенде, қонаққа шақырып, аядай пәтерімізде ән шырқағаны, бәріміздің бірге суретке түскеніміз есімде. Бұрын да Гурьев өңіріне барғанымда (қасымда курстас құрбым Сара Латиева бар) талай рет әндерін тыңдап, ішкі әлемімнің мұңы, өкініші ме, сол кездегі қандай да бір көрінісімен үндесе кетсе керек шамасы, біресе шал, біресе қызы боп, соншама шалқып толқығаным. Осыдан елу төрт жыл бұрын жазылған бұл жолдар күнделік беттерінде сақталыпты. Қағазға түскен әсердің бекер еместігін түсінгеніммен ешқандай нақты мәлімет жоқ ішінде. Өнердегі жолын жазуым керек деп, со күйі құнттамаппын.
Өткен жылы әлеуметтік желі арқылы туған інісі Бердеш Кұспановпен танысып, өмір деректерін, фотоларын сұрағанмын. Оның жақында жолдаған ағасының таспадағы әндерін тыңдап отырып, қызық ой келді: Қазақ радиосынан Жолдас Құспановтың (егер болса) қорда сақталған әндері аясында, ара-арасында осы жолдар мейлінше ақырын оқылса, қандай хабар болар еді! Жолдас Құспановтың «Нарын таңы» (№22, 28.05.2005) газетінде жарияланған «Асыл ағалар еді немесе «Әуен мен ырғақ» әні туралы» мақаласы да сол хабардың көркін кіргізер еді.
Назар аударайық:
«1965 жыл. Алматы зооветеринарлық институтында оқып жүрген кезім. Бірде ҚазМУ-де оқитын құрдасым, қазір облыстағы танымал журналистердің бірі Әлібек Қайыров келіп: «Жүр, Төлеген Айбергенов деген ақынмен танысып қайтайық. Жақында Шәмші Қалдаяқов екеуі біздің облыста, біздің ауданда, тіпті біздің совхозда болыпты», – деп мені ертті де кетті. Кештетіп келген бізді Төлеген ақын жақсы ілтипатпен қарсы алды. Біраз әңгімеден соң Төкеңнен өлең оқуын сұрадық. Қамшы салдырған жоқ, қолын, ұзын сұқ саусағын сермеп тұрып, 1-2 өлеңін оқыды. Өлеңдерін жатқа оқитын еді ғой. Тіпті бірде, бір ақын өз өлеңін оқып тұрып жаңылысып қалса керек, сонда Төкең ол туындысын аяғынан басына қарай оқып, ұялтыпты дегенді де естігеніміз бар.
Сөйтіп отырғанда Әлібек менің ән салатынымды айтып қоймауымен әрі Төкеңнің «кіші жүзбін-жетірумын» дегеніне арқаланып, бастапқыда бір-екі ән салдым. Төкең де мәз болып, өлең оқыды.
Маған тағы ән салғызды, Қоштасарда Төкең қоярда қоймай: «Ғарифолламен таныстырамын, таңертең ерте кел», – деп қалды.
«Тәйт деген қоянға не жорық», ертелетіп жеттім. Екеуміз опера театрының арт жағынан Ғарекеңді күттік. Бір кезде Ғарекең де келді, екеуі жақсылап амандасты.
Төкең мені Ғарекеңе мақтап айтып жатыр. Соңында Ғарекең: «Саған ұнаса болды, сентябрьде сабаққа келсін», – деді.
Сөйтіп, Алматы эстрада-цирк студиясының оқушысы болдым да кеттім. Сабақ 10-да басталады, көп уақыт ән үйренумен кетеді.
Арасында дауыс ырғағын қою (постановка голос) деген жарты сағатта профессор Бекен Жылысбаевтың, актерлік шеберлік сабағында Ыдырыс Ноғайбаевтың кластарынан тәлім аламыз. Осылайша, әнші-артист атанып, Целиноград облыстық филармониясынан бір-ақ шықтым.
Соңынан Алматыда мемлекеттік ән-би ансамблінде жұмыс істеген кезде де Ғарекеңмен кездесіп тұрдым. Бұл күнде сол бір атақты әнші мен ардақты ақынның екеуі де жоқ. Олар мені өнер жолына осылай жетектеп еді.
Марқұм Төлеген ақын көзі тірісінде Ғарекеңе арнап «Әуен мен ырғақ» аталатын өлеңдер топтамасын жазғаны да жырсүйер қауымның жадында жүрсе керек. Ғарекең өмірден өткен соң көңіліме бір әуен маза бермеді де, екі тамаша тұлғаға мен қойған ескерткіш болсын деп әлгі бір әуеннің мәтініне Төлеген ақынның жоғарыда айтылған тамаша туындысынан төрт шумақ өлеңді таңдап алдым».
Бұл әнді өзі шырқады ма, белгісіз. Нотасы сақталыпты. Інісі Бердеш Кұспанов «Әуен мен ырғақ» (өлеңі – Төлеген Айбергеновтікі, әуені – Жолдас Құспановтыкі) әнін жақында ғана Айғали деген жігіттің домбырамен үйге келіп орындаған бейнетаспасын және «Ағамыз бір медаль алмай өмірден өтті» деп, мәдениет саласында ұзақ уақыт жұмыс жасап, қазір Әжелер ансамблінің мүшесі, жеңгесі Талшынның медаль алған фотосын жіберіпті.
Жолдас Құспанов әр жылдары Целиноград (қазіргі Астана) филармониясында, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ән-би, Атырау облыстық «Жайық қызы» ансамбльдері құрамында гастрольдік сапармен Москва, Ленинград, Украина, Белоруссия, Молдавия қалаларында өнер көрсетті. Кейін ауылда жылжымалы, селолық клуб меңгерушісі, мәдениет үйінің директоры, Мақат, Новобогат аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын абыроймен атқарды. 2000 жылдан бастап Аққыстау халық театрының режиссері болып еңбек етті. 2009 жылы 61-ге қараған шағында дүниеден озды.
1971 жылы жазылған күнделік беттеріне назар аударайық.
Қарттың монологі:
Қарт селк ете түсті. Тосыннан шыққан ай-хайға бірден елігіп кетпей, неге екенін кім білсін, әйтеуір, жүрегі жиі-жиі соғып кетті. Бірер сәттің ішінде-ақ ол өзі мен әншінің еншісіне тиген уақыттың соншалықты қысқа екенін ұғып үлгерді. Былайда қарапайым ғана көрінген Жолдас ән айтқанда, мүлдем құлпырып шыға келгеніне өз-өзінен іштей таңғалумен болды.
Ән ес жиғызбастан белден асып барады. Сол сәттегі әншінің жүзін көрсең, шіркін! Бабындағы бүркіттей өне бойын асау күш буып самғайды-ай келіп… Қалықтап барып қанаттарын қомдана қаққанда, дүние бір өзінің аясында айналып тұрғандай ма, әлде бұл мына дүниенің құшағында аяланғандай ма, көз жеткеннің бәрі бір-бірін аймалап, майысып жүре береді. Мұндайда өз-өзіңді сабырлылықпен ұстап қалу да қиын.
Асқақ даусымен барша тіршілікті аспандатқан әнші құдіретінің жанында шарадай басың керемет әуездің мысына шыдамай есеңгірей бересің. Жоқ, есіңді жия алмайсың, аптыққан көңіліңе тыншу таппай, әрлі-берлі ырғалған кеңістік пе, әлде соның бәрін дір еткізген ән бе, қалай дегенмен де бір елегізу бар-ау. Қарт анадайда отырған қызына қарады. Сонда барып, ол әншінің де тыңдаушының да өзгеріп жүре бергенін байқады. Жалпы, ән аясында кім-кімнің де сүйкімді боп кететінін аңғарды.
«Шіркін-ай, егер барша тіршілікті осындай ән кернесе, ешкім ешкімді ренжітпес еді, жер-дүниені адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласының шуағы жылытып шыға келер еді, – деп ойлады қарт. – Өзіңнің пенде екеніңді сездіретін де, қатігездігіңді басатын да, былайғы шақта терең ұғына бермейтін өмірдің мән-сырын жүрегіңе терең бойлататын да, тәубемізге түсіріп, иманымызды үйіретін де осы ән ғой, әйтпесе не боп кететінімізді бір жаратқанның өзі білсін».
Қарт енді әнші жігіт Жолдастың жүзіне көз тікті. Жанары жалт-жұлт етіп, көзінде өзгеше от ойнағандай. Бойынан жастық оты жалындап, айналасына сиқыр күш боп дарып жатқан әуез жігіт көмейінен, әлде жігіт қолындағы домбырадан тарап жатыр ма, қалай дегенмен де бір-бірін жымдастыра толықтырып, ұйып қалған көпшіліктің ынтызарын өзіне ғана тоқтатқан.
Манағы сәтте тылсым тыныштықты жарып шыққандықтан даусы мынау өзін қоршаған айналамен бірден ұғыса алмай қалғанмен, енді бәрі-бәрі үндесе қабысып, жарастық тауып жатыр. Сол жарастықтың төркінін іздеген қарт әннен басқаны ұмытқан жігіт пен оған мөлдірей қарап қалған көздерден адамдарды іштей ұғыстыратын құдіретті күш барын, соның негізі ән мен күйде жатқанын сезгендей-ді. Бәрінен де соны ешбір дабырасыз маңайындағылардың көкейіне құйып жатқан әншіні айтсаңшы! Әніне сиынса да, өзіне сиынса да, әйтеуір, жүзінде өзге жұрттан алабөтен ерекшелік байқалғандай. «Бұл мен ойлағандай өз-өзіне мықтап сенгендіктен де емес шығар, – деп күбір етті қарт. – Мейлі, тіпті өз-өзіне сенсе несі бар, мұндайдан сескенуге болмайды ғой. Айналайын, балам-ай, болайын деп тұрған азамат екенсің. Өмірдің сән-салтанатын осынша уақыт қызықтап келсем де өзіңдей жас әнші іштей көп жайтты ұғындырады, толғантады-ау деп ойламаған едім».
Қарт көңіліне бір ғана ойды түйген — әншіні соншалықты асқақтатып, көрермендердің сүйіспеншілігіне бөлеген қазақтың сиқырлы сазға толы халық әуендері…
Ән қалықтап-қалықтап барып, отырған көпшіліктің көңілін аспандатып жүре берді. Қарттың өне бойы бұрын-соңды байқалмаған жеңілдіктің әсерінен қанаттанғандай, әлдеқандай сиқыр күштің жетегінде биіктеп бара жатқандай-ды. Ол тағы да әншіге қарады, бірақ әнші әнді шарықтата айналып тұр ма, әлде ән әншіні биіктете айналып тұр ма, айыра алмады. Қарт енді қызына қарады, о, ғажап, әуелеген әуен құшағына құлап барады…
Қыздың монологі:
…Ән! Сен! Бар-жоғы бес-алты сағат уақыт қана, бірақ осы азғантай ғана біздің еншімізге тиген бірер сағаттың қаншалықты маңызды екенін ешкім де сезбес-ау, тіпті өзіңіз де. Алғаш рет адамның көз алдыңда құлпырып кететінін көрдім. Өне бойынан қарапайым, ізгілік лебі есіп, жан дүниесінің нәзік тереңдігін еріксіз, үнсіз мойындайсың. Таланты мен білімі айғайсыз айғақталып тұрады.
Домбыраны күйіне келтіре бұрап, осы күнгі әндердің әуеніне салып біраз отырды да, «қандай ән айтамыз?» – деп айналасына қарады. Жұрттың бәр-бәрінің бір өзінің әнін ғана тыңдағысы кеп тұрғанын сезсе де сезбегендей сыңай байқатады. Әлден уақыттан ән кетті белден асып. Сол кездегі Жолдастың жүзін көрсең, шіркін?! Бабындағы бүркіттей өне бойын асау күш буып, ұшады-ай келіп… Қалықтап барып-барып, қанаттарын қомдана қаққанда, дүние бір өзінің аясында айналып тұрғандай ма, әлде бұл мына дүниенің құшағында аяланғандай ма, көз жеткеннің бәрі бір-бірін аймалап, майысып жүре береді. Сол сәтте өз-өзіңді сабырлылықпен ұстап қалу да қиын сияқты. Іштей ұшып кете жаздап па, біртүрлі жұмбақтыққа тап боласың. Жолдастың шырқаған әні биікке жетелегенде, сол күштің құдіретінен шарадай басың керемет әуездің мысына шыдамай әуелеткен асқақтықтан есеңгіреп барып, ес жиясың.
– Ақ көйлек, қара бешпет-о-о-о-о-о-оу, әдемі қыз-о-о-о-а-ау…
Жоқ, есіңді жия алмайсың, жүрегің дір ете ме, әлде әрлі-берлі ырғалған кеңістік пе, әйтеуір, алып ұшқан масаң көңілдің қайтып қана тыншу табарын білмей таңғалып әлденеге елегізи қаласың. Әншінің көзіне қарағанда ғана жанарында жалт-жұлт еткен ұшқындарды байқап, манадан бері өзіңді қанаттандырған күштің қайнары сонау мөлдірліктен тарап жатқанын ептеп сезгендейсің. Қарай бергің келеді, бірақ ұшқын шашқан, айналасындағының бәр-бәрін сол отпен табындырып алған әнші жүзінен жүзіңді тайдырып әкетесің. Қаймыққаның ба, ән аптабынан күйіп-жанып, бойыңдағы күш-қуатыңнан айырылғандайсың ба, бей-жай бір шақ.
– Құрбыға сыр білмеген-о-о-оу мен не дейін-а-а-а-ай…
Өз-өзіңді тежей алмай, жо-жоқ, тежей алмай емес-ау, бойыңдағыны игере алмай дал боп жүргенде, дүниенің барша қызығынан адаланып, құлазып жүргенде… мен сені тағы кездестірдім, әніңе ғашық болған азаматым. Неге екенін білмеймін (неге екенін білемін), мен шаршап жүргенмін, шөлдеп жүргенмін. Өмірдің соншалықты қызығы мен қуанышынан алыста-алыста қалғандай едім…
Шіркін-ай, мен, сірә, өзіңе ұқсастың бәріне ғашық боп, ынтызар боп, сарғайған сағынышқа айналармын. Сондықтан да бұл жарық жалғаннан мәңгі бақи бақытсыз боп өтермін. Тек қана жалт етіп жоғалатын алтын сәттерді еске алумен, соны үнемі күтумен зарығармын. Ал өзіңнің көз алдымда ән салып отырғаның мен үшін қайтып айналып келмейтін жайт екенін ұқпассың да. Тіпті сезбессің де, мейлі. Бұған өкінбеймін.
Дүние қалай-қалай ырғалады. Әлгінде ғана айналаның ірбіті болмай, сұрқайлықтың әлдеқандай салқындығынан өне бойым тоңазығандай. Міне, әп-сәтте көз алдымдағының бәр-бәрі ырғала майысып жүре бергені.
– Бір кезде желдей есіп-о-о-о-о-о-о-о-а-оу… тасып еді- о-о-оу….
Тепе-теңдігімді ұстай алмай, қарадүрсін сарайым мұндай сәттің бұрын куәсі бола бермегендіктен бе, әйтеуір, өне бойымда болар-болмас діріл байқалады. Сол діріл тұла бойымды қалшылдатып барып, әлден уақытта тіпті желкемді көтере алмайтындай халге жеткізе көз алдымда анау қыранша қомданып шырқаған жігіттің таңғажайып дауысы, мөп-мөлдір, таза үні ғана:
– Салған ә-ә-ә-әнім әсерлі асқақта-а-а-а-аған…
Елу төрт жыл бұрынғы жазба – бұл. Әнімен таңғажайып әсерге бөлеген дарынды жігіттің өнердегі жолы басқаша болуы керек еді ғой деген өкініш оны танып білгендердің өзегін өртейтіні анық.
Жолдас Құспанов туралы кезінде менің жарияланбаған эссе, жазылмай қалған мақалам тәрізді оның өнердегі жолы да із-түзсіз кетпесе екен. Қолда барды жинап-теріп, бүгінгі ұрпаққа шырқаған әндерін тыңдатудың, есімін көше, мәдени ошақтарға беріп, туған жерінде ұлықтаудың қандай да бір амалын қарастырайық.
(Осы материалды дайындау барысында өтінішім бойынша дерек, мәліметтер, фотолар жіберген кейіпкеріміздің қызы – Алидаға, інісі – Бердешке рақмет айтамын).
–Ей-й-й-й! Көкірегінен әсем әннің көк
мұхитын шайқаған,
Ей, Ғареке! Қасиетті қазына
жыр байтақ ән.
Сенің сұлу жүрегіңді қалайша мен
айта алам,
Сендей саңлақ бұл өмірге келер ме
екен қайтадан.
Дидарласқан бұл күндері інің
тоқтап тұрмақ па,
Зерігер ме сенен адам сөйлесіп те,
тыңдап та.
Таңдайыңа ұя салған сенің мың
сан бұлбұлың
Қонып жатыр-ау мың баққа
Бұл күнде сенің заңғар басыңды қар шалған.
Мағира Қожахметова,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері