Тілеубек Батыс. Тыныштық – ұлы әуен…
02.07.2021
4588
1

Жан ұшындағы жыр

Бір күндер, айлар, бір мезет

Періштелерді үркіткен адал сезімім жоғалды.

Кеңістік сыртында қалқиды мұндалап.

«Мені бақытты қыл», – деп

Құдайға салмақ салдым,

Ол да уақыттың уысында тоналды.

Өзімді ұмыттым

 

Қарашығымда жұтылған дүниенің ескі елесін

Өлген әлемнің соңғы нүктесіне байладым.

Құдайшылығы жоқ Құдайдың құзырына да

Алақанымды жаймадым.

 

Көзмоншағымнан үзілген жан ұшындағы жырым

Күнәһар ойға жетелейді бір уақ.

Сана иірімімнен тайып кеткен жанарыма

Самарқау жүзім жылымақ.

 

Үміт симфониясына мастанған сезімім,

Сезім емес, зар, ащы

Үнсіз тыңдадым

Сабырлық танытқан алдамшы кермек дәмем де

Мауық майданында адасты.

 

Аспанмен жалғасқан көкжиектің ұлы тыныштығын

Бұзуға дәрменсіз қалдым діңкелеп.

Таң азанғы тіршіліктің жағымсыз шуылын

Әзер сыйдырдым аядай күркеме.

 

Алакеуімде шыққан күннің әлсіз нұрына

Жаһанды жаулаған қараңғылық тұншықты.

Аппақ әлемнің сағымынан тамған мың сәуле

Санама сіңген қара түнекті

Түссіз жанарымнан ыршытты.

 

Қарғалардың әсем қарқылынан

Өлексе болған өлік санамды ояттым.

Мүрдеме құлшылық еткен фәнилік құстарды

Әлмисақта жоғалған тәнімнің бөлшегі

Аппақ түстерге бояпты

 

Safar

Терезе ішіндебір әлем,

Терезе сыртындабір әлем,

Сыртындабозамық, маң дала, мұнар тау,

Ішіндетыныштықұлы әуен.

 

Осы әлемнің жаратылысына мен сыйлаған

қайсы бір дүние ұнайды

Шаршаған уақыт сыңайлы үзгендей бір демін.

Шуылдың шыңырауындағы үнсіздікке сапар шегеді

Үрпиген үндерім

 

Соңынан басталған бұл сапар,

Құдайдың алғашқы қателігі еместі.

Жолаушысын қате талдаған,

Алдаған тұспалындағы доғал ойлары да көмескі.

 

Осы сапардың арасындағы жалғыз терезе

Шегарасындай өмірдің аяғы мен басының.

Тым жақынкөруге,

Кешугеғұмырлық.

Құпиясы өзінің жаратушысына да жасырын.

 

Табиғаттың терезеге салған қаңқа сүйегіндей гүлдерден:

Жапан далада жайқалмаған,

Жалаңаш денесін көбелек тітіркендірмеген,

Көмейіндегі өксік пен мөлдір көзінен мұң көргем

Тіпті анау көліктің дөңгелегіндегі уақыт

жарысып барады кімдермен?!

 

Ауада ғана ойнайтын толқынды әуезбен,

Аяқталады бұл сапар.

Ашылар терезенің тұңғиық жанары.

Дүниенің жаралмышындағы жойқын жарылыстың сынық үніндей,

Бәрібір соңында таулардың мойнына асылған жолдар қалады.

Жолдар қалады

Мен кетемін!

 

Таңның киесі

Күндізгі батылым бармайтын ойларым,

Түн ауа бүршік атады,

Бұла толқындай мезеттік.

Буалдыр таңның киесінен тамған нар,

Жалқы әуендей қытықтайды өзекті.

 

Иә, бұл таңның киесі

Кесапатты жеңген тылсым мыңжылдықтардың өзегі.

Еркіндіктің ауанынан тыс бұралқы көп ойлар

Дірдек қағады, сезерім.

 

Тымық түннің алқымынан алған,

Аппақ қауырсыны қанға малулы таңсәрі.

Шолпан жұлдыздың күлкісін ұрлап

Тыныштығымен жалаған қансөлін.

 

Мөлдір шықтың нәрімен сусындаған,

Темірқазыққа байлаулы салт құр ат.

Таң атты деп кісінейді

Өзін жоғалтқан түннің бояуы да

Сәулелі айдың жібек бұйдасын тартқылап.

 

Уақытқа саяхат жасайтын бұл кезең

Бүкіл ғұмырыңа да теңемей сүйесің.

Өлмеген күндердің өтінде жар болғай

Таңның киесі!

Таңның иесі!

 

 Шексіздік түсі

Ата,

Түсімде сізді көрдім.

Және сол қыстаудағы үйді.

Бұрынғыдай атымның айылын босатуды ұмытып кетіппін.

 

Менің ойымдағы күдікке шырмалған,

Кешірім мен түсінік, жел мұжыған баяғы іс.

Сол ат ағаштағы уақыт белдеуі,

Жылқы көзіндегі үміт,

Сенің көзіңдегі аяныш

 

Жанарыңа жазылған тағдыр әні шертетін

Қадым заманнан қалған паңдық

Тауға біткен тағылық.

Құлшылыққа үндейді

Әжімдеріңе тәу етемін,

Қабағыңдағы жарияланбаған жарлыққа бағынып.

 

Қара аспаннан жұлдызыма қарағаныңда,

Бабақорымда із шалып жүремін.

Маңдай бағым бес елі.

Менің санамнан шыққан әрбір үн

Сенің жүрегіңе көшеді.

 

Бұл сағыныштан құйылған кәдімгі түс еді

Түсі де қоңырқай, тым баршын.

Түпкі түйсігімдегі шыдамсыз бір шым ой

«Сағындым» дейді ділмәрсіп

Мен сізге түс көріп жақындаймын!

Атааааааа…

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.07.2021 | 03:26

Керемет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір