Әбубәкір Қайран. Бес қару. Жеті қазына
02.07.2021
2299
0

(этнографиялық поэма)

                        Толғаныс

Адамзаттан –

Қадам басқан алғашқы –

Бері қарай өтті талай дәуірлер.

Барлығына ат қоя алмай салмақты,

Милы бастар…

Қилы бастар әбігер.

«Ежелгі» деп бас кезеңнен бастадық,

Сонсоң Орта ғасырлардың дәуірі.

Бұдан кейін «Жаңа дәуірге» аттадық,

Әлі сонда Адамзаттың қауымы.

 

Бұл тоқтамға келіссе де көп адам,

Бір тың уәж айта алмайды жөнірек.

Өлген тарих қарғып тұрып моладан,

Айтып‑айтып тастаса ғой өзі кеп!

Жайлап жатқан Жердің Шарын –

Мекенін

Адамзаттың сан өзгерген ниеті.

Оның homo sapiens екенін

Танытпайды бетіндегі күйесі.

 

Қарап тұрсақ археолог көзімен,

Тас дәуірден басталады баршасы.

Қола дәуір, Темір дәуір өрінен

Өтті, кетті ғасырлардың қаншасы.

Темір дәуір тебіреніп тұр әлі,

(Тентіреумен кетер едік темірсіз).

Бұл заманның жауабы жоқ сұрағы –

Темір жоқта өмір неге көңілсіз?

 

Темір!.. Темір!..

Бұл – тектілік бейнесі,

Бабам тауып, илеп іске асырған.

Батырады мені ғажап ойға осы –

Шын тарихи жаңалықтар ашылған.

Алғаш ұстап тағы, тарпаң жылқыны,

Үйретті олар асқақ, арда көңілмен.

Жасады олар жүз ойланып бір күні –

Ауыздық пен үзеңгіні темірден!

 

Ауаменен дауаланған пештерде,

Кенелді олар, кемелденген кенді өртеп.

Болат қорыту ісіне қол жеткенде,

Өмір мәнін темірменен көрді өлшеп.

Аттарына соқты болат тағалар,

Таймасын деп, тозбасын деп тұяғы.

Тас пен мұздан тайсалмады бабалар,

Жетпейтұғын жерге жетті қиялы.

 

Атпен бірге алыптарға бақ қонды,

Көшпенді боп өрттей өмір өткерді.

Ғұмырында ғұн да болды, сақ болды,

Көк түрік боп дұшпандарын бөктерді.

Елдігіне ерлік қосып жұртының,

Асты құздан, кесіп өтті теңізді.

«Қанатым!» деп қасиеттеп жылқыны,

Қастерледі «Қазынам – деп – ең ізгі!».

 

Ең бірінші керек екен еркіндік,

Соған орай салқар өмір сүру де.

Амал қанша! Жаулар шықты ең сұмдық,

Дес бермеді сыйласуға, күлуге!

Көшпенділер шын өмірден сыр ұғып,

Күштіліктен бар бақытты іздеді.

Ат үстінде шымырланып, шынығып,

Тек жеңістен үміттерін үзбеді.

 

Үшкір болат ұшындағы жебенің,

Бұзып өтті қабат‑қабат сауытты.

Суғарылған алмас қылыш дегенің –

Қатал қауіп екендігін жау ұқты.

Болат ұшы жалт‑жұлт етсе найзаның,

Айбалтаның айқын сұсы тағы бар.

Шойын басты шоқпарлардың айбарын,

Біреуі емес, бүкіл жаудың бәрі ұғар.

 

Ер қаруы бес қарумен бойдағы

Көшпенділер қас жауларын күйретті.

Ұландарын желбіреген айдары:

«Ұрыс барда – тұрыс жоқ!» деп үйретті.

Бейбіт өмір болмайды екен соғыссыз,

Жағаласты жан берісіп, жан алып.

Болмау үшін намыссыз да қоныссыз,

Отырмады омалып та қамалып.

 

Екпінімен қазанаттың ерленіп,

Қырды жауды, жоқ болған соң обалы.

Тыныш шақта қонағына төр беріп,

Бес қаруды іліп қойды жоғары.

Ардақтысы – арғымақ пен қазанат,

Бойындағы бес қаруы – қорғаны.

Ұлы Дала – ұрпақтарға аманат,

Жау тұяққа таптатпаса болғаны!

 

Адал еді Алты Алаштың ұлдары,

Ешбір елге езгі салып көрген жоқ.

Жаудан өлсе – өз жұртының құрбаны,

Жауды жеңсе – тасынбады кердеңдеп.

Қазақ болды емен‑жарқын ажары,

Жек көрген жоқ желпінгенді, думанды.

Жай отындай жарқ‑жұрқ етіп жанары,

Тек жоғары көтерді олар туларды.

 

Жетеу еді қазынасы Алаштың,

Тіршіліктің тірегі еді барлығы –

Алдын алып аштық пенен азаптың,

Жұбататын жарлы менен зарлыны.

«Өркендесін, өссін, – деумен, – өз елім!»,

Атап кетті қазынаның жетеуін.

Өкінішпен өртемеске өзегін,

Өтеп кетті ұрпақтарға өтеуін.

 

Ат еді ғой бас қазына о бастан.

Одан кейін қыран құсы аң қағар.

Құмай тазы – Құдай бөлек жаратқан,

Одан кейін оғы тигіш саржа бар.

Қазына екен қажеті көп қақпан, ау –

Жарайтұғын керегіне адамның.

Орны, жөні өзге ыдыстан басқалау –

Қасиеті тым жоғары қазанның!

 

Бәрі, бәрі бейбіт елдің бағы үшін,

Маңдайында болсын деген ырыс‑құт.

Аласартпай ар‑ұжданын, намысын,

Тұрсын деген тұнған судай тыныштық.

 

Ардақтаймыз аспандатып біз неге –

Бес қару мен қазынаның жетеуін?

Біз білейік, білдірейік өзгеге,

Біреулердің қызықтамай көсеуін.

 

Жеті қазына

Ойлансақ… Қазақ жаны… бәрі де аңыз,

Аңсаймыз, алаңдаймыз, сарыламыз.

Көп шығар басқа жұртта, кім біледі,

Ал біздің жетеу ғана қазынамыз.

 

Бабалар өмір заңын біліп терең,

Жан, тәнге ең қажетін іріктеген.

Құмайын соңына ертіп, құйындатып,

Жалғаннан шауып өткен күлікпенен.

 

Жабысып жан кеңіткен ат жалына,

Қараған ұзақ‑ұзақ аспанына.

Телміріп Тәңіріне қарап тұрып:

«Тек қана күлік – деді – бас қазына!».

 

Жымдасып жылқы жаны, қазақ жаны,

Мыңдаған жылдар болды жарасқалы.

Өмірде тартқан бірге азаптары,

Өмірден алған бірге сабақтары.

 

Жасытып жанымызды, еңіреткен –

Мәңгілік құтылмаймыз бір елестен:

Қазақты жою үшін қызыл орыс

Жылқыны қырып салған пулеметпен!..

 

Қыран құс – бір қымбаты қазынаның,

Сол үшін қиған қазақ дүние‑малын.

Шығарда құсбегілер кансонарға,

Көз ілмей қарсы алады таң ұзағын.

Бүркіт пен сұңқар, қырғи жөні бөлек,

Бұл құстар береді ылғи өмірге леп.

Бұларды баптау үшін, сақтау үшін –

Жан керек жаны жайсан, төзімдірек.

 

Бүркіттер – жерден аңды алатындар,

Сұңқарлар – көктен жемін қағатындар.

Түрі көп қыран құстың, атай берсек,

Бәрінде өзіне тән жарасым бар…

 

Қазақта бір қазына – құмай тазы.

«Ең жүйрік!» десе халық, шын айтады.

Құмайдың тым азайып кеткендігі –

Қазіргі аңшыларды мұңайтады.

 

Салқы төс, ұзын тұмсық, жарғақ құлақ,

Кететін аң қуғанда самғап, зырлап,

Көбейсін құмай тазы – қазынамыз,

Өшпесін көзіндегі жанған шырақ…

 

Тағы да бір қазына – саржа деген.

Бұл – садақ, аң атуға алған мерген.

Қанданып қанжығасы қайтқан кезде –

Көршілес, еншілеспен олжа бөлген.

 

Әрине, адам ғылым өрістетті,

Ғаламды, заманды да көрікті етті.

От қару отап бәрін тастаған соң,

Саржамыз берен мылтық болып кетті.

 

Бір үрдіс аң аулауда – қақпаншылық.

Қазақтар бұл тәсілді тапқан біліп.

Қақпанмен қасқыр да алған, аю да алған,

Ауылын, аумағын да шаттандырып.

 

Бұл затты бір білімдар жасапты ойдан,

Аңдарды аяғынан матап қойған.

Бабалар көп пайдасын көргеннен соң –

Қақпанды «қазына» деп атап қойған.

 

Қазақтар өзен, көлді жағалаған –

Ауды да тым жоғары бағалаған.

Сондықтан қазынаның біреуі – осы,

Ау болса – ана да аман, бала да аман!..

 

Бейне бір бабалардың аманаты,

Қастерлі қазына бар, қазан – аты.

«Қазаным төңкеріліп қалмасын» деп,

Сақтанар бүкіл елдің азаматы.

 

Қазаққа тым қастерлі қазан әлі,

Ыдысы ырыс‑құттың саналады.

Ел мен жұрт елу жылда жаңарса да,

Бұл қазан жүз жылдан соң жаңарады.

 

Мінеки, жетеуі осы қазынаның.

Көненің көп тыңдайық сарын‑әнін.

Жетеуін жете біліп, ұғына алсаң,

Жаңғырып жүретіндей жаның, арың.

 

 Өшпейтін өсиетке бағынамыз,

Көшпейтін қасиетке табынамыз.

Жағадан алсын, мейлі, жаһандану,

Мәңгілік мұра болсын қазынамыз!

Бес қару

Садақ

Жасалған ерекше бір талаппенен,

Ежелгі атқыш қару «садақ» деген.

Болған соң бабалардан бас жәдігер –

Қарудың қастерлісі санап келем.

 

Иілген қарағайдан адырнасы,

Немесе нар түйенің қабырғасы.

Тәуірлеу тал, қайыңнан ие берген –

Алаштың атқа мінген кәрі‑жасы.

 

Бар онда екі бас пен екі иін нық,

Тұрады екі иіні өте иіліп.

Белі бар ортасында берік, дөңес,

Буылған кетпеу үшін опырылып.

 

Байқалса мықтылығы, дұрыстығы,

Тартылар тарамыстан кіріс жібі.

Садақта самғадайлық үстем болса,

Жауларға жай боп тиер ұрыс күні.

 

Кірістен жебесі үшкір оқ кетеді,

Мәреге мерген тартса дөп жетеді…

Садақтың сан сыры бар сара‑сара,

Қару боп қалғаны рас тек кешегі.

 

Қылыш

Қаруда қайсы бұрыс, қайсы дұрыс?

Жақыннан көп сілтенген қайқы қылыш.

Дұшпанмен бетпе‑бет кеп айқасқанда,

Өтеді қулығы жоқ айқын ұрыс.

 

Бірі өліп жатқан адам, бірі туып,

Жасапты бұл қаруды түрі суық.

Қылыштың жүзінде өтті көп замандар,

Күрсінтіп, күңірентіп күні шығып.

 

Қылыштың қылпылдаған жүзі болар

Қарпыса, қандай пенде тірі қалар?!

Басында, алқымында ажал ойнап,

Сілтенсе сейілгендей тыным алар.

 

Қып‑қызыл қан тамшылап жалманынан,

Шыққандай болып тұрар арманынан.

Тас жылап, жер жаншылған талай рет –

Ап‑ауыр алдаспанның салмағынан.

 

Құшырлы саусақ ізі сабында бар,

Балдағы алтындалған сабырды алар.

Егесі ер болса егер, шын жауынгер,

Дұшпанын домалатып, жанын да алар.

 

Асыққан адамдай боп көрге бұрын,

Ел үшін, Отан үшін өлмеді кім?!

Айналдық бабалардың аруағынан –

Қылышпен қиып алған жер бөлігін!

 

Найза

Найзаны қас дұшпанға кезенгенде,

Өтті ерлер кемерден де, кезеңнен де.

Сапталған өткір ұшы ұңғысынан –

Қайың мен қарағайдан, еменнен де.

 

Сабының ұзындығы құлаш жарым,

Жіберген жаһаннамға сұлатқанын.

Жарқ етіп болат басы сұғылғанда,

Жанынан безген талай жылап залым.

 

Туған жер туырылған, түсі – кілем,

Қорғалған ақ найзаның ұшыменен.

Меңгерген елден ерек найза ұстауды –

Бас ием бабалардың күшіне мен!

 

Айбалта

Жүзі де, жалманы да, шүйдесі де –

Сұстанып айбалтаның тұр бетінде.

Салбырып, салқын ғана ойлануда,

Қаптаған қарулардың көрмесінде.

 

Не деген жарты ай беті көрнекті еді!

Жарасқан қошқар мүйіз өрнектері.

Алды екен қанша жаудың шыбын жанын?..

Ол жайлы бұл заманға сөз жетпеді.

 

Шоқпар

Емен мен қарағаштың түбірінен,

Сабымен тұтастанып түрі кірген –

Шоқпардың ең белгілі көнесі – осы,

Баладан бастап жұрттың бәрі білген.

 

Шоқпардың ең ауыры «күрзі» болар,

Алыптың алыптары қолына алар.

«Жарасар күрзі алыпқа» деп айтылған,

Қазақтың ескілікті сөзі де бар.

 

Сабына бекітілген шынжырменен,

«Босмойын» шоқпар барын кімдер білген?

Не тастан, не темірден жасалынып,

Сыртынан теріменен көмкерілген…

 

Тағы да бабаларды ойға алайық,

Тәуір іс тындыруға сайланайық.

Қолымыз көтере алмас шоқпарларды,

Батырсып, белімізге байламайық.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір