ҚОҒАМДА РУХАНИ ІЗДЕНІС КҮШЕЙДІ
16.06.2021
461
0

Өткенге барлап қарасақ, тәуелсіздіктің 30 жылдығында жасалған елеулі жұмыс аз емес. Ол туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында кеңінен атап өткен болатын. «Болашақ» бағдарламасы бүгінге дейін қаншама жастардың шетелдерде білімін шыңдауына жол ашты. «Болашақ» түлектері қазіргі уақытта атқарушы биліктің әртүрлі саласында елге қызмет етуде. Пәндік олимпиада жеңімпаздары халықаралық додаларда үнемі алтын, күміс, қола медальдарымен халықты қуантып келеді. Оксфорд, Кембридж сынды әлемнің үздік оқу орындарына қазақстандық азаматтардың түсуіне осы тәуелсіздіктен кейін кең жол ашылды. «Білім-инновация» лицейлері, Назарбаев зияткерлік мектептері, Республикалық физика-математика мектебі секілді айтулы білім ошақтарының жетістіктерін көрген сайын тәуелсіз ел ретінде болашаққа деген үміт пен сенім күшейе түседі.

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жан-жақты сарапталған, терең саяси-философиялық мәні бар көлемді мақаласын жариялаған болатын. Тәуелсіздіктің 30 жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөле отырып, оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұрғанына назар аудартқан. Дегенмен Президент алдағы төртінші онжылдықтың жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екенін баса айтады. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру күн тәртібінде тұрғанын ұқтырады. Бұл тұрғыда ол: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз», – деп, негізгі мәселе әділетті қоғам құру екенін нақтылап өтеді. Әділетті қоғам құру жолында біздің саланың да атқарып жатқан еңбегі ұшан-теңіз.

Философия және саясаттану факультетінің университет дамуына қосып жатқан үлесі аз емес. Айталық, университетіміз Елбасы Н.Назарбаев тапсырған және Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген, 2020 жылы әлемнің ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына кем дегенде екі қазақстандық ЖОО-ның кіруі міндетін абыроймен орындап шықты. Қазақстандық университет QS жаһандық рейтингісінде 165-орынға көтеріліп, феноменалды серпіліс жасады. ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім кеңістігіндегі өзінің әлемдік көшбасшы университеттер қатарында екенін дәлелдеді. Міне, университеттің осындай биік деңгейден көрінуіне әр факультет аянбай күш салғаны белгілі.

Философия және саясаттану факультеті 10 мамандық бойынша мамандар даярлайды, Ресейдің жетекші университеттерімен бірге қос дипломды білім беру бағдарламасын, шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен бірге білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Факультетте қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде білім беріледі. Факультет бағдарламалары шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыруға бағытталған, ақпаратты жаңа сапалы деңгейде алуға, жүйелік байланыстарды түсінуге көмектеседі. Факультет құрамындағы алты кафедрадағы белгілі ғалымдар, білікті педагогтер сала мамандарының жақсы қалыптасуына бар күшін салып келеді. Осы кафедралардың бірі – Дінтану және мәдениеттану кафедрасы. Кафедра негізінен дінтану, мәдениеттану және исламтану мамандарын даярлаумен шұғылданады. Жуырда факультет деканы, ф.ғ.д., проф. Ә.Рымғазықызымен қатар, кафедраның профессорлық оқытушылық құрамынан ф.ғ.д., проф. А.Құрманалиева, ф.ғ.д., проф. К.Бишманов және мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті басшысының қолынан алғыс хат алдық.

Студенттеріміз де түрлі жобалардан марапаттар алып қуантып жатады. Мысалға, биыл «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференцияда дінтану секциясы бойынша студентіміз Алуа Әуелбек бірінші орын алса, осы конференцияда мәдениеттану секциясы бойынша Нәзира Нәбиева бірінші орынды иеленді. Қазақстан жоғары оқу орындары студенттерінің XIII республикалық пәндік олимпиадасының ІІ кезеңінде де студенттеріміз дін және теология бойынша екінші орын алып қуантты. Бұдан басқа да, тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген түрлі байқауларда жүлделі орын алып жатқан студенттеріміз аз емес. Факультет, кафедра ретінде ең негізгі міндеті – сала мамандарын даярлау. Бұл бағытта даярланған мамандар тиісті салаларда жемісті еңбек етіп келеді. Бұл біз үшін үлкен жетістік және зор қуаныш.

Тәуелсіздік жылдары осы іспетті мамандардың қалыптасуы мемлекетіміздің білім алуға жасаған қамқорлығының арқасы дер едім. Біз дінтанушы мамандар ретінде қоғамдағы дін мәселелеріне әрдайым құлақ түріп, өзіміз де мемлекеттік органдармен бірлесіп осы бағытта жұмыстар жасап келеміз. 2017-20 жылдары «Зайырлы мемлекетте дін мен дәстүр сабақтастығы» атты докторлық диссертация тақырыбында PhD докторын қорғатып, ғылыми жетекші болдым. Ғылыми бағытта 2019 жылдан бері Философия, саясаттану және дінтану институтында «Әл-Фараби» ғылыми журналына, 2020 жылдан бері ҚазҰУ хабаршысы – «Дінтану» ғылыми журналында да сарапшылыққа қатысудамын. Яғни дінтану, исламтану бағытында жазылған ғылыми мақалаларды сараптап, сұрыптап, талдап, қажет болса авторына қайтарып, түзеттіріп отырамыз. Бұл да бір тәуелсіздік жылдарындағы рухани-ағарту жұмыстарына қосылған үлесіміз болар деп ойлаймын.

2011-14 жылдары «Исламдағы толеранттылық дәстүр» тақырыбындағы ғылыми жобаға қатыстық. Өздеріңіз білесіздер, мемлекетіміз түрлі этнос өкілдері мен конфессия өкілдерінің бірлігін жарастыруда толеранттылыққа ерекше көңіл бөледі. Осы орайда, біз ғылыми жоба ретінде дәстүрлі ислам дініндегі толеранттылық негіздерді қарастырдық. Бұдан басқа да, Алматы қаласы дін істері басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында көптеген жобаларды өткіздік. Әдетте бұл жобалар ел ішінде дін туралы заңдарды, дін саласындағы өзекті мәселелерді түсіндіруге бағытталады. Мысалға, 2017-18 жылдары «Перспектива» ақпараттық кеңес беру тобы» қоғамдық қорының «Дін саласындағы заңнамаға енгізілетін өзгерістерді халыққа түсіндіру» бойынша Алматы қаласы дін істері басқармасының әлеуметтік тапсырысы, 2017-18 жылдары Алматы облысы дін істері басқармасы ұйымдастырған «Рухани керуен» жобасы, 2020 жылы Алматы қаласында Best center of all levels қоғамдық қоры ұйымдастырған «Дін мен дәстүр» әлеуметтік жобалары осындай мақсатта өткізілген жобаларға жатады. Осындай жобаларда білікті мамандар ретінде әрдайым қатысып, халыққа дін мәселесін түсіндіріп отырамыз. Әрине, мұндай шаралар көбіне елде діни экстремизмге жол бермеу мақсатын көздейді. Бұдан бөлек, кейде Мониторинг және талдау орталығы ұйымдастырған Алматы қалалық дінтанушы ұстаздардың біліктілігін арттыру курстарын жүргіземіз. Мұндай жобаны университеттегі Дінтану және мәдениеттану кафедрасы, кейде Алматы облысы дін істері басқармасы да ұйымдастырады.

Факультетімізде «Өзгеріс философиясы» атты ғылыми конференция өтті. Өзгеріс қай кезде де керек. Өйткені жер-жаһанда барлық нәрсе сәт сайын өзгерісті бастан кешуде. Идеялар мен көзқарастар да өзгеріп, уақытымен пісіп-жетіледі. Жаңа заман тіпті шұғыл өзгерістерге толы. Бұл жаңа дүниелерге тез бейімделуді қажет етеді. Жаңа заманда барлық нәрсе өзгеріп, жаңалануда. Бізге осы тұрғыда жасаған істердің сапалы болуына деген талапты күшейту керек. Өйткені сапа болмаса, не істесең де бәрі бекер. Сапасыз дүние сұраныс та тудырмайды. Барлық нәрсе сапасына қарай бағаланады. Сапалы құрылыс салу, сапалы маман даярлау сияқты оның мысалдарын көптеп келтіруге болады. Сондықтан жаңалану мен өзгеру сапаға қарай бағытталуы тиіс. Тәуелсіздік жылдары атеистік жүйеден шыққан еліміз дәстүрлі дінге бет бұра бастады. Осы орайда, қоғамда рухани ізденіс күшейді. Осы жылдары 300-ден астам түрлі исламдық бағыттағы әдебиеттер шығардық. Бұл да тәуелсіздік жылдарындағы рухани ағарту жұмыстарындағы үлкен өзгеріс болды деп ойлаймын. Себебі тәуелсіздік алғалы бері дін ғылымына барынша ден қойылып, назар аударылып жатыр.

Тәуелсіздік жылдары дін саласындағы ахуал өте күрделеніп кетті. Осыған орай, өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен онлайн форматтағы оқыту семинарында дәріс оқыдық. «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін даярлау және қайта даярлау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру» гранттық жобасы аясында облыстарда өткен курсқа сол облыстардағы мамандар қатысты. Мемлекетіміз дінтану саласына көбірек грант бөлу арқылы мамандар даярлауға ерекше мән бере бастады. Сол себепті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының атқарған қызметі орасан зор деуге болады.

Бүгінде кафедрамыз елге кең танымал. Ондағы оқытушы профессорлық құрам негізінен беделді ғалымдардан құралған. Қазіргі уақытта дінтану, исламтану, мәдениеттану мамандықтары бакалавриат, магистратура, докторантура академиялық деңгейлерінде даярланады. Бұл өте үлкен жетістік. Бізде даярлықтан өткен мамандар республиканың түкпір-түкпірінде жауапты қызметтер атқарып жүр. Бұл егемен елдің азаматтарына қай салада болсын қарыштап дами түсуіне мүмкіншілік мол дегенді білдіреді. Азды-көпті еңбегіміз тәуелсіздігіміздің одан әрі нығайып, өркендей түсуіне қызмет етер деп үміттенемін. Біздің жетістік – егемендігіміздің жемісі.

Шәкірттеріміздің өз саласында еңбек етуі, тіпті өз саласында жетекші мамандар ретінде қызмет жасап жүргені қуантады. Бір ғана Алматы облысының бірнеше ауданында дін істері бойынша жетекші мамандар қатары біздің түлектерден құралған. Тіпті басқа облыстарда да еңбек етіп, азаматтық борышын атқарып жатыр. Біз үшін түлектеріміздің өз мамандығын жақсы көріп, толық меңгеріп, сол салада еңбек етуі үлкен қуаныш. Шәкірттеріміз университет қабырғасындағы жылдарда мамандықты игергенмен, сол салада кәсібилікті шыңдау өмір бойы жалғасады. Ешқашан болдым, толдым деп тоқмейілсуге болмайды. Қазақ «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» дейді. Сондықтан түлектер өмір бойы оқу мен ізденуін жалғастыруы керек. Өмірдің мәні үйрену және үйренгеніңді басқаларға үйрету болса керек. Ешқашан үйрену мен үйретуден қол үзбеу керек. Студенттеріміздің болашағынан мол үміт күтеміз. Қазіргі заман мүмкіндіктерге толы. Студенттеріміз әлі-ақ қоғамның кетігін тауып қаланып, өзін жан-жақты көрсете біледі деп ойлаймын.

Құдайберді БАҒАШАРОВ,
PhD, қауымдастырылған профессор,
Дінтану және мәдениеттану кафедрасы  

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір