АЛМАТЫНЫ ДАМЫТУ 2021: ЖАҺАНДЫҚ  ІСКЕРЛІК ОРТАЛЫҚ
28.05.2021
842
0

Алматыны жаһандық іскерлік орталық ретінде дамыту жоспары қандай? «Алматы» арнасындағы «AKIMAT  LIVE»  бағдарламасының кезекті шығарылымы осы тақырыпа арналды. Эпидемиялық ахуалға байланысты ZOOM  форматында өткен жиынға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев,  Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар  Басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының төрағасы  Асқар Білісбеков, Алматы қаласы  кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошманбетов қатысты.

Бағдарлама жүргізушісінің: «Бақытжан Сағынтаев мырза, Алматы қаласының инвестициялық даму қарқыны қалай жүріп жатыр? Жуық уақытта қаланың кәсіпкерлік тұрғыдағы үдерісі қалай бет алады?» – деген сұрағына қала әкімі былай жауап берді:

 – Бүгінгі әкімшілік тарапынан баяндайтын  мәселеміз Алматы қаласындағы кәсіпкерліктің, шағын және орта бизнестің даму мәселелері төңірегінде өрбиді.  Сондай-ақ, осы мақсатта  атқарылып жатқан іс-шаралардың жоспары мен атқарылған істердің нәтижесі туралы айтамыз.  Алматы, өздеріңіз білетіндей, кәсіпкерлердің қаласы. Бұған негізгі себеп, халық санына шаққанда, қала бойынша миллионға жуық жұмыспен қамтылған адам бар. Сол халықтың 64 пайызы осы кәсіпкерлік саласында қызмет атқарады. Жалпы, жұмыс істеп жүрген халықтың 70 пайызы – жоғары білім иегері. Оған біздегі 39 жоғарғы оқу орны мүмкіндік беріп отыр. Қала тұрғындарының 30 пайызын жастар құрайды. Сол себепті бүгінгі  шаһар экономикасының 45,6 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі. Демек Алматы қаласының   бәсекеге қабілеттігі зор. Басты артықшылығымыз да осында.

Енді, «осы нәтижелерге қалай жеттік?» деген сұраққа жауап іздесек, Тәуелсіздігіміз қабылданған кезден бергі отыз жылда қала экономикасы 4,5 есеге өссе, тұрғын үй құрылысының жалпы қоры – 2,4 есеге көбейген. Автокөлік кешенінің өсімі  7 есеге жоғарылады.  Жол бойындағы көлік кептелісінен де аңғаруға болады мұны. Ал шағын және орта бизнестің өсімі 139 есеге көтерілген. Алматы қаласы мен қала төңірегіндегі бес ауданды қосқанда, аймағымызда жалпы саны 3 миллионнан астам тұрғын бар. Бұл дегеніңіз – экономиканың, бизнестің тілімен айтқанда өте үлкен нарық. Өйткені әрбір көрсетілетін қызмет пен  шығарылған өнімді сату нарыққа тікелей ықпал етеді. Тұрғындар саны, тұтынушылар көп болған сайын кәсіпкерлік те өркендеп, кең қанат жаяды. Қаламыз жеке бизнес пен капиталдың қаласы болып есептелгендіктен, осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. 

Пандемия кезіндегі ахуал бизнеске кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Дегенмен, осы жағайларға қарамай, Алматы қаласының экономикасының тұрақтылығын сақтай білдік. Еліміздегі әрбір төртінші заңды тұлға – Алматы қаласының тұрғыны. Қаламызда әртүрлі халықаралық мекемелер мен трансұлттық компаниялардың 60 офисі орналасқан. Бұл қалаға деген үлкен сенімді дәйектейді. 2018 жылы шаһардан БҰҰ өзінің үлкен офисін ашты. Оның да жұмысы жандануда. Ал қаржы саласы мен сақтандыру саласына келер болсақ, бүткіл екінші деңгейдегі банктердің 88 пайызы, сақтандыру жүйесіндегі компаниялардың 85 пайызы біздің қаламызға тиесілі. Яғни, жалпы экономикамыздың 87 пайызы саудаға, қаржыға және басқа да қызмет көрсету бағдарында қызмет етіп жатқан салаларға тікелей қатысты.

Шаһардың кәсіпкерлік, экономикалық ахуалын одан әрі дамыту үшін қалаға келетін қонақтарға, жолаушылар мен туристерге, инвесторларға жайлы, қолжетімді орта қалыптастыру қажет. Осы бағыттағы жұмыстар қолға алынып, түрлі кешендердің құрылысы жүргізілуде. Негізгі бағдарлама бірнеше  негіз аясында құрылған.

Бірінші, өмір сүруге ыңғайлы орта жасау.  Алматының биік таулары мен әсем табиғаты кім-кімді де баурап алады. Климаты жайлы. Осы оң игілікті оң бағытта дамыту керек. 

Екінші, нағыз бизнес-климат қалыптастыру. Экономикамыз дәл бүгінгі заманның қажеттілігін өтейтін бағытта бағдарланады.

          – Инвест-климатты өсіру;

          – Бизнесті қолдау инфраструктурасын дамыту;

          – Қала инфраструктурасын ұлғайту;

           – Адам капиталының жаңа сапасы.

Алдағы процесс  осы төрт бағытты негізге алады. Инвесторларды өздерін толғандырған сұрақтармен жеке қалдырмай, әртүрлі мәселелерді талқылайтын  институт аштық.  Мемлекет тарапынан да көптеген  қолдаулар болды. Өткен жыл қандай ауыр болса да инвесторлар  қаланың нарықтық мүмкіндігіне сенді. Жыл соңында қала экономикасы 1,2 трлн теңгеге өсетініне сенеміз.  Оның 83 пайызы жеке кәсіпкерліктің үлесінде болмақ, – деп кеңінен жауап берді.

«Индустриалдық аймақта 54 компания бар екен. Наурызбай, Түрксіб, Алатау ауданында 29 компания жұмыс істейді. Бұның қарапайым тұрғындар үшін қандай тиімділігі бар? Кәсіп иелері үшін пайдасы зор, әрине,  жер бересіздер, тиімді жағдай жасайсыздар.   Ал қала тұрғындары үшін бұл бизнес жүйесінің пайдасы отандық өнім болғандығынан ба, тұрақты жұмыс па, әлде тұрақты айлық па?» – деген кезекті сауалға: «Шағын өндірістік парктер, бұл шағын кәсіпкерлікке бағытталған. Бұл жерде үш адам, бес адам жұмыс істеуі мүмкін. Егер сол 3-5 адам жиналып, шағын бизнес жасайтын болса, қаладан өндіріс шығаратын орын іздеу керек. Бұл тиімді жер ме?   Бағасы қалай? «Суы, жылуы, жарығы дұрыс па?» деген сұрақтар туады. Оның бәрі – қосымша шығын. Осының бәрін есептейді де кәсіп жасауға ынталы адам өнімінен шығысы көп болады деп, мақсатынан бас тартуы мүмкін. Сондықтан біз іскер жандарға екі пайыздық  несие беріп, құрал-жабдығын алуға, ыңғайлы жерден орын иеленуге  тиімді жағдай жасаймыз. Шығындарының бәрі төмен болғаннан кейін, әрине оның шығарған өнімі де қымбат болмайды. Арзан сатқаннан кейін, ол үрдіс  қала тұрғындары үшін де  оңтайлы жағдай орнықтырады. Бұл жүйе бойынша, жеңіл өнеркәсіпте, тамақ өнеркәсібінде, құрылыста 29 кәсіпорын жұмысын бастап кетті. «Бақытты отбасы» орталығындағы «Іскер аналар» ұйымының ішінен де осы бизнеспен айналысушылар шығуда. Мысалы, «Алатау»  ауданында СПК-ның бос тұрған ғимаратынан орын бердік, көпбалалы аналар өзара жиналып, киім тігуде. «Шағын парктердің ішінен орын берсеңіздер, кәсібіміздің көлемін ұлғайтып, нарыққа өзге де тауарлар шығарсақ», – деп өтініш білдірген аналар бар. Міне, осылайша, халықты кәсіптен нәсіп табуға жұмылдырудамыз. Мана айтқандай, тұрғындардың  екі пайызбен несие алуға,  5 миллионға дейін грант ұтып алуға, өндіріс орындарында жұмыс істеуге  мүмкіндігі мол.

Қала әкімі тікелей эфир барысында өзге де жоспарларымен бөлісіп, Алматы қаласының бизнес орталығы ретіндегі статусы нығая түсетінін атап өтті.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір