Кәсіпкерлікті дамыту – бәсекелестікті арттыру
26.04.2024
58
0

Отандық кәсіпкерлікті дамыту, бәсекелестік орта қалыптастыру, шағын және орта бизнеске қолдау білдіру – экономиканың мемлекетке қояр талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында отандық кәсіпкерлікті дамыту экономикамызда қордаланған мәселелерді шешудің бірден-бір тәсілі екенін атап көрсетті. Жолдау барысында жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдығы ретінде жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру – бәсекелестікті дамыту міндеті қойылды. Мақсатқа сәйкес, 2030 жылға дейін ұлттық экономика көлемін 2 есеге ұлғайту және 450 млрд АҚШ долларына жеткізу үшін отандық кәсіпкерлікті дамыту көзделді.

Елімізде отандық шағын бизнестің 1992-1993 жылдары қарқынды түрде дамығанын ескерсек, оның бүгінде қалыптаса бастаған өндірістік, коммерциялық, қаржылық, кеңес берушілік секілді төрт негізгі қызметін атауға болады.
2019-2023 жылдар аралығында қазақстандық шағын және орта кәсіпкерліктің экономикалық үлесі 31,7 пайыздан 36,4 пайызға дейін өсіп, 4,7 пайыздық тармақты құраған. Ал 2023 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 23,8 пайызбен 4,2 млн адамға жеткен.
Кәсіптен нәсіп табу ұлттық экономиканы қашан да алға сүйрейді. Сондықтан мемлекет тарапынан кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің бизнесте өсуін жеделдету мен бәсекелестік қабілетті дамытуға бағытталған арнайы Ұлттық жобалар ұсынылуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жүзеге асыру жобасы қазақстандық қамту үлесін арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, «қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы да нарықтағы отандық кәсіпкерлердің өнімдеріне басымдық беруді көздейді. «Аналитик» талдау және сараптау орталығының қаржыгері Тоғжан Шаяхметова: «Мұндай жобалардың кез келген уақытта экономиканы өрге сүйрейтінін алға тартып, еңбек өнімділігін арттыру мен бәсекеге қабілеттілікті мықтап бекіту үшін халыққа пайдалы», – деп жеткізеді. Мәселен, Ұлттық жобалардың бірі «Bastau Бизнес» бағдарламасы бойынша ұсынылатын мемлекеттік гранттарға жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар, жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар, қандастар, қоныс аударғандар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үміткер бола алады. Қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнес аясында шаруасын дөңгелетіп, халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер легі баршылық. Осыған байланысты жоғарыда аталған ұлттық жоба аясында тұрақты экономикалық өсуді 5 пайызға, халықтың табысын 27 пайызға арттыру басты мақсатқа айналды.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында қарапайым халықтың игі бастамаларын қолдай отырып, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру мақсатында бекітілген «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» атты жобалары мен ауыл тұрғындарын қолдауға арналған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының атқарып жатқан зор үлесін айта кеткен жөн.
«Бірінші жұмыс орны» жобасы өмірінде алғаш рет жұмыс іздеп жүргендерге жұмыс орындарын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған. Жобаға қатысушыларға ай сайын 30 айлық есептік көрсеткішке дейін субсидия төленеді.
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы зейнеткерлік жасқа толған қызметкердің орнын жұмыс іздеп жүрген жас маманмен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруға негізделген. Жас маманды жұмысқа орналастырып қана қоймай, қатысушыларға 6 ай мерзімінде 30 айлық есептік көрсеткіште субсидия төленеді.
Қоғамымызда 50 жастан асқан кейбір азаматтар жұмыс таппай қиналады. Осы орайда 50 жастан асқан жұмыссыз тұрғындар экономикалық белсенділігін арттыру үшін «Күміс жас» жобасын қолданғандары дұрыс.
Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдауда өзінің 20 жылдық тәжірибесімен көзге түскен жоба – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Қордың негізгі міндеті – ауыл кәсіпкерлерін тәуелсіз болуға үйретіп, шаруаларын сапалы дамытуға жағдай жасау.
Елімізде кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне, яғни 40-50 пайызға дейін жеткізу үшін шағын және орта бизнестің өнімдігін айтарлықтай арттыру қажет. Өкінішке қарай, өңдеу секторында орналасқан кәсіпорындар санын тиісті деңгейде өсіп жатыр деп айта алмаймыз. Бүгінгі заман талабы мемлекеттегі әр азаматтың бәсекеге қабілетті болуына әкеліп тірейді. Ал отандық кәсіпкерлікті дамыту – бәсекелестікті арттырудың таптырмас құралы. Ұлттық нарықтың дамуына айтарлықтай үлес қосып жатқан ерекше экономикалық құбылыстың болашағынан үміт зор.

Дана САДЫРҚАН 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір