ҚазҰУ студенттері жаһандық денсаулық мәселелерін талқылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің шет тілдері кафедрасы халықаралық академиялық ынтымақтастық пен тұрақты даму құндылықтарын ілгерілету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда. Осы мақсатта кафедра оқытушыларының ұйымдастыруымен «Global Dialogue on Good Health and Well-Being» атты халықаралық студенттік дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шара онлайн форматта ағылшын тілінде ұйымдастырылып, Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарының үшінші бағыты — салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және барлық жастағы адамдардың әл-ауқатын арттыру бағытының аясында өтті. Дөңгелек үстел кафедраның бекітілген жылдық ТДМ іс-шара жоспарына сәйкес жүзеге асырылды, бұл университеттің жаһандық бастамаларға стратегиялық тұрғыда қатысатынын көрсетеді.
Халықаралық академиялық алаңға Қазақстан, Өзбекстан және АҚШ университеттерінің студенттері қатысты. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің студенттері, Yessenov University, Нукус педагогикалық шет тілдер институты, Қарақалпақстан қлттық университеті, University of Utah және Texas College of Communication студенттері белсенді қатысып, көпмәдениетті диалог алаңын қалыптастырды.
Пікірталас барысында қатысушылар жаһандық денсаулық сақтау мәселелері, жастардың өмір салты, психикалық денсаулық, профилактикалық мәдениет және әлеуметтік жауапкершілік тақырыптарын талқылады. Студенттер өз елдеріндегі тәжірибелермен бөлісіп, инновациялық көзқарастар мен практикалық ұсыныстар ұсынды. Мұндай пікір алмасу сыни ойлау, академиялық коммуникация және халықаралық ынтымақтастық дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Қорытындылай айтқанда, осындай іс-шаралар арқылы университет академиялық дипломатияны нығайтып, болашақ мамандарды жаһандық ойлайтын, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптастыруға үлес қосуда. Бұл ҚазҰУ-дың тұрақты даму идеологиясын білім беру мен ғылым арқылы іске асырудағы нақты көрінісі деп білеміз.
Гүлжазира ҚОЙТАСОВА