ӨРКЕНИЕТ АЛДЫНДА ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ
14.05.2021
2698
0

Құдай мен адам, заман мен адам, дала мен перзент… Әрдайым осы құбылыстар арасында үнсіз диалог өрбиді. Қайбір жылы, Олжас аға Сүлейменовтың мерейтойында ақынның өзім аударған өлеңдерін оқып бердім. Даланың тілінде. Тау тұрпатты, дала келбетті ақын сол қолын иегіне сипай қондырып, тыңдап отырды. Классиктің алдында кібіртіктеуге мұрсат жоқ. Оқып тұрмын. Оқтын-оқтын сөздерге екпін салып, әлсін-әлсін ақынның жүзіне қарап қоямын. Өлең оқи тұрып өз ойыммен арпалысамын: алдымда Өркениет тұр. Мен тұрмын Өркениеттің алдында өлең оқып. Цивилизацияның алдында. Көз алдымда аккадтар мен шумерлер, ғұндар мен түркілер көшіп барады. Қосөзеннің бойынан қаңқылдап көтерілген қаз Даланы бетке алып ұшады. Таулар күбірлейді, тастарға тіл бітеді. Қаз-қатар тізе бүккен қалың жұрттар Дала Жауынгерінің қылышын сүйеді. Қағандар күнге қарайды. Өзімше хәл кешемін, бір күйге душармын.
Өлең оқып тұрмын. Осы бір күй – мәңгілік сөздің күйі. Құдай мен адам, заман мен адам, дала мен перзент арасындағы. Олжас аға Сүлейменовты  көрген сайын, ол жайлы ойланған сайын сол өлеңді әлі оқып тұрғандай күй кешемін. Өркениет алдында.

Ерлан ЖҮНІС

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір