Желтоқсаншыларға арнайы мәртебе керек
13.05.2021
765
0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы күллі жұртшылықтың назарын аударып, қоғамдық пікірлер аясында қолдау тапқаны белгілі. Мақалада Ел, Жер, Тіл мәселелері төңірегінде  кең толғай келіп, Желтоқсан көтерілісі туралы Мемлекет басшысы: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», – депті.

         Міне, сол 1986 жылы желтоқсан айындағы ұлы дүрбелеңге қатысып, айдалаға лақтырылып  тасталғандардың бірі – менмін. Сол кездегі биліктің жендеттері бізді ұрып-соғып, Сейфуллин мен қазіргі Райымбек даңғылының қиылысындағы түрмеге алып барып, тепкілеп-тепкілеп, ес-түссіз күйде  Боралдай жақтағы сайға саржағал машинамен  жеткізіп, төгіп  тастаған еді.

         Он-он бес адамды, соның ішінде мені де түрменің алаңына, көк мұзға  отырғызып қойды. «Отырып өлгенше, жағаласып өлейік», – деген  бір естінің даусы шыққан бетте  жастар өре түрегеліп едік. Солдаттар атып шығып, бізді ұрып-соғып, тепкілеп, алдында  айтқанымдай, алыс түкпірге апарып тастады. Қардың астынан шығып жатқан қолымды көріп қалған Сәдуақас деген жігіт мені аршып алыпты. Ал өзге он-он бес адам сол қардың астында мәңгі қалды. Бұл – менің көргенім. Біз көрмегендер қаншама? Қаза болған қаншама қыз-жігіттердің  есімі елеусіз, сұраусыз кетті?  Қаншама жас   үйленбей, ұрпақ сүймей, тұрмыс құрмай кетті… 3-4 жыл бұрын Алғабас жақта балабақша орнын қазып жатқанда астынан киімшең адамдардың мәйіті шыққан екен. Бұлар да – сол ел тәуелсіздігі үшін қыршынынан қиылған қаһармандар болса керек! Айтары бар ма, Желтоқсанның жазылмаған жарасы  көп қой.

         2007 жылы көшіп келіп, бір жерден, судың бойынан жер алып, үй салдық. Кей жағдайлар  еміс-еміс есіме түседі. Сөйтсем, 86-жылы өзімізді алып барып тастаған жерден 200 метрдей жоғарыдан үй салыппын. Кездейсоқтық па, тағдырдың жазуы ма, кім білсін? Ал мені сол кезде ажалдан  құтқарып қалған Сәдуақас  сол Көкқайнардың  арғы жағындағы қорымда жатыр.

         Алматының өзінде Желтоқсан көтерілісінің он ұйымы бар. Олардың бәрі біріксе, үлкен күшке айналар еді. Алайда Желтоқсанға «көтеріліс» деген статус берілген жоқ әлі.  Желтоқсандықтарға өз дәрежесіндегі  құрмет көрсетілмей келеді.  Алдағы уақытта желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға да Ауған соғысы, Чернобыль ардагерлерімен бірдей мәртебе беріліп, жеңілдіктер жасалғанын құптаймын. Өйткені олар – Президент Қ.К.Тоқаев айтпақшы – азаттықтың алғашқы қарлығаштары емес пе?!.

                   Халелхан ӘДІЛХАНОВ

        

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір