Шыңғысхан: дәлелсіз ойлардан қашан арыламыз?
Әйгілі қолбасшы Шыңғыс ханның өмірі мен ата тегіне, тұлғалық келбетіне қатысты айтылар аңыз-әпсаналар легі толастаған емес. Қаһарлы қағанды өз ұлтына телитіндердің сөз тайталасына түскеніне сегіз ғасырдың жүзі болыпты. Солардың ішінде: «Шыңғыс хан – моңғол» деушілердің де, керісінше Шыңғыс ханды түркітілдес тайпалардан тарайтын қазақ етіп көрсететіндердің де бәсі басым. Қос тарап та өз уәждеріне сенімді. Осындай сан алуан тұжырымдардың бірі ретінде тарихшы Әлімғазы Дәулетханның мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор:
Түрік-моңғол халықтарында ұқсастық басым ба, алшақтық па?
Жеңілген халықтың соры қалың, тарихты жазуға тапсырыс беретін – жеңген халық.
****
Белгілі алаштанушы ғалым М.Қойгелдиев: «Бір ұлттың тарихын екінші бір елдің ғалымы жаза алмайды. Қазақтың тарихын жазу үшін, сенің терің Кенесарының терісіндей болуы керек. …Қазақтың тарихын қазақтан асырып, өзге ұлт тарихшысы жаза алмайды. Қазақтың ішкі өмірін қазақ тарихшысынан артық ешкім түсінбейді», – деген еді бір сөзінде.
Солай екені рас. Бірақ осы уақытқа дейінгі тарихшылар мен әдебиетшілер назар аудармай келген ең басты мәселе – моңғол тайпалары мен түркі тайпаларын бір-бірінен бөтен, жат халық етіп көрсетушілер де, ұлы қағанды «түрік еді» деушілер де халықтардың бір-біріне ұқсастықтары мен бөгделігін айырып, ашып тұратын басты өлшемге мүлде назар аудармай, белден баса береді. «Аталған екі этникалық топтың ара жігін ашып берер басты критерийлер» деп нелерді атап көрсетуге болады? Грузин етікшісінің баласы – И.Сталин бізге бір ұлтты екіншісінен айырып көрсететін 4 түрлі өлшем жасап бергенін ұмытпағандар арамызда әлі де баршылық. Бұл өлшемдер: тіл бірлігі, территориялық бірлігі, экономикалық бірлігі, мәдени-рухани бірлігі деген ұғымдарға саяды. Сөйтіп, ол көсем КСРО аумағынан сырт елдерде бөлініп қалған қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, моңғол т.б. шашырандыларды екі басқа ұлт – халық деп мойындатпақшы болып еді. Маоның жойымпаз саясатшылары мен сауатсыз тарихшыларының да Қытайда жасап жатқан әлгі шашыраңдыларды (диаспора) екі ұлт – екі халық деп сендірмекші болғанын білеміз. Х-ХІІ ғасырдағы Моңғол үстіртіндегі түрік-моңғолдарды Сталин өлшеміне салып танығың келсе де, бұл халықтар арасындағы ерекше, бадырая көрініп тұрған жаттықты атап бере алмас едік. Егер, ашалап, нақтылап қарастырар болсақ, біз төмендегі сауалдарды көпшілік талқысына салып, ой жарыстыруға шақырар едік.
- Аталған халықтардың салтында, адам баласының ана құрсағында пайда болғаннан бастап туғанға дейін, сәбиді дүниеге келтірген соң жасалар дәстүрлі ырым-жырымдар, ат қою, шомылдыру, бесікке салу, қырқынан шығарулардан былай қарайғы әдет-ғұрыптар, баланы тәрбиелеу нышандары мен тетіктері, құдаласу, келін түсіру, бет ашу, киіндіру мен жасандырулар, келін мен күйеудің екі тарапқа жасалар қызметі мен ізеті т.б. жосындарында қандай ұқсастық немесе бөтендік бар деп айта аласыздар?
- Өлген адамды жерлеуге байланысты дәстүрлі ырым-тиымдардағы қандай өзгешеліктерді атап айтуға болады?
- Ең бастысы – аталған екі халықтың діни наным-сенімдерінде ортақтық басым ба, әлде алшақтық басым ба?
- Күнкөрісі, шаруашылығы, кәсіптері қандай болған еді?
- Үй тіршілігіндегі, тұрғын-жайындағы, күнкөріс қайнарларындағы қандай ортақтықты немесе алшақтықты атар едіңіз?
- Ел билеу, билік жүйесі, әскери құрылымы, қару-жарақтары қандай болған?
- Этникалық-ұлттық өзгешеліктің басты шартының бірі әрі бірегейі тіл болғанда, осы екі халық қай тілде, қай жосында, сөйлеген екен? Құда-жекжат – Анда болғанда олар бір-бірімен аудармашы арқылы сөйлескен бе? Әлде олар бір-бірін түсінетін ортақ, аралас тілде сөйлескен бе?
Осы сұрақтардың бәріне мен өзімше жауап тауып, саралап көргенімде, мынадай қорытындыға келдім:
Моңғол үстіртінде көршілес, аралас отырған түркі-моңғол тайпаларына ортақ ерекшеліктер ретінде мыналарды атап көрсетер едім.
- 1. Найман-керей арасына жаңа тарала бастаған христиандық секталарды айтпағанда, бұл екі халықтың діндік, наным-сенімдерінің өзегі Тәңірлік – Көк пен Жер, Күн мен Ай, киелі аң-құстар және ата-баба әруағына сыйыну дәстүрінде жатыр. Аталған екі этносқа осылардың бәрі (сәл ғана өзгешеліктерін айтпағанда) ортақ. Демек, діні ортақ дегенге қарсы айтарлары бар болса, әріптестерім айта жатар;
- Олардың күнкөрісі, тіршілігі төрт түлік малға, төрт маусымдық көші-қонға тікелей байланысты екенін назардан тыс қалдыруға болмайды;
- Екі халық та сәл өзгешеліктерін айтпағанда киіз үйде, ашық Аспан астында өмір сүрді;
- Адамның туғаннан өлгенге дейінгі өмір мен өлімге қатысты салт-дәстүрінде қаншалық өзгешеліктері болғаны жөнінде қандай заттық қазба, жазба деректер бар? Осынау аса күрделі әрі ұлттық ерекшеліктерді айқындайтын салт-сана, дәстүр, ғұрып-әдеттерден нелерді атап көрсетуге болады? Бүкіл Шығыс, Батыс және түркі ғалымдары жазбаларынан келтірер нақты дерек көздерінен нелерді атай аламыз?
- Қият-бөржіген-боданшар ұрпақтары мен қоңырат, найман, керей, меркіт, уақтар арасындағы қат-қабат құдалықтар кезінде Андалықтар бір-бірімен ортақ бір тілде сөйлескеніне нанбауға немесе күмәндануға ешбір негіз жоқ. Қисын-логикаға жүгінгенде де соңғы түйін сөз біз айтқанға тоқтайды. Ендеше оларда діндік, тұрмыс-салттық, күнкөріс, шаруашылық, һәм тұрмыстық ортақтықтардың үлесі-салмағы әлдеқайда басым деген сөз.
Шыңғыс-моңғол тарихын жан-жақты зерттеп, әлденеше том жазған профессор Зардықан Қинаятұлының «Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» атты екі томдық энциклопедиялық еңбегінде келтірілген 2080 сілтемесі мен талдау, саралау қорытындысына қарсы, оны терістейтін бір іліп алар зерттеу еңбегін жазбаған, жаза да алмайтын біздің әуесқой-әуейі тарихшыларға не айтуға болады? Олар біз жоғарыда атап өткен сұрақтарға және біздің түйін сөзімізге қарсы нақты жазба, қазба деректерін неге қолданысқа сала алмайды?
Фактыны ысырып қойып, фантазияға ерік беру кімге керек?
Осындай сұрақтар мазалаған академик, тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің: «…Жазушылардың фантазиясы басымдық алып отыр. Олар қазіргі дүниетанымдық өлшеммен тарихқа баға береді. Шыңғыс хан – ХІІІ ғасырдың тұлғасы, біз ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз, меніңше, Шыңғыс ханды түрік, болмаса қазақ деп тану – ұят. Шыңғыс ханды әлемдік кеңістікке алып шыққан – түріктер. Шыңғыс хан – түрік те, қазақ та емес, моңғол. Рас. Шыңғыс ханның негізгі қарсыласы татарлар болды», – деп жазуға хақысы бар сияқты. Дәл осындай уәжді екі томдық «Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті» атты кітаптың авторы З.Қинаятұлы «Шыңғыс ханды түрік, қазақ дегеніміз ұят болады. Ол – моңғол халқының тарихи тұлғасы», – деп тиянақтаған болатын.
Ал біздің әуейі-әуесқой тарихшылар ешбір тарихи дерек көздеріне сүйенбей-ақ дастархан басында отырып немесе өздері әртүрлі амал-айлалармен төңірегіне жинап алған қошаметшілерінің қолпаш-мадақтарына мастанып, том-том тарихсымақтарын базарлап, Қазақстанды шарлап жүр. Ең өкініштісі, құрметті тарих ғылымын тәлкек еткенімен қоймай, маман тарихшыларды «Бұлар сауатсыз ғалымдар, Шыңғыс ханды түрік етуге қарсы адамдар», – деп күстаналаудан ұялмайды да. Фактыны ысырып қойып, фантазияға ерік беру кімге керек?
КГБ генералы Ержан Исақұлов пен экономист – экс министр Құлекеев мырзалар қарапайым этиканы белден баса: «Тарихшылар ешнәрсе білмейді, қазақ тарихын бізге жазып бере алмайды. Біз сондықтан әлемді шарлап, шетел архивтерін ақтарып, әр ел тарихшылары бұрмалап аударған Рашид-ад-Диннің «Жамий ат-Таварихын» (Шежірелер жинағы) қайта аударып, «Шыңғыс хан» атты кітапты баспадан шығардық. Ертеректе қазақ тарихын тарихшылар емес, Тынышбаев сияқты инженерлер, заңгерлер мен дәрігерлер, педагогтар жазған болатын. Бүгінгі жағдайда да сол тарих қайталанып отыр», – деп шіренеді. Сондағы қазақ тарихын жазып, айды аспанға шығарған отаншыл тарихшылар дегені – Храпуновтың қайын атасы жазған бір дүбәра кітап, Көктәнді деген лақап атпен жазылған екі том, (қазақша, орысша) Әбенаев деген оралман агроном жазған бірнеше кітап, «Шыңғыс хан» журналын сағалаған Б.Нұржекеев қатарлы жазушылар мен журналистер жазған мақалалар. Енді екі жылдан бері «Қазақ әдебиеті» газетінде Оңғар Нақып деген бір әуесқой тарихшы 3000 жылдан бергі тарихымызды қопарып, күллі қазақтың түп-тұқиян зәу-затын Қоңырат тайпасынан таратады. Қоңыратты Еділ-Жайық бойынан құрғақшылық апатынан құтқару үшін үдере көшіріп, Қиыр Шығысқа апарып ұлы Хұн қағанатын құрғызады. Тұман-Мете қағандар дегеніміз кейінгі оғыз-көк түрік, Қалқадағы қоңыраттар болып, одан Шыңғыс ханды тудырып, одан Алпамыс батырды Жиделі Байсынға бастап барған ұлы Қоңырат елін таратады. Шыңғыс дегеніңіз моңғолдардың Ата бейітіндегі – Бурхан Халдунда емес, Ұлы таудағы Алаша хан екен. Қазақ тарихшылары аудандық газеттің қызметкері – мектеп директоры Оңғар Нақып ашқан осы «ұлы жаңалықты» әлі танып білмей, лағып жүрген көрінеді.
Ал жазушы Бексұлтан Нұржекеев Шыңғыс ханды өзінің Алтынемелінде туғызып, Қас, Күнес, Текес өзендері бойында есейтіп, Моңғол даласына қарай шерулетеді.
Сөйтіп, Шыңғыс хан елесі 30 жылдан бері Қазақ даласын кезіп жүрген көрінеді. Елес қуалаған әуесқой тарихшылар пофессор Зардыхан Қинаят, Қаржаубай Сартқожа, Қойшығара Салғара, Тұрсынхан Зекен, Нығмет Мыңжандар мен түрік-татар, орыс тарихшыларының том-том кітаптарына жүгінгісі келмейді. Ал моңғол-қытай, жапон тарихшылары мен еуропалық зерттеушілер сүйенген тарихи дерек көздеріне жоламайды. Нақтылап айтқанда, оған тістері батпайтынын мойындағысы келмей, ауыздан-ауызға, қолдан-қолға өткен қайдағы бір аңыз-әңгімелерге сүйенген араб, парсы тарихшыларының жазғандарын, сол елдер архивтерінде сақталған делінген бірлі-жарым деректерді малданады.
Мен осы жағдайлар жөнінде әңгімелескен кезде, Зардыхан ағаға: «Сіз мына бетімен кеткен тарихшысымақтарға қарсы мақала жазып тарихи шындыққа, тарихқа неге ара түспейсіз?» – деп сұрақ қойғанымда, ол кісі орнынан тұрып кетіп, терең күрсініп, ширыға: «Ой, Әлеке-ау, мен соның бәріне жауап берерлік том-том кітаптар жаздым ғой. Оны оқымаған, немесе оқыса да жүректерінде тоқымағандарға тағы не деп, нені түсіндіре аламын. Мен жазарымды жазып болдым. Тарихқа таласы бар бауырларым, менің жазғандарыма қарсы дәлелді уәждері болса, неге атап-атап көрсетіп, мені сөз сайысына шақырмайды. Тарих – ойыншық емес, еріккеннің ермегі де емес, жүзшілдікпен, рушылдық науқанмен алына қалар қалқайма қорған емес қой. Түрік-қазақ тарихын әлемдік, онда да шығыстық тілдерді меңгерген, тарихи жазба деректерді еркін пайдалана алар нағыз отаншыл ұрпақтарымыз жазып шығатынына кәміл сенемін. Тарих толқынына шала-пұла дайындықпен көз жұма қойып кету аса қауіпті – бәріне уақыт төреші. Тарихшылардың өтпелі кезеңдегі «балалық ауруы» әлі-ақ өте шыға салады», – деп, мені сабырға шақырған болатын.
«Темучинді тарих сахнасына алып шыққан – моңғолдар, ал көкке көтерген – түркі халықтары»
Қадірлі, қазақ зиялылары, кәсіби және әуесқой тарихшылар осыдан 800 жыл бұрын өмір сүріп, жарты әлемдегі бастыны идіріп, тізеліні бүктірген ұлы қағанды тудырған кіндік анасы да, Орда шежірешілері де жазып қалдырған жазба деректің жоқтығы рас, бірақ бағындырылған қытайдың қағанға қызмет еткен әйгілі кеңесшілері мен өзінің орда кеңесшілерінің ақыл-кеңесімен жазылған «Ясы» заңы, «Алтын шежірелері», т.б. жазба мұралар, әсіресе, араб, парсы, Византия, Еуропа елдерінің жиһангез барлаушы-саудегерлерінің айлап-жылдап жүріп өткен жол сорабын, жол бойындағы ел мен қала, дала жағдайын жазып қалдырған топографиялық-географиялық, этнологиялық дерек көздері Шыңғыс ханды түрік-қазақ-жалайыр, қоңырат-үйсін еткісі келген жазармандардың қаламына неге ілінбейді? Он мыңдаған шақырымдық шалғайда жатқан, ұлы даланың шет пұшпағына да аяғы тимеген жалдамалы араб, парсы жазармандарының жазғандары неліктен бірден-бір ақиқат ретінде қабылдануы керек? Шыңғыс хан туралы том-том кітапсымақтар жазған және араб, парсы тілін қаншалық білетіні де белгісіз біреудің аудармасындағы шатасқан тарихты не үшін бас шұлғып қабылдауымыз керек? Әлемдік 800 жылдық Шыңғыс хан мен оның түріктеніп-мұсылманданып кеткен хан-сұлтандарының тарихын теріске шығара қоярлық, есі дұрыс адамдарды иландыра қоярлық қандай зерттеу-еңбектерін атап көрсете алады екен? Моңғол тарихын, ескі-жаңа тілді жетік білетін профессор Зардыхан марқұмның сонау 2012 жылы жазып қалдырған: «Шыңғыс ханды түрік, қазақ дегеніміз ұят болады, ол – моңғол халқының тарихи тұлғасы», – дейтін ғылыми тұжырымын жоғары бағалаған академик Мәмбет Қойгелдиевтің жоғарыда келтірілген Шыңғыс ханды түрік немесе қазақ деп танудың ұят екенін айтқан пікірінде тарихи шындық бар. Осындайда орыс тарихшыларының «моңғол-татар игасы» деп ғасырлар бойы зарлап келген уәжіне біздің тарихшыларымыз арасында да әлі күнге бірлікке келген ғылыми баға жоқ екені еске түседі екен. Ол – өз алдына бөлек әңгіме.
Ал ата жауы болмаса да, белдеу жауы болған моңғолдың Темучинін әлемдік кеңістікке неліктен түріктер алып шыққанын кім қалай түсінер екен? Біздің қазақ әуесқой тарихшыларының тарихи һәм дүниетанымдық өресі, білім-білігінің шалалығы ақиқаттан гөрі, айғай-дүрмекке, көңіл ауанына, анығырақ айтқанда, күні өткен рушылдық пен жүзшілдіктің ұнамсыз мүңкімесіне елтігеннен басқа еш нәрсе емес. Олардың Темучинді түрік-қазақ дегені – айтыла салған жай сөз. Ал ру-тайпаға теліп өлерменденуі нағыз шындық болатын.
Біздің олардың тарихи білім-білігі мен танымдық өресі жетпеген дегенде айтар уәжіміз мынадай жөнге негізделеді. Орыстың көрнекті тарихшысы Василий Ключевскийдің шетелдіктердің орыстар тарихын жазғандары туралы: «…Олар Ресейдің ішкі өміріне тереңдеп кіре алмаған және ешқашан кіре алмайды. Шетелдік ғалымдар Ресейдің «Сыртқы тіршілігін» ғана қамтиды, ал «ішкі өмірін» тек қана орыс тарихшысы, орыс жазушысы ғана түсінеді», – деген өрелі ойына сүйеніп, кей «тарихшылардың» шалғай далада, аралас-құралас өмір сүріп, бірде тату, бірде қату қатынаста болған киіз туырлықты моңғол-түрік (қазақ) тайпаларының арғы тарихы түгіл, ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы өмір салты, ел билеу жосыны, дүниетанымы, әсіресе әскери құрылымы мен олардың құрамы жөнінде, діни наным-сенімдері жөнінде білері мүлде шала, әфсаналық деңгейде болғанына күмәнданбаймыз.
Осы арада Ежелгі Хұн-түрік қағанаттары тұсындағы ауқымды әскери жорықтар тарихынан бірнеше мысал келтіре отырып, өз ой-тұжырымдарымызды тиянақтағымыз келді.
Б.ж.с. дейінгі 209-174 жылдары Хұн тағында отырған Мете Тәңірқұттың Хан патшасына жазған әйгілі хатында (терістік пен батыстағы): «…Иүзілерді, Крурана (Пышан), Үйсін, Хужие (қыпшақ-оғұз) елдерін және оларға көршілес жатқан 26 елді бағындырып, түгелдей хұндарға қостық. Осылайша барлық садақты ұлыстарды бір шаңырақ астына топтастырдық» (Тарихи естелік – 110 орам), – деп жазғанынан ежелгі ата-бабаларымыздың Отан, халық-ұлыс жөніндегі ұғым-түсініктерін анық аңғаруға болады. Осындайда моңғол-түрік-тұңғыс-кидан, қара қытайлардың әр дәуірде бір-бірін бағындырып құрған үлкенді-кішілі хандықтары мен қағанаттары билеушілері басып алған жерлеріндегі әскери құрамаларды, олжаланған ер-әйелдерді, бала-шағаларды, ерте ортағасырлардағы еуропалықтар мен византиялықтар, берісі Наполеондар сияқты жаппай қылыштан өткізбеген, немесе құл базарында саудаламаған. Әрине «қанды жорықтарда қырғыншылық болмаған еді» деп ешкім де айта алмайды.
Сонау хұн-үйсін, қаңлы, түрік қағанаттары тұсында жеңімпаз қаған немесе әскери қолбасылар жеңілген жақтың еркек кіндікті азаматтарын өз құрамасына қосып алып, ұлы жорықтарын жалғастыра бергеніне тарихтан мың сан дерек келтіре аламыз. Арғы тарихты айтпағанда Бумын қағанның, Естеми қағандардың алғаш соңынан ерген 70-700 серіктері қысқа ғана уақыт аралығында Көктүріктер қағанатын құра сала (550-552 ж.) Естемидің он оқ бұдұнның он шад басқарған он түмен әскері қайдан пайда бола қалды? Сол он шад басқарған Естеми қаған ата жауы саналған Жужан-Кидан ханын өлтіріп, 50 мыңдық халқын, әскерімен қоса Батысқа қашып кеткен Жаужан әскерін қуалай Қап тауына дейін барып, оларға қамқор болғысы келген Византия короліне: «Бұлар менің құлдарым еді. Олар аспанға ұшса – аяғынан, жерге кірсе – шашынан тартып шығарамын. Егер оларды қолдауыңды қоймасаң, өзіңнің тағыңды талқандаймын», – деп елші аттандырады. Сондағы, Кавказға барып орныққандар – бүгінгі дағыстандық Ауарлар (ауып барған халық дегенді білдіретін түркі сөзі) болатын.
Тоныкөк пен Күлтегін бастаған кейінгі Түрік қағанатының 20 мыңдық шағын әскері 50-60 мыңдық Түркеш қағанаты әскерін Болису-тамақ жазығында талқандап, берілген «он оқ бұдұн» әскерін қосып алып сонау «Темір қақпаға» дейін жортып, Кеңгерес-кенегестерді бағындырып олжаға батып қайтпайтын ба еді?
Кейінгі Қарлық-қарахандар мен қара «Қытай-Ляу» хандықтарының Хорезм хандығын бағындырған Шыңғыс әскерінің құрамында Батысқа жорық жасағаны күні кешегі тарих емес пе еді?
Темірлан мен әйгілі Сайд хандардың әскери қосындары жөнінде де соны айтуға болады. Академик М.Қойгелдиевтің «Темучинді тарих сахнасына алғаш көтерген – моңғолдар, ал оны әлемдік даңққа бөлеп, көкке көтерген –түркі халықтары еді» дегенге келетін пайымы, сондай тарихи қалыптасқан далалық әскери-әкімшілік һәм рухани жақындықтарына байланысты айтылған.
Осыған дейінгі айтқан ғылыми-тарихи талдауларымызды түйіндей келе айтарымыз, ширек ғасырдан бері Қазақстанды шарлап жүрген Шыңғыс хан елесін, шалықтаған елес қалпында қалдырып (екі ғасыр Еуропа мен Азияны шарлаған коммунизм елесінен, үрей-үркінінен құтылғанымыздай), реал өмір шындығына қол артқанымыз жөн сияқты.
Түйін сөз: Шыңғыс хан, арғы мың жылдықтарды айтпағанда, ХІ-ХІІІ ғасырларда Моңғол үстіртінде аралас-құралас өмір сүрген моңғол-түрік-қазақ ру-тайпаларына ортақ тарихи тұлға болатын. Мен өз зерттеулеріме сүйене отырып, «Шыңғыс ханды «қазақ» деп атау – ұят» деп кесіп айтуға да, «жоқ, ол – тек моңғол» деп біржақты айтуға да болмайды дер едім. Қалай болғанда да, моңғол Темучин – Шыңғыс хан қазақ халқын ел қылып, қазақ хандығы шаңырағын көтерген ұлы хандарымыздың туған әкесі. Күллі әлем тарихшылары, біздің әуесқой тарихшыларымыздан көрі сауатты болғанына күмәндана алмаймыз.
«Шыңғыс – Моңғол-қазақ-түрік халықтарына ортақ ұлы тұлғамыз» дегенді жатырқағаннан ешнәрсе де өзгере қоймас.
Ал жазушылар мен ақындардың еркін көсілгендеріне, шығармашылық фантазиясы мен отаншылдық рухты асқақтататын шабытты шалқуларына шәк келтіруден аулақпыз. Көркемдік шындық пен тарихи шындық арасына өткел бермес қорған салуға мүлде болмайды деп қараймыз.
Ең бастысы – саяси және тар өрісті әсіре ұлттық ұрандар ұшығынан сақтануымыз, бұл күндері тіпті де маңызды сияқты. Дәлел-дәйекке сүйенген ғылыми, сауатты пікір алысуға дайынмын. Саяси түсінікті тықпалап, күшке салып, белден басатын дүлейлікке айтарымыз жоқ. Тарих, тарихи тұлға туралы сөз айтқысы келген үлкен-кішілердің тарихи дерекке сүйеніп сөйлегенін қалар едік.