ЖАҚСЫ ШЫҒАРМАНЫ ҚАЙТАЛАП БАСУ – ӘБЕСТІК ЕМЕС, ӘДІЛЕТТІЛІК
12.05.2021
851
0

  Соңғы кездері газет беттерінде Кітап палатасы туралы жиі айтылып жатыр. Бұрын мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың тағдыры Мәдениет министрлігінде шешілетін еді. Енді бұл жұмыспен айналысуды министрліктің өзі Алматыдығы Кітап палатасы деп аталатын мекемеге тапсырса керек. Біраз адамдар «Палатаға бергені дұрыс па, жоқ па?» деген сыңайда пікір білдіруде. Меніңше, талқылайтын мәселе – Палата ма, Министрлік пе дегенде болмасқа керек. Түптеп келгенде, екеуі – бір-ақ нәрсе. Оның үстіне, Палата – сол министрліктің құзырындағы  мекеме болса керек. Екеуінің де айтатыны –  бір-ақ сөз: жауапкершілікті өздерінен аулақтатып, «Комиссия», «Көркемдік кеңес» деп аталатын көзге көрінбейтін әлдебір жақтарға сілтеп салады. Осыған орай түсініктеме берген Палата басшылығының сөзіне қарағанда, тізгін ұстар мекеменің аты ауысқаны болмаса, шынында өзгерген ештеңе жоқ екен. Палата жанында екеу ме, әлде үшеу ме – Комиссия болатын көрінеді. Мұндай комиссия бұрын да болған, алдағы уақытта да болады – барлығын шешетін де солар. Егер «кітабым неге шықпады?» деп сұрау салсаңыз: «Комиссиядан өтпеді», «Көркемдік кеңестен өтпеді» деп жауап беретіні сөзсіз. Ал ол «комиссия», «кеңес»  дегендер кімдер? Бұл – «Жұмбақтас» деген секілді жұмылған жұдырықтай тас қамал. Оның қақпасын ашып, ішіне ешқашан кіре алмайсыз. Комиссия – бітті! Кітабыңыз неге өтпей қалды десеңіз – оған да жауап табады. Қысқасы: қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса. Ар-ұяты бар, өзін сыйлайтын авторлар Комиссиямен де, Министрлікпен де арыздасып, дауласып жатқысы келмейді. Керісінше, ұяттан ұтысты артық санайтын кейбіреулер комиссияның үстінен «жеңіс туын» желбіретуі мүмкін. Мұндайдың мысалдары бұрын да болған.

Кейде комиссия деген – коррупция дегеннің синониміне ұқсап кететіні бар. Әйтпесе, әдеби, ғылыми, тілдік сапасы мен мазмұн-маңызы жағынан қоқысқа лақтырудан өзгеге жарамайтын кітапсымақтардың қара нөпірі қаптағанын қалай түсінеміз? Сосын, комиссия мүшелері жеке адамдардан тұрады. Жеке тұлға дегеніміз – субъект. Осыдан келіп, комиссия мүшелерінің, жалпы комиссияның авторға деген көзқарасы субъективтік симпатиясы мен антисимпатиясы коррупциядан кем рөл атқармайды. Осылайша антисимпатияның айбалтасымен қағылып қалатын кітаптар да аз болмаса керек. Оның есесіне, жоғарыда айтылған қара нөпір қоқыс кітаптар дәл осы симпатияның жылы алақанының астынан жып етіп өтіп кететіндер болуы мүмкін. Алайда бұл – шешілмейтін проблема. «Комиссия болмасын»  деп ешкім де айтпайды. «Комиссия болмасын» деген – «үкімет болмасын»  деген секілді сөз. Ол болады және бұрын қалай болып келген болса, әлі де солай бола бермек. Қайтеміз: адам-пенде болып жаралған соң, шарттылықтардан  бөліне  алмаймыз. Көнеміз, бұйырғанын көреміз.

Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарға «Жаңа кітап болсын» деген талап қойылатыны бар. Егер талғамға лайық дүние болса, әрине, жаңа кітаптарды бірінші кезекте шығарған – әділеттілік. Бірақ жаңа екен деп, татымсыз кітаптарды шығаруға болмайтыны да есте болмақ керек. Өйткені мұндайлар көп шығып жатыр. Оның есесіне, оқырман сұранысына лайық еңбектерді қайталап басудың еш артықтығы болмас еді. Басты талап – сапада болмақ керек. Бұл нарық үрдісімен де толық үйлеседі. Себебі бір ғана тауарды телеарналар күніне мың рет жарнамалап жатады ғой. Интеллектуалдық мүлік ретінде шығарманың одан несі төмен? Тек оқылатын, әдеби, ғылыми деңгейі жоғары болсын. Әдеби шығармаға да жарнама керек. Оның үстіне бір рет басылған дүние ұзаса бес мың данамен таралады. Он шақты миллион оқырман үшін бұл – тамшыдай ғана. Сондықтан жақсы шығарманы мерзімдік басылым мен баспалардан қайталап шығару – әбестік емес, әділеттілік, қажеттілік деп білген жөн.

Енді «Палата ма, жоқ па…» дегенге келсек, меніңше, бұл – бір қадам ілгері басқандық, Министрлік деңгейіндегі бюрократиядан Палата түріндегі демократияға, халыққа жақындағандық. Осы тұрғыдан Министрлік дұрыс шешім жасаған деп ойлаймын. Бір ұсынысым: Алматыдан өзге, ел астанасы мен  Шымкент қаласында Палатаның бөлімшелері (филиалдары), ал облыс орталықтарында өкілдері болса, авторлармен қарым-қатынас барынша жақсара түсер еді, түйткілді, даулы мәселелер де сол жақтарда шешіліп жатар еді. Енді мұны Министрліктің өзі шешеді ғой.

Ең соңында айтарым: Кітап палатасына да, құрылған Комиссияларға да ізгі ниетті сәттілік тілеймін. Біздікі – «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендік қана.

Ғұсман  ЖАНДЫБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір