СУ БАСУ ҚАУПІН АЗАЙТПАҚ
27.03.2023
135
0

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма өзенінің мұзын жару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, үйлерді су басуының алдын алу үшін Алтай ауданындағы Бұқтырма өзенінде мұз жару жұмыстары қолға алынған.

«Қазіргі уақытта Тұрғысын ауылының маңында 20 мың шаршы метр аумақта мұз ұсақталды. Аудан бойынша су басу қаупін барынша азайту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, су ағатын арналар, көпірлер, арықтар, су өткізгіш құбырлар тазалануда. Халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Енді алдағы уақытта өзендегі мұз жару жұмыстары Малеевск, Богатырево, Быково ауылдары мен Зубовск кентінің маңында жүргізіледі. Алтай ауданында барлығы 12 елді мекенді су басу қаупі бар. Жалпы, Шығыс Қазақстанда 6 ауданды су басу қаупі бар. Өйткені биыл аймаққа қар қалың түсті.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазір Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан, Ұлан, Күршім аудандарында топырақтың қату тереңдігі – 50 сантиметрге, ал қар жамылғысының биіктігі кей жерлерде 90 сантиметрге дейін жетеді.
Өңір бойынша су тасқыны болған жағдайда – 1 719 адам, 756 техника, 83 жүзу құралы және 224 мотопомпа сақадай сай тұр. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір