«ПІРІМ МЕНІҢ –  ЫБЫРАЙ» АТТЫ КІТАП ЖАЗУДАМЫН
12.05.2021
1276
0

Тана ҚОҢЫРАТБАЙ, ыбырайтанушы, педагогика ғылымдарының кандидаты:

 – Ы.Алтынсаринды ұлтымыздың тұңғыш педагогы деп танимыз. Оның артына қалдырған мұрасы  ұлттық педагогика саласына қандай үлес қосқан?

– Ыбырай Алтынсарин – қазақ даласында оқу-ағарту ісінің негізін қалаған жаңашыл халық мұғалімі, халқымыздың тұңғыш  педагогы. Оның  ағартушылық қызметі: жазушылық, әкімшілік басқару, мәдени ұйымдастырушылық, саяси-әлеуметтік, әдіскерлік, судьялық т.б. қызметтерімен астасып жатады. Тарихи тұлға  атану шыңына Ы.Алтынсарин ерекше дарындылығы мен еңбекқорлығының, жан-жақты білімінің,  санқырлы қызметіндегі  іскерлігінің,   рухани-адамгершілік қасиеттерінің  бір арнада тоғысуы нәтижесінде көтерілген. Ол – қазақ халқының  тарихын жасаушы ірі тұлғалардың бірегейі, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері.

Ы.Алтынсаринның мұралары күні бүгінге дейін халқымыздың рухын биіктетіп келеді. Ұстаз-ғалымның ұлттық педагогика саласына қосқан ең қомақты үлесі – балалардың  ана тіліне жетік болуын, ұлттық рухта тәрбие алуын  бірінші кезекке қоюы. Бұл мәселе бұрынырақтағы жылдары арман болса, қазіргі таңда  басты құндылықтар қатарында  күн тәртібінен түскен жоқ. Сонау 1970-жылдары  Педагогика ғылымының «Халық педагогикасы» дейтін саласы ерекшеленіп,  осы салада  қаншама диссертациялық зерттеулер жазылды. Халық педагогикасының асыл мұраларын оқу-тәрбие ісіне ендіру талаптары   жаңа заман оқулықтарында  көрініс беріп, оқу орындарының іс-тәжірибесін жаңғыртты. Бұл құбылысты Ы.Алтынсарин идеяларының  бірнеше ғасырдан соң жаңғыруы дейміз. Бұрын Республикамызда орыс тілді мектептер,  шала қазақтарды  дайындап келе жатқан  аралас мектептер көп болса,  бүгінде елімізде қазақ мектептерінің саны өсті.  Қайсыбір жылдары Астана  мектептерінде бірінші қазақ сыныптарының  саны 15-17-ге дейн  жетіп, жас ата-аналардың  санасы өзгеріп,  дұрыс бағыт алғандығын көрсетті.

 Ал Алтынсаринның  көркем әдеби туындылары – өлеңдері мен әңгімелері, этнографиялық еңбектері, ғылыми-әдістемелік шығармалары ұлттық педагогика саласына қалдырған сарқылмас  мұра  болып табылады.

– Алтынсарин туралы драмаңыз несімен құнды?

–  «Дала шамшырағы» деп аталатын драмам  І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында қабылданып, 2008 жылы  4 маусым күні беташары  болды. Қойылымның бас режиссері – Қазақстанның халық әртісі, белгілі  театр және кино актері Ерсайын Төлеубай. Сол кездегі театр директоры Н.Ерекешев болатын. Басты рөлдерді орындағандағандар:  Ыбырайды сомдаған М.Жапаров, Ана рөліндегі  З.Әбдіхалықова, Ильминскийдің рөлін атқарған Қ.Иманов, Арызқұлды ойнаған Қ.Бекайдаров, Батыс саяхатшысы Адам Сенкевич рөліндегі А.Уәлиев, т.б. өнер иелері  барын салып, көрерменнің көңілінен шықты. Драма содан бері 13 жыл бойы сахнадан түспей келеді. Бір өкініштісі,  қойылым Алтынсаринның 170 жылдығында да, биылғы 180 жылдықта  да Қостанайдан басқа ешбір облысқа  шыққан емес. «Қазақтың Алтынсаринын насихаттау ісін   Қостанай облысымен шектеу дұрыс па?»  деген сұрақ  туындайды.

Драманың  құныдылығы жоқ емес. Біріншіден,  Ыбырайдың  сахналық бейнесі ең алғаш рет (2008 ж.) сомдалды. Көрерменнің  жас Ыбырайдың өзімен кездескендей әсерге бөленуі, оның ерлік әрекеттеріне сүйсінуі, ұлы адамды кітаптан емес, сахнадан тану – бұл тек сахна мен актерлердің құдіретімен болатын құбылыс. Жастарға  адамгершілік, эстетикалық сезім тәрбиесін беру, ұлттық рухын ояту,  олардың тарихи санасы мен көзқарасын оң жолға бағыттау жұмыстарының барлығын осы қойылым атқара алады деуге болады. Ыбырайды жете түсінбегендіктен, қате пікірде жүрген үлкендердің де ұлы адамға деген құрмет сезімін оятуға  ықпалы бар. Жалпы,  «Дала шамшырағы»  Ыбырайтануға өзіндік үлес қосып келеді.

– Ыбырайтанудың  аяқ алысы қалай болып жатыр?

– Ыбырай шығармашылығын зерттеу арқылы ыбырайтану саласы дамып келеді.  Бұл ретте қостанайлықтар үнемі көш басында. Көптеген ірі конференциялардың Қостанайда өтіп келе жатқаны сияқты, ыбырайтанушылардың басым көпшілігі де сол Қостанай облысынан. Мәселен, ұстаз-ғалым, ақын Серікбай Оспанов осы кезге дейін Ыбырайға арналған 9 кітап жазып шықты деп мақтан тұта аламыз. Оның «Ыбырай жолы» деген кітабының алғашқы таныстырлымы  Елордада өтпек.   Сондай-ұстаз, ғалым Қуаныш Ормановтың, ақын  Ақылбек  Шаяхметовтың, Ыбырай атындағы дарынды балалар мектебінің бұрынғы директоры   тәжірибелі  педагог, ыбырайтанушы Қайырова Сәбираның, сол мектеп педагогтарының, Қостанайдағы Ы.Алтынсарин мұражайы қызметкерлерінің,  т.б.  қосқан үлестері мол. Басқа облыстарда да  мақалаларымен ізденіп жүрген мұғалім, ғалымдар жетерлік. Тіпті дисссертациялық еңбектер  де бар. Ыбырайтанушылар қатары өсе беретініне сеніміміз мол.

 Өз басым Ы.Алтынсаринның кітап сөрелерінде көнеріп тұрған  екі томдық шығармаларын 2001ж. және 2009 ж. қайта құрастырып,  жаңартып, баспадан шығарттым. Педагогикалық ірі журналдарда 18 мақала жарияласам, соның бірі ТМД елдерінің халықаралық журналында орыс тілінде жарық көрген. (Украина,2009ж. «Ы.Алтынсарин: история становления педагогической науки и практики в Казахстане» (к 168-летию со дня рождения Ы.Алтынсарина). Одан басқа 2008 жылдың қазан айынан бастап «Ыбырай Алтынсарин» қоғамдық қорын ашып, оның жұмысын 8 жыл атқардым. Мұғалімдердің, ғалым-педагогтардың, студенттердің басын қосып, кенференциялар, семинарлар, кездесулер өткізіп, Алтынсарин мұраларын насихаттау жұмыстарын басқардым. Баспадан шығаруға  қол ұшын беретін  қамқоршы табылса, биылғы 180 жылдық мерейтойға арнап  «Пірім менің – Ыбырай» атты кітап жазудамын.

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір