Анатолий Ким. Мен – әлемдегі ең бақытты жазушымын
12.05.2021
1782
0

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бірлескен жобасы – «Асыл сөз» сұхбат айдары жалғаса түспек. Бұл жолғы қонағымыздың жөні бөлек. «Асыл сөзге» Мәскеуден онлайн байланысқа шыққан аса дарынды жазушы, гений тұлға, қазақ қаламгерлерінің кітабын орыс тіліне аударған талантты аудармашы Анатолий Ким сұхбат берді. Анатолий Андрейұлын қазақтың бүгінгі әдеби және мәдени интеллигенциясы жатырқамайтыны белгілі. Туған жеріне деген ыстық ықыласы бір мысқал өзгермеген Ресейдің аса көрнекті жазушысының әңгімесіне назар аударыңыздар.

Аударма туралы алғаш ұсыныс жасаған Оралхан Бөкей еді

          – Анатолий Андрейұлы, өзіңіз айтатындай, сіз қазақ ұлтына жат емессіз. Түркістан облысының (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) Сергиевка деген ауылында дүниеге келгеніңізді көпшілік біледі. Ресейдің әдеби ортасында өзіндік  орныңыз бар. Қазақтың Мұхтар Әуезов, Әбдіжәмил  Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей сияқты біртуар жазушыларының еңбектерін орыс тіліне аударғаныңызды білеміз. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын аударуға не себеп болды?

         – Қазаққа кім жақын, кім бөтен екенін мен емес, халық өзі анықтайды. Мен Қазақстанда тудым, балалық шағым Қазақстанда өтті. Сегіз жасымда туған жерден жыраққа кеттім-дағы, бұл ел менің санамда сондай жарқын, сондай шуақты, жасыл төбелері алқызыл қызғалдақ пен бәйшешек көмкерілген жұмақ мекен сияқты сақталып қалды. Жап-жасыл бөктерлер мен аппақ бәйшешек образы жадыма мықтап бекігені сондай, әлі күнге дейін сырын жоғалтпаған картина сияқты көрініс беріп тұрады.

         Анатолийдің бұл елге туыстығы мен бөтендігін анықтау елдің құзырында. Осы керемет жер маған өмір сыйлады, сол үшін өзімді қазақ халқына бөтен емеспін деп ойлаймын.

         Ал шығармашылық ғұмырымда қазақтан шыққан классик қаламгерлерді түгел дерлік аударуым – тағдырдың кездейсоқтығы емес. Жазушы болып қалыптасқан соң қазақ жазушыларын аударуыма ешқандай себеп түрткі болған жоқ, тек құлшыныс болды деп айтсам, өтірікші бола қоймасым анық.

         Өз еңбектерін орыс тіліне аудару туралы ұсыныс білдірген тұңғыш қазақ жазушысы – Оралхан  Бөкей. Қазақ жазушысынан түскен ұсыныс менің санамда бұғып қалған бірталай сырдың бетін ашты. Қазақшадан орысшаға аударма жасау жағынан басқа аудармашыларға қарағанда,  менің қабілетім жоғары сияқты көрінді. Оның да өзіндік себептері бар: мен қазақ халқының жан-дүниесін таныдым, оны туған шағымнан бастап бойыма сіңірдім, қазақтардың ортасын туған жерім, өскен ортам деп білдім. Қазақ жазушысымен бір жерде, бір елде өскендіктен, біз рухани қандас едік…

Қазақ халқы мен кәріс халқының арасындағы қарым-қатынас өте жоғары деңгейде. Тарихи отаныңызға оралғанда не сезіндіңіз (сіз Кореяда 5 жыл жұмыс істедіңіз ғой)? Сізге қай ұлттың әдебиеті етене жақын, болмысыңызға сәйкес?

– Кореяға елуден асқан шағымда ғана барудың реті келді. Бұл кез  – жазушы болып  әбден қалыптасқан шағым. Атағым да бар, кітаптарым   жиырма төрт елдің тіліне аударылып үлгерген шақ.

Ел ортасына келген шағымда, Кореяға табан тіреп тұрып, өзімнің орыс жазушысы екенімді ұқтым. Ес білген кезімнен бастап, осы жасыма дейін орыс тілінде сөйлеп, орысша ойлап, орыс тілінде жазып келіппін. Орыстілді ортада қалыптасқанымнан, жан-дүнием де  орыс тіліндегі әдебиетке, орыс тіліндегі эмоцияға, орыс тіліндегі көңіл күйге дағдыланыпты. Тіпті, әлемдік деңгейдегі класссиктердің өзін орыс тіліндегі аудармалардан оқыдық.

 Жазушының басты құралы тіл болса, оның жан-дүниесі де сол тілге ынтызар болады, сол тілге қызмет етеді. Сондықтан менде тарихи отаным мен туған жерімнің әдебиеттері арасынан қай жақынын таңдау мәселесі туған жоқ. Орысша оқып, орысша жазған соң,  «автоматты» түрде орыс халқының жазушысы болдым. Бала күнімнен, жас күнімнен менің көзқарасымды, ішкі дүниемді қалыптастырған тілге қызмет ету, оны құрметтеу – менің міндетім!

Сіздің шығармаларыңызда сюжет бірінші кезекте тұрмайды. Шығарма қаңқасы сияқты рөл атқаратын сюжеттің арасын терең философиямен мақсатты түрде толтырасыз ба, әлде бұны стиль деуіміз керек пе?

– Адамзат қалыптасқалы өмір заңдылықтары өз бағытын өзгерткен емес: өмірге келесің, өсесің, қызмет істейсің, соңында бұл дүниеден мәңгіге жоғаласың. Табиғат қалыптастырған бұл сюжетке адам ешқашан ешнәрсе алып-қоса алмайды. Әлдебір өзгерісті қаласа да, адам табиғаты мұндай ұлы төңкерістерге, ұлы өзгерістерді істеуге қауқарсыз.  Міне, сондықтан шығармашылық адамы өмірдің негізгі кезеңдерінің арасын керемет сәттермен толтыратын құндылықтарды, өзі кеткен соң дүниеге келетін адамзат  ұрпағы үшін қажетті рухани-философиялық шығармаларды  туғызуы керек.  Осы ұстаным нәтижесінде менің күллі әдеби шығармаларымда сюжет алдыңғы орынға шықпайды. Мен үшін кез келген сюжет таптаурын, әбден мылжаланған әрі жүздеген мәрте қайталанған болып көрінеді. Сондықтан әрбір шығармамда сюжетті адамзат үшін маңызды құндылықтармен толықтыру арқылы, өзектілігін жоймайтын рухани материалдарды пайдалану арқылы байытуды көздеймін.

Әдеби шығармадағы сюжет адам жанына қажетті дүниелерге негізделмесе, оның ешбір рухани мәні бола қоймайды. Шығарма  оқырманының ішкі дүниесіндегі сұранысты қанағаттандыра білуі керек.  

Соболевтың Әуезовке таққан сыны – тарихи қате

 –  Аударма  мәселесіне  қайта оралайық. Бір сұхбатыңызда Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын аударған Соболевтің нұсқасына, Абай өлеңдерін аударған ақындар – Смеляков пен Жовтиске сын айтыпсыз. Расында, «Абай жолының» орыс тіліндегі алғашқы нұсқасы соншалықты төмен деңгейде ме?

– Мен шығармашылық ғұмырымда қазақтың аса биік, заңғар әрі ұлы тұлғаларын аударыппын. Расында, олардың әрбірі – әлем әдебиетінің классикалық дәуірінің принциптерімен санасқан, қаламгерлік қасиет дарыған жазушылар.

Қазақ халқының бас ақыны Абай ғұмыры хақында жазылған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын аудардым. Аталған туындыны  аударма арқылы білдім. Аудармашыны Леонид Соболев деп таныдық. Турасында, Әуезовтың ауқымды еңбегін тұтас бригада аударған-дағы, бригадир міндетіне Соболев жүктелген. Міне, мен әйгілі шығармамен осы аударма арқылы таныстым.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың  ұлы  Мұрат Әуезов арқылы Соболев пен роман-эпопея авторының аударма барысындағы жазысқан хаттарына қол жеткіздім. Совет әдебиетінің классигі саналғанымен орта деңгейлі жазушы деңгейінен биіктей алмаған Леонид Соболев ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке қалай дұрыс әдебиет жасау керектігін, шығарманың қай тұсын жөндеу керектігін айтып, біршама «дәріс» беріпті.

Аудармамен айналысқан бригаданың ішіндегі ең көрнектісі Леонид Соболев болса, қалғандары оның деңгейінен төмен жазушылар. Сондықтан олардың бәрі Соболевтың ырқына жығыла берген.

Леонид Соболев Әуезовке шығарма мазмұнында  тарихи оқиғаларды жазуда социалистік реализмнен қашықтап, халықтық ұстаным мен партия көзқарасына ыңғайланбау байқалатынын айтқан. Бұл – Әуезовтың соншалықты биік шабытпен жазған сезімінен мүлде алшақ адамның сөзі. «Абай жолы» – мыңжылдықтарды  қамтитын, көшпелі жұрттың мінез-құлқын, өмір салтын көрсететін ұлы шығарма.  Социалистік реализмнің өкілі Соболев жарықтықтың Әуезовке таққан сыны – тарихи қате, шығармашылық адамы ұрынбауы тиіс қателік.

Осы жағдайлармен мұқият танысқан соң мен Мұрат Әуезовтен сөзбе-сөз аударма жасауды сұрадым. Өйткені бұрынғы аударманы негізге алу мүлде мүмкін емес еді. Ол кісі бұл бастамаға асқан ыждағаттылықпен кірісіп, екі қазақ жазушысы мен сөзбе-сөз аудармаға жауапты редактор тағайындап берді. Сөзбе-сөз аударма дайын болған соң жұмысқа кірісіп кеттім.

«Абай жолын» аудару барысында өзіме көптеген мағлұматтар алып, мыңжылдықтар дәуірімен  қатар тыныстадым. Бұл – жазушы үшін жұмыстың қаншалықты сәтті болатынына әсер ететін фактор.  Әуезовты тәржімалау  арқылы әлемдік мәдениеттің бір бағыты болып есептелген – көшпенді мәдениет туралы білімімді жетілдіріп, ойлау көкжиегімді кеңейттім.

«Абай жолы» романындағы ең маңызды құндылықтар Соболев пен оның бригадасының қолымен жоғалған. Бұл бригада жұмыс істеген кезде байларға, қоғамдағы ауқатты адамдарға, көшпенді мәдениетке деген көзқарас мүлде  бөлек еді. Мен олардың «тазарту жұмыстарының нәтижелерін» жоққа шығарып, Әуезовтың төл ойы мен идеясының, сипаттау тәсілдерінің табиғатын бұзбай аударуға тырыстым. Ғұмырымдағы, шығармашылық ғұмырымдағы осы жұмысымды мақтан тұтамын.

Абай өлеңдерінің аудармасы хақында бірер сөз. Смеляков пен Жовтистің аудармалары екі түрлі деңгейде. Себебі поэзияны аударатын ақын жаңа өлең жазады. Демек, мүнда ақын деңгейі үлкен рөл ойнайды. Смеляков мықты ақын еді де, Жовтис ортаңқол ақын болатын. Осыдан кейін аударма халін бағамдай берсеңіз болады. Мен роман-эпопеяда кездескен өлеңдерді Абай болмысын елестете отырып өзім аударып шықтым. Сол себепті  менің аудармаларым алдыңғы ақындардан мүлде бөлек.

Принциптер қайшылығы Әбекең екеуміздің де арамызда болды

Қазақ әдебиетінің абызы Әбдіжәмил Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романын аудардыңыз. Осы аударма төңірегінде алып-қашпа әңгіме көп. Тарқатып айтып беріңізші. Жалпы, Әбдіжәмил Нұрпейісовпен қарым-қатынасыңыз қалай? Қазақ жұрты Нұрпейісовтың 95 жылдық мерейтойында сізді көріп қуанған еді… Бір сұхбаттарыңызда қазақ жазушысы туралы ауыр-ауыр пікірлер айтыпсыз…

– Мен Әбдіжәмил Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» романын орыс тіліне тәржімаладым. Осы аударма төңірегінде қандай алып-қашпа әңгімелер жүріп жатқанын білмеймін. Бірақ Нұрпейісовпен қарым-қатынасым туралы айта аламын.

Қазақтың классик жазушыларының бірі Әбекеңмен тамаша қарым-қатынастамыз. Мен Алматыда өткен Әбдіжәмил Нұрпейісовтың 95 жылдық мерейтойында болдым. Өздеріңіз білесіздер, ол кісімен тіл табысу қиын, мінезі де ауыр. Анау-мынауға мойынұсына бермейтін, өзінің суреткерлік принциптерінде табандап тұрып алатын адаммен тілтабысу үшін дәл сондай мінез керек. Біз де шығармашылық жұмыс барысында өзіміздің пікіріміз бен принциптерімізді қорғау үшін жұдырық жұмсауға дейін баруға даярмыз.  Міне, осындай мінездер мен принциптер қайшылығы Әбекең екеуміздің де арамызда болды. Бірақ жылдармен бекіген достықты жұмыс барысындағы кикілжіңдер жеңіп кете алмасы анық. Біз бір-бірімізді сынға алсақ та, жауға айналған емеспіз.

Иә, Әбекеңді автор ретінде сынайтын тұстарым бар: мен кітапты аударып шығып, өз келісімін алдым, кітап басылып шықты. Тағы бірде жолықсам, ол аударма еңбектің негізгі жүйесін бұзып, түзетулер мен толықтырулар енгізіпті. Мен бұл еңбектен ішкі музыкалық ритмді байқадым. Нұрпейісов музыкасын ішкі дүниеме сіңіре отырып, түрлендірілген аударма дайындағанмын. Ал оның аудармаға енгізген толықтыруларын керемет деп айта алмаймын  (күліп).

«Абай жолы» романын аударғанда «эпикалық деңгейге» көтерілдім деп айттыңыз. Бұл жұмыстың жауапкершілігі  ме, әлде Абай мұрасының, өмірінің сізге тигізген әсері ме?

– «Абай жолы» роман-эпопеясын аудара отырып, бұл шығарманың адамзаттың тұтас дәуірлік сипатына енгенін аңғардым. Антикалық дәуірді Гомердің «Иллиада» және «Одиссей» поэмалары сипаттайды. Ал гуманистік қайта жаңғыру дәуірін Мигель де Сервантестің «Дон Кихот» романы, орыс өркениеті дәуірін Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» роман-эпопеясы адамзат жадында мәңгіге қалдырды.

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы адамзат баласына тән мәдениеттердің бірі – ат үстінде күн кешкен көшпенді жұрттың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, дала заңдарын керемет суреттеген. Ол – қазақ әдебиетінде осындай өте ауқымды көлемді қамти алған жалғыз жазушы.

«Абай жолын» аудару арқылы өзімнің шығармашылығымда эпикалық деңгейге көтерілу мәселелерін ойладым. Адамзаттың бүкіләлемдік рухани процесі өзі өмір сүрген дәуірмен тікелей байланыста болады. Мен де өзім ғұмыр кешкен ортаға әрекет еттім және жан-тәніммен адамзаттық болмысты тануға, адам өмірінің негізгі философиясын анықтауға ұмтылдым.  Өзімнің эпикалық орынымды іздеп, орыстың әйгілі философтары Федоров, Вавилов және Циалковскийлерді оқи отырып, адамзат дәуіріндегі біртұтастықты түсіндім. Мұхтар Әуезовпен рухани тілдесу арқылы өзімнің эпикалық орынымды таптым. Осы әсер жетегінде жүріп, ғарыштық дәуірді сипаттайтын «Радости рая» атты классикалық романымды жазып шықтым. Оның классикалық деңгейге көтерілуіне «Абай жолын» аударып бола салысымен кіріскенім де әсер етуі әбден мүмкін.

Жалпы қазақ жазушыларын аудару барысында қандай қиындықтар туындайды? Нұрпейісовтың, Әбдіковтың, Бөкеевтің, Кекілбаевтың шығармаларын аударғанда қайсысы сізге қиын соқты немесе ерекше әсер қалдырды?

– Әуезовтың, Нұрпейісов пен Кекілбаевтың, Әбдіков пен Бөкеевтің шығармаларынан бөлек, жақын арада ғана қазақ халқының бас ақыны, данышпан тұлғасы – Абайдың «Қара сөздерін» тәржімаладым.

Бұ ғаламда жазушы тұрмақ, әрбір қарапайым адам бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Ал жазушы жандүниесі өз алдына бөлек әлем: әр қаламгердің стилі, сөз құрау тәсілі, сюжет жасау әдістері әрқалай.

Мен аударған әрбір жазушының бір-біріне мүлде ұқсамайтын өзіндік қасиеттері бар. Әрбірін жан-жақты зерттеп, ішкі музыкасын тауып, негізгі идеяны дөп басып, орыс тіліне аударуға тырыстым.  Аудармашының ең басты қасиеті – түпнұсқа авторының жеке қасиеттерін тану және аударма барысында шығармадағы қолтаңбаны жоғалтпау.

Қазақтың біртуар қаламгерлерінің әрқайсысын аудару кезінде қызығушылықтың арқасында қиындықтарды аттап өттім. Дала музыкасына елітіп, шығармашылық көңіл-күй орнағанда жоғары деңгейлі жұмыс шығатыны анық. Қиындықтардың болмағанының тағы бір себебі –  сол дала музыкасының  бала күнімде бойыма сіңгені деп білемін.

Санамда қазаққа деген ерекше махаббат қалыптасты

Қазақ жазушыларының сізге деген құрметі өте жоғары. Оны байқау аса қиын емес. Бұл сіздің Қазақстанда туғаныңыздан ба, әлде қазақ әдебиетімен тығыз жұмыс істегендіктен бе? Сіздің өміріңіздегі қазақ әдебиетінің маңызы қандай?

– Қазақ жазушылары ғана емес, режиссерлер, суретшілер, ғалымдар мен  әртістер де мені сыйлайды. Мұндай қарым-қатынасты  дала мінезін бойына сіңірген, табиғатпен етене байланысқан кең жүректі қазақ халқының өзіндік пейілі деп санаймын. Осы тоқтамға келуіме бала күнімдегі қазақ балаларының көзқарасы мен өзара  қарым-қатынасы әсер етті.

Балалық шақтағы  естеліктер, ата-анамыздың Сталин мен Берияның бұйрығымен Қазақстанға жер аударған кезде қандай қиыншылық көргені туралы әңгімелері, қазақтардың бауырмалдығы туралы сүйсініп айтқан сөздері жадымызда сақталыпты.  Жүздеген, мыңдаған кәріс отбасыларын қазақтар өз үйлеріне бөліп алып кеткен. Менің әке-шешемді Қызылорда қаласының темір жол вокзалынан белгісіз бір қайырымды кісілер көре қалып, жылы орын беріп, қыстан алып шығыпты. Басқа да көптеген туыс, таныс кәрістердің ерекше ықыласпен айтқан әңгімелерінен кейін менің санамда қазақ халқына, Қазақстанға деген ерекше махаббат қалыптасты. Менің сүйіспеншілігіме дархан көңілді қазақ халқы да жылы қабақ танытты. Қазақ халқының мәдениетіне қосқан үлесім де бағасыз қалмады. Аударма ісіндегі, кино саласындағы жұмыстарымның нәтижесі де маған деген осындай сыйлы көзқарастың қалыптасуына әсер етті.

«Қазақфильмде» ауқымды жұмыс атқардым, қазақ-кәріс театрларында пьесаларым қойылды, қазақтың марғасқа жазушыларын орыс тіліне тәржімаладым. Осы себепті өзімді сый-құрметке лайықпын деп есептейтінім де жасырын емес.  Қазақ халқының маған деген көзқарасы – қазақ жұртына деген ыстық ықыласымның  жауабы  деп қабылдаймын.

Сіз әйгілі актер Иннокентий Смоктуновский туралы «Гений. Повесть о Смоктуновском» деген кітап жаздыңыз. Сол шығармаңызда:  «Смокутновскийдің де, менің де генийлігім (гениальность) өте аянышты…»  деген ой түйесіз. Осы түйінді тарқатып бересіз бе?

– Маған оқырмандарымның көпшілігі шығармашылығымның аса жоғары деңгейде екенін айтып, ризашылық хаттарын жолдап жатады. Меніңше, генийлік деген ұғымның қарапайым екенін дәлелдеу қажет емес. Егер қаламгер сөзбен сурет салып, бұрын-соңды болмаған еңбек туғыза алса, оқырмандарына эстетикалық ләззат сыйлай алса, оны ойланбастан «гений» деп бағалауға болады.

Өз еңбектерімде шығармашылық жұмыстың биігіне жетуді мақсат еткенім, үздіксіз ізденістер арқылы жаңа құндылықтарды көрсететін мүмкіндіктерге, әдіс-тәсілдерге қол жеткізгенім менің генийлігімді айғақтайды.  «Анатолий Ким – гений» деген пікірдегі кісілермен толық келісетінім рас (күліп).

Бірақ менің данышпандығым неге соншалықты аянышты көрінеді? Мен осы жағдайды Смоктуновскийдің тағдырымен байланыстырамын. Әлемнің ұлы әртісі өзінің бүкіл шеберлігін отбасын асырау үшін тиын-тебенге бағалады. Мен оның өмірінің соңғы жылдарына, соңғы күндеріне куә болдым.  Кореяда тұрып жатқан кезімде бірде  Бакуға  демалысқа келдім. Сонда Смоктуновский маған бір шыныаяқ шай беруге қауқарсыз болды. Әлемнің ұлы әртісі Смоктуновский тағдырдың осы тәлкегінен бас көтере алмастан дүниеден өтті.

Тарихтан аты әлемге танылған атақты адамдардың тағдырына көз салсаңыз, басым көпшілігінің тұрмыстық жағдайы өте нашар болғанын байқайсыз. Жазушылардың, суретшілердің, тіпті, ғылым қызметкерлерінің әлеуметтік ахуалы неге төмен болады? Бұл қандай заңдылық?  Данышпандық пен тұрмыстық пасық тіршілік өзара қабыса алмайды ма деп ойлаймын кейде.

Өзім туралы айтсам, егер мен қазір дүниеден өтсем, менің әйелімде менің сүйегімді жерлейтін қаражат жоқ. Жердің өзі миллиондаған рубль тұрады. Сондықтан менің жалғыз үмітім – крематорий (күліп).

Жер бетіндегі барлық данышпандардың, оның ішінде менің рухани әкемдей болған Смоктуновскийдің өлімі аса аянышты, қауқарсыз, өкінішті болып көрінеді…

Жазушыларды, суретшілерді  бақытты деп айтуға  бола  ма? Сіздіңше, үнемі ой тұңғиығындағы кісі бақытқа қол жеткізе ала ма? Әлде бақыт дегеніміз абстрактылы ұғым  ба? Мүмкін иллюзия шығар?..

– Әрине. Өзінің шығармашылық ғұмырын арманындағыдай қалыптастыра алған нағыз суретші, нағыз жазушы өзін бақытты санайды. Суретшінің де, жазушының да қуанышы әрі бақыты – өзінің көңіліндегі толғақты туындысын ойдағыдай шығара алуы, рухани дүниесіне қиянат қылмауы, Құдай берген бақты пенделік мақсатта қолданбауы.  Суреткер нарыққа, пайдаға, билікке, көпшіліктің қошеметіне жұмыс істемеуі керек. Шығармашылық жұмыс – Құдай дарытқан дарынын жаңа дүниені туғызуға арнау.

Егер жазушы не суреткер шығармашылығына адал болса, тұрмыстың қиыншылығына қарамастан оны бақытты адам деп атауға әбден болады.  

Мен де өз ғұмырымды бақытты сүрген адамдардың бірімін. Ойға алған, көздеген, санамда жетілген барлық шығармаларымды жазуға өмірім жетті. Шығармашылығымның деңгейі биік екенін уақыт дейтін адал таразы дәлелдеп келе жатыр. Бұдан асқан не бақыт керек?!

Бақыт деген ұғым бар. Оны иллюзиямен шатастырмау керек. Иллюзияны тереңірек талдасаңыз, бүкіл әлемдік құбылыстардың иллюзиядан тұратынына көз жеткізесіз. Бақыт – адамның Құдайдан берілген міндетін адал атқаруы, өз жаны рахат алатын іспен айналысуы.  Осыларды айта келе, мен өзімді «Әлемдегі ең бақытты адаммын» деп санайтынымды жеткізгім келеді.

Суретшіліктен жазушылыққа келетіндер көп. Қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары арасынан да мықты суретшілер көптеп табылады. Өнердің қос саласының  арасында қандай да бір нәзік байланыс бар ма? Әлде мұның бәрі жай ғана кездейсоқтық па?

– Меніңше, барлық өнер бағыттарының табиғаты өзара байланыста. Бұлай деу себебім – өнер атаулы адамның жан-дүниесімен, ішкі әлемімен әрекеттесуге негізделген.  Өнердің барлық саласына тән ортақ құндылық – адам санасына әсер етуі, өнер иесінің өзін көрсетуге деген ұмтылысы және қоршаған ортадағы құбылыстарды жанама әрекеттермен жеткізуі.

Адамның сезім мүшелері – көз, құлақ және сана арқылы өнерді танимыз. Өнер адам жанына нәзік қана діріл қосу арқылы оны ойлануға, қиялдауға, бір сәт бұл әлемнің қым-қуыт тірішілігінен сытылып шығуына көмектеседі. Бұл – кез келген өнерге тән тылсым құбылыс.

Әдебиет – адам мен заманның шамшырағы

 Біз Анатолий Кимнің жазу тәртібін білгіміз келеді. Тәуліктің қай мезгілінде жазасыз? Проза   шабыттың емес, еңбектің жемісі екені рас. Том-том кітаптарды қағазға түсірер алдында қандай дайындық жұмыстарын жүргізесіз?

– Менде бәрі қарапайым. Таңертең жұмысқа отырып, шаршағанша жұмыс істеймін. «Проза – шабыттың емес, еңбектің жемісі» дейтін және бұл жұмыстан соншалықты шаршайтынын айтатын жазушылар қатары қалың. Бірақ бұл қағидалардың маған қатысы жоқ.

Мен тапсырмамен, міндетпен, өзімді қыстаумен жазбаймын. Бағзы заманғы жазушылардың күніне кем дегенде бір бет жазатын әдеттеріне бағына алмаймын. Әрдайым жұмыс істегім келіп тұрады, ал зауқым соқпаса, жұмыс үстеліне жақындамауым да мүмкін.

Үлкен романдарымды жазу барысында жоспар да құрмаймын, алдын ала материалдар да жинамаймын. Менің шығармашылығым шабыттың желісіне негізделген әрі әдебиеттің әр алуан ағыстарының арасынан гармония тауып, өз ішіңдегі рухани музыка ритміне ілесе отырып жазуға дағдыланған.

Шабыт пен еркіндік болған соң  ауқымды көлемдегі еңбектерімді оңай жазып шығамын. Василий Налимов есімді жақын танысым бар. Өзі – философ. Ол өзінің «континуалды философия» деп аталатын тұжырымдамасына менің шығармашылығымнан жауап тапты. Оның айтуынша, адамның санасында барлық сұрақтың жауабы бар, тек көпшілік өз-өздеріне дұрыс сұрақ қоя алмайды.

Оның тұжырымдамасы – менің шығармашылық тәжірибемді толық қамтитын дүние. Мен шығармашылық жұмыс барысында өз-өзіме сұрақ қоя отырып, дайын жауапты аламын. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де еркіңізде. Сонымен қатар, мен қанша сағат жұмыс істесем де шаршаңқылықты сезінбеймін. Менің қаламымнан туған ерекше тіркестердің, керемет сөйлемдердің барлығы шабыттан туғанын айтқым келеді.

Осы күнге дейінгі шығармашылық ғұмырымда дайындықпен әдеби еңбек жазбаппын. Тіпті, сюжет те құрмастан, жоспар да даярламастан кірісіп кететінмін. Бірақ нәтижесінде тәуір шығармалар дүниеге келді. Көпшілік сүйсініп оқыған кітаптарымның барлығы осындай тәртіпте жазылған.  Әдебиетпен, шығармашылық жұмыспен айналысудың да өзіндік ләззаты осы тұста деп санаймын…

Сөз бен әдебиетті адам басқаратын құрал деп қарастыруға болмайды. Әдебиет – адам мен заманның шамшырағы. Егер әдебиет өз функциясын орындап тұрса, ол қоғамда ешқандай әлеуметтік мәселе болмайды. Құдайлық құбылыстың біз білмейтін тылсым сыры көп екені хақ…

 Аса қадірлі, Анатолий Андрейұлы! «Асыл сөз» айдарына сұхбат бергеніңіз үшін ұжым атынан, «Қазақ әдебиеті» газетінің атынан алғыс білдіреміз. Өзіңізге деген қазақ жұртының, әсіресе әдебиет өкілдерінің ықылас-пейілі ерекше. Бізде сұхбат соңында бата беретін ерекше үрдіс бар. Сол үрдістен жаңылмай асыл сөзіңізді, батаңызды сұраймыз.

– Қымбатты Кітап палатасының ұжымы, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясы! Сіздерге алғыс білдіремін! Абайды, Әуезовты, Нұрпейісовты, Кекілбаевты туған қазақ даласының топырағы мен үшін де туған жер болғаны үшін қуаныштымын. Менің қазақ халқына деген пейілімнің ерекше екенін айттым, сіздерден де сондай құрметті сезініп отырмын. Қазақ жұрты өсіп-өркендей берсін! Қазақ әдебиеті жаңа дәуірмен қатар тыныстап, дами берсін!

– Көп рақмет!

 Әңгімелескен  Әділ ҚОЙТАНОВ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір