Мінуар Әкімханов. Жастық шақ өте шықты көрген түстей…
12.05.2021
767
0

*** 

Демеймін жырымды өмір жаңа ұштады,

Соңымнан жолда жүрсем шаң ұшпады.

Әйткенмен әлде кімдер кедейсініп,

Жасытты, жүрегімді жаныштады.

 

Емес бұл өзімді-өзім кеміткенім,

Жоқты іздеп, жолға шығып демікпедім.

Жарандар жаны жайсаң жолыққалы,

Ой-қиял өрістеді, кеңіп демім.

 

Көрмедім қиындықтан бір күн жеріп,

Әр жерден несібемді жүрмін теріп.

Ақиқат,  аңғармадым қасыма осы…

Келгенін жетпіс деген жылдың желіп. 

 

               Қараешкі

 Несіне бұртиямын,

Мен сенің шетте жүрген бір тұяғың.

Ортаңа ойда-жоқта бара қалсам,

Кеудеңе нөсерлетіп жыр құямын.

 

Қараешкі – қарлы қыспақ,
Қой бақты әкем сол бір тауды қыстап.
Қайыңды, қарағайлы көркем жердің,
Келбетін көз алдымда қалдым ұстап.

Соғатын долы боран,
Деп еді әкем сонда:  «Тоныңа оран»…
Малға өріс ашамын деп қар күредім,
Бір сәтке босаған жоқ қолым одан.

Бермейтін  рұқсат бір,
Келгенмен қолхоз бастық ұлық-тақсыр,
Оятып қараңғыда шыр ұйқыдан,
Тұратын жақын маңда ұлып қасқыр.

 

Қозғайды қайғы ескіні,
Ұмытпан тоғайлы тау Қараешкіні.
Жалт етіп жалғыз соқпақ жоғалатын,
Бір демде бола қалса қар көшкіні.

Қозғайтын тағы ескіні,
Оңаша ойға оралтсам Қараешкіні.
Жайылған қой түгілі, есіме алам,
Мүйізі иір-иір Тауешкіні.

Өмірдің өкінішті өткелдері,
Бермей жүр жанға маза көптен бері.
Көңілден қалай ғана болады ұмыт,
Әкемнің басқан ізі, төккен тері.

*    *    *

Айнымас адал достай жаным сенер,
Өзіңсің жүрегіме жалын себер.
Анамды көргендей боп қуанамын,
Көзіме сенің төбең шалынса егер.

Сағынбай тұрман, ауылым, көзім жеткен,
Бал дәурен балалығым өзіңде өткен.
Сүйген жар алақаны деп білемін,
Айқара құшақ жайып, желіңді өпкен.

Бастағам, Сарыжаз, сенен жырдың басын,
Сендегі ел жүрегімнен сыр тыңдасын.
Ауылым өсіп-өнген өреніңнің,
Өлеңге өзек етем нұр тұлғасын!

 

               Бір белгі

 Адам тапшы жолға салар жөн сілтеп,

Сені қайдан тапсам екен енді іздеп?
Қалай ғана айырамын анығын,
Өзің басқан мына қара жерде із көп.

Терең ойға берілмеппін дәп мұндай,
Сен келесің әлі күнге таптырмай.

Табанымнан таусылмас ем шынында,
Қатар жүрсең, бағытыңды жалт бұрмай.

Аумаса да саған ойдың күнде еркі,
Түсті есіме тілдескен сәт ілгергі.
Жасыра алман,  өлең жазып отырмын,
Өзіңе арнап қалдырмаққа бір белгі.

 

         Келемін

Алға озып кетпеген соң қатты желіп,
Тілеуі кейбір достың жатты кеміп.
Қауқарсыз жайымды осы сезгендей-ақ,
Бір қаскөй тобығымнан қақты келіп.

Сүріндім, содан бірақ мертікпедім,
Шаңдатып жоғымды іздеп ентікпедім.
Тағдырдың соққысына төтеп беріп,
Түсірмей иығымды мен тіктедім.

Төбемнен кетпесе де аспан көшіп,
Келемін сан-сынақты бастан кешіп.
Жүрекке түскен жара жазылар ма,
Білінбей басқан ізім жатсаң да өшіп.

Болмаса ел сезінер ақында айбын,
Несіне тілді безеп тақылдаймын.
Жоғалса көңіл қошым көрер көзге,
Бейне бір су сіңбеген тақырдаймын.

 

Ақ қырау басты ақырын

 

Тұншығып кеудемдегі сөзде піспей,

Жүргенде көп ішінде, көзге түспей,

 Ноқтасыз асау тайдай арпалысқан,

     Жастық шақ өте шықты көрген түстей.

 

 Өткіздім бос желікпен сан айымды,

Ақ қырау басты ақырын самайымды.

Жеткізбей кеткен арман өкініші,

    Бетке ұрып, беріп жатыр «сазайымды».

 

Қалған қарт болмасам да жасы жетіп,

Кетіппін талай қырды басып өтіп.

 Жыр еттім азғана ойды алғаны үшін,

 Түбіне көкірегімнің жақсы бекіп.

 

Қолымнан сусып кетіп таныс жұмыс,

Болмадым кімдерменен алыс-жұлыс.

 Қатардан қалмайын деп қармандым да,

Әйтеуір күн кешкен жоқ жаным тыныш.

 

             *    *    *

Жалт етіп, қиялымнан өтсең кей күн,

Жан еркем, тағы қайта көрсем деймін.

Талабым талай мәрте ұшты желге,

Соңғы үміт ақтала ма, көп сенбеймін?!

 

Есімде көзді арбаған сұлу тұлғаң,

Жандай ем, бақытына шын ұмтылған.

Қолыңа жыр боп тиген жасырмаймын,

Кеудеме өзің жайлы сырым тұнған.

 

Қалып па ең сен де мені сүйіп шын-ақ,

Тұратын көздеріңнен түсіп шуақ.

Сол күндер көрген түс боп, жыл құсындай,

Аяулым кеткенің бе, ұшып жырақ?

 

Ажырап алыстады бұл күнде ірге,

Азайды өзіңді ойлап күлкім мүлде.

Көкірек көк тұманнан айығар-ау,

Алдымнан шыға келсең шіркін бірде!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір