Ұстаз-ғалым
Адам өмірінің қымбат уақыты мен қажырлы еңбегін талап ететін, әрине, ғылым. Қоғамның өркендеуіне, ғылымның заман талғамына сай дамып, жетілуіне де кең жол ашатын ғалым-ұстаздар. Ел құрметін еншілеген осындай тұлғалардың бірі – әлеуметтану ғылымдарының жүйеленуіне үлкен үлес қосқан, ұлағатты ұстаз, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА корреспондент- мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор – Раушанбек Боранбайұлы Әбсаттаров. Тынымсыз ізденудің нәтижесінде жинақтаған мұралары қастерленіп, қоғамның әр алуан саласына бағытталған еңбектері терең маңызға ие болған оның өз ортасындағы абыройы асқақ.
2005 жылдан бері Раушанбек Боранбайұлымен ғылым және білім беру саласында бірігіп жұмыс жасап келеміз.
Кезінде болашақ ұстаз, ғалым Рахаң Киевтің аспирантурасын бітіргеннен кейін елге оралып, 1971-1988 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінде аға оқытушы болып, ұстаздықтың сара жолын бастайды. Сөйтіп ол ғылымға бар өмірін түбегейлі арнайды. Шығармашылыққа түпкілікті ден қойған ғалым Киев қаласына қайта жол тартады. 1982 жылы докторантураны аяқтайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде доцент болып қызмет атқарып, Қазақстан үшін ғылыми зерттеудің жаңа бағыттары, атап айтқанда, ұлтаралық қарым-қатынастар мәдениеті, жалпықазақстандық келісім мен патриотизм дәстүрінің дамуына қомақты үлес қосты.
Ғылым мен өмірді сабақтастырған тұлға жеке өмір сәнін де келістіре білді. Отбасына шырай берген Меруерт сынды аруды өміріне серік етті. Жан жары қазір педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор. Талғампаз да биязы мінезді Меруерт Раушанбек Боранбайұлының ғалым ретінде қалыптасуына ықпал еткен жандардың бірі десек, қателеспейміз. Берер тағылымы мол отбасының берекелі болатыны сөзсіз. Аға-жеңгеміздің қызы Майя, ұлдары Марат және Ғалымжан әке жолын қуған ғылым қызметкерлері. Бірі заң ғылымдарының кандидаты болса, кенже ұлы саяси ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің тарих және шетелдік студенттермен жұмыс факультеті деканының орынбасары. Ұл-қыздарынан бес немере және бір шөбере сүйіп отыр. Ұлағатты ғалымның отбасы әрқашан өзіне демеу болып, тектіліктің мұрасын жалғастырып келеді.
Ғалымға өз кезінде дұрыс жол сілтеген Кеңес Одағының аты мәшһүр академиктері П.В.Копнин және В.И.Шинкарук, профессорлар Д.Ф.Острянин, И.Д.Назаренко, И.В.Бичко, В.С.Дмитриченко, А.И.Доронченков, И.Ф.Надольныйдың, отандық ғалым – академиктер Б.А.Тулепбаев, Д.К.Кішібеков, М.Т.Баймаханов, профессорлар Б.Б.Амантаев пен Н.Д.Джандильдиннің Рахаң ақ батасын алған. Міне, өмір сабастастығы деген осы. Рахаңның ел тәуелсіздік алған тұсында билік тізгінін ғылыммен қатар ұстаған кездері де болған. Қазақстанның Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының әлеуметтік саяси және философия кафедрасының меңгерушісі, әрі Қазақстан Республикасының Президент Аппаратының кеңесшісі қызметін де игеріп, мемлекеттік маңызды жұмыстарды жүргізді.
Ұстаздықтың тағы бір асыл қасиеті шәкірт тәрбиелеу екені де әмбеге аян. Міне, сондай мақсатты алға қойған Рахаң білім ордасының қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі бола жүріп, 2000-2002 жылдар сол университеттің тарих факультетінің деканы қызметін қатар атқарды. Оқу процесінің ағзасын толық игерген білікті жетекшінің іскерлігі нәижесінде көптеген жұмыстар жасалды. 2009 оқу жылынан бастап осы оқу орнының саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының (магистратура және PhD докторантура) меңгерушісі ретінде осы саладағы ғылымның дамуына өз үлесін қосып келеді.
Ғалымды ғылыми үлкен жетістікке жеткізген шыңдарының бірі – алыс-жақын шетелдер тәжірибесін астастыра жүріп, саясаттану пәнінің маңыздылығын енгізіп қана қоймай, пәннің негізгі оқу құралдары мен іргелі еңбектерін қатар дамытуы. Жаңа ел болып қалыптаса бастаған жас мемлекет пен халық арасындағы байланысқа саясаттың таптырмас құрал екендігін дәлелдеді. Жас буынның саяси санасының дұрыс қалыптасуына кемел жол ашты.
Раушанбек Боранбайұлының Қазақстанның саяси, әлеуметтік-философиялық ғылымдарының дамуына үлкен үлес қоса жүріп, тоғыз тілде 40 монография, кітаптар, кітапшалар, оқу құралдарын және 600-ге жуық ғылыми және оқу-әдістемелік мақалалар жариялағанын көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Ол өз ғылыми еңбектерінде саясаттану, әлеуметтану және философия үшін іргелі және практикалық мәнге ие маңызды ғылыми жаңалықтарға қол жеткізді.
Сондай-ақ, Р.Әбсаттаров – Қазақстанның саяси ғылымының іргесін қалаушылардың, қазақстандық этносаясаттану және салыстырмалы саясаттану ғылыми мектебінің негізін салушылардың бірі. Оның этносаясаттану ғылыми мектебі шетелдерде кеңінен белгілі. Профессор Раушанбек Боранбайұлы белгілі, беделді ғалым-этносаясаттанушы ретінде Диаспораны жаһандық зерттеудің Дүниежүзілік Ассоциацияның вице-президенті («The World Association of Global Diaspora Studies (WADIS)», Кванжу қ., Оңтүстік Корея) болып сайланған. Ассоциацияның президенті профессор Лим Че Ван өзара ынтымақтастық нәтижесінде Қазақстанда болып, лекция-семинарларын жүргізді. Лим Че Ван мырзаның ұстаз туралы мақтаулы сөздері Рахаңның беделді ғалым екендігін, әлемдік ғылыми кеңістіктегі құрметін айғақтай түседі.
Ізденімпаз ғалымның басшылығымен саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы ғылыми зерттеу, оқу-әдістемелік және саяси тәрбие жұмыстарында үлкен табыстарға қол жетіп отыр. Ол еліміздің әлеуметтік-саяси ғылымындағы жетекші кафедралардың және ірі ғылыми орталықтың бірі. Атап айтқанда, соңғы он жылда Рахаң басқаратын кафедра мүшелері 10 тілде 22 монография, 38 оқулықтар мен оқу құралдарын, кітаптар, брошюралар және 1000-нан аса ғылыми, оқу-әдістемелік мақалалар жазып, жариялады. Олардың ішінде 100-і шетелдерде жариялады. Кафедрада өте жақсы тәртіп, шығармашылық ахуал орнаған.
Зерделі ғалым Раушанбек Боранбайұлы Ұлыбритания, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония, Египет, БАЭ, Ресей, Украина, Белоруссия және тағы басқа елдердің университеттері мен ғылыми орталықтарында баяндамалар жасап, дәрістер оқыды. Ол шетелдерде 60-тан астам ғылыми мақалалар басып шығарды. Ол жетекшілік ететін кафедра шетелдердің көптеген ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық орнатқан.
Рахаң ғалым ретінде шәкірттер тәрбиелеу ісіне де көп көңіл бөледі. Ол 20 ғылым кандидатын, 4 ғылым докторларын, 6 PhD докторды және 30 магистрантты дайындап шығарды. 1990 жылдан 2010 жылдар арасында саяси және философия ғылымдары бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғайтын Ғылыми Кеңестің мүшесі болды.
Сыр бойынан нәр алған ғалым-ұстаздың ғылыми көркем бейнесі, міне, осындай.
Рахаңды ғылымдағы әлі де талай биік шыңдардан көретінімізге сеніміміз мол.
Есенжол Алияров,
саяси ғылымдарының докторы,
профессор.