Ашаршылық құрбандарын ұмытуға болмайды!
30.04.2021
723
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді», – дей келіп, қасіретті кезеңнің ақиқатын ашып-зерделеу таза ғылыми ұстаныммен жүргізілу керектігін  ерекше атап өткен болатын. Ғасыр бұрынғы азалы жылдардың айшықталу барысы жөнінде ұлт зиялыларының пікірін ұсынып отырмыз.

 Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

ЖОҚТАУСЫЗ КЕТКЕН  5 МЛН-ДАЙ ХАЛЫҚТЫ ЖОҚТАЙТЫН ЖЫЛ…

        Биыл 1921 жылғы ашаршылыққа 100 жыл, 1931-33 жылдардағы ашаршылыққа 90 жыл толады. 3 ашаршылықта қырылып, жоқтаусыз кеткен  5 млн-дай халықты жоқтайтын жыл. Қалқитып  бірер ескерткіш қоюмен  ұлт тарихында бұрын-соңды болмаған ұлы қасіретті ұлықтай алмаймыз. Ұлттың шамамен 70 пайызын жалмаған осынау ұлттық трагедияға лайықтысы – Қазақстанда, Алматы қаласында үлкен мемориал-кешен орнату. Оның атын «Аза сарайы» деп қоюға болады. «Аза сарайының» бір есігінен кіріп, екінші есігінен шыққан кез-келген жан, мейлі ол орыс бола ма, қазақ бола ма, турист бола ма бәрібір, қазақ тарихындағы «ақтаңдақтар» тарихын бейне көзбен көріп шыққандай терең әсерленетін болуы керек. Балауыз мүсіндер тірілткен ашаршылық көріністерін көріп катарсис сезімін бастан кешуі керек. Бұл кешен Лондондағы «Мадам Тюссо» мұражайы үлгісінде жасақталуы қажет. Балауыз мүсін өнерімен жан бітірілген   тарихтағы жауыздықтар  «Мадам Тюссо» мұражайын  туристердің  ең көп баратын әйгілі  орнына айналдырды. «Аза сарайын» жасақтау барысында да бізге осы тәжірибені   ескерген жөн. Бұл идеяны біз Елбасыға да, Екінші Президентке де құлаққағыс еткенбіз. Нұрсұлтан Әбішұлы да, Қасым-Жомарт Кемелұлы да ойымызды терең түсіністікпен қолдаған. Ендеше, қайталап айтқым келеді, 1921 жылғы ашаршылықтың 100 жылдығына орай  атап өтілуге тиіс  іс-шаралар қатарында     Алматыда «Аза сарайының» іргетасы қаланса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

 Ғарифолла ӘНЕС, профессор:

 ЖАБЫҚ ЖАТҚАН ҚАЗАННЫҢ ҚАҚПАҒЫ АШЫЛМАҚ…

  Биылғы жылы ұлт қамын жеген жандардың қолға алған абыройлы ісінің бірегейі – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мен Ашаршылықта көз жұмған міскіндердің аты-жөнін, қаза болған қазақтардың сан мөлшерін анықтауға бағытталған жұмыстар. Президенттің арнайы Жарлығы жарық көрді, барлық облыстарда комиссиялар құрылды. Бір ғасыр жабық жатқан қазанның қақпағы ашылмақ, алаштың азалы тарихы жасырылып келген ажалды папкілердің көбесі сөгіліп, қандықол жауыздардың қылмыстары жария болмақ… «Дүние – кезек» деген осы да.

         Архив деген де біз көрген «көр», әрине, көргеніміз – бір тоғыз, көрмегеніміз  («көрсетпегені» дегеніміз дұрыс!) – тоқсан тоғыз. Түн түндігін түрмеймін дегенмен, күн де шықпай қоймайды. Шырылдаған шындықтар айтылмақ, азаппен жан қиғандардың арғы дүниеден жан дауысы естілмек…

Бірақ біздің бір білетініміз – осы «сұмдықтар» әлемінде аштан қатқан, қара топырақ жеп соңғы демі үзілген сорлы қазақтың оннан тоғызының, жүзден тоқсан тоғызының аты-жөнін, ру-сойын айқындайтын дерек жоқ. Иә, түнде түсіңе еніп, шошып оятар құрғақ цифрлар ғана бар. Сан-цифр, сандар, сандар… мүрделердің сандары. Детдомға өткізілген, жиналып алынған қаңғыбас қазақ балаларының саны. Қаралы сандар… Атаусыз, мекенсіз, отансыз сандар… Жоқтаусыз сандар…

Енді бүгінде оларды жоқтар күн туғанда тағы да салмақ қазақтың өз басына түспек. Жер бетінде ашаршылықтың таңбасы қанына сіңбеген бірде-бір қазақ жоқ! Әр қазақ өз ата-бабасының, ру-сойының шежіресіне қайта бір үңілмек керек. Ол зар заманда әр отаудан он бала өріп шығар еді. Соның қаншасы қыршынынан қиылды, қанша немере туыстың тұқымы жалғаспай қалды, олар аман болғанда біз қанша болар едік?.. Осы тектес сұрақтарға тек қана атам қазақтың ата шежіресі ғана жауап бере алмақ. Басқа жолды біз көріп отырған жоқпыз.

Бұл – бір жағынан көпке ой салар, жақсылығы да баршылық болар іс-шара. Ұлтты ұйыстырар, әр пендені тәубесіне түсірер, әр қазақты ата-бабаның шерлі тарихына үңілдірер шаруа. Озған ел тарихын тасқа жазар, тозған ел (осы кезге дейін болып келгеніндей) шежіресін жаспен жуар. Атсалысайық, ағайын!

Жаназасы оқылмай, көмусіз қалған бабаларымызды, бейкүнә сәбилерімізді жоқталық! Балаларымызға, немере-шөберелерімізге рухтарын шаттандырып олардың атын берелік! Құран-дұғаларымызға қосалық! Өткенімізге өкініп, қаскөйлерге қарғыс айтып, тірлігімізде бір арылалық! Алдағы күндерге салауат айтып, Алладан кешірім, береке сұралық!

 

P.S. Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін  мен Ашаршылық құрбандарын еске алу күні өзінің JOQTAU.kz (ЖОҚТАУ.кз) атты ресми порталының тұсауын кеспек.

Әр қазақ – менің жалғызым. Арманда кеткен 4,5 миллион қазақтың аты-жөнін анықтап, Құран-дұғамызға қосу – әрқайсысымыздың қасиетті борышымыз. 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір