Ұлт ұстазын ұмыту кімге тиімді?
03.04.2021
586
0

Ұлт ұстазының музей-үйі мемлекет меншігіне беріліп, еңселі ескерткіші Елордада бой көтермек

 Осыдан ай бұрын Алтынбек Нұхұлы бастаған бір топ Сенат депутаттары Үкіметке ұлт ұстазы, ғалым-лингвист Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Сенат депутаттарының сауалына орай Премьер-министр Асқар Мамин жауап беріп, 2022 жылға арналған іс-шаралар жөнінде хабардар етті. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Алаш қозғалысының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150  жылдық мерейтойын 2022 жылы мемлекеттік деңгейде атап өту мақсатында Үкімет тарапынан тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда», – дейді Мамин.

Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспарға  42 іс-шара енгізілген көрінеді.  Оған 55,9 млн теңге көлеміндегі қаржы республикалық бюджет комиссиясында қаралып, мақұлданыпты.

Жоспарға сәйкес мерейтой жылы аясында:

– «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиясын, ғалымның еңбектерінің толық жинағының көптомдығын әзірлеу және баспадан шығарып тарату;

– А. Байтұрсынұлының қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы

қойылымдық-деректі фильм түсіру;

– Қазақ әліпбиінің тұңғыш реформаторы А.Байтұрсынұлының  150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық Түркологиялық конгресс өткізу;

– Қазақ тілі мен әдебиетін үйретуге арналған «Тіл – құрал» атты арнайы  танымдық, зияткерлік телебағдарлама ұйымдастыру жоспарланған.

Сонымен қатар, Жоспарда Алматы қаласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» жеке меншіктен қала меншігіне өткізу мәселесі қарастырылып, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында ұстаздың еңселі ескерткішін Елордада орнату мәселесін қолға алыпты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Ахмет Байтұрсынұлының  150 жылдығына арналған мерейтойлық монеталар, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мерейтойлық маркалар шығармақшы.

Аталған мерейтойды ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы даталар күнтізбесіне енгізу туралы өтінім Ұйым Хатшылығына 2020 жылы            25 қарашада ресми түрде (Беларусь, Тәжікстан, Түркия және Иранның қолдауымен) енгізілген. Ұйым тәртібіне сәйкес мүше мемлекеттердің өтінімдері ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесінің отырыстарында қарастырылып, ү.ж. қараша айында өтетін Бас конференция барысында бекітіледі.

А. Байтұрсынұлы өмірге келген Сарытүбек қоныс орны «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында аймақтық маңызы бар киелі жерлер тізіміне енгізілген. Осы жердің аумағына Байтұрсынұлы әулетінің қорымы мен тұлғаның өмірге келген үйі кіреді.

2010 жылы тұлғаның туған үйінің орнына сол кездегі үлгіде «қоржын бас жай» қайта тұрғызылған. Бүгінгі күні бұл үйді қазіргі заман талаптарына сай етіп қайта салу оның тарихи мазмұнын төмендететіні ескеріліп, үйді осы күйінде сақтай отырып аумағын абаттандыру жүргізіледі. Аталған объектінің аумағын абаттандыру (тас төсеніштер төсеу, ағаш отырғызу, сыртқы қоршау орнату), сонымен қатар нысанды күтіп ұстаушы отбасы тұратын және келушілер орналасатын үйлер салу жобасы әзірленуде.

Киелі нысанның аумағындағы Байтұрсынұлы ұрпақтары қорымының сыртқы қоршауы 2019 жылы толық ауыстырылып жаңадан орнатылған.

А.Байтұрсынұлы атындағы ауыл Қостанай облысының Жангелдин ауданында орналасқан. Ауылға баратын жолдың жалпы ұзындығы 121,3 км, оның ішінде облыстық маңызы бар 14 км жақсы жағдайда. Аудандық маңызы бар 107,6 шақырым жолдың 11,4 шақырымына биыл 567 млн.  теңгеге жөндеу жүргізіледі. 96,2 км жолды жөндеу мәселесі Қостанай облысы әкімдігінің құзырында қарастырылуда.

«Жалпы ұлт мүддесі жолында қызмет еткен біртуар тұлғалар есімін ардақтау, олардың мерейтойлық даталарын атап өту бағытындағы жұмыстар Үкіметтің тұрақты бақылауында» делінген Пермьер-министрдің депуттардың сауалына берген жауабында.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір