«ТАЛАҚ»: ПСИХОЛОГИЗМДІ ҰМЫТУ, КЛИШЕГЕ СЫЙЫНУ
Молдияр ЕРГЕБЕКОВ, Өнертану докторы (PhD), Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ қауымдастырылған профессоры, Abai TV «Сана» бағдарламасының жүргізушісі
Бір жолы терең білімі бар социолог досым, заманауи қазақ кино режиссерлерінің ішінде маған ұнайтындарын сұраған кезде, Ерлан Нұрмұхамбетов, Шарипа Оразбаева, Кенжебек Шайқақов және Данияр Саламатты атаған едім. Алдымен, есіме түскендері осылар еді. Неліктен бұл режиссерлердің еңбегін ұнататынымды кейіннен өзімнен бірнеше рет сұрадым. Тапқан жауабым – бұл режиссерлердің қазақ тілін жетік білуі, күнделікті өмірде де қазақ тілін қолдануы және осынау ерекшеліктерінің фильмдеріне әсер етуі. Бұл режиссерлердің фильмінің ортақ тұсы – қазақы қара өлеңге тән ерекшеліктері бар поэтик фильм тілін қолдануларында жатқан сияқты. Не дегіміз келгенін аша түсер болсақ, бұл режиссерлер хикаятты дәстүрлі түрде баяндағанымен, эмоцияларға, символдар мен метафораларға, кейіпкер мен табиғат, көрермен мен табиғат қарым-қатынасына, лирикаға ерекше орын беріп, керемет эстетик тәжірибелер сыйлайды. Сонымен қатар фильмнің хикаяты көрерменді қамтып, көрермен фильмнің ішінде жүргендей сезінеді. Қазақы фильм дегеніміз, бәлкім, осы шығар.
Сондықтан да шығар, Данияр Саламаттың «Талақ» атты фильмі биылғы жылы ең қатты күткен фильмім болды. Фильмнің Бейімбет Майлиннің әңгімелері желісінде түсірілгенін естіп, қатты қуандым. Әңгімешілдікте сан жағынан болмаса да, сапа жағынан Чехов пен Борхестен кем түспейтін Майлиннің еңбектерінің универсал әрі локал ерекшеліктерін бағалай алмай жүргеніміз рас. Міне, енді соның керемет сәті түсіп отыр. Өзге де режиссерлеріміз Майлинге ден қоятын болды. Қуанышымның себебі де осында.
«Талақ» эстетикалық тұрғыдан жоғарыда да айтып өткенімдей керемет тәжірибелер береді. Фильмде қоңыр салқын түстің рөлі айрықша. Алыстан тау көрінгенмен оқиға жасыл желексіз, суық әрі сұсты қыр кеңістігінде өтеді. Фильмнің визуал ерекшелігіне жауап беретін қоюшы оператор мен қоюшы суретшінің еңбегін жоғары бағаладым. Әсіресе ауылнайдың мінген атымен қырға шығып алып, ескерт кіш сынды әрекет жасаған тұстарына назарыңды еріксіз аударасың да, беріде болып жатқан оқиғамен байланыс орнатасың. Бұл да – поэтикалық киноның ерекшелігі.
Фильмнен режиссер әрі фильмнің сценарисі Данияр Саламаттың көп еңбектенгенін көруге болады. Биылғы жылдағы мен көрген қазақ киносындағы үздік фильм «Талақ» дер едім. Десек те, фильмнің олқы тұстары да көзге ұрады. Қазірден айтып қояйын, бұл олқылық – жалғыз режиссер Саламатқа тән емес, жалпы заманауи қазақ киносының, тіпті Орталық Азия киносының ортақ проблемасы.
«Талақ» фильмі, жоғарыда да айтып өткенімдей, Майлиннің «Талақ» және «Әже» деп аталатын әңгімелерінің желісі бойынша түсірілді. Алайда режиссер Саламат, жазушы Майлиннің терең психологизмін түсіне алмаған сыңайлы. Мысалы, Майлин 1923 жылы жазған «Талақ» атты әңгімесінде, отбасын құрған жұптың үнемі жанжалдасып, артынша татуласатын тұйық шеңберге толы өмірлерін негіз еткен. Майлиннің сөзімен айтар болсақ: «Жетісіне бір ұрысу, ұрысқан сайын ұру, екеуінің ойынша да тұрмыстың заңы, шариғаттың бұйрығы секілденді. Олай ойлауларына себеп жайшылықтан гөрі, араздасқанның артынан екеуі бірін-бірі айлап-жылдап көрмеген адам секілденіп құшақтайды. Сондықтан екеуі бірін-бірі жәбірлесе де, біріне-бірі көрместік сөз айтысса да, ұзамай бір қызғылықты тұрмысқа қайтатындарын сезетін секілденеді».
Майлин өмірден өткен соң психология ғылымында көптеген зерттеуге арқау болған осынау жайттың қаншалықты проблемаға толы екенін автор сол уақытта-ақ байқаған болатын-ды. Тіпті әңгімесін: «…Айдарбек пен Зейнептің арасында болған талақты Күләмзадан басқа ешкім білмеді. Оңаша үйде жалғыз өзі қуыршақпен әуреленіп отырғанда, жамылдырған жаулығы, киіндірген киімі ретке келмесе: «Мен сенен талақпын», – деп қуыршақты лақтыратын болды. Ерлі-байлы адамның арасындағы жібін талақ үзе алмады. Ескі тұрмыс, ескі ұрыс, ескі төбелес – некелі қалыптағы сарынға түсіп аға берді…» – деп түйіндейді. Бұл жерден де көріп отырғанымыздай, Майлин ұрыс-керісті жиі жасайтын жұбайлардың жанжалы мен махаббаттары арасындағы парадоксқа барынша терең үңіледі. Сонымен қатар бұл ұрыс-керістің балаларға (Күләмзаға) әсеріне де психологиялық тұрғыдан баға береді. Майлиннің Зигмунд Пфайфердің 1919 жылы «Imago» журналында жарияланған зерттеуін немесе Зигмунд Фройдтың 1920 жылы жарияланған әйгілі «Ләззат принципінің арғы жағы» (Jenseits des Lustprinzips) атты еңбегін оқығанын, оқымағанын білмейміз, алайда Пфайфер мен Фройдтың балалардағы «травмалық невроздың» пайда болуы мен олардың ойындарына әсерін алға тартатын теорияларына мысал бола аларлық оқиғаны әлемде алғаш рет өнер саласында көрсеткен мәтін осы «Талақ» әңгімесі болуы әбден мүмкін.
Адамдардың махаббат пен ғадауат арасында қалатын зерттеу Зигмунд Фройдтың «Қорғаныс механизмдері» теориясы мен қызы Анна Фройдтың 1936 жылы жарық көрген «Эго және қорғаныс механизмдері» атты еңбегінен бастау алады. Ерлі-зайыптылардың жиі ұрыс-керіс жасап, артынша айқайласып табысу парадоксын бұл теориялар арқылы түсіндірер болсақ, зорлық-зомбылыққа душар болған адам, аман қалу немесе зорлық-зомбылыққа төзімді болу үшін осынау аяусыз жағдайды рационализациялауы (ақылға қонымды сияқты етіп орайластыруы) мүмкін. Басқаша айтар болсақ, ұрыс-керістен кейін болатын махаббатқа толы сәтті «жағымды» деп бағалап, қарым-қатынастың жалғасы үшін маңызды фактор деп белгілейді. Сонымен қатар мұндай жұптар конфликтілерді сүйіспеншілікпен шешу жолдарын таба алмаған кезде, осынау сезімдерге қысым көрсету немесе оларды жоқ деп санау арқылы репрессиялайды. Бұл жағдай проблеманың өткінші уақыт аралығында ұмытылуына жол ашады. Карл Юнг адамдар арасындағы осынау парадоксал қарым-қатынастардың себептерінің жеке тәжірибелермен бірге қоғамдық нормалардан да туындайтынын алға тартады. Бұдан басқа да себептерін көрсететін зерттеулер бар. Мысалы, Леон Фестингердің 1957 жылы ортаға қойған когнитив диссонанс теориясы, Майлиннің әңгімесіне арқау болған жағдайдың себеп-салдарларын түсінуіміз үшін маңызды тетік. Бұл теория белгілі бір адамның бір-бірімен қарама-қайшы наным-сенімдер мен мінез-құлыққа ие болу проблемаларын сипаттайды. Біздің мысалымызда адам жұбайына зорлық-зомбылық көрсете отырып, оны сүйетініне сенеді. Сондықтан да зорлық-зомбылықтан кейін оған деген махаббатының бар екенін көрсетеді. Осылайша, өз бойындағы қарама-қайшылықты шешуге тырысады.
Ерлі-зайыптылардағы немесе өзге де жұптардағы махаббат пен ғадауат арасында қалған парадоксал қарым-қатынастарды түсіндіретін басқа да теориялар жетерлік: Стокхольм синдромы (Нильс Бейерут), зорлық-зомбылық циклі (Ленор Э.Уокер) және т.б. (Бұл теориялардың бәрі де мұндай қарым-қатынастардың дені сау қарым-қатынас емес екенін, профессионал жәрдемге жүгіну керек екенін дәлелдейді).
Тақырыбымызға оралар болсақ, Майлиннің ерлі-зайыптылар арасындағы жағымсыз ахуалдың, бұл жағдайдың балаларға ықпалын қозғауы ерекше. Майлин проблеманы шешу жолдарын көрсетпесе де, мұны әдеби туындының тақырыбы етіп көтереді және өнердің эстетикалық мәнімен қатар бізді емдейтін айна ретіндегі қасиетін де көрсетеді.
Майлиннің «Әже» атты әңгімесі де психологизмге толы. Бұл шығармадағы кейіпкердің күйеуі, қызы мен ұлы бар. Күйеуі Сарымсақтың кедейленуіне байланысты Зылиханың бала-шағасын тастап, өмірінде ешқашан көрмеген бай еркекке қашып кетуі бейнеленген әңгімедегі психологизм «Талақ» әңгімесіне қарағанда, әлдеқайда терең әрі себептері бұлыңғыр. Айдың күні аманда, отбасы бар адам неліктен мүлде танымайтын біреуге тұрмысқа шығады? Майлин бұл сұрақты психология ғылымына қоятын сияқты. Психология ғылымы бұл жайында да көптеген тұжырым келтірген: адамның эмоциялық қажеттіліктерінің өтелмеуі; адамға қажетті махаббат пен назардың болмауы; ерлі-зайыптылардың бір-біріне байлана алмауы.
Жаңа қарым-қатынастың берер өзіндік желігі болатынын да жоққа шығармаймыз. Адамның балалық шағында немесе бұдан бұрынғы қарым-қатынастарында дұрыс коммуникацияға ие бола алмауы, оның тұрақты және дені сау коммуникация орнатуына бөгет болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда адам тұрақты қарым-қатынаста болса да, үнемі жаңа эмоционалдық байланыстарды іздеуі мүмкін.
Депрессия және өзіне деген құрметтің болмауы. Бұл жағдайдағы адам өзін бағалай алмайды. Басқа бір адаммен қарым-қатынасқа түсу – оның осынау кемтар сезімдерінің орнын уақытша болса да толтыратын жаңа тәжірибелердің есігін ашуы мүмкін. Біз мысал етіп отырған отбасылық ахуалға бұдан басқа себептер де әсер етуі ықтимал.
Мен Зылиха депрессияда жүргені үшін және өзіне деген құрметінің аз болғаны үшін осындай шешім қабылдады деп ойлаймын. Мұндай ойға баруыма әңгімедегі мына сөздер себеп болды: «…Зылиха Сарымсақтың жылы қойнынан шығып, көрмеген, білмеген біреудің соңынан ерген. Неге ерді, не мұңы бар, жылатып тастап кеткендей Сарымсақтың не жазығы бар? Бұл – Зылиханың әлі күнгі шешпеген жұмбағы. Бастап, «алтын босағасын» аттап шыққан түні де, бұл жұмбақ шешілмеген еді. Су түбіне кетіп бара ма, әлде адам көрмеген бір бақытқа кездесе ме, бұл Зылихаға қараңғы еді… Ендеше, үйін, байын, ішінен шыққан баласын тастап, елеске еріп несі бар еді?..»
Режиссер Саламаттың осал тұсы – Майлиндегі осынау психологизмді байқамауы. Фильмде әйелдің осындай радикал шешімге баруының себебі ретінде Сарымсақтың спектакльде «әйел рөлінде ойнауы», осылайша, «еркектің қатынға айналуы» мен енді ғана құрылып жатқан Совет үкіметінің әйелдерге теңдік алып беруі келтірілген. Нәтижесінде, психологиялық және философиялық тереңдігі таяз, интеллектуал анализі жұтаң фильм шыққан. Егер бұл фильм тек қана «Талақ» әңгімесінің желісі бойынша түсірілгенде, әлдеқайда тереңдікке ие болар еді деп ойлаймын. Өйткені тақырып қаншалықты тар болса, соншалықты жақсы зерттеледі. Майлин екі әңгімесі арқылы екі бөлек дүниені, яғни қаншама зорлық-зомбылық көрсе де «қалған» әйел («Талақ») мен ешбір проблемасы жоқ болса да, «кеткен» («Әже») әйел. Яғни репрессиядағы немесе Стокхольм синдромы бар әйел мен депрессиядағы әйел жайында жазған болатын. Екі бөлек проблема мен екі бөлек дүниеге ие екі кейіпкерді тоғыстыру, фильмнің басты қатесі болған сияқты.
«Әже» әңгімесінің желісін де қосу міндетті болған жағдайда әңгімедегі Сарымсақ пен Зылиханың көрген түстері фильмде неліктен қолданылмағаны түсініксіз. Бұл түстердің соншалықты керемет кинематографиялық тілге ие екенін режиссер-сценарист қалайша байқамаған?
Жалпы, кең тақырыпты алу және оны тереңдей зерттей алмау – еліміздегі (бәлкім, Орталық Азиядағы) өнер адамдары мен әлеуметтік ғылымдар саласындағы ғалымдардың ортақ проблемасы. Тақырып кең болған сайын оны зерттеу, сараптау мүмкін емес. Бұдан тек қана таяз нәтиже шығады. Таяз мессейдж шығады. Таптаурын мен клишеге толы дискурс қалыптасады. «Әйелге еркіндік берсек, ойына келгенін істеп, бұзылып кетеді» клише-дискурсы – қоғамдық өмірімізде екінің бірі айтатын дискурс. (Мысалы, Әділхан Ержановтың фильмдерінде жағымсыз кейіпкерді көбіне қазақ тілінде сөйлейтін адам етіп көрсететін тұстар бар). Мұндай клишелер мен таптаурындарды өнер фильмінен (артхаустан) көру – аянышты. Әйелдер мен балаларға, жарлы-жақыбайға аса мейірімді Бейімбет Майлиннің идеясын 180 пайыз дәрежеде эрозияға ұшыратып, контексінен қопарудың аты не?! Дегенмен Данияр Саламат – мен үшін заманауи қазақ киносындағы маңызды режиссерлердің бірі. Фильмде көркемдік тұрғыдан жоғары бағалауға болатын бірнеше шешім бар. Тудың іліну сахнасы, жоғарыда айтылған қыр үстіндегі ауылнай бейнесі, қызыл дамбалды әйелдер… Режиссердің бұдан кейінгі фильмін асыға күтемін.
Суреттерде «Талақ» фильмінен көріністер
ПІКІРЛЕР8