Жоқ, ұмытуға болмайды!..
03.04.2021
535
0

Алматы – талайға арман болған көне шаһар әрі мәдениеттің мегополисі. Мың жылдық тарихы бар осынау қаланың орталық көшелерінің бірінде өзгелерден оқшау тұрған бір үй бар. Іргесі – берік, сыртқы қалпын – уақыт пен заман өзінше бүтіндеген. «Өн бойымдағы сырыма үңіл, ұрпақ» дейтұғындай бір жұмбақ бейнеге ұқсайды. Күннің арайлы шапағымен осынау тағылымы терең ғимараттың маңы да, өзі де нұрлана түседі. Әсте айналаны қараңғылық қамағанда, өзінен адам көзі көре алмас жарық шашып тұрады-ау. Бір кездерде осында тұрған иесіне ұқсап, әлденені аңсайтын сияқты. …Зейін қойған жанның ауладағы тұлға мүсінін байқамай өтуі мүмкін емес.

Қазақ халқының бағына туған ұлы перзентін, Мұхтар Әуезовше пайымдасақ, «біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын» қазақ үшін өлшеусіз еңбегі бар Ахмет Байтұрсынұлы есімін ардақтайтын мекен бұл. Бұл үй – ұлт ұстазының соңғы 3 жылын өткізген, тарихи жәдігерге айналған рухани орталық. Мұрағат деректеріне сүйенсек, 1997 жылдың 4 ақпанында ҚР Үкіметінің №150 қаулысына сәйкес, «А.Байтұрсынұлының 125 жылдығын мерекелеу» іс-шарасына орай, тұлға тұрған көне ғимарат музей-үйі ретінде ресми ашылып, ғалым бюсті салтанатты түрде қойылған. Негізі, музей-үй есебінде 1993 жылдың 9 қыркүйегінде құрылған. Музей төрт бөлмелі және жертөлесі бар, көлемі – 160 шаршы метрден тұратын бір қабатты, шағын үй. Бір бөлмесі – ахметтану дәрісханасы. Әр бөлме өз атауына сәйкес, жәдігерлермен тақырыптық экспозиция бойынша жасақталған.

         Алғашында көрермен ретінде келген маған, кейін мұражайға қоғамдық негізде гид болып қызмет ету мүмкіншілігі бұйырды. Музей жетекшісі, ахметтанушы әрі 26 жылдан аса қоғамдық негіздегі белсендісі Райхан Сахыбекқызымен таныстығым «Қазақстан» телеарнасының «Қарекет» бағдарламасындағы жүздесуден басталды. Алаш ақиықтары: Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы туралы шығарылымнан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да әдебиеттану бағыты бойынша ұстаз дәрісін тыңдаумен жалғасын тапты. Осы рухани жақындық мені де еріксіз Ахмет Байтұрсынұлының тағылым мектебіне алып келді. Екінші жылға кеткен қоғамдық жұмысым барысында мұражайға тұлға рухына тағзым етіп, тарихи мекен ордасына келушілерден екі жарым жастағы кішкентай зерек баладан, сексенге таяған ақ жаулықты әжені де, ел асып, арнайы бет бұрған шетел азаматтарын да кездестірдім әрі тәнті болдым. Мұражай – өткен мен болашақты байланыстыратын алтын көпір десек, ұрпақ тәрбиесінде А.Байтұрсынұлы тағылым үйінің орны, мәні мен маңызының қаншалықты екенін ұға беріңіз. Осы уақытқа дейін мұражайдың өзекті мәселесін көтерген мерзімді басылымдарда: «Шешімін таппаған «шешім» немесе «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» неге заңды түрде тіркелмеген?!», «Алматы әкімдігі Байтұрсынұлы мұражай-үйіне қарауға неге құлықсыз?», «Алматыда Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйге қатысты үлкен дау шықты», «Ахмет Байтұрсынұлының үйі мемлекет қарауынсыз қалды», ««Музей көп болмайды». Шенеуніктер Ахмет Байтұрсынұлының музейін көп көре ме?», «Ахаңның үйі – алаштың ары» т.б көкейкесті мақалалар аз жазылмады. Десек те мәселенің байламы шешуін әлі таппай келеді.

         Бір кездерде осында тұрған үй Иесіне ұқсап, аңсарым Қазаққа қажетті әрнені қиялмен шарлайды кейде… Көктемнің алғашқы шуақты күнінде көңіл жадырап, түрлі ойлар жетегінде Ұстаз үйіне таяп қалған тұста ғимарат көзіме ыстық көрінді. Жақындадым… Мұражай-үйдің есік тұсында шашылған сіріңке, көнетоз баскиім, сынған бөтелке жатыр… Кеше ғана тазалап кеткен аула, тарихи ескерткіш деп танылған музей маңы күн өтпей тағы да ылас күйге түскен. Дұрысы – түсірген! Көңіл шіркін, нілдей бұзылды. «Болды!» дедім іштей ызбайланып, мынау енді шектен шыққандық. Өз заманында содыр саясаттың қыспағынан Ұлт мұраты үшін қуғын-сүргінге түсіп, жер аударылған тұлғаның үйін егемендік алған дербес елінде «осындай бейшара күйде көру» баршамызға сын  емес пе еді?!

         Тұлға үйіне қатысты ең ащы ақиқат музейдің мемлекеттік статусының жоқтығы. 1993 жылғы «музей-үйі ұйымдастырылсын» деген шешімнің зым-зия жұтылып… мемлекеттік музей болуға ылайықты Алаш Арысының тарихи жәдігерінің кенеттен «жекеменшік» болуы! Ең сорақысы, мұның шындығын зерделеуге «сан хат жолданса» да, лауазымды мекемелердің құлықсыздық танытуы. Мұның құпиясы алдағы 2022 жылы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту шарасы аясында шешіледі деп үміттенеміз. Тарихи жәдігер ұлттық нысан ретінде мемлекет қарауына алынып, Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы өз бағасын алады деп сенемін. Тұлға үйіне қасиет қонғаны сол тағзым етіп келушілер саны толассыз, себебі, келушілердің Үй Иесі Ахмет Байтұрсынұлына деген құрметі шексіз әрі риясыз. Қазақ жұрты ғана емес, түркі елі мойындаған Ахмет бабамыздың қасиетті мекенге айналған үйін, тағылым мектебін қорғау парыз. 

         Ұлт тілі мен әдебиетіне деген білігімізді арттыру үшін Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлына әлі талай-талай жүгінеріміз хақ! «Сөзі жоғалған жұрттың біртіндеп өзі де жоғалады» деген ұстанымды өзіне қазық еткен ҰЛЫҚ тұлғаның үйінің жоғалмауына қызмет ету билік пен біздің еншімізде. Шешімді сөзді Үкіметтен күтеміз.

Айша НҰРБОЛАТҚЫЗЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 4-курс студенті,

А.Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» ОӘҒЗО-ның белсендісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір