Тәуелсіздік романы: «Абыржы» мен «Бекеттегі бейкүнәлар»
02.04.2021
816
0

Молдахмет ҚАНАЗ:

Тәуелсіздік романы: «АБЫРЖЫ»

 Бұл шығарманың толғағы қырық жылдан сәл әрі не сәл бері. Алыпұшпа романтиканың буында бейқам қалқып жүрген жас талап ойламаған жерден аса зор проблемамен беттесіп қалды. Бұл  – теориялық қағидалы пәлсапа да, жел сөз де емес, дәуірдің нақты запран тастаған ащы шындығы. Алып Азияның қос шағылы, өздері де кең көсілген Қаракұм мен Қызықкұмның талмау тұсындағы ботаның көзіндей мөлдіреген жанарға моғал түсіпті. Жанар көрінеу көзге семіп бара жатты. Бәлкім дақпырт, бәлкім шын. Былайғы жұрттың құлағына енді-енді ғана тиіп жатқан шындық – көзін сонда тырнап ашқан, мөлдір суына шомылып, ақшағұл құмына аунаған сол теңіздің төл перзентінің жанын жаппарға таяп, жүрегін тіліп өткен. Жалпақ тілге салар болсақ, бүкіл болмысын төңкеріп түскен болатын. Арпалыс қарсыластарының тең еместігі былай тұрсын, шама-шарық мүлде кереғар. Сіресіп тұрған алып жүйе кім, тірсегі майысқан бозым кім? Сайлаубай бел буды. Буғанда да сыртқа қарайламай бір жола тас түйін бекінген-тұғын.

  …Сонымен талайлардың жете алмай ынтығып жүрген ай маңдайлы Алматысын, тілеулес дос-жаран, әдеби орта, өзінің шарқы келетін қызмет, көптеген игеліктерді (және де болашағы көрініп тұрған игіліктерді) тәрк етуге тура келді. Бұндағы жылы жай, барахат болашағы да қылан беріп тұрған орта бейнеті батпан сортан татыған топыраққа айырбасталды. Әлдеқалай алаңсыз, басы бүтін біржола айырымға кетті. Арал үшін. Жұрты үшін.

  Сонан жалаң аяқ жар кешу мехнаты басталған. Алдымен болашақ кейіпкерлері – тауқымет атауы мойындарына түскен қайыс қара байлықшылар мен жылым басында, қорыс қопа ішінде, қақыраған кайықтың ұлтаныңда сорпа-су бөлісушілер. Бұның да сыртындағы зілмауыт жайт – ғасыр қасіретінің негізгі дертін үңги зерттеу тағы бар. Ізденіс мақсаты теңізді қалпына келтірудің, келмейтін жағдайда талмаусыраған үлкен судың өмірін созатын харекеттердің ғылыми дәйегі. Сөздің пәтуалылығы үшін бұл бейтаныс жайға да сүңгіді. Талай-талай «Аралды құтқарушылармен» кетісіп тынды. Ол қауыммен әлі дүрдәрәз. Бұл – бөлек әңгіме.

  Бірнеше ондаған жылдарға созылған үміт пен үмітсіздік арпалысы «Абыржы» триптиғы болып жетті-ау оқырмандарына ақыры.

 Бізде маринист, яғни, теңіз табиғатын толғанысты да  кең тынысты жазған үш-ақ жазушы бар. Басында  – Әбдіжәміл Нұрпейісов, екіншісі – Әнес Сарай, содан соң біздің Саулайбай. Қаламгер күні біткен өлі судың өзінен керемет болмыс, ғажайып сұлулықтар нышанын ашады. Сергек көз, сезімтал жүрек ісі.

  Шығарманың идеялық жүгі бас кейіпкер Медет Жарболов үстінде, зілбатпан. Сор жаға, жүдеу ауыл, «Қасірет декорациясы» маңдайға ұрып тұр. Кеңестік алыптық, ұлылық шелі көзден сылынып түскен. Шындықтар ащы. Ең басты ашылыс: өмірзая ма бұл тағдыр? Енді әрі қарай  не болар? Дым көріп, дым білмегендей «өмір қордасын қойынға тыға, артқа жасыра, күліп-ойнап жүре беру ме?» Жоқ, бұл Медет-пенде ұстанымынан төмен. Азапты бір өткелек керек. Тапқаның опалы, бағың баянды болуы үшін – жалған ұрандарды түбегейлі тәрк ету, арылу, жан катарсисі керек. Ендігі шындық сонда ғана опалы болмақ.

  Өлесі суды жоқтаушы болса – көп. Сән куған, пайда, атақ баққан жосыншылар қосыны мүлде пысық… Ұлардай шулаған үміт, жетер жеріне жетпеген жетім үн, кей екпіні кешегідей қатты жалғасқан саясат, жаңа екпінді ұрандар да жетіп артылады.

  Шығармада тың қопара, қауырт іс тындырып жатқан, ерекше ширыққан «барып кел, шауып кел» сюжеттегі кейіпкер жоқтың қасы. Есесіне, өз бастарынан талай жайт өткізіп, от пен суға түсіп жүрген қарапайым бейнеткеш пенделер қарасы жетерлік. Ол – ауыл психологиясына байланған Шақтас ақын, Жәдігер ұста, ел азаматы Әлкуат, өзін теңізге жерлеуді аманаттаған Сағымжан, Чернобыль құрбаны Өрдәш, дәм-тұзы осы жерде таусылатын Гапон, түу Ауғанстаннан кіндік қаным тамған өз өтеніп деп келген Байшора шал.

  Кітапта өрілген табиғи да мәнді желі – үш ұрпақ, үш көзқарас, үш тағдыр – Медет, Құлжұмыр, Өреннің жантәсілімдегі теңізге лақса қайықты жамап, сапарға шығуы. Өлі әлем ешнәрсе беруі мүмкін еместей, тым көңілсіз сапар. Әйтсе де, осы донкихоттық саяхат қай-қай хикаядан  бай, толымды, сол кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі, ой-пайымы, арман-мұраты, естеліктер арқылы… Оқырман теңіз жайына қанығады – бірде мейірбан, бірде қатерлі, бірде бейшара, бірде жалғанда одан сұлуы жоқ тіршілік иесі – Ұлы судың жан-тәсілім халін түйсінеді. Желқайықпен сапарлаған үш кезбе ұлы теңіздің қай тұсына тұмсық тіремесін, тап бір Қорқыттың көрі тәрізді алдарынан шығар жұтаған жұрт, медиен жағалау. Сұрқы жаман, астары қалың, айтары  терең.

  Шырмалап қалған түйін біреу. Оның тарқатылу жолын әр пенде өз биігінен көреді, өз шамасынан болжайды. Жасөспірім Өреннің арманы: «Мен бұл теңізді өлтірген адамды бір көрсем!..»

  Қабылхан-достың түйіні: «Біз интернационализмнің де, атом-ғарыш сынағының да, дарқан-дарақылықтың да үлкен алаңы болдық! Ел-жұрт, жер-суымыз сондайға тым қайым екен!..»

  Сағымжан-ақынның запыраны: «Бұл теңізде біздің әкелер ескек ескен. Бұл теңізде біз ескек естік. Бұл теңізде біздің балалар ескек есуі керек еді…»

  Су жағалаған балықшы Ағыбайдың мұңы:

  «…Бұ байғұсты жоқтаушы да қалмады-ау… Жарықтық, шалқып жатқан ұлы су еді. Жайы осылай болды. Мақта деді, күріш деді, Құдайдың өлімі деді, әйтеуір, сорлының басын жұтып тынды…»

  Арал тұзына пісіп, осы өңірде өсіп-өнген Гапон Васекиннің соңғы сөзі:

  «…Қарыздылар көп. Бірақ осыны біреуі де мойындағысы келмейді. Ол ол ма, оның азабы үстінде «су бермейміз, су сатамыз» деп бұлданып, саудагерлік айтады. Мен қатты ұяламын: Бұл жерде сөз қысқа: қарызды қайтар! Иманың да, әділің ле – сол!».

  Есеннің айтуынша: «…Адамдар мен саясаттар көзқарасын өзгерту керек! Ниеттерді өзгерту! Ең басты жол – сол!»

  Айтылар сөз, ішкі запыранның сырттқа төгілу түрі сан-алуан, бірақ қарапайым қағидаттардың байланар қазығы жалғыз, ол – жан тәсілім еткелі жатқан теңіздің көз жасы.

  «Абыржы» – оқырман ойын сан-саққа салатын беймаза кітап, қазақ әдебиетінің қазынасына сәтімен қосылған жаңа үлгідегі проблемалық трилогия.

  Роман – бұл ретте эпикалық ауқымдағы дүние, оның өз әлемінде энциклопедиялық әлеуеті тағы анық. Кітап оқу – еңбек. Ал «Абыржыны» түсініп оқу – үлкен еңбек. Ләззат, таным, тәрбие зейнетін беретін еңбек.

  Табиғат-анаға жанашырлық – ілім тілімен айтқанда экология сөзі – жиырма бірінші ғасырдың өзекті тақырыбына айнала бастаған. Десек те, қазақ әдебиетінде өз таңдау тақырыбын мұншалық ұзақ ұқыпты да, түбегейлі зерттеген жазушы саусақпен санарлық. Ал триптих – психоаналитикалық амалмен жазылған, қайшылыққа толы өтпелі дәуірдің панорамасы, осы салада шоқтығы биік тұрған шығарма. «Абыржы» тек Арал тағдырын ғана айтып қойған дүние емес. Бұл – соңғы кезең қазақ әдебиетіндегі құбылыс. Романның күрделі табиғатын ашу үшін жалпылама зерделеу емес, мазмұндық, идеялық, сюжеттік, характерлік, проблемалық т.б жүлгежелілерді (дифферентивті) жеке-жеке саралап алу қажет. Шығарма соны күтеді.

  Арал қасіреті –  Сайлаубай Жұбатыровтың қарақан басылық мұңы емес, жалпақ жұртымыздың тағдыры, мемлекеттің мұңы. Алайда осы үш бірдей түйедей-түйедей кітапты мемлекет емес, автор тірсегі майысып жүріп өз қаржысымен шығарды. Парадокс. Роман мемлекеттік сыйлық коммисиясының алдарына жетпей, босағадан қайтарылды. Бізде парадокс көп.


Елен ӘЛІМЖАН:

Тәуелсіздік романы: «БЕКЕТТЕГІ БЕЙКҮНӘЛАР»

     Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында қойылған «Отыз жылда қандай жетістіктерге жеттік?» деген сауалға  жауап  ретінде  газетте таңдаулы романдарымыздың  таныстырыла бастағаны  өте игі бастама. Бұл айдармен жыл соңына дейін Ғұсман  Жандыбаев жазғандай,  біраз «Топырақ астындағы алтындарды» («Қазақ әдебиеті», 19 ақпан 2021ж.) жарыққа шығарып оқырмандарымен  қауыштыруға  болады.

     Әрине,  роман көп.  Сондықтан оларды таңдап-талғап таныстырудың да өз қиындығы болатындығы сөзсіз.  Дегенмен Қуандық Түменбайдың «Бекеттегі бейкүнәлар» романы  алғашқылардың бірі  болып  таныстырылуға лайық деп ойлаймын. Неге? Өйткені қай заманда да кедергісіз жарияланып,  оқырмандарға жол табатын шығармалар бар да, тек өзінің уағы туғанда ғана жарық көретіндері бар. «Бекеттегі бейкүнәлар» кеңестік кезеңде жарық көрмеген болар еді.  Себебі  ол Кеңестік-коммунистік жүйемен  ішінде жүріп күрескен саяси диссидент туралы роман. Оның бас кейіпкері – Халел Мұқайтпасовтың «халықтар достығының лабораториясы» атанған елінде көрмеген қорлығы жоқ. Бұл теңсіздікке   шыдамаған жас жігіт жүйеге жеке  өзі қарсылық көрсетіп қана қоймай, жастар арасында үгіт-насихат жүргізіп, листовкалар таратып теңсіздікті  әшкерлеудің  әрекетіне батыл көшеді.

      Мұның ақыры ­­– түрме, одан әрі еңбекпен түзету лагерьлері атанғанымен іс   жүзінде адамдарды   қылмысқа итермелеу лагерлері.  Халел соның бәрін көреді. Халелге  көрсете отырып, автор Қазақстан түрмесі деген  әлемді ашып береді оқырмандарына. Мұнда тұтқындар мен олардың күзетшілері арасындағы  белгілі деңгейде ымыраласудың нәтижесінде  қалыптасқан өз тәртібі бар. Тіпті, сонау 1937 жылдан қалып  қойған өзінің тұрақты «тұрғындары», яғни, тұтқындары да бар екен.  Қуандық мұның бәрін қазақ оқырмандарына алғаш ұсынып отыр. Бұрын әдебиетімізде көбіне патша түрмесі жанамалай сипатталып жататын. Сталиннің жеке басқа  табынушылығын әшкерлегеннен кейін оның заманындағы концлагерьлер көрініс берді. Бірақ  «кемелденген социализм» кезіндегі психикасы ауытқыған деген дертпен ауруханаларға, одан да қауіптілері  түрмелерге тоғытылған күрескерлер жайында көп жазылмаған еді. Ал, Қуандық романының кейіпкері Тәуелсіздік үшін  тікелей және ашық күрескен қаһарман. Ендеше, ондай қаһарманның көркем бейнесі қазіргі жастарға нағыз үлгі және  мақтаныш.

    Айтпақшы, бұл романды оқуыма түрткі болған жайдың да өзіндік тәлімі бар деп ойлаймын. Кеңестік-коммунистік жүйенің қазақтарға жасаған зорлық-зомбылығына әлі құқықтық-заңдық тұрғыда баға берілген жоқ деген мәлімдемесін естідім жуырда бір үлкен ғалым ағамыздың. Сол кезде, маған «ал жазушылар сол зомбылықтың көркем тарихын жасай алдық па?» деген ой келді. Келді де кітапханаға жетеледі. Алдымен ұшырасқаным осы «Бейкүнә періштелер». Көп оқылған кітап екен. Өзге кітаптарға қарағанда мұқабасы көнеріп қалыпты. Демек, біздің жастарымыз өзінің өткен тарихын, айтылмай келген ақиқаттарын білуге құмартады деген сөз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір