Бақытжан Алдияр: «Батысын шығыс қып» алған адаммын
21.04.2021
873
1

Кейде теңіз асты қараңғылығына сүңгіп, кейде көзге көрінбес жарыққа шомған ақын болмысы ерте кезден таныс. Ақиқатқа арашашы, жалғандыққа бір сәт те төзе алмайтын тарпаң мінезді шайырдың есім-сойы – Бақытжан Алдияр. Әңгіме барысынан   ақынның  шынайы келбетін тануға болады.

     Мінсіз жаратылушы  жоқ

 – Көңіл-күйіңіз қалай?

Жаратқанға мың да бір шүкіршілік! Менің көңіл-күйім кейде өзіме де түсініксіздеу ғой. Сол үшін былайғы жұртқа да ол шіркіннің «біртүрлі» боп көрінуі заңдылық емес пе? Әр кезде әрқилы-дағы…

Кейде өз болмысыңызға қарсы шығатын кездеріңіз бола ма?

Ол әр кезде ғана емес, үнемі болады ғой. Мінезім белгілі. Кейде әлденеге шарт кетсем, басы қатты аттай соңына дейін бір-ақ кетем. Соңынан бармағымды балталап отыратын кезім көп. Тек қана Жаратушының мінсіз жаратқан жаны өзіне үнемі риза болар ма екен дейін десем, сол кісінің өзіне жететін мінсіз жаратылушы тағы жоқ…

Жиі жалғыз қаласыз ба?

Бұл сұрақ архаизмге айналып кетті ғой. Сондықтан Мағжанның өлеңінен үзінді келтіріп отырмай-ақ қойғанды жөн көріп тұрмын. Мен жаратылғалы жалғызбын өзі. Бәрі бар. Бірақ  жалғызбын…

Қазекең үнсіз…

Біршама Шығыс, Түркі ақындарын төл тілде тұңғыш рет сөйлеттіңіз. Аударма ісінде нені ескерген жөн?

Ең бастысы, әр дәуірдің, әр ақынның өз стилі бар. Соған түсе алу керек. Оның болмыс-жаратылысына, жүрегіне кіре алмадың ба, тоқтай ғой. Менің аудармаларымның тағдыр-талайы қызық болды ғой. Бұрын-соңды ешкімнің тісі батпаған, өзбек ағайын «мир Алишер Навои» деп пір тұтқан шайырыңыздың өзіне ұстаз санаған, пір тұтқан мәулана (мәуләна – данышпан деген сөз) Атаидың ғазалдарын түгелдей тұңғыш рет қазақшаңызға көркемдеп аудардым – бұ қазекем үндеген жоқ. Мұхаммед Хайдар Дулатидың Шығыс ертегілерінің сарынымен үндес жазылған аса көлемді «Жаһаннаме» атты шығармасын тұңғыш рет қазақшаладым – қазекең үнсіз. Қалаберді, көпшілік тек қана Бабыр шах деп, «Бабырнамасын» жатқа білетін Мұхаммед Заһир-ад-дин Бабырдың ғазалдарын тағы да тұңғыш рет қазақшаға тәржімалап шықтым – сол қазақ тағы да үндемей қалды. Сол Бабыр шахыңыздан сол кездегі әдебиетте «Бабыр жазуы» деген жазу қалғанын, оның ғажап шайыр болғанын екінің бірі біле бермейді. Мұның бәрі қаншама еңбек екенін білсе ғой. Жарты жүйкең жұқарып, жарты шашың ағаратын тірлік ол. Тіпті, біраз уақыт сол арнадан шыға алмай, өлең бастасам, сол ізге түсіп кете беретінге дейін бардым ғой. Соның үшеуі де – қалың-қалың пәлен том. Шағатай дәуірінен тіріліп келетін адам болса, осы қазір еркін түсінісетін дәрежеге жеттім. Бұл не деген сөз? Бұл деген – біздің соңғы кездегі әдебиетші ғалымдар аннан-мұннан аса бермейді деген әңгіме. Сонау Ғылым академиясы мен Тіл білімі институты араласып кететін дүние болатын. Өкінішке қарай, олар да үнсіз. Ең жаманы, сол кітаптар сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының «Қазыналы Оңтүстік» сериясымен жарық көрді де, облыс пен облыс орталығынан ары аспай қалды. Республикалық баспалардан шықса, олай болмас еді. Сол өкінішті…

Адам бойындағы бағалайтын ең құнды қасиет қайсы?

Ол қасиет өз атымен – АДАМДЫҚ деп аталады!!!

Суретші досыңыз бар ма? Жалпы, дос деген кім?

Суретшілермен аса дос емес екенмін. Себебі  екі саланың да өкілдері аздап «нелеу», «біртүрлілеу». Өзің ойлай ғой. Мен мынау, ана досым анау болса, не болмақ ақыры? Дегенмен, суретті жақсы көрем. Ал енді ДОС дегенге келсек, оның қандай болатынын жіліктеп шағып бере алмаймын. Өйтіп пәлсапаға ұрынғым да жоқ. Менде достар көп те емес өзі. Жұрт білетін Мағжанның әруағын несіне қозғай берейін?! Қалам-дәптерім, тауым мен өзен-көлдерім, жайлауым, жылымның төрт мезгілі және…  иттер мен мысықтар, жылқылар – менің достарым…

Баяғы шайырларды сағынам…

Кітап дүкеніне жиі барасыз ба?

Шымкентте мен білетін үш-төрт кітап дүкені болатын кезінде. Соларға жиі баратынмын. Қазір ше? Қалада «Төле би» дегені ғана қалды. Таза кітап дүкені сол. Әрине, түрлі ашылып жатқан ойын-сауық және сауда орталықтарында бар. Дегенмен, ондағы кітаптардың тоқсан пайыздан астамы – орыс тіліндегі кітаптар. Басқалары пайдасы түкке тұрмайтын кітап дүкенінен гөрі басқа заттарды саудалайтын дүкендерге айналып кеткен. Одан гөрі кітапханаларға барған жақсы…

Қадыр Мырза Әлімен алғаш не жайлы тілдескеніңіз есіңізде ме?

Әрине. Сонау екі мыңыншы жылы ол кісі Шымкентке келген. Театрдың фоэсінде қарсы жолығып, амандастым. Қасында екі-үш кісі болатын. Амандасып тұрып: «Өткенде «Қазақ әдебиетіне» өлеңі шыққан сарысың ба-ей?! Өлеңдерің жақсы екен. Оқып шықтым. Маңдайыңнан бір қойып, одан да мықты ғып жіберейін бе осы, а?!» – деді. Маңдайымды тоса қойып ем, «айналайын» деп сипап жіберген. Ондай ағалар аз ғана қалды ғой. Шынымды айтсам, кейінгі, өзім қатарлы және жас ақындарға қарағанда баяғы шайырларды сағынам…

Еуропаның қай ақыны жаныңызға жақын?

Өз басым Абай атамыздың «Шығысым Батыс боп кетті» дегеніне қарсы жүріп (шығып емес), «Батысын Шығыс қып» алған адаммын. Маған Шығыстың шайырлары олардан әлдеқайда артық. Жай ғана бір мысал, ары бармай-ақ, өзіміздің жырауларды оқысам, көзіме жас толып, арқаланып, ат іздеп, ары қарай өлең деген шіркініңізді жазғым да келмей қалады. Бұл – мен Батыстың, орыстың мықтыларын оқымады деген сөз емес, әрине…

«Әке» сөзін естігенде есіңізге не түседі?

Әке дегенде менің есіме ұзын бойлы қарадан келген, атқа мінсе – арқаланып, аттан түссе – кішірейе қалатын, қасында жеті тазысы, ерінің мойнында асулы мылтығы бар, белінде оқшантайы мен бабамнан қалған зілдей ауыр қылыштан жасалған, үнемі лыпып тұратын пышағы бар, ара-арасында матеметикадан сабақ беретін мұғалім түседі. Мен әкеден бар-жоғы алтыншы оқитын кезімде айырылып қалдым ғой. Ал  енді, ананың жолы бөлек…

Көңілім нағыз тот басқан, алай-дүлей кез

Көңіл қай кезде тот басады?

Тағы да анам есіме түсіп отыр. Осыдан төрт-ақ ай бұрын анам шын дүниесіне қайтты ғой. Дәл қазір менің көңілім нағыз тот басқан, алай-дүлей кез. Аржағын айта алмаймын…

Құдаймен сырласар сәттеріңіз жиі бола ма?

Әнебір «ұлы» ақындар жазған-сызғандарында сол кісімен күнде сырласатын көрінеді ғой өзі. Соларды көрсең айтшы өтініш, маған хабарласса екен. Біраз нәрселер айтайын, арыз жазайын деп ем…

Өткен өміріңіздегі өкінер бір мезет болса, ол қай мезет?

Бір ғана мезет деген не тәйірі?! Өте көп. Өзің де шет жағасын білетін біраз нәрселер бар. Өзіңнің жас күніңдегі ақымақ тірліктеріңді өзге жұртқа жайып салғанның несі жақсы дейсің?! Кәзір де оңып тұрғаным шамалы…

Болмысыңыз оңашалыққа жақын. Оңашалық сізге не сыйлады?

Тыныштықты сүйем. Аңға шығамын, балық аулаймын. Жүдә болмаса, тау-тас аралап кеткенді жақсы көрем. Ол – еріккеннің тірлігі емес. Мен ол кезде жүрек пен миға қор жиып жүрем ғой. Бір жолдасым:  «Осы сен қашан көрсем, жиын-той мен жиналыстарда, кездесулерде, көбінесе аңда яки балықта жүресің. Өлеңді қашан жазасың сонда?!» – деп еді. Сол секілді тірлік тә менікі…

Қазір не жазып жүрсіз?

Мұның көн терісі күнге күйген сауалдың бірі. Сұраған бір кісіге «бас жазып жүрмін» дейтін Шәмші емеспін. Өлең жазам. Бірақ  жарияламай, тығып тастаймын. Соңғы кезде. Баяғыдай жалт-жұлт жиындар мен кездесулерді, әсіресе Асанәлі ағамыз айтатын «дурацкий» сұрақ қоятын телеарналарға сұхбат бергенді онша ұнатпайтын болдым. Жалпы, жалғыз қалғанды қалап тұратын боп алғам. Баяғыыы, ескі «достарым» мен «жолдас-жораларымның» басым бөлігі жоламаса екен деймін. Солай, көкем!!!

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен Батырхан СӘРСЕНХАН

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.08.2021 | 23:02

Инопланетянның (қапелімде қазақшасы аузыма түспеді) сөздері сияқты, түйеден түскендей. Кіл мықтылардың айтқандарын қайталаған: жалғызбын, мінезім жаман, тыныштықты сүйем, т.т. көп-ақ. Дана болып көрінбек ойлары мүңкіп тұр. Сосын аруаққа қиянат жасаған жері бар: Қадыр олай сөйлемейді, көп көрген, көп сөйлескен адамның бірімін. Шәмші жөнінде анадай айту үшін Шәмші болу керек, тым құрыса құрдасы бол.
Мұндай сұқбат бергенше, бір-екі өлеңін беру керек еді. Өлең өз жайыңды жайып салатын қазақтың құмалағы ғой…
Бұрындары сұқбатты бірдеме айтады-ау деген кісіден алатын еді. Шығысты жақсы білем, Батысты білмейді деп ойлап қалмаңдар деп сес көрсетіп те қояды. Тіптен дұрыс емес әңгіме. Жалпы пәлсапашы мамандар да жақсы білем деп айта қоймайды, араласып жүреміз. Бүткіл медицинаныигере алмауың сияқты Батыстың да, Шығыстың да пәлсапасын бір адам игере алмайды. Философтар тек білетін мәселелерін ғана, онда да әрбір ағымның атын атап, мысал келтіріп айтады. Сосын, пәлсапа ғылымы тек екі жақпен шектелмейді ғой, неге тек екеуін айта береді. Бір бұл кісі емес, бәрі сүйтеді. Грек қайда, Қытай қайда. Араб т.б. қайда? Ол жақтарына көбі бара қоймайды, тіпті шын пәлсапашылар да жүрексініп айтады, шатастырып алу оп-оңай. Сұқбат алған адам неге айтпаған, көп айтып кеткен жоқпыз ба деп? Кей жерде жолдасыңды тежеп қалсаң, ол — жамандық емес. Жанашырлық деген сол болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір