АЙҚАЙЛАУҒА ЖОҚ АДАММЫН
28.07.2023
2130
0

 Белгілі қаламгер Мамадияр Жақып ағамыз сексеннің бесеуінен асыпты. Бәлкім, жақын адамдары атап та өткен шығар. Ал елу жылдай журналистік еңбегін арнаған «туған газеті» «Егемен Қазақстанның» өзінің ардагерінің мерейлі жасы жайында үнсіз қалғаны бізге түсініксіздеу көрінген. Мәкеңнің еңбегі де, өмірі де сөз етуге тұрарлық қой. Журналистікті де, жазушылықты да қатар алып жүрді. Қоғамдық еңбегі өз алдына. Желтоқсан оқиғасына байланысты ауыр жазаға ұшырады. Оның бастамасымен өткізілген «Ұлылыққа тағзым» жаяу сапарлары не тұрады!
Екеуара әңгімеге кезек берелік.

«Дүбірге толы дүние» айдарымен 2,5 мыңдай мақала жарық көрді

– Журналистік қызметіңізге байланысты жарық көрген біршама публицистикалық кітаптарыңызды айтпағанда, таза әдеби көркем шығармалардан тұратын төрт кітабыңыз («Абырой», «Ұстаз», «Мергенбай айтқан екен», «Сағыныш») жарық көрді. Сонда Жазушылар одағына мүшелікке неге өтпедіңіз?
– Маған осы сұрақ әркез қойылады. Жауап беруге де қиналам. Мен өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын белсенді журналист болдым. Ал жазушылықты қосымша кәсіп ретінде алып жүру мен үшін біреудің бақшасына түскендей көрінеді. Мен үшін жазушылық – өте биік жауапкершілік. Оған біржола бел шешіп кірісуің керек. Ал мен журналистикамды қимадым. Әрине, Жазушылар одағына мүше болу үлкен бедел. Беделден бұрын жауапкершілікті, ұятты ойладым десем, біреу­лер әлі де күлетін шығар. Осы Одаққа мүшелікке өтініш жасауға байланысты біраз жайлар да болған. Өзімнің «Ұстаз» дейтін екінші әңгімелер жинағымды Әзекеме (Әзілхан Нұршайықов) апарып бергенімде, ол ағам ертесіне редакцияға келді. Қолында бір парақ қағазы бар. Одаққа өтуге кепілдеме екен. Менің пікірімді білген соң, «Сен осындайсың ғой» деп ренжіп кетті. Тағы бір жайт. Зейнолла Серікқалиев досым өзі «Раритет» баспасында бас редактор болып тұрғанда менің «Мергенбай айтқан екен» дейтін мөлтек әзіл әңгімелер жинағымды шығарып берді. «Енді Одаққа өтуіңе болады» деді. Мен: «Әлі ерте», – дедім. Ренжіді.
Журналистикадан мен 75 жасымда кеттім. Енді осы жасымда Одаққа өту жөнінде ойлаудың өзі оғаштау көрінді. Сол Одақты басқарған азаматтар да жақсы таныстарым болды. Нұрлан Оразалинмен біршама ұзақ уақыт қызметтес, жақсы сыйластықта болдық. Ұлықбек Есдәулет бауырым қашан, қай жерде кездессе де құшағын ашып амандасады. Олар мен Одаққа өту жөнінде өтініш білдірсем, қолдар еді деп ойлаймын. Бірақ қартайғанда бедел іздеп жатуды артық көрдім.
Иә, кештеу болса да, газеттік жұмыстан қол босаған соң, шығармашылық жұмыспен бұрынғыға қарағанда белсенділеу айналысуға мүмкіндік туды. Тек кейде мына жасыңда жазғандарыңызды газет-журналдарға ұсынып жату да ыңғайсыз екен. Қартайғанда бұған жазу не керек деп ойлай ма деп қысыласың. Сөйтсе де, зейнетке шыққан соң, бір романым, үш-төрт хикаят, бірнеше әңгімелер жарық көрді. Ықылас білдіргендерге ұсынар басқа да біраз нәрселер бар.

– Сірә, сізге журналистиканың өкпесі жоқ шығар?
– Иә, болмас. Оған 55 жыл өмірімді арнадым ғой. Оның жарты ғасыры «Социалистік Қазақ­станда» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») өтті. Жаман жұмыс істемеген сияқтымыз. Журналистердің қызметі жұрттың көз алдында. Жұрт күнделікті газетті оқып отырады. Мен өзі біршама уақыт газетте сыртқы саясат мәселесін жаздым. «Дүбірге толы дүние» айдарымен 2,5 мыңдай мақала жарық көрді. Сол кезде Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір тақырыпты дендеп жазғанымыз үшін бізді Министрліктің Құрмет грамотасымен марапаттағаны да бар. Жалпы газеттерде қызметіміз бағаланып жатты ғой. Республика Журналистер одағының сыйлықтарына 7 рет ие болыппыз. Мұны мақтан үшін емес-ау, журналистикаға сіңірген еңбегімізді сұраған соң айтып жатқан жай ғой…
Жалпы газет жұмысы, өзің білесің, қауырт, басқадай шығармашылық жұмысқа уақыт табыла бермейді.

– Ал сіз таптыңыз. «Мергенбайдың айтқандары» «Ара» журналында да, «Қазақ әдебиеті» газетінде де, «Парасат» журналында да, ең алдымен «Егемен Қазақстанның» өзінде де жиі жарияланып жататын…
– Енді «Мергенбайдың айтқандары» бір сәтте дүниеге келетін нәрселер ғой. Оған ұзақ сарылтып отырудың қажеті жоқ. Реті келгенде айта кетейікші, сол «Мергенбайдың айтқандары» «Қазақ әдебиетінде» жиі жарық көрді. Алдымен Сайымжан Еркебаев ағамыз хабарласып өздеріне де беруді өтінді. Кейінірек қат-қабат газет жұмысынан қолымыз тимей жатқанда, ол: «Мергенбай қайда? Шерхан аға сұрап жатыр» деп ұрысқаны бар. Сайымжан ағаның өзін де сыйлайтынбыз, айтқанын орындайтынбыз.
Кейін өзің де, Еркін, Мергенбаймен тіл табысып кеттің. Бірнеше рет оның айтқандарына бет те бердіңдер.

– Сол «Мергенбайдың айтқандарын Зейнолла ағамыз: «Раритет» баспасынан кітап етіп шығарғанын айт­тыңыз. Содан кейін де сол мөлтек әзіл әңгімелердің біразын оқыдық қой. Тағы да кітап етіп шығаруға жетіп қалған жоқ па?
– Жетіп қалғанда, «Мергенбай айт­қан екеннің» екінші кітабының қолжазбасының теріліп, басуға дайын тұрғанына бірнеше жыл. Қамқор адамдар табылып жатса, жарық көріп қалар.


«Мынау Жақыпов дегенді идеологиялық жұмыстың маңына жолатпау керек!»

– Сол газет жұмысында жүріп Сіз қоғамдық қайраткер ретінде де көріндіңіз. Желтоқсан оқиғасына байланысты биліктің сізді қатты жазалағаны белгілі. Соған да тоқтала кетсек…
– Жазалағанда, тек жұмыстан ғана қуылған емес, партиядан да қуылған жалғыз редактор болдық қой. Қазір айтуға оңай, кезінде мұндай жаза жолыңды біржола кесумен тең еді. Бір жарым миллион халқы бар Алматыдан жай жанбағар жұмыс табылмай, кешегі облыстық газеттің бас редакторы күн сайын Қаскелеңге барып, аудандық газеттің корректоры қызметін бір жарым жыл бойы атқарды. Бұл жай жұмыстан төмендету ғана емес, қорлағандықтай да еді ғой.

– Сонда билік қандай айып тақты.
– Желтоқсан оқиғасынан кейін тура алты ай өткенде, мұны да әдейі ойластырған шығар, оқиғаға белсенді қатысқандарға сот болды. Сол соттан газеттер материал берулері тиіс. Бірақ журналистерді оған жібермеген. Тек ҚазТАГ материалымен шектелдік. Кешкісін қолымызға желтоқсандықтарды қатты айыптаған хабар және сотта жауап беріп тұрғандардың суреті тиді. Хабарды оқып отырып жаның түршіксе, сотта қасқа­йып жауап беріп тұрған жігіттерді көріп, мерейіміз өсті. Көп газет басшылары «сая­си қырағылық» танытып, сол өлімге де қасқайып қарайтын жігіттердің суретін бермей, оларды аяусыз айыптаған материалды жариялаумен шектелді. Ал «Жетісу» газеті керісінше, сол айыптау материалды алып қалып, қазақтың сол қайсар ұлдарының суретін жұрт назарын аударатындай үлкен етіп берді.
Иә, біздің бұл әрекетіміз жұрттың назарына ілінді. Ең алдымен, биліктегілерді шошытты. Қазақ жастарының ауыр жазалардан қаймықпай, қасқайып тұрғанынан қорықты олар. Күн сенбі болса да, Орталық Комитет бюросының төтенше мәжілісін өткізді. Басқаларға да сабақ болсын деп, сол бюроға ақпарат құралдарының басшыларын да қатыстырды. Мәжілісті Г.Колбиннің өзі жүргізді. Үш жарым сағат бойы бізді аямай сабады. Оларды баяндап жатудың қажеті де жоқ. Мен жайында Колбиннің: «Мынау Жақыпов дегенді идеологиялық жұмыстың маңына жолатпау керек!» деген сөзінен кейін маған Алматыдан жұмыс табылмайтыны белгілі еді.

– Өзіңізге қатысты мені таңдандыратын тағы бір жайт бар, Мәке. Егер сіздің орныңызда басқа бір белсенділеу біреу болса, «Мен Желтоқсанның қаһарманымын. Сол оқиғаға байланысты үлкен жазаға ұшыраған адаммын. Партиядан шығарылған жалғыз редактормын!» деп айқайға да басар еді. Шындығына келсек, сол Желтоқсан оқиғасына байланысты сіздің атыңыз да көп аталып жатпайды. Неге бұлай?
– Өзің айтқандай, мен айқайлауға жоқ адаммын. Қолымнан келмейді десем де болар.
Осы сұрағыңа орай бір жайға тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Осыдан біраз жыл бұрын тұңғыш президентіміздің республикамыздың бас газеттерінде газет ішіндегі кітапша форматында мақаласы жарияланды. Қазір тақырыбы жадымда жоқ. Сонда Желтоқсан оқиғасына да тоқталып, онда ақпарат құралдарына қысым жасалғанын, олардың басшыларына да жаза қолданылғанын айтып, біраз адамның аты аталған. Иә, сонда төрт басшы жазаландық. КазТАГ директоры Ж.Ысмағұлов, «Коммунизм туги» газетінің Бас редакторы Т.Назаров, «Огни Алатау» газеті Бас редакторының орынбасары Д.Скоробогатов және «Жетісу» газетінің Бас редакторы мен – М.Жақып. Аталғандардың алғашқы үшеуі қызметтерінен босап, партиялық жолмен сөгіс алды. Ал мені жұмыстан қуғаны өз алдына. Партиядан да шығарды. Жазаның үлкені менде. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында жазасы менікінен жеңілірек үшеудің атын атап, мені «ұмыт» қалдырды.

– Неге өйтті?
– Кім біледі? Өзінен сұрай алмадық қой. Жазушы Сейфолла Оспанов «Неге бұлай? Жазаның үлкенін алған ­М.Жақыптың аты неге аталмады?» деп «Түркістан» газетіне мақала да жазды. «Шындыққа қиянат болмасын» деп Президент кеңсесінің басшысы М.Қасымбековке хат жаздық. Кейін бұл мақала президенттің кітабына кіргізілерде ескерілер деген жауап келді. Ескерілді ме жоқ па, оны қадағалай алмадық. Ал Желтоқсанға байланысты шараларда менің атым аталмайды. Біреулерге сол керек болған шығар.
Қазір Желтоқсан оқиғасына байланысты бір емес, бірнеше ұйым, топтар бар. Бір-бірімен бедел жарыстырып, айтысып та жатады. Олардың ешқайсысына барған емеспін, олар мені іздеген де емес. Тіпті кейбіреулер материалдық өтем де алатын сияқты. Мен ондайды көргем жоқ.


Шығыс-батыс, оңтүстік-солтүстікке де бардық

– Сіздің атыңыз аталса, біраз жұрт «Ұлылыққа тағзым» жаяу сапарларыңызды еске алады…
– Ұлыларымызды ұлықтау – баршамыздың парызымыз. Ол ұлыларымызды бағалаудың, танудың жолы ғана емес, тәрбиенің пәрменді құралы десек ләзім. Сол ұлыларымыздың басында Абайымыз тұр. Оның туғанына 150 жыл толу мерейтойын атап өтерде әркімнің басында соған қандай үлес қоссақ деген ой да болған шығар. Редакция басшылығына Семейден ұлы ақынның мәңгілік тұрақ тапқан жері Жидебайға дейін жаяу сапар өткізу жөнінде ұсыныс жасап, қолдау таптық. Оған журналистер, жазушылар, өнер қайраткерлері, ғалымдар мен қоғам белсенділері қатысқаны дұрыс деп шештік.
Нәтиже күткендегімнен де биіктеу болды-ау. 181 шақырым жолда бізді кім қарсы алмады дейсің! Жолда кездейсоқ кезіккендер өз алдына, бір-бірінен естіп, бізге сәлем беріп, ақ тілектерін білдіру үшін арнайы күткен ел қаншама! Алты күн жүріп жеткенде, бізді аудан орталығы – Қарауыл ауылының халқы алдымыздан шығып, қарсы алды. Солардың ықыласын да, біздің сапарымыздың мән-мағынасын да ескерді-ау, аудандық Кеңес бізді Абай ауданының Құрметті азаматы атағымен марапаттап, сый-сияпат көрсетті.
Алғашқы сапар біздің бұл бастамамыздың өміршеңдігін, алда жалғасы болуы қажеттігін дәлелдеді. Халықтың ықыласына бөлендік. Келесі жылы Жамбыл атамыздың 150 жылдығына орай сапарға шықтық. Одан кейін Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Ғабит Мүсіреповтердің туғанына 100 жыл толу тойларын жаяу сапарлармен атап өттік. Бұл келесі жылдары Шәкәрімнің туғанына 150 жыл толуына, Махамбет пен Сүйінбайдың туғанына 200 жыл толу тойларына жалғасты.
Кімдерге арнап сапар шеккенімізді тізіп айтып отырмыз ғой. Ал сол сапардың әрқайсысы ұмытылмастай әсер қалдырғанын айтып жеткізу де оңай емес. Сол сапарларға орай, әдетте «Егемен Қазақстанның» үш санында репортаж-есептер жазып отырдық. Кейін олар кітапқа да айналды. Бірақ бәрібір сол сапарлардың әсерін толық қамтыдық деп айта алмаймыз.

– Енді сол сапарларға кімдер қатысты дегенге келейікші.
– Әрине, бастамашы мен болдым ғой. Сөйтсе де, ерекше қолдаған Зейнолла Серікқалиұлы екенін айырықша айтқым келеді. Зекең менің ойымды ести салысымен оны жүзеге асыруға асығып, мені қамшылап отырды. Әр сапар кезінде оның ойдағыдай өтуіне жанын салды десем, артық емес. Сол сапарларға толық қатысқан тағы екі азамат бар: бірі – Ұлы Абайдың жиені болып келетін және Абай қорының президенті Балтабек Ерсәлімов, екіншісі – семейлік журналист, жазушы Дәулет Сейсенұлы. Сапарлардың бар ауыртпалығын бірге көтеріп, оның рахатын да бірге сезіндік.
Әлбетте, жолсапарда осы төртеуіміз ғана жүрген жоқпыз, бізге ғалымдар, жазушылар, журналистер, жергілікті жердегі зияткер қауымның өкілдері қосылды. Академиктер Өмірзақ Айтбаев, Бүркітбай Айдарханов, Ерлан Сыздықовтар сапарлас болды.
Біз сапарларымызда кең байтақ еліміздің барлық аймақтарын қамтысақ деп ойласақ, оған да қол жетті: шығыста да, батыста да, оңтүстікте де, солтүстікте де, орталықта да болдық. Зейнолла дос соған қуанатын. Ол бізді өзінің туған өлкесіне апаруға құштар еді. Тағдыр оған жазбады. Махамбетке арнаған спарымыз онсыз өтті.
Осы сапарларымыздың қай-қайсысы да естен кетпейді. Бір өкініш: біз қартайдық, сол игілікті істі жалғайтындар табылмай отыр.

– Осы тұста бір жайды сұрағым келіп отыр. Кейін, заман біршама түзелгенде өзіңізді жазалауға қатысқан немесе қолында мүмкіндігі болып тұрып, сіз қиналып жүргенде қол ұшын созуға жарамаған адамдармен жолықтыңыз ба? Олардың өз әрекеттеріне ұялғаны болды ма?
– Сұрағың қиындау. Өйткені көңілде сақтай беру де оңай емес. Сірә, көп сақтамай, ұмытқан жөн. Сол бізді жазалаған бюрода идеология жөніндегі хатшы Зақаш Камелединов те сөйледі. Сөйлеуге міндетті еді ғой. Сол шу тудырған суретті менің білместіктен емес (біреулер солай да ақталған), тәжірибемді алға баса отырып, әдейі жариялағанымды «дәлелдеді». Сол Зақаңмен кейін жолықтым. «Егеменде» ұзақ жыл еңбек еткен Жәмек Оспанов деген журналист болды. Батыстық азамат еді. Өзі дүние­ден өткен соң, баласы оның туғанына 70 жыл толу мерейтойын Алматыда атап өтіп, ас берді. Соған Зақаң да келді. Ол басқалардан бөлектеу, шеткерірек тұр екен. Мен өзіне бұрылғанда, ол біртүрлі ыңғайсызданғандай көрінген. Менен орынсыздау әрекет күткендей ме, қалай… Соны ескеріп, алысырақтан: «Ассалаумағалейкум, Зақа!» – деп сәлем бердім. Содан сәл бұрын шетелде баласы қайтыс болғаны бар, соған көңіл білдіріп, құшағымды жайып, көрістім емес пе. Зақаң да ықыласпен құшақтап, біраз босатпай тұрды. «Көңіліңе рақмет, Мамадияр! Кешіргеніңе рақмет!» – деді. Түсіністік.
Адамдар кейбір әрекеттерге амалсыз барады ғой. Басқа жайларды айтпай-ақ қояйықшы.

– Мәке-аға, шет жағасын өзіміз де аңғардық, сіз өзіңіздің замандастарыңыз – біраз жазушылармен басқалар қызығатындай достық қарым-қатынаста болыпсыз. Сол жайында айтыңызшы.
– Еркін-ау, қуанышқа ортақтасатын, қиындықта қасыңнан табылатын достарсыз өмір мәнсіз ғой. Құдайға шүкір, жазушылар ғана емес, әрқилы қуанышты да, қиындықты да бөліскен достарым болды. Олардың көпшілігі дүниеден озса да, олар менімен бірге. Бірге қуанады, бірге ренжиді.
Жазушыларды айтып қалдың ой. Зейнолла Серікқалиұлымен бірге оқыдық. Бірге армандадық. Мен біраз жыл Семейде қызмет еткенде біз бір-бірімізді қатты сағындық. Алматыға келген соң жұбымыз жазылған жоқ. Жоғарыда айт­қан «Ұлылыққа тағзым» сапарларында ұзақ күн, ұзақ түн бірге жүрдік қой. Сол сапардың біразына менің балам – жасөспірім Ержан да қатысқан. Ол Зекеңнің қамқорында болды. Маған керекті ол ойлайтын, оған керекті мен ойлайтынмын. «Жазсайшы!» – деп ұрысатын. Ол қолға алмаса, «Мергенбай айтқан екен» жарық көрмес еді.
Тағы бір құрдасым – Сәкен Иманасовты тағдыр жолықтырғандай еді. Екеуміз Мәскеуде Жоғарғы партия мектебінде бірге оқыдық. Партия табыстырды. Сондағы екі жылда бір-бірімізді таныдық-ау. Онан соң ажыраған емеспіз. «Әй, Жақып мырза, сағынған жосың ба? Мен сағындым», – дейді. Сонан соң жолықпай тұра алмаймыз. Оның туысқандары маған туыстай, менің туысқандарым оның туысындай болып кетті. Қайтіп ұмытарсың?!
Тұманбай ағамызды, Нұрмахан Оразбекті қалай ұмытарсың?! Қашан да қасымда жүргендей, жүретіндей. Сірә, бүгінгідей жасқа келіп, бала-шағаның қызығын көріп жатқанымыз да сол достардың қазірге дейін суымайтын ыстық көңілдерінен шығар. Олармен бірге жүргендеймін…

– Ашық-жарқын әңгімеңізге рахмет! Үрім-бұтақтарыңыздың қызығын көріп, Жаратқан Иеміздің бұйырт­қан жасын жасай беріңіз!

Сұхбаттасқан
Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір