Владимир Шнайдер: Суворовтың Павлодарға қандай қатысы бар?
21.04.2021
941
4

Газетіміздің өткен аптадағы нөмірінде «Керекудегі көшелер керуені» атты мақала жарық көрген болатын. Павлодар қаласының 23 көшесінің атауы жаңаланғанын хабарлағанбыз. Солтүстік облыстарда сірескен өзге атауларды тарихи атауына көшіру жұмысы қашанда алыпқашпа әңгімелерге ұласып жатады. Әсіресе, Ресейдің айғайшыл саясаткерлері  мен олардың айтағына ілескен шовинистік пиғылдағы топтар баяғы «әлаулайына» басып, елдімекендер мен көше-қала атауларын қазақша атауға қарсы шығады. Бұл жолғы 23 көшені ауыстыру да біраз сөзге тұздық болды. Павлодарлық сыңаржақ белсенділердің бір шоғыры әлеуметтік желілерде көше атауын өзгертуге қарсы қол жинап, сыпсың сөз таратып, ұлттың намысына тиетін, елдің бірлігіне кері әсер ететін пікірлер ұйымдастырды.

Ал ресейлік саясаткер, Дума депутаты Жириновский бұл жолы шеткен шыққан мәлімдеме жасады. Оның ойынша, Павлодар – орыстардың қаласы. Оның көшелерін қазақтандыруға біздің елдің құқы жоқ. «Қазақтар өздері қала салып, соның көшелеріне қазақ атауларын қоюы керек. Ешкім, ешнәрсені ұмытпайды. Орыс әлемі, орыс аумағы өз территориясын қалпына келтіреді, тәртіп орнатады», – деді Житриновский екіленіп. Әрине, Жириновский не демейді дерсіз… Бірақ Қазақстанның тұтастығына көз алартып отырған жалғыз Жириновский ғана ма? Мұның алдында да Ресейдің бірнеше депутаты оспадар ойларын жалпақ жұртқа жариялап үлгерді. Біз не істедік? «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деуден арыға бара алмадық.

Терістік  – қазақтың ең шұрайлы өлкесі. Атамзаманнан қазақтың киелі қонысы. Берісін айтпайық, Ботай қонысының өзі әлемдік мәдениеттің жауһар тәжісі. Ал Петропавл, Павлодар маңында ежелгі қалалар мен қоныстардың көп болғанын археологтар мен тарихшылар әлдеқашан дәлелдеген. Енді қайтпек керек? Павлодардағы 23 көшенің жырынан соң жер-су атауларын ауыстыру үрдісін тағы да тоқтатамыз ба, әлде саналы, сауатты түрде ары қарай жалғастырамыз ба? Қала көшелерінен сырт, қаншама елдімекен, жер-су аттарының тарихи атауын қайтару ісі өз кезегін күтіп тұрған жоқ па? Егер осы мимырт шешіммен күнелтер болсақ, орыстанған облыстарды қазақтандыру үшін жүздеген жыл уақыт кетеді екен. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, отарсыздандыру саясатын жүргізу ең кешенді жұмыс екені өз алдына, жалтақтап жүріп уақыт өткізіп алмаймыз ба деген қауіп те бар.

Біз осы мәселеге байланысты еліміздегі неміс этносының өкілі, филолог, түркітанушы Владимир Шнайдердің пікірін білген едік.

– Владимир мырза, Павлодар қаласындағы 23 көшенің атауын өзгерту мәселесі облыстық Мәслихатта шешімін тапқанымен, қоғамда қызу талқылануда. Біртұтас қазақ жерінің солтүстік өңіріндегі  елдімекендердің тарихи атауларын қалпына келтіру мен заманға сай жаңалау әрекеті үнемі сыңаржақ пікірлерге өзек болып  жатады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, мұның әртүрлі себебі бар. Соның бірі ақпараттық түсіндірудің жеткіліксіздігі. Кей көшелерге аты берілген тұлғалардың өмірбаянын елге кеңірек насихаттап, олардың Қазақстан тарихындағы алар орнын жеткілікті түсіндіру керек. Біздегілер бірден ауыстыра салады. Ауысқан кейбір көшелердің жаңа атауын иеленген тұлғаларды өзге ұлт өкілдері түгіл, жергілікті қазақтар да танымайады. Қазір ақпараттық заман ғой. Би-шешендердің, батыр-бағландардың, қаламгерлердің  тарихтағы орнына қатысты ұғынықты, нақты деректерді ықшам түрде халыққа насихаттау керек. Сонда түсінбестік, алыпқашпа әңгіме болмайды деп ойлаймын.

Екіншіден, көшелерге тұтас халыққа белгілі тұлғалардың есімін берген жөн. Мысалы, Аймауытов, Жұмабаев, Сәтбаевтың есімдеріне қарсы пікір айтатындар аз болады. Олар тек қазаққа емес, барша халыққа танымал тұлғалар. Бізде ел жыға танымайтын кейбір адамдардың атымен аталатын көшелер көп. Осы жағын дұрыстап ойланғанымыз абзал.

Үшіншіден, әйтеуір қазақтандыру керек екен деп, бәрін ауыстыра беруге өз басым келіспеймін. Сол өңірдің дамуына, индустриалды дамуына үлес қосқан өзге ұлт өкілдерін де ұмытпаған жөн. Ондай тұлғалар аз емес.

Төртіншіден, Қазақстанға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдардың атында көшелер бар. Мысалы, Суворов деген көше бар. Суворов кім? Ол мүмкін Ресейде танымал шығар. Соларға қосқан үлесі бар болар. Ал оның Павлодарға қандай қатысы бар? Бір Суворов емес, ондай көшелер толып жатыр. Россиский, Астраханский деген секілді Ресейдегі қалалар мен жерлердің атымен аталатын көшелер де жетерлік. Солардың бәрін ауыстыруға не кедергі екенін түсінбеймін.

Бесіншіден, сол өңірге танымал тұлғаларға көше беруді жүйелі түрде қолға алу қажет. Мысалы, бір Баянауылдан қаншама академик шықты? Оларға қатар-қатар көше беруге болады ғой… Нағыз ғалымдарға берілген көшеге есі дұрыс адам қарсы шықпайды.

– Басқа облыстарда көше атауын ауыстыру көп сөз болмайды. Солтүстікте жер-су мен көшелердің атауларын ауыстыру үнемі пікір қайшылығын тудырып жатады. Мұның жоғарыда айтқандарыңыздан өзге қандай себебі бар?

– Солтүстікте өзге ұлттың, әсіресе, орыс ұлтының саны әлі де көп. Олардың түрлі ұйымдары бар. Ақпараттық әлеуеті де жоғары. Соның салдары деп ойлаймын. Әлі де болса советтік уақытпен өмір сүретіндер көп. Бірақ, жүйелі түрде жұмыс жүргізсе, халық та иланады. Жергілікті жердегі атқамінерлер түсіндіру жұмысын мықтап қолға алуы керек.

Біздегі шенділер үнемі қала көшелерін ауыстыруға құмар. Ал Павлодардан аттап шықсаңыз, жер-су атауларының бәрі сол Совет кезіндегі қалпында әлі сіресіп тұр. Соларды ұмыт қалдырып жүрміз. Қалаға қарағанда, ауыл жұрты үлкен шу тудырмайды. Сол ауыл, аудан, өзен-көл атауларын қазақтандырып, бұрынғы атауын қалпына келтіруді қолға ертерек алған абзал.

– Көшелердің атын қазақшалауға қатысты Жириновскийдің сөзін естідіңіз бе?

– Жоқ. Мен оның сөзіне мән бермеймін. Ол не демейді? Оның пікірі соншалықты маңызды емес. Жириновский айтты екен деп, сақсынып, алға қойған мақсатты кешіктіруге болмайды. «Су ішкен құдығына түкірген» пенденің сөзіне ресейліктер де күле қарайды. Саяси сайқымазақ екенін жұрттың бәрі біледі…

Сұхбаттасқан А.БИДАЙБЕКОВА

ПІКІРЛЕР4
Аноним 22.04.2021 | 11:10

Облыс атауын әлі де қимайтындар бар. «Павлодар атауын ауыстыру неге керек? Әдемі естіледі ғой. Краснодар, Солнцедар сияқты.»- дейді Гүлдана Ақылбек.Ол өзі Павлодар қаласында туыпты, Павлодар қаласында мектеп, пединститут бітіріпті. Оған Павлодар атауы ыстық көрінеді екен.

Аноним 15.05.2021 | 10:12

Сонда өзгенікін зор санағаны ма? Неткен жан өзі.

Аноним 18.05.2021 | 14:55

Солай болғаны ғой. Гүлдана сияқтылар жалғыз емес. Олар көп.

Аноним 22.05.2021 | 09:20

Қай Дана болса да айтайын. Краснодар қайда, Павлодар қайда? Көзіңді аш. Бәрі бұрынғыдай болмайды. Дүние кезек!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір