Қазаққаа Невскийдің не қатысы бар?
21.07.2023
257
0

Қай халық, қай мемлекет болса да өзінің әрісі алты құрлыққа, берісі өз елінің байтақ көлеміне есімі мәшһүр ақынын, жазушысын, әнші, күйшісін, ел қорғаған батыр-баһадүрін досына – мақтап, дұшпанына – айбат етіп көрсетіп отырады. Құрметтейді, бүгінгі ұланына ертеңгі ұрпағына өнеге етіп үлгі қылуға тырысады.

Александр Невский Алтын Орда ханының дәргейінде княздікке сұранып тұр

Әшейінде, ата – тарих, әділ тарих деп жатамыз-ау… Әттең, сол ата – тарих, ақсақал тарих та «заманына қарай – амалы» демекші, әр заман мен әр қоғамның саяси да, ара-тұра әлеуметтік те ахуалына ыңғайластырылып, соның ығына жығылып жазылып жататыны, көңілге кірбің түсіретін тұстары жиі ұшырасады. Мысалы, еліміз Мәскеу­дің империялық-ұлыорыстық (великоросс) уысынан шығып, Еркін Ел атанғанға шейін ұлттың ұйықтылығы мен атамекенінің мызғымастығы үшін теріскей көршімен алысып-жұлысып өткен батырларымыз хақындағы (Едіге, Орақ, Мамай, Нәріктің ұлы Шора, Сартай Байжанұлы тағы басқалар сияқты) жыр-қиссаларды жариялауға да шама-шарқымыз жетпей келгені рас. Тәуелсіздік деген сөз қолданысқа ене қоймаған заманда «Қазақтығым – Азаттығым» деп жыр жырлаған (Сарышолақ Боранбайұлы, Есенгелді Ақпан жырау, Нұрмағамбет Бөлебай, тағы басқа) шайырларды әлі де қалың қазаққа паш етіп қарық қыла қойған жоқпыз.

Оның есесіне қазақтың дүние есігін енді ғана ашқан періштелері орыстың Никита Добрыня, Алеша Попович, Илья Муромец деп аталатын аңызи-ертегілік батырларының есіміне елтіп, соларға ұқсаған жаугер, жаһангер болуды, яғни, көзі сығырайған азиялық Кащей, Соловей Разбойниктермен алысатын алып болуды армандап өсті.
Қазақ жастары бала күнінен есіміне қанық орыс тарихындағы батырлардың бірі – Александр Невский болатын. Жалпы Александр Ярославич хақында қайсысы – рас, қайсысы – жалған екені беймағлұм әңгіме-қауға, өтірік-шыны аралас тарихат-сымақ өте көп. Орыстарды тыңдап отырсаң, шведтермен болған соғыс кезінде мұз үстіндегі, яғни, Нева өзенінің үстіндегі қиян-кескі қидаласуда адам сенгісіз ересен ерлік көрсеткені үшін ол Невский атаныпты. (Дондағы шайқасқа қатысқан Донской дегені тағы бар!) Сол Невский туралы жазылған әртүрлі тарихи уақиғаларға құрылған өлең, естеліктер, киносценарийлер, опера, әндерде есеп жоқ. Александр Невский туралы фильм мектеп оқушыларынан бастап 1941-45 жылдардағы соғыс кезінде Қызыл Армия сарбаздарына дейін көрсетілді, сол жерде «Вставай, Русский народ!» әні айтылып жүрді.
Ресейдің енді бір тарихатында Александр Невский «татар-моңғолдармен» шайқасады. Олардың татар-моңғол деп жүргендері – құрамында қазағы, татары, ноғайы тағы басқалары аралас түркілердің Алтын Орда империясы. Ал шындығына келсек, Саша Невский князь со заманда Алтын Орда ханына адал қызмет еткен, орыс селениелерінен салық жинап әкеп беріп тұратын князьдердің бірі ғана болған. Айтпақшы, ол заманда орыстар бірнеше князжество (княздық) ғана болса, оларға басшыны, яғни князь болатын адамды Алтын орда ханы тағайындап отырған Осы Александр Невский өзін князь етіп тағайындауды өтініп, ханның алдында басы жерге жеткенше еңкейіп тұрған үлкен картина да бар (суретке қараңыз). Міне, біз күні кешеге шейін отансүйгіштік пен ержүректіктің үлгісі қып әнмен де, жырмен де, көркем фильммен де, тарихпен де жас ұрпағымызға ұсынып келген А.Невский кім болған?!
Қазір еркін ел болғанымызға 32 жыл өтсе де әлі де өзімізді айқын ұлттық, елдік арнаға салатын идеологияға ие бола алмай келеміз. Жақында «Алматыда А.Невскийге ескерткіш орнатылады екен» деген хабар желдей есіп кетті. Біреулер оны «жалпы қалың жұртшылық көретін жерге қойылады екен» десе, енді біреулер «жоқ, ол орыс шіркеуі маңына қойылатын болды» дейді. Мәселе оның қайда қойылғанында емес. Оны тіпті,шіркеу маңына қойғанның өзінде бұның аржағында қандай мән-мағына, турасын айтсақ, қандай саяси астар жатыр деген сұрақ туса, оған ешкім кінәлі емес. Өйткені шіркеу – Ресей тарихында болған алуан-алуан соғыс атаулының кейіпкерлерін насихаттайтын мекеме емес, діни орталық. Ендеше, олардың қазақ даласындағы шіркеуіне бұл ескерткіш неге қажет бола қалды?
Осыдан біраз жыл бұрын қазақ даласында талай қанды қырғынның басты кейіпкері болған генерал Колпаковскийге Алматы маңында ескерткіш қойылды. Оған әсіресе сол қырғынға ұшырағандардың бүгінгі ұрпақтары – қазақтар қарсы болды. Бірақ ел наразылығы қаперге алынбады. Қазір Колпаковский қазақ даласының алыс көкжиегіне көз тігіп, асқақтап тұр.
Енді Александр Невский! Келешек ұрпақ: «Невскийдің ескерткіші қазақ жерінде неғып тұр?» – деп сұраса, не дейміз?..
Бет қатталып жатқанда: «Қоғам наразылығына қарамастан, 13 шілде күні Алматы қаласындағы Александр Невский шіркеуінің ауласына Александр Невскийдің ескерткіші қойылды» деп хабарлады Adyrna.kz ақпараттық порталы.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір