Мейірхан Ақдәулетұлы. Өзім түгіл, өлердей мас көлеңкем «Өмір!» деп тұр еңіреп!
14.04.2021
1322
2

БЕЙУАҚТАҒЫ МІНӘЖАТ

 Ілінерде күннің қызыл кірпігі

дертім менің меңдеді –

Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні,

өлтіріспе Сен мені!

 

Мұса,

Ғайса,

Мұхаммедтің көп ішкен,

тауыспаған кермегін

жұтам үнсіз.

Үмітім жоқ Жеңістен.

…Көзімнен сүй сен менің!

 

Ернім емес,

ет жүрегім кезеріп,

жоқ сусынға шөлдеппін.

Ажал-құрдас ақ мылтығын кезеніп

«Кеттік!» десе — мен кеттім!..

 

Бізге неге баянсызды аңсаттың,

е-ей, есі бар Құдіре-ет?..

…Босқа налып, болмашыға шаршаппын —

көзімнен сүй бір рет!

 

Түнге сіңіп жоғаламын Мен ертең —

аямайды Сені Көк…

Өзім түгіл, өлердей мас көлеңкем

«Өмір!» деп тұр еңіреп!

 

Аллаһу да аяп басар кеуденің

үнсіз айтқан зары бұл –

өмір өзі-ақ өлтіреді.

Сен мені

өлтіріспе, Жарығым!

 

Көзімнен сүй, Сені көріп жұбанған…

 

АРЫЗДАСУ

 Түсе берме өкініштің өртіне,

айтпа бекер желге сыр –

Сүйдім деп ем, тұрмай кеттім сертіме,

«Кеш, кеш…» деме,

сен кешір!

 

Табылмады менен күткен көп арман –

түгендейсің қайбірін…

Мен – түсіңе еніп, кенет жоғалған

елесі екем қайғының.

 

Дарындылар шақ шыдайтын кеселдің –

шын сүюдің уынан,

меніменен бірге ұрттап ең, неше өлдің,

әлі өртсің… мен суығам.

 

Есте қалсын

жапырақ-жаның жегенім,

ұмыт болсын сүйгенім.

Орнын сипап, бекерге опық жемегін

сынып түскен түйменің.

 

Шашың мүлде кетті ағарып.

Күрсінбе,

есіңе алма, ұмытқын.

Мен – Елеспін.

Сығалай ма құр сүлдем

Саңылауынан құлыптың?..

 

Дәрменің жоқ шашың жұлып жылауға,

үздігерсің,

тынарсың.

Жалынар ем «соны ая!» деп Құдайға –

елес тілін кім алсын!..

 

Сен қирама.

Несі кетсін Елестің –

одан мұңсыз елде жоқ.

Мен –

өзіңді өп-өтірік, көмескі

жалынымен жалғыз шарпып сөнген от!

 

КЕШ. ЖАЛҒЫЗДЫҚ

 Ақырзаман орнайды енді —

Күн өлді

Қып-қызыл боп ұяттан.

Өкінердей ештеңе жоқ.

Біреуді

өп-өтірік жұбатпан…

 

«Есі ауысқан дүниеден жалықтым —

емексірдей не бар, ал?…

елесіндей Жұмақ пенен Тамұқтың

Көргенің мен Көкейкестің кереғар!

 

Өмір деген осы болса…

шыдармын,

өшпейтін де өнбейтін…

Мен Тәңірдің зо-ор қатесі шығармын

өзі ғана жөндейтін?..

 

Елге еліктеп

қуанғансып жүремін,

жылағансып мен несін? —

Құл құлықсыз көтереді білегін,

Патша — қуыс кеудесін…

 

Досым да жоқ,

дұшпаным да жоқ менің —

бәрін үнсіз кешіргем.

Өліп едім — өмір өтіп кетпеді —

шықпай қойды есімнен!»

 

…Ақырзаман болмай қалды. Тірімін.

Ойым — жынды, айкезбе.

Ғасыр өтті… үзілердей жұлыным —

…жолығамыз қай кезде?..

 

КҮЗ. ТОБА

 Ақты жұлдыз тас төбемнен «ағалап»,

Арашаға түспедім.

Салдақы түн сақ-сақ күлді табалап,

бармағымды тістедім.

 

— Жаз өт-ті! — деп жасыл бояу жылайды —

мен қайтейін, сарғаяр.

Қарғағансып қараңғыны — Құдайды

қалтыраған шам да – аяр.

 

«Туған екем — өлерімді білем мен,

таңды қарғап күн батар….

Сынық сәуле күтіп қайтем біреуден,

қай жанарды құрғатам?».

 

— Ж-жа-алға-ансың-ң! — деп, Мәңгіліктің жағасын,

жұлқылап ем, қыңбады.

Жесір-өмір жұбатады баласын

жырым-жырым құндағы…

 

Мың ғасырлық Мәңгі ойынның мәні –

осы.

Бояуы, тек көнерген.

Ме-ен?

…сәбимін

сенімі мен дәмесі

өзінен Зор,

өлермен…

 

ШӨЛ БАСУ КҮЙІ

«Вкушая вкусих мало меда…»

                    Лермонтов эпиграфы.

Барлығы рас…

бәрі аян.

Беті ашылды — белгілі,

Өзімсінген өкпемнің өзі орынсыз ендігі:

Дүр де санап өзімді,

дүрені де жеп көріп,

Өтер өмір бұл болса, пендешілік етпелік:

Тауым тастай шағылып,

таусылуға не себеп? —

Жазмыш-Жеңге,

Қойшы әлгі құманыңды еселеп!

 

Еселеп қой құманды,

қалампырлап, бұрыштап,

көрер қызық бұл болса, көсілейік дұрыстап.

Әзілдесіп, аңдысып батырармыз күнді ақыр.

Не қоссаң да құя бер —

нені ішпеген бұл пақыр!

Ұрттап ішем.

Ұрланып күлгенің не,

Не білдің?

Шөлдеуліде не жазық…

Жеңдім десең — жеңілдім.

 

Құй, құя түс,

(құман да сен мінездес көкайыл!)

Меңсіз аққа түспейтін мейіріміңнен не қайыр?!

Бап тілейтін — Бақыттың жиені емен,

алайда,

қиғаныңды құй маған.

Қалдықсыз құй, жарай ма?

Қылығыңа болайын,

жасық жігіт көрмегір,

қылымси тұр осылай — желпінейін мен де бір!

 

…Сұқ саусағы майысқан, сұңғылам-ау!

Мен енді

қалғып бара жатырмын —

құйған пәлең денемді

балбыратып, буынға түсті білем шамасы.

Өмір — осы:

сусау мен сусындаудың арасы…

Кірпігіңнің астында ләззат ойнап бір сәттік,

Күліп көрпе жабасың.

…У-у, не деген жұмсақтық!

 

Көз жұмылды,

Қапысыз қанар болды ұйқым бір

Еміс-еміс естіліп, қалды үзіліп бір күй құр!

«…Барлығы рас,

Бәрі аян…

беті ашылды — белгілі…»

«Көкелеген» біреудің көкірегімде өлді үні.

Қалғып барам балаша…

Жеңге-Жазмыш, не деймін?

— Жастығың тым аласа… Түзейін бе?

— Е-е, мейлің…

 

* * *

Өзіңсіз өткен кеште мен

 өзімнен-өзім сескенем —

Өгейсіп кетсең бір күні

өзгерместей ме ештемем?

 

Торламай жанды тосын мұң,

ойлармен ойнап отырмын.

Аяшым кіріп келер деп

алаңдамағанымнан шошындым.

 

Табалап күдік мені мың,

сезімнің жоқтап серігін,

Сенделіп кетпей сені іздеп,

сергігенімнен жерідім.

 

Жарқылсыз жалған көз алдым,

жалғызым, тездеп оралғын!

ӨзіңсІз тыныш көз ілдім —

өзімнен шошып ояндым.

 

Өзіңсіз өткен кеште мен

өзімнен-өзім сескенем —

Жол сүйреп мені кетсе егер

қалғыр ма ең тыныш…

Не істер ең?

 

МОЙЫНДАУ

 Ұмыттым бәрін!

Өзгенің ұмыттым бәрін —

Өртенуден соң сөнудің жуық тұрғанын,

Үміттерімді

жоқ іздеп мұнарды кешкен,

Күдіктерімді…

Мұңды да шығардым естен.

Бұл құдіретіңмен сен бәрін ұмыттырасың —

Көзіңмен оқып бір дұға,

күліп тұрасың.

 

Күліп тұрасың,

жүзіңе көп телміремін,

Өзіме өзім қимастай неткен гүл едің?!

Әмірші жоқта жайғасып жақұт тұғырға,

Ханымын құшқан ұқсаймын бақытты құлға!

Дүние-ай…

бұл да баянсыз.

Қалтырап, әрең,

Жазмышпен жаға жыртысар қалпыма келем.

 

Қалпыма келем —

Мойнымнан білегіңді алам,

Қорғансызым-ай,

теліген тілегін маған.

Ыстық сен жайлы

ыршытқан жасыным қарып,

Сап-салқын ойға оранам батылым барып…

Терезесі ашық жанымның көресілерін

тең бөлісесің —

соныңа көп өкінемін.

 

Көп өкінемін,

өзім-ақ көретін едім.

Көргісіз отты өзіңе неге тіледің?

«Қып-қысқа-ау ғұмыр,

Қып-қысқа, неғыласың…» деп,

Қасыңда тұрған өзімді сағынасың кеп!

«Өткінші…» деуге дәтің жоқ,

таңдай қағасың.

Тәттіні татқан Хауадан аумай қаласың!

 

* * *

Аумай қаласың…

Ал мені —

Адам Атаны

сенделткен сезім жетелеп бара жатады!

ӘН

Қайтатын құстар салады бір ән

«Өтті ғой бәрі…» деп өксіп.

Толған Ай-қыздың жамалы қылаң,

Телмірем соған емексіп.

 

Жанымда тұрған ойланбай күліп,

Жаным сол — жарты Ай сырғалы…

Санамда бір ой салғандай бүлік;

«Баянсыз құспыз біз-дағы…».

 

Қайталап қаздар,

тырналар да әнін,

Қай-қайдағыны қозғаса,

«Осы ма, — деймін, — бұлдағандағың,

көрінбес бақыт көзге аса…»

 

Толған Ай сонда бұлтқа кіреді,

Зіл-мұңын маған бұлдамай.

Құрысып тұрып Құртқа-жүрегі,

Күледі үнсіз.

Бұл қалай?..

 

Көз жасын тежеп, зорға күледі,

Көлегей тұтып білегін.

Құстардың әнін ол да біледі,

Тірінің қозғар жүрегін:

 

«Қайтады бәрі мұратты айдынға,

Кімде мұң басым,

Кімде — арман?..»

Бұлт шалған Айды жұбатпаймын да,

көзінен сүйем дымданған.

 

…Мұнартып кеудем, мұңая қарап,

Айға ұқсас жанды ақтамақ

қалтырап қолым,

тұрам аялап,

Шын сүйіп…

Со-онша қатты аяп!

ПІКІРЛЕР2
Аноним 16.04.2021 | 14:43

Жақсы жырлар екен, дегенмен адами шектен шығандап тұрған пессимизм де… кейде кермек татиды…

Аноним 29.05.2021 | 12:40

Классик! Мейірхан аға «Ақынмын!» деп атақ алып, ат мініп жүрген ағаларды он орап кететін адам.«Адырнаның»,«Алтын орданың» өзі неге тұрады?! Жүз жасаңыз, аға!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір