«ЖАНСАР» – ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАН ӘЛЕМІ
12.04.2021
1390
4

 Қайраткер қаламгер, ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Жансар» атты эсселер мен естеліктер кітабы жарық көрді. Тақырып, мазмұнына қарай «Тірлігінде тілдестім», «Сыйласып, сыр бөлістім», «Аз ғұмырды бір кештім», «Бауырында тел өстім» атты төрт бөлімге топтастырылып берілген жинақтың аннотациясында айтылғандай: «Жинақты қазақ ақыл-ойының қормал ғұламалары мен киелі қалам иелерінің өмірі хақындағы психологиялық барлау, көркем-сыни талдау десе де болады. Жазушы өз тұсында өмір сүрген, кеше ғана өмірден өткен аға ұрпақтар мен өз замандастарының жан жылуын келер ұрпаққа жеткізуге ұмтылған».

Жомарт ОСПАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тұрсын Құдагелдіұлы Жұртбай – қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі. Шығармалық жолын ақындық, жазушылықтан бастап, кейінде ғылым саласына біржола ойысқан қарымды қаламгер, қажырлы қайраткердің қазақ руханиятына қосқан үлесі ұшы қиырсыз, ұшан теңіз. Бұрынырақта жарық көрген өлең-жыр, әңгіме-повесть, хикаят кітаптары нәзік лиризммен, өзіндік ой өрнектерімен ерекшеленді. Кезінде әдеби сыннан лайықты бағасын алды, бірқатар туындылары республикалық конкурстарда жүлделі орындарға ие болды. Одан кейін де тағылымды тұлғалар тағдыр-тарихына ден қойып, халқымыздың М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев т.б. біртуар азаматтарының өмірі мен шығармашылығы жайлы толымды танымдық зерттеу еңбектер берді. Бұл арнадағы  ізденістерін «Дулыға», «Кетбұқа» сынды тарихи әпсаналар циклымен түйіндеді.

Еліміз егемендік алып, «әр жерден жиі үзіліп, көп жалғанған» тұмса тарихымызды тәуелсіздік талаптарына сай қайта тектеу, таразылау ісі күн тәртібінің алдыңғы қатарына шыққан елең-алаң кезеңде Т.Жұртбайдың екінші тынысы ашылғандай болды. Кемел ойлы, терең пайымды тарлан талант енді тың жатқан «Алаштану» ғылымына түрен салды. «Ұраным – Алаш!..» атты үш бөлімнен (Жегі», «Тез», «Талқы») тұратын түрме әфсанасы мен «Алаш ақиықтары» атты сирек деректер жинағының негізінде біртұтас Алаш идеясының тұжырымдамасын жасады. Ұлттық сана мен құндылықтарды жою бағытын ұстанған сұрапыл саясат – ұлт зиялыларын қудалау мен қуғын-сүргінге  ұшырату, жазықсыз жазалау науқанының ащы шындықтарын нақтылы дерек-дәйектерге сүйене отырып, ашып жазу арқылы қараңғы қоймаларда тұншығып жатқан талай-талай тәлімді тарихымызға сәуле түсірді, талай-талай тұғырлы тұлғаларымыздың алтын бастарын азат етіп, ортамызға оралуына себепкер болды.

Зерттеуші ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымының басты бір саласы абайтану, әуезовтану ғылымына қосып келе жатқан үлесі өз алдына бір төбе.  Бір ғана, өткен жылғы данышпан ақынның 175 жылдық мерейлі тойы аясында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттееу институтының бастамасы, ұйытқысымен жарық көрген кітаптар сериясы қатарындағы еңбектерінің өзі не тұрады?! «Білмей мұны жазған жоқ» (1-2 кітап), «Кешегі өткен би Құнанбай»,  «Соқтықпалы, соқпақсыз заманда өсті», «Ол боламын демеңдер…» атты кітаптар шоғыры ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығы, ақынның өскен ортасы мен дәуірі туралы кеңінен толғаған, тереңнен тамыр тартқан, тақырыпты жеріне жеткізе зерттеген аса салмақты, құнды дүниелер.

Тұрсын Жұртбай еңбек жолының бастауында, ұзақ жылдар еліміздің ең беделді «Білім және еңбек» («Зерде»), «Жұлдыз» журналдарында қызмет еткен. Кейін, ғылым саласына бет бұрған жылдары М.Әуезов мұражайында ғылыми қызметкер, бөлім бастығы, директор болды. Жаңа ғасырдың алғашқы жылдарынан бері «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Ғылым докторы, профессор ретінде болашақ филолог-мамандарға абайтану, тағы сол сынды аса күрделі пәндер бойынша дәріс береді.

Міне, осылайша, жарты ғасырдан астам уақыттан бері ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, ғылымымыз бен біліміміздің бел ортасында жүрген, аянбай ат салысып, қормалы олжа салып келе жатқан сарабдал суреткер, зерделі ғалым, зейінді жазушының «өзінің өткенін қорытындылап, өмірден көргені мен түйгендерін саралап, сол мағыналы-мағынасыз кешкен ғұмыры туралы ой толғайтыны заңды» да болса керек (Ескерту: бұдан кейінде тырнақша ішінде берілетін сөздер – автордың сөзі). «Жансарды» осындай ізгі ілтипатпен оқып шықтық.

Тегінде, естелік-эссе жазуға өмірдің өзі итермелейді. Естелік өмір өткелектерінен сүрінбей өткен, айналасын, қоғамды, заман ағымын ақыл, сезім, зерде сарабына салып, талқымен тазартып көре білетіндердің қолынан шықса құба-құп. Кез келген ақын-жазушыны тек шығармашылығымен ғана тану мүмкін емес. Жеке өміріне қатысты кейбір дерек-дәйектерді жете білу арқылы оның азаматтығына, адамшылығына, басқа да мінез-құлықтарына қаныға түсесіз. «Жансарда» мұндай штрихтар аса мол, өткен ғасырдың 70-90 жылдарындағы әдеби процесске еркін барлау жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ халық руханиаты тарихынан лайықты орын алған небір тұғырлы тұлғаларымыздың өмірбаянынан, оның тағдырлы жылдары, тағылымды тұстары, тіпті кейбір қалтарыс, көлеңкелі кезеңдерінен де мол мағлұмат ала аласыз. Сол тұрғыда «Жансарды» ұлттық әдебиетіміздің аталмыш аса табысты кезеңінің көркем бір полотносы деуге әбден болады.

Автор өз кейіпкерлері туралы аса жылы ілтипатпен, жақсы әсермен әңгімелейді. Әдебиет әлеміндегі түрлі қақтығыстар мен тартыстар, небір кемеңгер кейіпкерлер образы, оларға қатысты оқиғалар легі оқырманын еріксіз елітіп, алға жетелеп отырады. Қаламы қарымды, өмірлік, қаламгерлік тәжірибесі мол жазушы кейіпкерлері жөнінде көрген-білгенін, естігенін, оқығанын құрғақ баяндаумен ғана шектеліп қалмай, олардың ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын барынша ашуға да күш салады. Ел мен жердің игілігіне, әдебиет пен мәдениеттің өсіп-өркендеуіне бар ғұмырын, қарым-қабілетін сарп еткен айдынгер тұлғалардың ішкі жан әлеміне жарық түсіреді. Естелік-эсселерді ортақтастырып тұрған идеялық-көркемдік желі – барлығының да өмір деректеріне, нақты фактілерге негізделіп жазылғандығы. Автор әрбір естелігінде жанр ерекшелігіне сай түрлі шегіністер жасап, адам болмысының тылсымына терең үңіле отырып, көркем ой-толғамдар, авторлық ремаркалар, екеуара әңгіме мен әдеби детальдарды шебер пайдалана білген. Көркем жазбалар өз кейіпкерлерінің қаламгерлік, адамдық тұлғасынан, қайраткерлігі мен қайсар мінезінен, ешкімге ұқсамайтын дара жаратылысынан сыр тартады.

Құдай-ау, мұнда кім жоқ дерсіз?!. «Далада туған даналардың соңғы тұяғының бірі, ақылдың кені» Әлкей Марғұлан; «көкірегі тұнғaн сыр мен сымбат» Ғабиден Мұстафин; бүкіл саналы ғұмырының жартысына жуығы қуғын-сүргінмен өткен, өмірде де, өлеңде де қысымды көп көрген, сол үшін түрмеге бес рет қамалып, бес ретінде де аман шыққан, «нағыз Шәкәрім үрдісіндегі философ Шәкір ақын» Әбенов; ұлы Абайдың соңғы немерелері Ақылия мен Мәкен Тұрағұлқыздары; эстет жазушы Сапарғали Бегалин; «барлық кейіпкерлері жақсылыққа құмар» жазушы Сейітжан Омаров; «түйілсе – қапысыз түйіліп, шүйілсе – қапысыз шүйілетін…» халық жазушысы Әлжаппар Әбішев; «Алаш зиялыларының бекзатты тәрбиесінің тәлімін бойына қапысыз сіңірген қайран ұстаз» Хайыржан Бекқожин; «Бойындағы бар шырынын халқына сарқа беруге қалам қайратын қайсарлықпен жұмсай білген» тарлан, ұлт аңсарының ұйытқысы, «қазақ әдебиетіне ұлттық тарихи ойлау жүйесін әкелген реформатор» Ілияс Есенберлин; жақынының өзін жалғандығы үшін жек көретін қиямет Қайым Мұхамедханов; асылдың тұяғы, алмастың мөлдір сынығы Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова; ғылым сахабасы Тұрсынбек Кәкішев; «қазақ өлеңінің қара емен діңгегі, Қасым мен Сырбай рухының жиынтығындай» Ғафу Қайырбеков; «қазақтың сөз өнеріне, соның ішінде поэзиясының құрылымына бетбұрыс жасаған, алғаш рет он алты буын өлеңді өмірге әкелген басы асау ақын» Төлеужан Ысмайылов; «тұла бойы қайырым, мейірімнен тұратын, адамды алыс-жақын, дос-туыс деп бөлмейтін ұлы талант иесі» Қалихан Ысқақов; «жүйкең мен түйсігіңнің талшығын еріте шымырлатқан таза да қайсар рухтың жыршысы» Сайын Мұратбеков; «сырбаз мінезі, әуезді әңгімесі, мәрттігі, тіпті шақшасының тықылы жетпей тұрған» Ақселеу Сейдімбек; «өз замандастарының арасындағы ең білімдісі, озық ойлы, белсенді көркем ой иесі, буырқанған қуат көзін әдебиетке де, қызметке де, адамзаттың парыз-қарызды өтеуге де қызуқандылықпен, жомарттықпен жұмсай білген» Сағат Әшімбаев; «жүрген жерінде қашанда буырқанған ой-пікірдің буы бұрқырап, қайнап жататын, өзінің ақыл-ойын, талант-қабілетін үнемі қайрап жүретін» шаңқобыз жампоз Жарасқан Әбдірашев; «ең шешуші және ең ұлы концертін қоя алмай, соңғы шырқау әнін айта алмай, ағыны қатты екпінін баса алмай өмірден ағып өте шыққан» Жәнібек Кәрменов; «Күлтегіннің көксемсері сияқты қайралып туған» ұлы тұлға Олжас Сүлейменов, т.т. – бәрі-бәрінің адамзат ақыл-ойына, қазақ қоғамына, ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі, халқымыздың тарлан тартқан текті тұлғаларының азаматтық болмысы, адамшылық абзалдығы көз алдыңыздан кино лентасындай тізбектеліп өтіп жатады. Жан әлеміңізді ерекше бір жылы шуаққа бөлейді, санаңызға сәуле төгеді. Жүрегіңізге бүкіл сана-сезіміңізді шырмап, жұлын-жүйкеңізді шымырлатқан аяулы бір сағыныш мұңын ұялатады…

Естелік-эсселердің қай-қайсысы болсын автордың жан-жақты, зият білімділігін, тіршіліктің түрлі иірім-қайырымдарын барынша байыпты зерттеп, кім, не жайында да кемел ойлап, терең толғайтын талғампаз талантын мойындатады. Ол өзіне етене қазақ әдебиетінің ғана емес, сондай-ақ ұлт тарихының, аса бай халықтық қазынасының аса үлкен білгірі, аса шебер тамыршысы. Автор жекелеген авторлардың өмірі мен шығармашылығын сөз еткенде ұлт әдебиеті мен мәдениетіне қатысты мәселелермен шектеліп қалмайды, оларды кең ауқымды қоғамдық үдерістер мен замана талаптары тұрғысынан, салыстыра қарастырады. Қол жеткен табыстары мен олқы түсіп жатқан тұстарын тап басып айта біледі. Бұл ретте қормалы көркем әдебиеттің, оның өкілдерінің қоғамтану, адамтанудағы рөлі, күннен күнге күрделеніп, шиеленісіп бара жатқан әлеуметтік және рухани әлеміміздің күрмеулі мәселелері, қағыс-қалтарыстары жайындағы ойларын бүгінгі күннің шындығымен салыстыра, жарыстыра баяндайды.

Сыншы Т.Жұртбай қазақ әдебиетінің классиктері С.Шаймерденов, Б.Соқпақбаев, Ш.Мұртаза, С.Жүнісов, Б.Тілегенов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкей, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин т.б. шығармашы­лығы жайлы толымды пікірлер айтады. С.Қирабаев, Р.Нұрғали, С.Қасқабасов, Ә.Ыдырысов сынды әдебиеттану ғылымы корифейлерінің айдынды ғалымдық, тұлғалық әлемін асқақтатады. Хасен Оралтай, Нығмет Мыңжани, Зейнолла Сәнік сияқты тағдырлы тұлғалар тағылымына назар аудартады. А.Егеубаев, Д.Әшімханов, т.б. замандастары мен құрдастарының азаматтық болмысына еркін бойлайды. Қазақ өнерінің қайраткерлері А.Тоқпанов, Т.Рахимов т.б. жайлы жазбалар автордың өнер саласында да көзі қарақты екенін анық байқатады.

Естелік-эсселер тек құрғақ сөзге, бір жақты ой-пікірлерге құрылмаған. Автор өмірдің түрлі кезеңдерін, бастан кешкен қилы оқиғаларды суреттей отырып, кейіпкерлердің азаматтық келбетін, шығармашылық ұстанымдарын алға тарта отырып, сол штрих, детальдар арқылы жаңа сөз, тың түйіндер жасайды. Естеліктер сол себепті де қызғылықты, тартымды оқылады. Ойыңа ой қосады, таным-түсінігіңді кеңейтеді.  

Әдебиет әлемі, өнер ордасы, ғылыми орта – ерекше бір әлем. Онда таулардың тауларға соғылғаны сияқты, «екі текенің басы бір қазанға симай», түрлі пікір қайшылықтары, тіпті жүз шайысу, бет қағысулар да жиі орын алып жатады, бұл – заңды  да. Содан келіп ащы ақиқат шығады, белгілі бір дәрежеде кімнің кім екені білінеді, ұлы тұлғалардың бір-біріне деген терең құрметі танылады. Мұндай келісті, аяулы көріністер кітаптың өн бойында өріп жүр. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес, бір-екеуімен ғана шектелейік:

Автордың Сырбай Мәуленов пен Қайыржан Бекқожинге қатысты – «Бір адам бір адамды дәл осылай қадір тұтады екен-ау! Ардағым, Алашымның көзі деп еркін айтады», – деген тебіренісі не болмаса алдында, бір күн бұрын керісіп қалып, бір-біріне қыр көрсетіп жүрген Баукең (Б.Момышұлы) мен Қалижан Бекқожиннің табысуы… Өзіне қол қусырып сәлем берген жігітке: «Сен маған Бауке деп сәлем беріп тұрсың ба?.. Жоқ мен ол емес, анау терезенің алдында отырған қазақтың ұлы ақыны Қалижан Бекқожиннің ағасымын!»  дегенде өзінше өкпелі болып отырған ақынның: «Ассалаумағалейкум, Бауке!» деп қолын ала жүгіргені қандай әсерлі!

Автордың өзі: «Жұлдыздың» жұлдыздары»  десе дегендей, жанартаулы жылдар, алғаусыз айлар, қимас күндер еді…» – деп ерекші ілтипатпен атап өтетін «Жұлдыз» журналы қабырғасында орын алған оқиғалардың өзі не тұрады?! Нағыздың нығызы Ахат Жақсыбаев, қазақ әдебиетінің кербұғысы Оралхан Бөкей, парасат пен пайымы тең тұлға Сағат Әшімбаев, жаратылысы жайсаң, мінезі тура биге тартқан Жарасқан Әбдірашев т.б. қатысты жазбаларды жүрек тебіренбей оқу тіпті мүмкін емес.

Сондай-ақ шығармашылық ортаның, «тілі мен жағына сүйенген» ақын-жазушылар әлемінің түрлі қазақы қалжыңға, қағытпа сөздерге толы болатыны да белгілі. «Жансарда» мұндай қызықты тәмсілдер де молынан ұшырасады. Бір ғана мысал, бір күн ішінде үш рет жұмыстан шығарылып, үш рет қайта қабылдануға «қабілеті» жеткен Жарасқан ақынның: «Мына біреу шеттеу тұрған кафе екен… деп кіріп ем, мұнда да отыр Ғафекең», «Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады», т.б. деген сияқты халық мәтеліне айналып кеткен біратар сөздері қатарына «Бекең («Жұлдыздың» сол кездергі редакторы Бекежан Тілегенов – авт.) иіс сезбейді, алдында теңселмей, тік тұрсаң болды» деген сөзін де сеніммен қосуға болатын шығар…

Қорыта келгенде, әр кезде жазылған, заман сұранысынан туған тағдырлы жазбалардан түзілген «Жансар» кітабы сол кезеңнің барлық ақиқатын артық бояусыз, ашық жеткізе білгендігімен қымбат, сол тұрғыда жинақты қалың оқырман үшін ғана емес, әдебиет тарихын, мәдениет пен өнер тарихын зерттеушілер үшін де құнды еңбек деп бағалауға болады.

Автордың өз  сөзімен айтқанда, «естелік – өткен күннің есебі, бүгінгі күннің – жад еншісі, ертеңгі күннің – елесі ғана емес, ол бір ғұмырдың мағынасын екшеу». Сол тұрғыда кітап кейіпкерлерінің – ұлтымыздың ұлы тұлғаларының, алтын айдарлы ақын-жазушыларының алдағы уақытта да қадірі жоғалмай, еңбегі ұмытылмай, келер келешекте де қайрылып ойға орала беретініне сенеміз.

ПІКІРЛЕР4
Аноним 13.04.2021 | 10:07

Мақаланы оқи сала Тұрсын тұғырының бір бейнесі «Жансар» «шежірісін» іздей бастадық! Жұртбаев ерлігі — замандастарының да көбінің ішінде кеткен сыр мен жырларды жандандырған, кей-кейде жанкештілік санатына да қосуға татитын, толымы — кісілік, жазушылық, зерттеушілік биігімен бағаналар жазбаларын жарамды жадымен түйіндей алған Жомарт Оспанның да азаматтығына тәнті болып отырған қалпымыз бар! Бар екенсің қазақ әдебиеті!
Риза көңілмен: Тәкен Молдақынұлы

Аноним 13.04.2021 | 19:32

Жөкең мына жазбасымен-ақ, Тұрсын ағаның жарыққа шығады деген жазбаларына деген ынтығымызды одан әрі арттырып жіберді-ау. Рақмет! Құрметпен, Жансая Жарылғапов.

Аноним 16.04.2021 | 22:33

Зарқын ағаң.
Жар ьаныстьырудың орйын келтірген екенсің. Кітап та, оның авторы да жақсы көрінгшен, лайықты көрінген. Рахмет, саған Тұрсеке, Рахмет саған Жомартым.

Аноним 18.04.2021 | 23:45

Кітаптың өзін оқығандай болдым. Дегенмен, сын бөлек,жыр бөлек….кітапты қайдан табамыз. Ол да бір,шешілмес түйін. Жаны жомарт мақала иесі,кітаптың Алматыда қай дүкендерге түсетінін фейсбукқа жазсаңыз,өзіме емес кітапқұмар достарыма да сыйға тартарыма кәміл сеніңіз!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір