КИЕЛІ КҮНӘ (Трагедия)
10.04.2021
917
0

(Басы – өткен санда).

ИРАН-ҒАЙЫП

 

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ЕКІНШІ КӨРІНІС

…Түрменің екі кісілік камерасы…

Ахмет – есін жиған…

Мұхтар – ессіз-түссіз…

Ахмет (камера ішін әрлі-бәрлі кезіп, шаршап).

…Ей, Алла… Уа, Аруақ! Қолдасаң-шы… бұдан әріге шамам жоқ… шыдай алар емеспін… Әл-дәрменім құрып барады… Уһ!

(Ауру сыңайы байқалады… Бәйіт оқи бастайды).

«Қара балуан Жәнібек!

Қаз дауысты Қазыбек!

Жетім қалған халқыңа,

Тұлға болып артыңа,

Кім тиянақ қазық ед?

Құнсыз болып еріміз,

Жесір болып жеріміз,

«Жан менікі» дей алмай,

«Мал менікі» дей алмай,

Ит пен құсқа азық ек.

Барын салып таласқа,

Арын сатып қалашқа,

«Жұрт болалық» деген жоқ,

Жұрт қайғысын жеген жоқ,

Іріп-шіріп, азып ек.

Мұны көріп көзіміз,

Бірігер деп сөзіміз,

Кен болар деп балшықты,

Көл болар деп шалшықты,

Біз үмітпен қазып ек.

Дәреті жоқ аяқтар,

Қорсылдаған саяқтар

Былғамасын асыңды,

Қасиетті басыңды –

Дегеніміз болмаса,

Қазаққа не жазып ек?!

Байлаттырған қолымды,

Бөгеттірген жолымды,

Жақыным бар, жатым бар,

Хабарлана жатыңдар!

Мен сендерге жүгіндім,

Төресі әділ – қазы деп!»

Уһ!…Адам үш күннен кейін тозаққа да үйреніп кетеді деуші еді… Жалған екен! Жалған! …Абақтының бетін аулақ қылсын Алаштан… Тозағыңның өзі тәуір шығар бұдан… Шіркін-ай…

«Жанға көңіл қалып тұр,

Жан бұл күйге салып тұр.

Тәнге көңіл қалып тұр,

Тән шыдамай арып тұр.

Жұртқа көңіл қалып тұр,

Жұрт жалғанға нанып тұр.

Өтірік өрлеп, күшейіп,

Шын жеңіліп, талып тұр.

Бақ дегенде байлау жоқ,

Уағдадан танып тұр.

Тағдыр шіркін тап беріп,

Тамағымнан алып тұр.

Пәле деген аңдушы

Аяғымнан шалып тұр.

Жала деген төбеті

Балтырымнан қауып тұр.

Жау білегін сыбанып,

Пышағын қайрап, жанып тұр.

Сауысқан, қарға, қарақұс

Жемтік аңдып, бағып тұр.

Көре алмаған күншілдің

Көңіліне мұным жағып тұр.

Табалаған жаманның

Шаян тілі шағып тұр.

«Әй, сені ме!» дегеннің

Айызы әбден қанып тұр.

Жаны ашыған жақынның

Жас көзінен ағып тұр.

Айыруға амал жоқ,

Қылышын жерге шауып тұр.

«Әлдеқалай болар?!» деп,

Жүрегі жұлқып қағып тұр.

Түгі жылы, білмедім:

Түледі ме – нағып тұр?

Түлемеген түпкі дос,

Түлегенің барып тұр!…»

(Сұлық жатқан Мұхтар ыңырсып, қимылдай бастайды… Мұхтардың бетіне үңіліп…) Есіңді жидың ба?.. (Басын сүйеп). Е… балам-ай… Бұл – әлі «Биссимилласы» ғой… «Аллаһуакбары» артынан болады… Шыда… Шыда… Шыдап бақ! Шыдамасқа – әддің қайсы?! (Мұхтардың басын сүйеген күйі, өзімен-өзі болып кетеді) Заманың – алмағайып… Халық басқарған қарарсызы – соқыр, мылқау, таскерең… Аяғың тайып – апатына ұшырап, жазатайым сүрініп – қазулы орына нахақ арандап аһ ұрып – омақасқаныңды көрмейді… «Өлдім» десең – естімейді… Қайрылып, қолының ұшын да бермейді… Бұ Дүние өзі не болып барады… төрт құбыласы түгелдей тарынып?! (Өлеңдетіп кеткенін өзі де сезбей). Әй… бәрі шала болды ғой бұл тірліктің!

…Аспан – шала,

Бұлт – шала,

Жер де Көктей солмасын?!

Халық – шала,

Ұлт – шала,

Қоғам – шала болғасын…

Орысыңды – білмедім… Дінсіз, ділсіз, тілсіз – Шалақазаққа – өкпем жоқ… Абай дұрыс айтады: Қазақтың жауы – Қазақ… Бар пәле – Қазақтың өзінен… Өзінен! Тірі – Өлік!

«Қазағым-елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқың?!»

…Дүмшелер-ай… Бүлдіріп болды-ау… бүл қылып болды-ау… әбден… Дүмшелер…

Мұхтар(есін жиып, басын ауырсына көтеріп).

…Дүмшелер деймісіз? …Кімдерді айтасыз? …Кімдерді айтасыз, Аха?

Ахмет

Жат, жат, жата ғой… Мұхтар, жата тұр… Шаршап қаласың. Жатып ал. Жату – бұғу емес. Бойың ойыңды қалқалай алмас осындай тығырық тұстарда, боранды күні боққа ұшырамай, жатып алған да – мақұл, бір сәт.

Мұхтар

Қағыс естімесем… Жаңа дүмшелер дедіңіз ғой… Дүмшелеріңіз кім, Аха?..

Ахмет

…Шарқы келместің шалғайына жармасып, шамасы жетпеске бұтын артып, кісі арқасында күн көрген кісәпірлер. Білімімен емес, бүлігімен өскен тоңмойын топастар. Қара таныдым деп қағынып, қыл өңеш, боқ қарнының қамы үшін қарақан басын күйттеп, қоғам түбі мен халық төбесін тесіп біткен оқымысты надандар… Қайтерсің… Қалай қыларсың…

Мұхтар (жан-жағына үмітсіз, үреймен қарап).

Мұның бір амалы табылмас па екен, Аха?..

Ахмет

Нені айтасың, Мұхтар-балам?..

Мұхтар

Абақтыны айтам… Мұнда түскелі де пәленбай уақыт өтті… Жарық түсер саңылауы көрінбейді… Бұл пәледен қалай шығып құтылмақ керек деген ойдан санам сарғайып, ақылым айнып, миым шіри бастады… Босатуларын сұрап, арыз жазсам деп едім…

Ахмет

Мұхтар, мұнда кірген адам сау шықпайды. Жаз, жазба – жазасын алып – өліп қана шығады. Бұл сырды саған сеніп айтып отырмын… Басқаларға айтып қажеті жоқ, пәлеңе пәле жамап аласың…

Мұхтар

Сіздің айыбыңыз не?

Ахмет

Менің айыбым – тірі жүргенімде! Қазақты азаптан құтқарамын деп, ақыл іздеп, ғылым қуғанымда – бар айыбым! …Мені ұлтшылсың деп кінәлайды. Жарайды, мен ұлтшыл-ақ болайын, сонда қазіргі жүріп жатқан колонизаторлық саясат ұлтшылдықтың көкесі емес пе екен?!

Мұхтар

Аха, сонда «Азат етілген қазақ халқы қаналған адамзаттың бүкіл басқа бөлігімен бірге, яғни, дүниежүзілік төңкеріс, дүниежүзілік федерация арқасында ғана бақытқа жете алады!» дегендері құр бас ауырық, бос сандырақ болғаны ма?! ВКП (б)-ның ұлттық қатынастары саласындағы программасы, сондай-ақ, Ленин жолдастың ұлттардың өзін-өзі басқару жөнінде жазған нақты көзқарасы және Шығыс халықтары арасындағы жұмыстарға байланысты РКП Орталық Комитетінде айтылған тактикалық пайымдаулардың әдірә қалғаны ма?!

Ахмет

«Өлдің Мамай, қор болдың!» деген ғой… Ленин өлген соң, бұл айтылғандардың бәрі түгелімен оның көріне бірге түсіп кетті ме деп қорқам…

Мұхтар

Сонда, Сталин не бітіріп отыр?..

Ахмет (Есік жақты нұсқап).

Тс-с! (Сыбырлап). Әркімнің санасына байланысты ғой… «Батырдан – би, биден – ұры, ұрыдан – қары, қарыдан – бәрі туады!» деген, Сталин Ленин бола алмай, Тәңіріне тірідей жазып отыр… Тс-с!

Мұхтар (сыбырлап).

Онда… тағынан таймай ма… Кім зорлап отыр?! Ас ішіп, аяғын босатқанынан не пайда оның, көпке көмегі тимегесін… Әлде, орныма кісі табылмайды деп уайымын жей ме? …Бекер! Халық іші – қазына… Небір асыл дегдарлар жүр емес пе, мүйізі қарағайдай болып –Ел құрсағында… Осылардың осындайы бар екен… Креслосынан өлмей айрылмайтын…

Ахмет

Тс-с!

Мұхтар

Стекеңді айтам, Аха… Сталин жолдасты…

Ахмет

…Қай Қаһан таһытын өзі түсіп бере қойған дейсің… Бұл да – сол. Олай болмағанда қайтсін, байғұс… Бұл да, Ел тізгіндегені болмаса, шынтуайтына келгенде, Сүйек пен Еттен жаратылған былайғымыз тақылеттес, Хақ тізіміндегі қалт-қалт еткен Тыраш… Табиғи заңдылық: Уақыт тезіне шыдас бермей оның да Сүйегі – суынады, Еті – уылады, Тәні – тастанады, Жаны – настанады…

Мұхтар

Дұрыс айтасыз… Тегі деймін-ау, Аха, Билік-Тақта ұзақ отырған жалқы Сталин емес, жалпы, қай Әмірші болмасын, бір кезеңнен соң, қыңыр өскен құрма ағашындай, күні озған сайын құлқынтамырланып – топырақ кеулеп, жұлықтана түптеп, нәпсідарақтанып – ауа жайылып, бүліктеніп бұтақтап – керкемел кейіс бедеукіндіктеніп – Жеміс бермей қояды емес пе?!

Ахмет

Әлбетте… Бірақ, ақиқатына жүгінсек, оған сол Әміршіден гөрі, Халық, яки, мына біз, өзіміз көбірек кінәліміз: қарсы келіп, бетінен жел боп қақпай, үнемі ығын есіп жандай шаба жәреукеленіп, кещелігін көсемдік танып, әңгүдік-қорлығына, зомбылық-зорлығына дәйімі қыр-арқамызды тосып, «сенікі – оң», «сенікі – жөн» дей бергеннен кейін – төбемізге тышпай не қылсын – Ол… Құр басына табынтып, түбімізге жетіп тынбай қайтсін – Жарты Әлемді жалпағынан басып, жеке билеп-төстеп, өзін «Жалған Құдай» сезінген қолдан жасалынған жанды Қуыршақ… Оның да нәті – Пенде ғой… Хайуаннан боғы ғана өзге…

Мұхтар

Солайына – солай… Әй, құрып кетсін… Айт не, айтпа не, Аха?! О, баста, санасына бермеген соң, бәрі – бекер!

Ахмет

Тс-с!… Сана демекші, сананы үшке бөлер едім: Құдайлық сана, Пайғамбарлық сана, Пенделік сана… Әрине, итте де сана болатындығын дәлелдеушілер табылып жатса – оған дау-шарым және жоқ. Құдайлық сана хақында пенде басыммен пәлсапа айтып жату – желге жабу жапқанмен бірдей желбегей әсер етер еді: қалай болған күнде де, Жер бетіндегі жұмыр басты адамзат баласы мен Күллі тірліктің жанды-жансыз жарасымды болмысын Жаратушы Ұлы Құдірет Күш барына шындап ден қойып, тереңдеп иланып келе жатқандаймыз. Ол – Жаратушы Ұлы Құдірет Күшінің әзірге біз білетін аты – Құдай. Соның үшін де, Құдайға да, Құдайлық санаға да тиіспей – шектен шықпай, шебімізді бұзбай, тек отырғанымыз – абзалы. Ал, Пайғамбарлық сана хұқында – сөз басқа. Құдаймен шендесу – қолымыз емес екендігін біле тұра, Пайғамбармен, пар келе алмасақ та, түгендесіп, тегімізді танытуға жарамасақ – Пенделігіміз қайсы?!

Мұхтар (тән жарасын ұмытып).

Пәлі, Аха! Сөз саптасыңызға қарағанда, Ленинмен шенескіңіз келіп тұр-ау, шамасы?!

Ахмет

Ленинмен шенесіп қайтейін?! Иманын саламат қылсын… Марқұм өлерінің алдындағы соңғы бір сәтінде: «…бәрібір мен Пайғамбар емеспін!» деп пұшайман жеген көрінеді… Сонда, рухы Бұ Дүние ауқымының түгелге дерлігіне осынша уақыт үстемдік етіп тұрған Лениннің өзі Пайғамбар санатына енуге өзін қор санаса, онда Пайғамбарлық парызын Бүгінде екі аяқтыда кімнің пешенесіне теліп, қайсысының мойнына жүктегеніміз мақұл?! Әлде, «Ұлық болсаң – Кішік бол!» – Пайғамбар бола тұра, Пайғамбар емеспін деу де – сол Пайғамбарлықтың былайғыға белгісіз бір нышаны ма екен?!

Мұхтар

Пәлі, Аха… Пәлі! Тура айтасыз… Ленин де Пайғамбар ғой… Үмбеттерінің жәһилденіп кеткені болмаса… (Төңірегін шола қарап, батылдана) Ленин – Пайғамбар!

Ахмет

Есімді жинап, етегімді жапқалы бері мен білетін Пайғамбарлардың ішіндегі ең бірегейі – Мұхаммед. Мұхаммед, шынтуайтына келгенде, Ленин іліміне де жар бермей, ішкі жан-дүниемізді жалпымызға бірдей беймәлім сұрапыл күшпен тұтас жаулап алған теңдессіз сұңғыла Пайғамбар. Осы күні кейбір сыпыра жазғыштар мен асыра білгіштер: «Ислам діні – бізге кейіннен келген, рухани сұранысымызға тіптен де тиімсіз дін!» деп көкіп-ақ жүр. Меніңше, Мұхаммед пайғамбар енгізген Ислам діні, бізге қашан келгеніне қарамастан, бірден-бір һадал дін, хақ жол, сара бағыт. Соның үшін де, біздер – мұсылмандар туғалы тірі жанға қиянат жасамауға тырысып, еш пенденің ала жібін аттамай, ғарып-ғасыр мен жетім-жесірлердің көз жасынан жасқанып, қайғырса – қорғаны, опынса – орманы болып, ғұмыр бойына құрақ ұшып, жақсылықтың бәйегіне келеміз. Соның үшін де, тән парызын өтеуге, жерден бауырымызды көтерместен – сүндетке отырып, жан тазалығының мінәжатына, белімізді жазбастан – сәждеге бас қоямыз. Соның үшін де, баянсыз ақырын біле тұра, Өмірді өлердей сүйіп, Өлімді – «Өмірдің шыңы» санаймыз. Соның үшін де, Құдайдың – Құлымыз, Пайғамбардың – Үмбетіміз. Соның үшін де:

«Бисми-л-лаһи-р-Рахмани-р-Рахим

Әл-Хамду лиллаһи рабби-л-аламин

Ар-Рахмани-р-Рахим

Малики йауми-д-дин

Иййака нағбуду уа Иййаки настағин

Иһдина-с-сирата-л-мустақим

Сирата-л-лазина анғамта алайһим ғайри-л-мағдүби алайһим уа ла-д-даллин…»

(Бетін сипайды…).

Мұхтар (қызынып, сөзге кірісіп кетіп).

Аха! Дей тұрғанмен, Пайғамбардың тек қана дінді насихаттап тууы шарт болмасқа керек! Олай болатыны: Пайғамбардың аты – Пайғамбар! Оның қолынан құр туғанның қолынан келмейтін құпиялы жұмбақтың бәрі келеді. Мысалы, Құдайдың Құдіретінде шәк те, шек те жоқ қой. Қаласа, аяқ асты ақырзаманын орнатып, топан суын қаптатып – Күллі Әлемді қарап қылуы – кәміл. Айталық, «Адамның басы – Алланың добы» – біздей пенденің бұ жалғанға күніне мыңы келіп, мыңы кетіп жатыр. Солардың бірінің Жаратушысына қайран емесі жоқ. Бірі – дінге табынып – қайран, бірі – діннен безініп – қайран, бірі – ардың құлы, бірі – ақшаның құлы, бірі – біліп жылайды, бірі – білмей күйіс қайырады… Біреуі – жалғыз шабады, біреуі – жандай шабады. Кейі – «мыңмен жалғыз алысып» – шоқайына отырып, беломыртқасын сындырады, кейі – еңіреп жүріп, жан-жағын жегідей жеп тындырады – бәрі-бәрі Бір Құдайдың Құдіреті… Пайғамбар да, нәті Адам демесең, құдды Құдай! Ашық түнде тосыннан тұлданып, Тәңіріне тірідей жаздырып, төбеңнен жай түсірмегені болмаса, Пенде атаулыны, бұл да қайран қалдырады, бұл да еркінен айырады, есінен тандырады… (Көшкен сеңдей жөңкіле жөнелген Мұхтарға Ахмет һәм таңырқап, һәм қызыға қарап қалады…) Ә дегенде басын ашып алатын мәселе: Пайғамбарда ұлт болады дегенге тікелей қарсымын. Пайғамбар – ақыл-ойдың алыбы, ой-қиялдың озығы – Бүкіл Адамзат баласының ортағы. Оның ұлты – Ұғымында – Ұлылығында! Кім Ұлы Перзент – сол Пайғамбар… Итальян тұрқымен Данте – Пайғамбар, ағылшын шарқымен Шекспир – Пайғамбар, түбі араб тартқанымен Пушкин – Пайғамбар, жаратылысы орыс Толстой Пайғамбарлығы – талассыз, тегі қазақ екеніне қарамастан Абай да – сөз жоқ, Пайғамбар! …Абай санасы – Данышпандық парасы – Халық санасы. Ал, Халық – Құдайдың екінші аты. Құдай – Жалғыз! Пайғамбар – Хақ! Құдайға қарсы келіп, Хаққа тіл тигізген – Күпіршілік! Құдайын танымай кеткен Пендені қарғыс атады, қасірет жұтады! Пайғамбарын қор тұтқанның – Құдай тас-төбесінен ұрады… (Есік жаққа қарап) Көрерсіз…

Ахмет (айызы қанып).

О, бәрекелде… Мың жаса! Жағың түспей, жамандық көрме?! Жарадың, Мұхтар… Сөзіміз енді түзелді… (Түрме тозағы тірлік ұжымағына айнала бастағандай әсерде…) Оң айтасың… Аңдағанға, Абайдың Пайғамбар болмасқа әддісі жоқтай: Әкесі – Құнанбай – Құдайға бергісіз Құдірет; туған жері – Жидебай – Жұмақтан бетер жан саясы, көңіл хошы; Жұрты – Қазақ – Хайуаннан өткен қараңғы…

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың…»

Мұхтар

Аха, айтып қалайыншы, тыңдар құлақ барында…

Ахмет

Айт, айт, айтып қал, Мұхтар… Байқаймын, менен дәрмен қаша бастады… Енді, сен айтпағанда, кім айтады?! Айт, айт…

Мұхтар

«Абай – Қазақтың Бас Ақыны» атты мақалаңызды оқыған соң, қызып кетіп жатырмын, Аха… Ғафу етерсіз…

Ахмет

Жөн, жөн, Мұхтар… сілте… сілтей бер… айт! Атасын өлтірме Сөздің!

Мұхтар (кеңінен көсіліп).

Әдетте, халыққа топырақ шашуға болмайды. Көп – қорқытады, терең – батырады. Дей тұрғанмен, көп дегенің – құр тобыр, терең дегенің – тек тұнған тұйық шығып жататын кездері де болады. Көп – қимылымен, әрекетімен көп, терең – ағысымен, арынымен терең! Бұлай етпеген күнде, көп те бір – көгендегі қоңыр да бір – азуы мен тырнағы бары талайды, терең де бір – сопақ астауға құйылған керең де бір – тілі бары жалайды… Әйтпесе, Абай: «…Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Енді осы күнде, хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күретамырымызды адырайтып кетеміз» деп бекерден бекер түңілер ме еді?!

Ахмет (ойға терең бойлап).

Несін айтасың, Мұхтар-балам… Несін айтасың… Абай болу – ет пен сүйектен жаратылған бір адамның ғана маңдайына жазылған Жыр-Бақыт емес, Бүгіні неғайбыл бола тұра, Ертеңіне сенімі мол бірегей бүкіл халықтың пешенесіне бүтіндей бұйырған Нәсіп-Бақ! Сондықтан да, қай кезеңде болмасын, халықтың Абай-перзенті, қыран тұғырына бір орнығып алған соң, қарақан қу басының қамын ойлаумен ғана шектеліп қоймай, жалпақшешейлікке салынып – жалтақ мінездің ашынасына айналып кетпей, қашанда «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», «Әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек – осы ниетте көптің құрбандығына шалынып шейіт кетсе – жаны жәннәтта болатындығы – Құран сөзі… Әй, бірақ… қазірде тірідегі тозағын өлідегі жұмаққа сеніп айырбастайтын әпенде табыла қояр деймісің?!

Мұхтар

Аха, Ертеңіміз тұрмақ, Бүгініміздің не боларын итім білсін… Сыртыма шығарайын түгімді, ішімде қалып қойып жүрер – Ұлы Арманда кетіп…

Ахмет

Жөн, жөн-ақ… Шығар! Айт! Түгесіп айт!

Мұхтар

Түйсіне білгенге, Аха, өзіңіз сияқты, Абайдың да өзін қоршаған қапыл ортада өзін, ыңғай тауық арасындағы түйеқұстай, тым қолапайсыз сезінгені күмәнсіз. Күн ілгергі, ай бұрынғы, жыл алдағыны ғана біліп қоймай, ғасыр асырып болжаған көріпкел данышпанның өмір сүрген уақытындағы тұрғылас топастығынан күпті болған көңіл күйін елестету – қиямет-қайым. Аманат жанды Адам бейнесіндегі пенде қулығының шолақ құйрығын қысқа ғұмырының тыныс-аптабына желпуіш етіп, іші-сыртын қайғы-мұңның мұз-тоңына алдырған алып Ақынның ішкені – ірің, жегені – желім болғаны да – даусыз…

«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы.

Меніменен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі – ол баяғы…» –

Абай жазбайды. Ол – Жыр Тәңірі – жаратады. Толғайды. Толғатады. Туады. Пайғамбар дейтініміз де – сондықтан! Оның дүниені көруі – бөлек, өмірге көзқарасы – өзгеше, табиғат танымы – ерекше! Аталық мейірі мен енелік сезімі, бөле-жарып қарауға келмейтіндей, біртұтас! Көктен түскен Құдайдай қошеметтеп, құлдығын ұрып, құрақ ұшып, құрмет тұтатынымыз да сондықтан:

«…Мен – қажыған арықпын,

Қатын, бала қонағы.

Сендерге де қанықпын,

Жұртың анау баяғы.

 

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып.

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып…» –

Абай өлеңдерінде ұйқас жоқтың қасы дейді ой-танық сыншысымақтар. Ишарат-ғибраты, мирас-мұраты халықтық ұғыммен үйлесіп жатқан соң, Абай ұйқасты қайтсін?! Абай сөзі – алтын – сақталған сайын сафтанып, жұмырбастының жылан-нәпсісінің бауырында сана бағының сабыр гүліндей сарғайып мәңгі шешек ата береді. Абай өлеңі – күн санап күрделеніп, жыл түгендеп жасанып, ғасыр бүтіндеп жаңара түседі. Өйткені, ол қоғам мен адамның рухани бапкері – Пайғамбардың аузымен айтылған хадис, ақыл мен ойдың бағбаны – Алып Ақынның қан-жүрегін жарып шыққан хас шындық. Ол – асылдан да алғыр, ақықтан да таза. Абай мұңы – Кешенің кесел мұрады, Бүгін мен Ертеңнің дабыл алаңына ту көтеріп шығар көсем ұраны:

«Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек…»…

Ахмет

Ұйыған қанымды қозғап, суыған тілімді қыздырдың-ау… Бұ Дүниенің кеңдігінен не пайда, бес күн тірлігіңде тас-түрменің түнегінде жаның қарайып, жүрегің сыздаған соң… Қайран-ай… Айтатын кісің айтса, айызың қанбас па?! Айт, Мұхтар, айт… Мен де айтайын Бүгін… Аянып қалмайын… Атасына мың нәлет де – айтылмас Сөз бен айтқызбас Ездің! …Оң! Оң! Оң! Ақын – қашанда Ақын! Кешенің ақыны, Бүгіннің ақыны, Ертеңнің ақыны деп Ақынды Уақыт таразысына салып бөлшектеу – білместіктен шығады. Шын Ақын – Көріпкел. Ол – Кешенің де, Бүгіннің де, Ертеңнің де қамын ойлап, қасіретін шегетін ортақ жыршысы. Ақын үшін Уақыт – әрі биіктік, әрі кеңістік, әрі тереңдік. Абайдың кешегі:

«…Алдадым, ұрдым, қырдым деп,

Шалықтап, шалқып, шатпай ма?

Қапысын аңдып тұрдым деп,

Қулығын бұлдап сатпай ма?

Момыннан жаман қорқақ жоқ,

«Қу», «пысық» деген ат қайда?

Арсыз болмай атақ жоқ,

Алдамшы болмай бақ қайда?» –

Деуі, Бүгіннің де, Ертеңнің де есесін қайырып, сойылын соғып жатқан жоқ па?! Расында да, күні бүгін бетіміз аймандай боп «арсыз болмай атақ жоқтығының» тірі куәсі болып отырмыз ғой. Бүгін де, Кешегі сияқты, «ауызы қисық болса да, бай баласы сөйлейді!» Құдайдан жасырмағанды адамнан несіне жасырамыз, «алдамшы болмай бақ қайда?» – осы заманның өмір сүру шартына айналғалы қашан?! Және де мұның басқалай көріністері тек әдебиет әлемінде ғана емес, күнделікті өмірде де мың-сан қайталанып жатады. Бұған мысалды кез келген «крайдан» келтіре беруге болады. Басқасын айтпағанда, кешегі Ақ Патшаның тұсындағы тоғышарлардың бүгінгі Кеңес кезеңінің белсенділері болып алғандығына қалай қайран қалмассың! Сол Ақ Патша тұсындағы атқамінер – Ленин кезінде атқа мінді. Ленин кеткеннен кейін де атынан түсер емес… Кәдуілгі жазулы заңы бардай: бір қарасаң – оқуын бітіре алмай, араға адам салып аласұрып жүргенін, бір қарасаң – ұлық қызметке кіргенін, бір қарасаң – партия жұмысына көшкенін, енді бір қарасаң – халық басқаруға өскенін бір-ақ көресің! Көресің де – көнесің! Амалың жоқ, ағайын… Абай да – көнген… Мен де – көндім… (Аз-кем өзімен-өзі болып кетіп) Мұхтар, сен де… (Қызыл көрген қырандай қомданып, қанаттанып тұрған Мұхтарды көріп) …Жо-жоқ! Жоқ! Сен – көнбе, Мұхтар! Көнбе?! Көнбе, айналайын… Көнбе, қарағым… (Ауруы ұстаған сыңайлы) …Абай – көнсін… Мен – көнейін… Сенің көнуге хақың жоқ! Көнбе?!

Мұхтар

Неге олай дейсіз, Аха… Абай – көнсе, Сіз – көнсеңіз, «көн қатса – қалыбына тартады!», мен қайда барам?! …Мен де – көнем дағы…

Ахмет (түсініксіз қимылдар жасап).

Жоқ! Жоқ! Атама! Жап аузыңды…

(Не істерін білмей, шарасыздық билеп, түрме камерасын кезіп кетеді). Жо-жоқ! Бір амалын табу керек! Бұлай етуге болмайды… Обал болады… Қыршын ғой… (Өзіне-өзі). Жанып тұрған от қой… халық бағына… Жастың… жақсы жастың өмір оты өшкенін көргенімше… Жо-жоқ! Бір амалын табу керек! Тап! Тап, Ахмет! Тап… (Кенет, Мұхтарға). Жоқ, Мұхтар… Абай – көнсін, Мен – көнейін… Бірақ, Сен – көнбе! Бәріміз бірдей көне берсек: өзіміз – құл, өміріміз – тұл, халқымыз – бүлге айналады… Жоқ! Жоқ! Олай етуге болмайды… (Мұхтарға дүрсе қоя беріп). Жаз! Жаз деймін саған!

Мұхтар (түсінбей).

Нені жазам?…

Ахмет

Әлгінде, босатуларын сұрап арыз жазамын деп едің ғой… жоғарыға… Сол арызыңды жаз!

Мұхтар (сасып).

Не деп жазам?.. Не бетіммен … Ол бір… әншейін… ажалы жеткен арзам ғой… (Бойын тіктеп). Жаза алмаймын, Аха! Менің Сіздерден жаным артық емес! Көппен бірге көрер – Ұлы той… Не де болса, Нартәуекел етеміз де…

Ахмет (кісі танымастай өзгеріп).

Доғар пәтуасыздықты! Жаз! Жаз дедім ғой мен саған, Қызталақ! Немене, үлкен сыйлап көрмеп ең?!

Мұхтар

Оу, Аха?! Не деп кеттіңіз… Сіз сөгетіндей, мен не жаздым…

Ахмет (өзіне-өзі келе алмай).

Жазбасаң – жаз! Жазасың! Жаздырамын! (Мұхтардың жағасынан алып) Көрсетейін мен саған – қалай жазу керектігін! («Жендетке» айналып).

Мұхтар (Ахметтің қолын жасқап).

Мұныңыз қалай… Сіздің де іс-қимыл, әрекет-шараңыз мына түрме жаналғыштарының көтензорлығындай – бірыңғай бұйрық райға көшті ғой, Аха…

Ахмет

Жаз дедім ғой, мен саған…

Мұхтар

Қойыңызшы, Аха?! Жетер! Ойнасақ та, біраз жерге шаптық…

Ахмет (сабасына түсіп).

…Жазшы, айналайын… Орайы келіп тұр… Өтінемін… Жалынамын… Жазшы?.. (Көңілі босап) Сақалымның ағын сыйлашы, тым құрыса?.. Қиянат қой… қиянат қой – жазбауың… жас өміріңе… жалындаған… (Жүрек тұсын ұстап, үнсіз қалады) Ой, құдай-ай…

Мұхтар

Сізге не болды, Аха?.. Шаршап қалдыңыз ғой…

Ахмет

Шырағым, Мұхтар… Сен не бары 33 жастасың… Менің баламмен жастысың… Баласының сыры – Әкесіне аян… қашанда… Мен сенің не жазып, не қойып жүргеніңнен бек хабардар адаммын.

Мұхтар

33-те болғаным – пәле боп жабысты ғой… Мыналар… Христос деп табалап… Крестке тағандап сабап… Сіз…

Ахмет

Дұрыс… қалқам… Олардың да қауақтары бірдеңе қорытады… там-тұмдап… мұрындары иіс сезеді… аз-мұздап… бірақ… ажырата алмайды… ненің иісі екенін… боқтың иісі ме, жоқ, әлде… өкініштісі – сол… Оның есесіне, мен білемін ғой – сенде нендей ғаламат… ғажайып барын… Мұхтар, тыңдашы мені… Сенің қалам сілтесің, өзгеге мүлдем ұқсамайды, түп-тамырымен – басқа…Тіпті, Абайдан да – басқарақ… Қазақтың «Ерді – кебенек ішінде таны!» деген ұлағатты мақалы бүгінде өлуге айналды… Бұтқа лайық бездей, бастың орнын көксеген – билік құмар былықты ездер көбейіп барады… ел ішінде… Жаным-балам, ұқсаңшы мені… Мен айтсам, біліп айтам, Сені болашағым деп, бүгінгі есі кеткен, етегі – елпі, жеңі – желпі осынау есіл елімнің ертеңі деп айтам… Жазшы, шырағым, жаз… Ешкім құрта алмайды… Халықты да – Құдай жаратқан. Ол – мәңгілік өлмек емес. Сол мәңгі өлмес халқыңды – Қазағыңды осы бір өтпелі нәубетті – өлімші хәлінен құтқару үшін жазшы… шырағым…

Мұхтар

Аха… Аха… Сәл басылыңызшы.. Сабыр етіңізші… Шаршамаңызшы, Аха?..

Ахмет (әл-қуатын жиып, қатайып).

Мұхтар, кейінгі өмірге тарихты, шындықты білетін өзіңдей ірі тұлға керек. Онсыз ісіміз ілгері баспайды… Мына тажал қармағынан құтылуымыз – екіталай. «Қателік жібердім, өткен ізімді айыптаймын» деп үкімет басшыларына ашық хат жаз..

Мұхтар

Сіздер неге жазбайсыздар?…

Ахмет

Біздер болсақ, жер ортасына келдік, артымыздан алдымыз жақын, енді өз тезегімізді өзіміз мыжып қайтеміз… Осы бетпен кеткен адамбыз… Қазағы үшін қайғырып, Қорқау қоғам құрдымы – аранды орға түскен мен де – бір, қара орманынан айрылып, қарыны тоқтың ырғыны – құрсаулы торға түскен – ақ тиін да – бір! Енді бізге қанды шеңбер ішінде шыр көбелек айналып, зар кешуден басқа не қалды?! (Ахмет – қанды шеңбер – құрсаулы тор ішінде шыр көбелек айналған ақ тиін кебіне ауысқандай күй кешеді…).

Мұхтар

Не деп барасыз, Аха… Мұныңыз не?! Мұныңыз – күнә ғой, құдайым-ау… Мен олай деп қалай жазам?! Мені күнәһар етпекпісіз?..

Ахмет

Жазасың… Жаз… Жазу керек. Солай… Ақылға сал?! Бұл – күнә емес! Халқыңа – қызмет! Алда-жалда, күнә бола қалса да – Киелі Күнә! Халық үшін жасалынған күнәнің, қандайын болмасын, Құдай кешіреді! Күнәһар болмайсың! (Мұхтардың жазбайтын ыңғайын байқап, тереңнен қозғап) Мұхтар, сен осы: «Пәледен – Машайық қашыпты!» дегенді білемісің?!

Мұхтар

Естуім бар…

Ахмет

Есту – аздық етеді! Білуің – шарт! Ендігі Дүниенің тұтқасы – тек білімде ғана, Мұхтар… Онсыз күнің – қараң! Есіңде болсын: «Машайық» – жөйттің сөзі. «Иешу-Ха-Машияха» дегеннен шыққан. Яғни, «Иисус Христос» деген сөз.. «Пәле» – Понти Пилат – Рим диктаторы… Ол – қазір де тірі… Понти Пилаттың христиандардың қамын ойлаған Христосқа пәле боп жабысып, оны Крестке тағандағанынан хабардарсың ғой… Пәледен – Машайық қашқан: Крестке тағандалған Христос, Құдайдың құдіретімен, тылсым тіріліп – Кресті тәрк етіп, Көкке ұшып кеткен… Сен «Крестіңді» маған жүкте, Мұхтар! Өзің – Қаш – Тіріл – Көкке ұш – құтқар Халқыңды – Дүниеауи Тозақ пен Рухани Азабынан – Қазағыңа бас-көз бол… (Төбеден Крест түсіп келе жатады…).

 СОҢҒЫ СӨЗ ОРНЫНА

Мұхтар-Дауыс

«…бұрынғы берген жауаптарымды қайталаймын: Қазақ ұлтшылдарының ұйымына ешқашан кірген емеспін, жоспар жазатындай ұлтшыл әркетте жоқпын. Қазіргі кезеңде қазақ кедейлері тұрмысына социалды төңкеріс, советтік басқару тәсілі ең ыңғайлысы дер едім, алдағы уақыттағы педагогтік, ғылыми жұмыстарымды маркстік көзқарасты толық қуаттауға жұмсаймын…»

 

(Абай -Елес – пайда болады…)

Абай-Елес

«Мыңмен, Жалғыз алыстым, кінә қойма…»…

Мұхтар

Мыңмен, Жалғыз алыссаң, Арманың –не,

Меніменен, «Өңкей Ноль» – алысып жүр,

Абай-Аға…

Екінші Бөлімнің соңы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір