КИЕЛІ КҮНӘ (Трагедия)
06.04.2021
1147
0

РЕДАКЦИЯДАН:
Кезінде, классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Қозы-Көрпеш – Баян сұлуын» Республикамыздағы бірде-бір қазақ театры – «жаратпай», тұңғыш рет Алматыдағы қазіргі Құддыс Қожамьяров атындағы ұйғыр драма театры сахналаған екен… Содан соң барып, бүкіл – қазақ театрлары… Солардың ішіндегі, бертіндеп – келіп, Қодарды шегіне жеткізе сомдаған – Асанәлі Әшімов ардағымыз, Бүгінде – «Еңбек Ері»…
Осыдан отыз жыл бұрын жазылған Иран-Ғайыптың аталмыш «Киелі Күнәсін» де, осыдан ширек ғасыр ілгері, алғаш қойған тағы да сол – Ұйғыр Театры болып шықты. Қызық… «Тарих» – қайталанады екен! Неге?! Неліктен… Білмедік…
Мүмкін, енді, есімізді жиып, етегімізді жауып үлгерген, бостани-еркін, тәуелсіз-беркін, егеменді-елдік, осынау – ереймен-шағымызда, сонау – «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» іспетті, мынау – «Киелі Күнәні» де, бүкіл – қазақ театрлары… Бәлкім, Әуезов атындағы «Әкем. Театры» – қояр?! «Ештен де, Кеш – жақсы емес пе?!»! Ия! «Халық – қаласа, Хан: Түйесін сояды…»!!
Оның үстіне, келесі 2022 жыл – «Әуезов Жылы»…
…«Әкем. Театры» – демекші, «Әкемізді» – ұмытсақ та, Қазақтың – «Абайын», Күллі Әлемге – жар салып, «Мәңгілік» – еткен, «Әуезовті» – ұмытпай-ұлықтау: Перзенттік-Парыз – БАРШАМЫЗҒА!!!
Не – дегенмен… Иран-Ғайып – «Қорқыттың Көрі» – үшін, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленген – әзірге, «көзі – тірі», «Жалғыз» – Драматургіміз ғой… Ал, Драматургтің, Мәскеуде – оқып, Дүние-Жүзілік Сахна Өнерінің Аса Мәртебелі Данышпан-Даналарынан – дәріс алған: мейлінше… кәсіби-шебер – болғанына, не – жетсін, Тәйірі?!
Соның – үшін, Оқырман Қауым, «Киелі Күнәні» – ыждағаттап… оқып шығып, аздап… ойланып көрсек – қайтеді?!

ИРАН-ҒАЙЫП

КЕЙІПКЕРЛЕР:
Ахмет. Мұхтар. Дауыс.

Оқиға – ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Ташкент түрмесінде өтеді.

БІРІНШІ БӨЛІМ
АЛҒЫ СӨЗ ОРНЫНА

Ахмет-Дауыс
«Я, Құдайым! Аққа жақ!
Өзіңе аян – мен нахақ.
Аққа деген жолымның
Абыройын ашпай, жап.
Аят пенен хадисте
Адал ниет, ақ іске,
Жаңылмасам, жоқ еді
Жаза тартсын деген бап.
Мені ұстатып, айдатып,
Зығырданды қайнатып,
Масайрасып, мәз болып,
Қуанғанды өзің тап!
Аз күндікке алданып,
Аз нәрсеге жалданып,
Адасқанын Алаштың
Түзу жолға түсір, Хақ!
Жақын жерден жау шығып,
Мақұл сөзден дау шығып,
Дұшпан ұстап қолымнан,
Иттер тістеп тонымнан,
Маған тосу болған шақ.
Тұтқын болып тарығып,
Жалғыз жатып зарығып,
Ашу қысып, ойды алып,
Өт жайылып, бойды алып,
Дерт жүрекке толған шақ.
Қатты айтты деп кектемей,
Сыйынғанды тек демей,
Он екі имам әулие,
Жиырма сегіз әмбие –
Қолда, өңшең Аруақ…»

БІРІНШІ КӨРІНІС
…Түрменің азап камерасы… Ахмет…
Дауыс
Тұр!
(Ахмет үнсіз, ағаш табуреткада отыра береді…)
Тұр деймін саған!
(Ахмет сол күйі – үнсіз…)
Тұр дедім ғой саған, сатқын! Тұр орныңнан!
(Ахмет табуреткада отыра алмай, әлсіреп, тас еденге сылқ түседі)
Тұр!
Ахмет
…Менің жүрелегенім – тұрғаным… Жасы келген адаммын ғой… балам… Мұсылман емеспісің? Әлде, жәһилденіп біткенбісің?!
Дауыс
Көрсетейін мен саған – жәһилдіктің қандай болатынын!
(Азаптау басталады…)
Тұр!
Ахмет
…Тұрсам – есіме анаң түседі… Мен ол кісіні білуші едім… Жақсы адам еді… Жомарт! Жомарттан – нәмәрт туыпсың…
Дауыс
Тұр! Анамды білуің – жомарттан нәмәрт туғызған мәрт – Заманды білуің емес! Тұр – жаныңның барында! Сенің Уақытың – өткен!
Ахмет
Келмеген Уақытым қалай өтеді?..
Дауыс
Онда менің шаруам шамалы! Тұр!
Ахмет
Ал, тұрдым…
(Әзер, сүйретіліп…)
Тығар тесігің болса…
Дауыс
Дұрыс тұр!
Ахмет
Бар тұрысым – осы… Менің жасымда – тек осылай ғана тұрады… Былқ-сылқ…
Дауыс
Көрсетейін мен саған – сенің жасыңда қалай тұру керектігін! (Азаптау басталады…)
Тұр!
Ахмет (қиналып, өзіне-өзі).
…Күріктенген шіби күлге аунап тапқан шикі жұмыртқа – бүріктенем деп жүріп бүліктеніп біткен қоқи қоразға қалай шоқуды үйреткен – қиянат – зұлматтың күнін кештім-ау…қайтейін…
(Екі қолымен жер тірей, тіктеліп)
…Уа, Аруақ…
(Дауысқа)
Ал, тұрдым… Бұл, әрине, ұшып тұру емес… құлшынып. Басы-көзі гүптей боп – ісіп тұру… түршігіп. Дөй тұрыс пен гөй тұрыс – аттыға еріп таңы айрылған жаяудай алшақ… Осы есіңде болсын… балам… Ұзақ сүркілге шыдамаспын…
(Құлап түседі).
Дауыс
Тұр!
(Тұтқынның есін кіргізу шаралары жүргізіледі…)
Тұр! …Өліп қалғаннан сау ма өзі?..
Ахмет (шала есті күйде).
…Өліп қалғаным артық еді – бүйтіп ылығып – мұндай ит қорлыққа душар болғанымша…
Дауыс
Тұр!
Ахмет
Ал, тұрдым…
Дауыс
Дұрыс тұр!
Ахмет
Бар тұрысым – осы…
Дауыс
Сұраққа жауап бер!
Ахмет
Ал, сұра… Шешеңде – бары, менде – жоқ… балам… Осы – есіңде болсын…
Дауыс
Қылжақтама!
Ахмет
…Ненің қылжағы… Қылжағым қан-қасапқа айналғалы қашан… Шаш ал десе – бас алып…
Дауыс
Аты-жөнің… фамилияң… қысқаша өмірбаяның…
Ахмет
Мен, Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы, 58 жастамын, қазақпын, Қостанай округі Торғай ауданының тумасымын, әйелім, асырап алған үш балам бар, сауаттымын, орта білімдімін, мамандығым – оқытушы, партияда жоқпын, бұрын «Алаш» партиясының құрамында болғанмын, 20-жылы ВКП (б) мүшелігіне ендім. Кеңес үкіметінің кезінде тергеуде болған емеспін, сотталған жоқпын.
Дауыс
Тұқымыңда сотталған адамдар бар ма?!
Ахмет
Әкем Байтұрсын Шошақұлы мен інісі Ақтас қазақ ауылына қамшы үйіріп, бүлік салған орыс оязын атынан аударып, басын жарғаны үшін, Қазаннан шақырылған Аймақтық әскери сот шешімімен 15 жылға Сібірге каторгіге айдалған… Сүйектері сол Итжеккенде қалды… Мен ол кезде 13 жаста болатынмын…
Дауыс (қызынып).
Неге олар ояздың басын жарады?! (Не айтып, не қойғанына есеп бере алмай) А?! Қарай гөр… ұялас төбеттердің… Иә… Иә… Орыс оязының басын жарған ол оңбағандар бара-бара қазақ комиссарының қарнын ақтармай ма… бүйте берсе… Әй, Ақын… сен айтшы… бүйте берсе – не болатынын білесің бе?!
Ахмет
Білем!
Дауыс
Білсең – айт!
Ахмет (арқасы қозып, аруақтанып).
…Бүйте берсе…
(Қаны қайнап, шабытын шектей алмай, өлеңдетіп)
Бүйте берсе –
Түптің-түбі –
Ақыры:
Шалады өзін құрбандыққа Ақыны! –
Бүлік кіріп –
Бүтін елден ес кетіп –
Халықтың да азаяды ақылы!
Дауыс (сасып).
Тоқтат! Тоқтат, кәні?! Не деп кеттің сен?! Оттап!
Ахмет
Оттап тұрған – мен емес!
Дауыс
Енді, кім?!
Ахмет
Сен!
Дауыс
Мен бе…
Ахмет
Сен! Оттамасаң, не деп тұрғаныңды білемісің?! Ояздатып…
Дауыс
Иә… Мен не деп тұрмын… Иә… Иә… (Түсініп) Не деп кеттім мен… Жо-жоқ… Дұрыс… Дұрыс ояздікі… Жо-жоқ… Кеңес үкіметінікі дұрыс дегенім ғой…
Ахмет
Неменесі дұрыс?! Соншама мақұлдастыратындай Ояз бен Кеңес үкіметінің не жекжаттығы бар?!
Дауыс
…Жарайды… (Қатайып) Доғар! Сонымен… Өзің ше?! Кеңес үкіметіне дейін не істедің… немен айналыстың дегенім ғой… Сотталып па едің!
Ахмет
2 рет сотталып, 1 рет жер аударылғанмын…
Дауыс
Дұрыс… Ім-м… Енді, түсіндім… Иә… Сендер үшін – сотталу – тұқым қуалап жүрген тума қасиет болып шықты ғой… Байтұрсыновтар әулетін айтам… Торғайлықтарды… Барлық пәле со жақтан шығып жатыр… Иә… Иә… Мәселе қайда?! Шынжыр балақ, шұбар төстер ыңғай… Жанкештілер… Бүлініп туғанмын де! Қанымда, сүйегімде бар де… бұзақылық… қылмыс жасау… кісі ө-ө… Айт! Нең үшін сотталдың?! Неменеге жер аударылдың?! Таратып айт! Ретімен! (Шаршап, бүгіле бастаған Ахметке) Тұр! Сұраққа жауап бер! Не үшін?! Айтамысың, жоқ па!
Ахмет
Айтам… айтам…
Дауыс
Айт! Таратып айт!
Ахмет
…Бірінші рет… 1907 жылы… мені «жазушы ақ патшаға қарсы теріс пікір таратып жүр» деген жаламен ұстап, Қарқаралы абақтысына қамады. Онда 1 жыл жаттым… Екінші рет… 1909 жылдың шілде айының 1-жұлдызында… Семей губернаторы Тройницкийдің шұғыл пәрменімен Шыңғысов Тәттімбет бастаған жергілікті оқымысты тыңшы қазақтар: «Ахмет Байтұрсынов Мемлекеттік Бірінші Думаның мүшесі, аса білімді саясаткер Бөкейханов Әлиханмен бас қосып, Ресей үкіметіне қарсы жасырын ұйым құрып, теріс үгіт өрбітіп жүр!» және «ол меңгеріп отырған училищеде бірде-бір орыс баласы жоқ, ол өзге отырықшы ұлттардың балаларын шеттетіп, тек қана қазақ балаларын оқыту керек деген ұлтшылдық көзқарас ұстанып отыр!» деген екі бірдей айып тағып, Семей түрмесіне жапты… Онда – 8 ай жаттым… Ақыры, таққан айыптарын мойындата алмаған соң, «Қазақ өлкесінен тыс жерге» – Ресейге қарайтын Орынбор қаласына жер аударды. Орынборда 1917 жылдың күзі – Октябрь төңкерісі Кеңес Үкіметін орнатқанға дейін тұрдым… Енді, міне… сол өзім орнатысқан жұмақ-үкіметтің тозақ-түрмесінде тамұқ отына қақталудамын… Түгіне де түсіне алмадым… Бұл – не қайран!

Дауыс
Сонда… Өзің орнатысқан үкімет – Кеңес үкіметі ме?!
Ахмет
Иә! Кеңес үкіметі! Одан басқа қандай үкімет барын білмеймін!
Дауыс
Онда ВКП (б) қатарына неге өтіп, одан неге шығып қалдың?!
Ахмет
…Алашорда кіндік өкілеттігі мен Кеңес үкіметінің арасында түсіністік келісімі болғаннан кейін, мені Қырғыз Әскери төңкеріс комитетінің мүшесі етіп бекітті. Қаулыға Ленин қол қойды. Содан кейін Орынборда қызмет істеп жүрдім. 1920 жылы Орынбор қаласында Фрунзе жолдас менің ВКП (б) қатарына өтуіме ұсыныс жасады. Кейінірек бұл ұсынысты бұрынғы Қырғыз Әскери төңкеріс комитетінің мүшесі Седельников жолдас та есіме салды. Осынау ұсыныстарды ақылға таразылай келіп, партия қатарына енуді құп көрдім. Бұл ойымды, өзімнің партия қатарына не себептен өткенімді, яғни, сол кездегі саяси көзқарасымды егжей-тегжейлі мәлімдеп, «Вестник Киргизского края» газетінің 1920 жылғы көкек айының 16-жұлдызындағы санында жариялатқанмын…Яки, партия жоспарын жалпы іске асыруға және атап айтқанда, Шығыс мәселесі бойынша программасын жүзеге асыруға көмектесу үшін Россия Коммунистік большевиктер партиясына өтуге шешім қабылдағанмын… ВКП (б) жоспарына байланысты менде ешқандай кереғар көзқарас болған емес…
Дауыс
Соқ өтірікті! Кереғар көзқарасың жоқ болса, Алашорда үкіметін неге құрдыңдар?!
Ахмет
Алашорда – үкімет емес, өкілет қана болды, өкінішке орай… Ол үкімет болған болса, мен бұл жерде тұрмаған болар едім…
Дауыс
Партия қатарынан неге шықтың?!
Ахмет
…1921 жылғы қайта тазарту кезінде саясатқа селсоқ кісілер есебінде партиядан шығып қалдым. Сол кезде ғылыми жұмысқа біржола ден қойып, саясатқа уақытты өте аз жұмсағаным, партия жиналыстарына қатыспауым селсоқтық деп танылды, шынымды айтсам, өзімнің діттеген нысанам – оқу-ағарту жұмысының ең өзекті мәселесі тіл мен қазақ әдебиеті туралы ғылыми шаруа деп санағанымнан болды. Ғылыми жұмыс уақытымның бәрін жеді…

Дауыс
Шының – осы ма?!
Ахмет
Осы…
Дауыс
Қазіргі ойың қалай?!
Ахмет
Қазіргі ойым да – Ғылымда! Ғылымсыз Ел – білімсіз Ел – Ебелек… Бір суық дем «уһ» десе – ұшады да кетеді!
Дауыс
«Суық демің» кім?! Кеңес үкіметі ме!
Ахмет
Мен олай дегенім жоқ…
Дауыс
Дедің! Деп отырсың! Дегендіктен – сарыуайым жеп отырсың!
Ахмет
Жалған! Жала!
Дауыс
Жала болса, айт! Кеңес үкіметіне қалай қарайсың, Бүгінде…
Ахмет
Халық көзімен…
Дауыс
Халық?.. …Қай халықтың?!
Ахмет
Қазақтың…
Дауыс
Халықшылын! Көрсетейін мен саған – Қазақтың қандай халық екендігін! (Азаптау басталады…) Қазақ деген халық жоқ…Тұр! Халық жауы! Біз сенің кім екеніңді о бастан-ақ білеміз… Тек, әншейін… іс-қағаздары үшін… ғана… Тұр орныңнан, Жапон тыңшысы! Кеңес халқының жауы!
Ахмет (аяғынан әзер тұрып).
Ал, тұрдым… (Өзіне-өзі) Жапоны несі?.. Кеңес халқы несі?.. Әй, құдайым-ай…
Дауыс
Айт! Кеңес үкіметінің хас дұшпаны, сатқын Валидовпен ең алғаш қайда, қайтіп таныстың?! Қандай құпия келіссөз жүргіздіңдер?!
Ахмет
Ең алғаш Валидовпен Самара Құрылтай кеңесінде өткен келіссөз үстінде таныстым. Өз басым Самараға бола алмаған Алаш үкіметінің атынан мәміле сөз сөйлеуге барғанмын, ал, осы уақытта, башқұрт жағынан келіссөзге Валидов келіпті. Онымен ешқандай келіссөзге тізе қосып отырған емеспін.
Дауыс
Кейіннен ше?!
Ахмет
Кейіннен, 1920 жылы, Валидовпен Москвада ұшырастым, бұл кезде ол өзінің автономиясымен Кеңес үкіметі жағына шығып үлгерген болатын. Жасыратыны жоқ, сол жылдары Москвада қызмет істеп жүргенімде онымен бірнеше рет кездесудің сәті түсті. Одан кейін Москвадан кетіп, Орынборға орнығып жұмыс істеген кездерімде Валидовпен бірде-бір ұшырасқан емеспін.
Дауыс
Хат алысып тұрдыңдар ма?!
Ахмет
Ешқандай хат алысқаным жоқ… Хат алысатындай, ол менің екі туып, бір қалғаным емес қой…
Дауыс
Валидовтың Кеңес үкіметін сатып, шетелге қашып кеткендігін қай кезде, кімнен есіттің, онда…
Ахмет
Қай кезде екені жадымда жоқ, кімнен екені есімде қалмапты, әйтеуір, Валидов «қашып кетіпті!» дегенді құлағым шалды… Я Германияда, я Түркияда жүр дегенді еститінмін… Ел ауызы – Жел ауызы емес пе… ұйытқып соғады…
Дауыс
Еститінбісің, жоқ, әлде, білетінбісің?!
Ахмет
Білсем – несіне жасырам…

Дауыс
Айт! Болғанбаевты Бұхардағы Валидовке қалай елші етіп жібергеніңді айт! Және оған қандай мандат сеніп тапсырғаныңды айт! Болғанбаевты білесің ғой?!
Ахмет
Білемін. «Қазақ» газетін шығара баста­ғанымызда кеңсеге жиі-жиі бас сұғып тұратын…
Дауыс
Білсең, айт!
Ахмет
Немді айтам?! (Басын қос-қолдап) Мен ешқандай Болғанбаевты Бұхардағы Валидовке елші етіп жіберген емеспін. Оған ешқашан ешбір мандат сеніп тапсырғаным жоқ! Және ол Валидовтың Бұхарда не боқ жеп жүргенінен де мүлдем хабарсызбын… (Жаны қиналып) …Құдайым-ау…Бұл – не қайраның…Менің ой-санам бұл күнде тек ғылыми жұмыстар төңірегінде ғана алас ұрады, өзге нәрсені қамтуға уақытым, мұршам қалмаған. Сондықтан, Кеңес үкіметінің, нендей мәселе болмасын, заң құжатының сырын жетік біле бермеймін, саясатпен айналысуды үзілді-кесілді қойғаным қашан… Білмеймін… Білмеймін… Білмейтін шаруамды қалай айтам… Күнәһар болам ғой… Білетін анығымды сұрап өлтірсеңдерші, құдайым-ау…
Дауыс
Не білесің, айт!
Ахмет
Мен, мәселенки, Абайды білем…
Дауыс
Абайың кім?! Оның Валидовпен не қатысы бар?!
Ахмет
Абайдың ба?..
Дауыс
Иә! Абайдың…. Ол да – Алашордашы-контра ма?!
Ахмет
Мәссаған… керек болса?! Енді, қайттім… (Не істерге білмей, шарасыздықтан өлеңдетіп кетеді)
«Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан…» –
Қой, ойбай… Қой-ақ, қой… Әй, оңалмауға бет алған екенбіз, біржолата… Абайды білмеген соң, атасына мың нәлет те бұл тірліктің! Құрып, іріп-шіріп біткен екенбіз, түге! …Шырағым, үкімет-балам, рахмет! Сен, енді, менен ештеңе сұрамай-ақ қой. Қой… қой… қой-ақ, қой… Мен шындап қорқайын дедім. Түңілдім! Түгесілдім! …Қой, қой… Мен, енді, сенің қандай болмасын сұрағыңа жауап беруден үзілді-кесілді бас тартам! Мен, енді, сендер үшін – қара таспын! Қара тас…
Дауыс
Көрсетейін мен саған – бас тартудың қандай болатынын! Тығайын басыңды бұтыңа, қара тас! (Азаптау басталады… Ахмет есінен мүлдем танады…) Әкетіңдер! (Ахмет ұзын арқан бойымен сүйретіле бастайды…) Мұхтар Әуезовті алып келіңдер! (Азап камерасына, ұзын арқан бойымен сүйретіліп бара жатқан ессіз-түссіз Ахметке шошына қарап, үрейі ұшқан Мұхтар кіреді…) Отыр! (Мұхтар ағаш табуреткаға отырады) Тұр! (Мұхтар тұрады).
Отыр! (Мұхтар отырады) Тұр! (Мұхтар тұрады) Жарайсың, Мұхтар Әуезов! Екі жүзді алмастай лыпып тұрсың… Сен қожа-молданың тұқымысың ғой. Жоқ Құдайыңа мінәжат етуге, соңғы кезде, қолың тимей кеткен болуы керек… Білетін дұғаңды қайталап, кәлимеңді қайырып, иманыңды үйіре бер… Отыр! (Мұхтар отырады) Тұр! (Мұхтар тұрады) Жат! (Мұхтар ойланбастан екпетінен жата кетеді) Шалқаңнан жат! (Мұхтар шалқасынан жатады!) Жарайсың, Мұхтар Әуезов! Жарайсың! (Күледі) Ха-ха-ха… Жазушыны шалқасынан түсірдік… Енді, іске кірісейік… Ха-ха!
Мұхтар
Несіне күлесіз… Еркек адамға бәрібір емес пе?! Екпетінен жатты – не?! Шалқасынан жатты – не…Тоңқаймасам – болғаны да…
Дауыс
Онда, тоңқай!
Мұхтар
Кешірерсіз… Мен тоңқая алмаймын…
Дауыс
Тоңқаясың! Тоңқайтамыз! Тоңқай! (Азаптау басталады…).
Мұхтар
Айттым ғой. Мен тоңқая алмаймын…
Дауыс
Тоңқая алмауыңа не себеп?!
Мұхтар
Соны да білмейсіз бе… Мен, Мұхтар Әуезов басыммен, Кеңес үкіметі сотына қалайша тоңқайып жауап бермекпін… Ондай күнә жүктей алмаймын… өзіме…
Дауыс (сасып).
Жап аузыңды! Өшір үніңді… Ондай күнә жүктей алмаймын дейсің, ә… Онда жүктей алған күнәларыңды айт!
Мұхтар
Айтсам – айтайын… Өзімнің де көңілім күпті болып жүр еді… көптен бері. Үш күнәм бар…
Дауыс
Ол – қандай күнә?! Таратып айт! Ретімен!
Мұхтар
Бірінші күнәм – Ана сүтін емгенім… Ақтай алармын ба, қашан көзім жұмылып, бөлінгенше бастан – жақ, жақтан – иек… Екінші күнәм – Ит көйлегін кигенім, пәк тәнімді ластап… Үшінші күнәм – Адал жарды сүйгенім, пенделігін растап… Осы үш күнәмнің өзі – бүкіл ғұмырымдағы ақ тірлігімді түгелдей тәркілеп, түбегейлі қаралауға әбден жетерлік, қанмен жусаң кетпейтін, тағдыр-таланыма талақтай жабысқан қою-сұйық емес пе?!
Дауыс
Жазушымысың деген! Пәлсапасының түрін! Жарайды… Бүкіл ғұмырым деп таусыласың… Жасың нешеде?!
Мұхтар
Алла жазса, 33-темін…
Дауыс
О… Христос жасында екенсің ғой… Пайғамбарым… Бәсе, неғып тантып тұр десем?! Солай де… Крестке тағандалатын кезім де… Несі бар… Христос табылса, Крест табылады… Ха-ха-ха… (Төбеден – Крест түсіп келе жатады…) Айт! Аты-жөнің, фамилияң… қысқаша өмірбаяның…
Мұхтар
Мен, Әуезов Мұхтар Омарханұлы, 33 жастамын, қазақпын…
Дауыс
Сен – қожа емеспісің… Қашаннан бері қазақ болып жүрсің?! Кім еді… әлгі… «Арақ боза емес, қазақ қожа емес!» деп қыртып жүрген?!
Мұхтар
Қожаны қазақтан бөліп қараған жерім жоқ. Ондай сөзді естіген емеспін. Бізге дейін айтылған емес, бізден кейінгі далбаса болмаса…
Дауыс
Жарайды! Әрі қарай…
Мұхтар
Қазақпын, Семей уезі, Шыңғыс болысында дүниеге келгенмін… Орта шаруаның баласымын. Февраль революциясынан кейін, Октябрь революциясына дейін оқығанмын. Мамандығым педагог, журналист… 1922 жылға дейін ВКП (б) қатарында болғанмын. Қазіргі кезде партия қатарында жоқпын…
Дауыс
Февраль революциясы мен Октябрь революциясының арасы жеті-ақ ай… Сонда білімің жеті-ақ айлық па?!
Мұхтар
Білімімнің қаншалықты екеніне сарапшылық ете алмаймын… Ал, бастауыш оқуым – жеті айлық… Әйелім, екі балам бар…
Дауыс
Халық жауларымен қашаннан бері ауыз жаласып жүрсің?!
Мұхтар
Мен ешқандай халық жауларын білмеймін…
Дауыс
Өтірік! Білесің!
Мұхтар
Білмеймін…
Дауыс
Білесің! Айтқың келмей тұр, контра! Әйтпесе, Байтұрсыновпен бір камерада жатқан жоқпысың?!
Мұхтар
Байтұрсынов… Ол кісіні халық жауы деп кім айтты?..
Дауыс
Айтпаса – айтады!
Мұхтар
Кім айтады?..
Дауыс
Сен айтасың, Христос! Сен!
Мұхтар
Мен олай деп – күпір бола алмаймын…
Дауыс
Боласың! Болғызамыз! Кәрі сиырдың құйымшағындай айналып, үңірейіп тұрған арттарына қарамай, бұлардың бәрі – осылай – шеттерінен ту асау! Бас білдіреміз сені… (Азаптау басталады…) Тұр! Айт! (Крестегі Мұхтар аяғынан әзер тұрады) Байтұрсыновты білесің ғой?!
Мұхтар
Білем…
Дауыс
Қашаннан бері?!
Мұхтар
Байтұрсыновты 1918-жылдан бері білемін.
Дауыс
Жақын танысқаныңа қанша болды?!
Мұхтар
1921-жылдан жақын таныспын… Орынбор қаласына жұмысқа ауысқанда танысқам…
Дауыс
Тынышбаевты ше?!
Мұхтар
Ол да – халық жауы ма?..
Дауыс
Халық жауы!
Мұхтар
…Тынышбаевпен – 1922-жылдың күзінде, Ташкент қаласына келгеннен таныспын…
Дауыс
Досмұхамедовтармен ше?!
Мұхтар
…Сол Ташкентте…
Дауыс
Қашқынбаев, Омаровтармен ше?!
Мұхтар
…Ташкентте…
Дауыс
Жұмабаевпен ше?!
Мұхтар
…Мағжанмен 1925-жылдың басынан таныспын… Немене… Бұлар да – халық жаулары ма?…
Дауыс
Халық жаулары! (Әрі қарай ұзақ тізім оқып кетеді) Мурзин Мұхтар, Қордабаев Рамазан, Ақбаев Абдулхамит, Қадырбаев Сайдағзана, Сұлтанқұлов Досан, Сыртанов Дәрібек, Мұсаев Шынәлі, Ақаев Серікбай, Ахметов Ілияс, Ермеков Әлімхан, Қожамқұлов Нәшір, Күдерин Жұмахан, Ақбаев Жақып, Мангелдин Алдабек, Бұралқиев Мұстафа, Сүлеев Біләл, Кемеңгеров Қашмұхамед, Кенесарин Әзімхан, Өтегенов Садық, Абылайханов Сейдахмет, Ысқақов Даниял, Қожықов Қоңырқожа, Тілеулин Жұмағали, Үмбетбаев Алдаберген, Мұңайтпасов Әбдірахман… – бәрі-бәрі – халық жаулары!
Мұхтар
…Сүттей ұйыған Қазақтың бетке шығар бар қаймағын қалқып – Халық жаулары етіп шығарыпсыздар…Бұлар – Халық жаулары болса, онда, мен де… Халық жауы шығармын…мүмкін…
Дауыс
Болмасаң, болғызамыз! Боласың! (Азаптау басталады… Дөй соққыларды көтере алмай, Мұхтар Крестке тағандаулы күйі есінен танады…)
Ойбай-ау… мынау Христоссымақ тез «өліп» қалды ғой… Тылсым тіріліп – Көкке ұшып кетіп – шоқынып жүрмелік… ғұмыр бойы! …Әкетіңдер! (Крестке таңулы ессіз-түссіз Мұхтар ұзын арқан бойында сүйретіліп бара жатады…).

Бірінші Бөлімнің соңы.

(Жалғасы – келесі санда)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір