ЖӘРКЕН БӨДЕШ + ЖАЛҒЫЗДЫҚ = ӨЛЕҢ
11.04.2021
25868
1

Егер мен суретші болсам, күн астында бейғам ұйықтап жатқан асқар тауды және алыс бір қалада бөлмесіне қамалып, өлең жазып отырған ақынды қағазға түсірер едім. Сосын ол туындымның атын «Сағыныш һәм жалғыздық» деп атар едім. Әттең, суретші емеспін… 

Бұрын біз көп оқуға құштарлықтың кемдігінен қателесетінбіз, ал қазір ше? Қазір де сол себептен ағат басып жүрміз. Сіз де, ол да, мен де. Бұл дертті бәрімізге ортақ дегім келеді. Әдебиет тарихында керемет туындыларымен аты қалған тұлғалардың көбі ізденістен өзге ештеңеге бас қатырмаған сияқты. Егер сізге ең үлкен мінберде бес минут сөз сөйлеу мүмкіндігі берілсе, не туралы айтар едіңіз? Сіз ойлана тұрыңыз. Мен сол мінберде поэзия туралы ойымды жеткізер едім. Оның ішінде қазақ поэзиясы хақында, Жәркен Бөдешұлы жөнінде сөйлер едім.

«Неге Жәркен туралы?» дерсіз… Айтайын. Біздің қазіргі әдебиетте жырау атанған ақындар көп емес. Мүмкін Жәркен ғана шығар?! Ғасырлар бойы поэзия өз міндетінен, өз жауапкершілігінен еш айныған емес. Әрине, оның бүгінгі биік деңгейіне талантты һәм тағдырлы ақындар қызмет етті. Джон Китстен Жәркенге, Байроннан Әмірхан Балқыбекке дейінгі ақындардың өршіл жырлары бұл сөзіміздің дәлелі болмақ. Тек біздің халқымыз ғана емес, әлемдегі әр ұлт шығармашылыққа, оның ішінде поэзияға ерекше ынта танытқанын кәрі тарих өзі аңғартып жатыр. Әйтпесе, ағылшындар Шекспирі мен Байронын «Жыр тәңіріне», Джон Китсін «Жас бұлбұлға» теңемес еді. Пушкинді әлем тебіреніп тұрып күні бүгінге дейін оқымас еді, тамсанбас еді.

Мен Жәркен ақынды жалғыздыққа теңер едім, жалғыздық болғанда ең ұлы жалғыздыққа. Себебі әбден түсінікті. Оны ақынның жырлары мен тағдыры жеріне жеткізе айтып тұр. Сол үшін де ол:  «Мен ақын емеспін, менің тағдырым ақын», –  деді. Осы сөз Еуропаның бір ақынының аузынан шықса, ол әлдеқашан әлемге танымал болар ма еді? Қай бір жылы Адунис осыған саятын бір сөз айтты, бірақ Жәркен Бөдешұлыныкі ойға қонымды. Терең зерделеп қарасаңыз, оның «тағдырым – ақын» дегені – кішпейілдіктен емес, шындықтан шығып тұрған салмақты сөз. «Мен ақынмын» деп жүрген қаншама «жазарман» ақын бола алмай кетті. Бұған жауап біреу ғана, олардың тағдыры ақын емес. Бітті. Бұдан өзге жауаптың қажеті де шамалы.   

Әлем әдебиетінде жалғыздық туралы қалам тербеген ақындар жетерлік. Оның көшін әрине Шекспир бастап тұр. Ал Александр Поптың небәрі он екі жасында жазған «Жалғыздық туралы ода» атты өлеңінде «Бақытты адамның өз жері – жазда сая, қыста жылы» деген керемет тармақ бар, осыдан төрт ғасыр бұрын жазылған өлеңнің өз шындығы өзінде. Ал Уильям Уорсворт жалғыздықты оқшау бұлтпен шендестіреді. Джон Китс: «О, жалғыздық! Егер мен сенімен бірге тұруым керек болса, өзіңді үйінділер арасынан, ғимараттар саясынан іздетпе», – деп шер төгеді. Қалай дегенмен де, әр ақын өз әлінше «Жалғыздықтың бақытын» жырлаумен келеді. Ал біздің қазіргі поэзиямызда жалғыздық туралы сөз болса, тақырып өзінен-өзі Жәркен Бөдешке қарай бұрыла береді. Бұны да тағдыр, тағы да сол жалғыздық деп ұғыныңыз. Тағдыр сыйлаған һәм өзі қабылдаған жалғыздық. Жәркен ақынның поэзиядағы тақырыбы Жайырмен басталып, жалғыздыққа жалғасты. Оның кітаптарының аттары да жалғыздықты шақырып тұрады. «Жұлдыз тас», «Жұлдызға орнын ай бермес», «Бөрінің асығы», «Емендер түнде бүрлейді». Білсеңіз, Бөрі де, жұлдыз да, тіпті емен де жалғыз емес пе? Осыны сезінген ақын сол үшін де «Жалғыздық Құдайдан кейін ақынға ғана жарасады» дейді. Ол тағы бүй дейді: «Жайырдан басқа жауым жоқ». Күллі әлем поэзиясын ақтарыңыз, бірде бір шайыр кіндік кесіп, кірін жуған жерін «жауым» деген емес, керісінше «ұжымағым», «өскен жерім» деп жырлады. Сонда Жәркен ақындікі не шер, не құса? Мұны шарасыздықтың шерінен шыққан шерменде сөз деген дұрысырақ болар. Ал оған сағыныш қосылса, не болмақ?   Бұл сөз үшін ол мың ойланып, жүз толғанғаны да бесенеден белгілі. Сосын да «Айға қарап ұлыған, мен бір жалғыз көкбөрі» дейді. Ақынның асық көңілін, ынтық сезімін, сел сағынышын тылсым табиғаттың текті аңына теліген осы бір тіркес бізден өзге халыққа түсініксіз болуы мүмкін, бірақ қазақ баласы үшін – сырлы да тамыры терең жырдың өзегі.

Жәркен Бөдештің өзекті тақырыбына айналған жалғыздық бірді-екілі өлеңдердің ғана емес, ақынның тұтас шығармашылығының арқауы іспетті. Әрине, ар жағын қуаласаң, Жайыр тау тамыр тартады. Сосын ол жалғыздыққа үлкен поэма арнады.

«Бұл жалғанда кім жалғыз?!
Ақ борықтай Ай жалғыз, Айдан нұрлы Күн жалғыз.
Жарқырап тұрған Шолпан да жалғыздығын сезінер,
Таң алдында көз ілер…
Жыр боп мәңгі жасарға, Абай жалғыз қашанда.
Абай жалғыз болғасын, екеу емес Мағжан да.
Аспанды бұлт торлайды, жауынсыз жер сорлайды.
Абылай хан жалғыз болғансын, Бұхар екеу болмайды.
Махамбет –  жалғыз құбылыс, Исатай – оқыс бұрылыс.
Ақжайық көздің жасындай, Қарой топырақ бір уыс…
Қиял –  қыран, ақыл – шың. Майдансыз қайтпас жау беті.
Сен де, жалғыз батырсың. Ер Баукең Момыш әулеті.
Көңілде бар көп түйткіл, айтыла бермес көбінде.
Өмір жалғыз болғасын, екеу емес өлім де.
Өз көзіммен көргем жоқ, себебі әлі өлгем жоқ.
Тозақ та жалғыз деседі, жұмақ та жалғыз деседі.
Бір қынаптың ішіне екі қылыш түнемес.
Айтарым бірақ, бұл емес».

Бұл поэмада ақын өзін Ай мен Күн, Абылай, Махамбет, Абай, Мағжандармен салыстырып отырған жоқ, «солар да жалғыз еді ғой»  деп көңіліне жұбаныш іздеп, өзін-өзін жырмен жұбатып отыр. «Жалғыз боран. Жалғыз бөрі ұлып тұр» дегенін де ойға тоқыңыз.

Нобель сыйлығының иегері Мо Ян бір сұхбатында: «Он неше жылдың алдында анамның қызыма тамақ бергені назарымды аударып, оның беретін тамағын қызымның аузына апара бергенде, өзінің де аузын ашатынын байқадым. Кейін келе жиеніме тамақ берген қызымның да бұл әрекетті қайталағанын көрдім. Еуропадағы бірнеше мемлекетке барғанымда, балаларына тамақ берген аналардың қимылын бақыладым. Мейлі қай елде болсын, анасы баласына тамақ бергенде, аузын ашады екен. Бұл құбылыс күллі адамзаттың ортақ сезімдерін бейнелейді», – дейді. Күллі дүниедегі ақын атаулы туған жеріне арнап өлең жазады, оны сағынады, сезімдерін сөзбен кестелейді. Бұл – барлық ақындарға ортақ қасиет, ортақ құбылыс. Ал Жәркеннің туған жеріне деген сағынышы мүлдем бөлек, себебі оның туған жерінің һәм өзінің тағдыры, болмысы басқалардыкінен өзгешелеу, оқшау. Сол үшін де ол туған жерін «Жауым» дейді. Тағдыр ма, тағдыр.     

«Жалғыз, жалғыз, жалғыздарым-ай,
рухани балмұздағым-ай!
Балм
ұздағымды, жалғыздарымды жарға қамалап –
Сары уайым
ға салғызба, Құдай!»

Қалай десек те, біз үшін әрбір шығарма өмірдің өзі, тірліктің айнасы болып есептеледі. Жайыр тау бір адамның өмірлік сағынышының символына айналды. Меніңше, Жайыр тау туралы жырлар – тек тау туралы өлеңдер ғана емес, бір адамның жалғыздығын бейнелеген шығармалардың бастауы, ақынның мәңгілік сағынышына айналған мұғжиза мекен, қарт тарих айнасы. «Қаламгердің шындыққа деген көзқарасы шығарманың сапасын анықтайды. Ақиқаттың әр адамда әр түрлі болатыны, онымен қалай күресу керектігі туралы көптеген анықтамалар бар. Тіпті әдеби шығармалар да адам өмірінің шындығын бейнелеуге негізделеді және бұл әрқашан ежелгі заманнан бері өмір сүріп келе жатқан маңызды күш». Бұл сөзді Франция азаматтығын алған эмигрант жазушы Гао Синьцзян айтыпты. Дұрыс-ақ. Жәркен шығармашылығының шындықты қаз-қалпында жеткізе алғаны оның тағы бір ерекшелігі болмақ. Осыған дейін жалғыздықпен бетпе-бет келген ақынның «Жайырдан басқа жауым жоқ» деуі шындықпен бетпе-бет келгені дерсіз. Автордың өзін сендіре алмайтын шығармалар оқырмандардың ойын мүлде қозғай алмайды. Қарғыс немесе бата сияқты, өлеңнің де денені, ақыл-ойды қозғауға қауқары жетеді. Жайыр таудың асқар шыңы, кең жазира етегі, аңы мен құсы бәрі-бәрі осы өлең арқылы бізге жетеді.  

«Тағдырдың қуғынға сап өкпек желі,
Жоғалып кетсем керек көптен бері.
Ауылға біреу келіп үш жылдан соң,
Шекарада атылып кеткен деді…

Рас-ау, қарыс жерде қаза бар-ды,
Өксітті суық хабар жан анамды.
Туып-өскен ауылым күңіреніп,
Дұға оқып, шығарыпты жаназамды.

Р.S.
Бұл күнде секілдімін бір тірі елес,
Енді менің өлуім мүмкін емес».

Меніңше, поэзия болмаса білім де, ғылым да, техника да, өнертабыс та, тіпті махаббат та болмас еді, осылардың бәрі поэзиядан бастау алғандай сезіледі де тұрады. Демек, кейде жүрекке жылы тиетін жалғыз өлеңнің өзі үлкен шындықтарды қозғайды.

   Қазақтың қақ бөлінген тағдырын Жәркен ақын бір Жайыр тау арқылы жырлап келді. Ал біз қазірге «өлеңі жақсы ақынның өмірі жақсы» деп өзімізді жұбатуға етіміз үйренген.  Жәркен поэзиясы туралы бірдеңе айту керек болса, мынаны айтуымыз керек: Ол өзі үшін немесе өзгелер үшін жаздым деп алдау сөз айтпайды, өлеңдерінен де ол сөздің иісі шықпайды, ол өзін ақын еткен тағдыр үшін жазды, соны қағаз бетіне түсірді. Сол ғана. Өлеңді ескірместей етіп жазсаң, өлеңнен қызық ештеңе жоқ сияқты. Сол бақытқа жеткен ақынның бірі – Жәркен Бөдеш. Поэзияны кіршіксіз матаға ұқсатсақ, онымен анда-санда рухымыздың шаң басып, кірлеген тұстарын сүртіп тұрғанымыз жөн сияқты. Әсіресе, тағдырлы жырлармен. 

                          Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.11.2023 | 10:16

Бұл өлеңде не жазулы ¡¿

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір