«МАРСТА ЖҮРГЕН ӨЗІМДІ КӨРЕМІН…»
05.04.2021
866
0

Фантастикалық жанрда қалам тербеушілердің санатындағы ең мықты қаламгер ретінде Рэй Брэдберидің есімі ерекше аталады. Ол – төрт  жүзден астам әңгімелер мен көптеген романдардың авторы. Бірқатар әдебиетшілер Рэйді фантаст жазушылардың  қатарына енгізбейді. «Себебі оның туындылары қасаң  қағидаларға бағынбайды, жанрлық шектеуден тыс.  Фантастикалық бағытта жазылған шығармалары бар, бірақ ол жазушы  шеберлігінің бір қыры ғана»,  – деп есептейді олар.

         1920 жылы өмірге келген  Рэй Дуглас бала кезінен өнерді жақсы көріп өсті. Сол тұста АҚШ экономикасын үлкен дағдарысқа ұшыратқан «Ұлы депрессия» жылдары болашақ жазушының отбасына да өз салқынын тигізбей қоймады. Әкесі Леонард Сполдинг шағын қаладан жұмыс таба алмай, жанұясымен Лос-Анджелеске қоныс аударады. Алайда бұдан тұрмыстары түзеле қойған жоқ. Мектепті жаңа тәмамдаған жасөспірім Рэй газет сатып жұмыс істейді. Ата-анасының қаржылық мүмкіндігінің болмауына байланысты оқуын жалғастыра  алмаған ол, өмір бойы жоғары білім алмаған көрінеді. Жазушы өз естеліктерінде колледжде оқудың орнын кітапханалар алмастырғанын айтатын. Аптасына үш күн оқу залында кітап оқуды әдетіне айналдырған 12 жастағы бала  бір күні өзі де ойдан шығарма жазып көргісі келеді. Эдгар Берроуздың «Марстағы ұлы соғыс» кітабын сатып алуға ақшасы болмаған Рэй, оқыған үзіндісінің жалғасын өзі жалғастырып көреді. Бұл – Брэдберидің фантаст ретіндегі алғашқы қадамы еді.

         Тосын ойлы кітаптарымен танылған Zотов Рэй Брэдберимен Лос-Анджелесте  екінші рет сұхбаттасудың сәті түскенін айта отырып: «Туындыларын мектеп қабырғасынан бастап жастанып оқитын әлемдік классиктің қалай өмір сүріп жатқаны мені қатты таң қалдырды. Кедей  аудандағы ескі тұрақта тұрып жатқан жазушының үйінде шығармашылық жүйесіздік орнаған. Тіпті біршама қағаздары еденде шашылып жатты. Ал қаламгер үй жинаушыға бұл қағаздарға тиісуге тиым салған. Мен келгенде ол шортик пен пиджак киіп, галстук тағып отыр екен. «Қазір сондай ыстық, сол үшін шортикпен отырғаныма айып етпеңіз», – деген жазушыға, «Галстук тақпай қоймадыңыз ба?» – деп едім, «Қанша дегенмен сұхбат бергелі отырмын ғой», – деп тіл қатты», – дейді. Иә, тоқсан жастағы  қалам иесінің тұрмыстық ахуалы мен оқырман алдындағы жауапкершілігі бізді де таңдандырмай қоймады.

         «1950 жылы сізді дүниежүзілік даңққа бөлеген «Марстағы жылнамалар» атты кітабыңызды жаздыңыз. Онда екінші мыңжылдықтың алғашқы ширегінен бастап-ақ  Марста жерліктер қоныстанған қала пайда болатынын айтқансыз. Бұл неліктен орындалмай жатыр, қалай ойлайсыз?» – деген  ондаған  жыл бұрынғы  сұраққа: «Маған мұндай мазмұндағы сұрақтар өте жиі қойылады. Жауаптарым әрқилы шығу үшін фантазияға ерік бергенді жақсы көремін. Сіздің сауалыңызға былай тіл қатар едім: өйткені адамдардың көбі  дерлік – ақымақ. Олар көптеген миға сыймайтын дүниелер жасайды. Иттерге арналған костюм ойлап табады… Ал егер біз ғылымды дамытып, Айды, Марс пен Венераны игерсек, елестетіп көріңізші, әлем қандай болатын еді? Адамзатқа ғарышты бағындыруға  мүмкіндік молынан берілген, бірақ олар пиво ішіп, сериал тамашалауды ғана місе тұтады. Кәрі адамның күңкіліне мән бермеңіз (күліп), көп ұзамай, жүзге толам ғой», – деп жауап берген жазушының туындысындағы көрегендігі қалай қайран қалдырмасын?..  Марсқа адам баласының аяқ басу ұмтылыстары басталып та кеткен жоқ па…

         «Франгейт бойынша 451 градус» романыңызда тұтынушылық ойдан аса алмайтын бұқаралық мәдениет орнығып, өздерін өрт сөндірушілер атайтын топтың кітапты өртегені туралы баяндайсыз. Бұл кітапты жиырма рет оқыдым. Шығармадағы детальдардың көбі шындыққа айналды. XXI ғасыр. Басқа қоғам. Кітап оқитындардың саны аз. Қалай дегенмен, оқуды сәнді емес деп санайтындардың  қарасы көп…» – дейді Zотов. «Мен де бұл туралы жиі ойланамын. Бірде өте қорқынышты ертегі жазған едім, ол біраз жылдардан кейін өмірдің бір сипаты болып шыға келді. Кітаптар жойыла ма деген қорқынышым бар. Электронды құралдар бәрібір кітапты алмастыра алмайды ғой. Мен үшін кітапханалар әлемі адамды түпсіз қойнауына жасырып, парақтарының сыбдырымен-ақ өзіне бағынышты етіп, қызықты оқиғаларымен баурап алатын Амазонкалардың джунглиі іспетті. Монитордан мұндай әсердің ешбірін ала алмайсың. Ондағы құрғақ мәтіндерден қағаздың иісін сезіну мүмкін емес, ешбір жылуы да сезілмейді. Тағы да күңкілге бой алдырып барамын, маған не болған? Әлемдегі ең керітартпа фантаст жазушы мен шығармын, сірә… Сіз мен туралы қандай адам сенгісіз аңыздар айтылып жүргенін естіп пе едіңіз?» – деп күле, сауал тастай сөйлеген жазушыға: «Әлбетте. Естігендерім бойынша, сіз көлік айдай алмайсыз, компьютер қолданбайсыз. Ұшақпен де ұшпайсыз. Романдарды жазу машинасымен тересіз. Әрі сізде жоғары білім де жоқ. Әлемдегі ең табысты фантаст жазушы екендігіңізге қарамастан өте қарапайым өмір сүресіз. Шағын үй, есік алдында қоруылдап тұрған  қорғаушыларыңыз да жоқ. Барлық бөлмелер кітап, қағаздармен, қолжазбалармен толтырылған. Осылай өз әлеміңізді жасап алғандай көрінесіз», – дейді Zотов.  «Мен қашанда жазушының еңбегі жеткілікті түрде қаржымен бағалануы керек деп есептеймін. КСРО кезінде «Марстағы жылнамаларды» жаздым, бірақ маған ол үшін бақыр тиын да берген жоқ. Ал мен тиынды жақсы көремін (күліп). Бұным ақшаға бағыныштымын дегенді білдірмейді әрине. Адам миллиондарды таба бастағанда қымбат көлік сатып алады, қорғаушыларды жалдап, тіпті көршілерімен амандасудан да қалады. Ал маған мұндай өмір ұнай қоймайды. Иә, дұрыс байқағансыз, бұл ескі үйде шатырына дейін кітаптармен көмкерілген өз әлемім бар. Ол жерден шығу сіз үшін шекарадан шығу секілді көрінетін шығар, оның не қажеті бар? Мен осында отырып-ақ, көзімді жұмамын да,  Марста жүрген өзімді көремін». Осылай деген жазушы сұхбат алушының: «Тоқсан жасқа келген шағыңыздағы  ең қызықты ұйғарымыңыз қандай?»  – деген сауалына: «Тарихта барлығы да қайталанады. Менің балалық шағым «Ұлы дағдарыс» кезеңінде өтсе, егде тартқан шағым  ірі  қаржылық кризиспен тұспа-тұс келді. Болашаққа көз саласың да, планеталардың сыйқырлы қозғалысын, жаңа ғарыштық айлақтарды, ауада ұшатын көліктерді көресің, бәрі де қаржының биржадағы құлдырауымен бітеді. Өтірік айтпай қояйын, ұзақ жасаған қызық әрине. Бірақ, бір жаманы, өзіме қымбат адамдарды көп жоғалттым. Жұбайым Маргарет жеті жыл бұрын өмірден өтті. Ол болмағанда, мен ешқашан жазушы атанбас едім. Алғашқы жылдары шығармаларымды басылым беттері  жариялаудан бас тартқанда, әйелім ғана маған шын сеніп: «Сен танымал боласың», – деп айтатын. Ал қазір мені жұртшылық  тірі классик деп атайды. Бұл сөз маған ұнайды дей алмаймын, дегенмен «өлдіге айналған классик» дегеннен гөрі жақсы естіледі», – деп жауап қатқан екен. Өмірінің ақырғы сәтіне дейін жазу машинкасынан қол үзбеген қаламгердің шығармасына арқау болған тағы қандай детальдардың расқа айналуы мүмкін екені оқырман үшін қашанда қызық. Сол себепті кітап оқитындар саны да көбейе түпесе, азаймайтыны тағы рас.

                                                        Әзірлеген Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір