ТӘТ­тІ ТҮСТЕР КӨРЕМІН ТАҢДА КІЛЕҢ
05.04.2023
550
0

Қасқырбай НАРБАТЫР

Таудағы тілек

Тауға шықтым тән қажап,
Көз салмаққа төменге.
Сұлулық көрдім сан ғажап
Сурет пе әлде, өлең бе?

Айнала жасыл көрпедей,
Көктемнің исі аңқыған
Қызғалдақ ол не, өрт емей
Даланы тұтас шарпыған?

Мал толы әр бел, кезеңде,
Алаптың сол ғой ажары.
Бұрала аққан өзенде,
Шулаған құстың базары.

Өңірге осы қосқан өң,
Тал-дарақ келіп сәніне.
Ұштасып жатыр аспанмен
Көз жетер жердің бәрі де.

Тербелген жылы самалмен,
Көз тұнар шетсіз егіннен
Елжіреп кетіп, « Далаңмен
– Ұлысың елім» – дедім мен.

– Қазағым жаса – дедім мен,
Кеңірдек кере айғайлап
– Кетпесін ырыс төріңнен
Бұл өзі біткен қандай бақ?!

Елжірей және батылдау,
Тіледім тілек не десте.
Жаратқанға жақындау,
Биікте тұрмын емес пе?!

Алыста ақ там, ауылдар,
Соларға енші бұл мекен.
Төменде жүрген бауырлар
Мені де көріп тұр ма екен?

Дедім мен іштей – Бауырлар,
Кеп кет­ті көппен кеңескім.
– Сөзіме менің наныңдар
Ырысты біздей жоқ ешкім!

Қиялым көкке самғаумен,
Кеңдіктің тауып дерегін.
Терлеп бір шыққан таудан мен,
Тебіреніп түсіп келемін.

Көз ұшында қараша ауыл
Бала кезім қап кеткен тамаша бір,
Көз ұшында момақан қараша ауыл.
Жүректе қорғасындай ұйып тұрған
Сағыныштың салмағын қарашы ауыр.

Тосып мені жатқандай алдан нәсіп,
Есеюге соншама болғам асық.
Ауылдан сол шыққаным күні кеше,
Кетіппін бүгін біраз жоннан асып.

Жас деуге де болмайтын, кәрі деуге,
Келген шақта уайым, мұң бәрі үдеуде.
Ауылдағы өмірім – өмір еді
Ойға түссе ашымас қані кеуде?

Шамам келмей өткенмен санасуға,
Жүріп аппын ұмтылып әр асуға.
Қара бала қайда деп сұрар ма ел
Қармақ салып жүретін Қарасуға?

Талас бойы шулаған құрақ еді,
Көктем сайын көз тартып тұрар өңі.
Құлаққа құстың үні келетұғын
Құбыланың соққанда құба желі.

Дәмі келіп таңдайға шалаптың да,
Қиялымды қашады жел ап құмға.
Құсалы ойға тұсалып нем бар осы
Жастай кеткен ауылдан мен – ақпын ба?

Тәт­ті түстер көремін таңда кілең,
Шаһар бопты ауылым ордалы кең.
Дертке бір тең сағыныш бар дейтұғын
Менікі дауасы жоқ сол ма білем?!

Бала кезім қап кеткен тамаша бір,
Көз ұшында момақан қараша ауыл.
Жүректе қорғасындай ұйып тұрған
Сағыныштың салмағын қарашы ауыр….

* * *
Уайымсыз қойды таң бір атпай-ақ,
Ашынасың көңілі пәс көпті аяп.
Құл жұмсаған құрғыр ескі кезгідей
Жуастар жүр жуандардан жеп таяқ.

Қайтер енді жүре бермей көніп құр,
Кісі арасын кедергілер бөліп кіл.
Қолдарында қамшыменен төрт өрім,
Төлеңгіт­тер төбесінен төніп тұр.
Заман жақсы-ақ, айту қиын кем деп те,
Даңғойлар жүр симай бірақ жер, көкке
Тобыр біткен тоғысып топ құрғаннан
Толып кет­ті жердің үсті жендетке.

Бәріне де қайдан жетсін ақылың
Шараң қайсы жатқа айналса
жақының?
Бұл емес ед құбылыстар біз тосқан,
Е, жаратқан жақсы ете көр ақырын…

* * *
Қаламыз әр кез өмірде,
Келеңсіздікпен бет­тесіп.
Ауыр тисе де көңілге
Кетпейсің одан көкке ұшып.

Қиюы кетіп істің де,
Жүресің кейде тым алаң.
Қара жердің үстінде
Алатын ол да сыбағаң.

Түспейтін жүк бар арқадан,
Бересің қанша, аласың.
Өмірден, осы ортадан
Қашқанда қайда барасың?

Алтының азып, мыс қалса
Іздерсің қайдан дерегін?
Кеудеден жаның ұшқанша
Осы ғой, осы көрерің!

Қараша

Қараша мынау,
жапырағы тозған талдардың,
Түзден өңді қызық қашқанын аңдар кім?
Көзімді менің көріксіз дала шаршат­ты
Өзімді ненің сәнімен енді алдармын?
Адырда сонау сабыла ұшқан ебелек,
Санамды жарға соғады тынбай жел ерек.
Тіктелмей бойдың тұтқыны
мұңның болғаны-ай
Түк білмей қойдым жаныма
менің не керек?

Күз сайын осы сарғаямын кеп санамен,
Жүрек қайдан сағынышқа бір табар ем.
Қайтқан құстың мұңы ма екен
қап қойған
Қарашаның қабағында қара өлең?!

Ауылым – анам

Ауылым – туған тұрақ деп,
Сыртыңнан жүрем сұрап көп.
Маңдайым тасқа тигенде,
Жағдайымды айтқам жылап кеп.

Ауылым – өнген өрісім,
Алаңдай берем тегі шын.
Аяулы өңір қайда бар
Қаяулы көңіл мен үшін?
Ауылым ұям – ұлысың,
Анамдай көрер тым ішім.
Табанға төсеп жұмсағын
Жотама жапқан жылысын.

Ауылым – киең кем бе құр,
Таусылмас тарих, сенде сыр.
Күздегі мұңлы кейпіңдей
Түздегі ұлың мен де бір.

Ауылым – қоңыр қонысым,
Тағдырың сенің толы сын.
Мазаң қалмай тұрғанда
Соза алмадым қол ұшын.

«Сыртын сырмен сырлаған,
Ішін бормен борлаған»
Дәуірің қайта туар ма
Ауылым – жадау сорлы анам?!

Сырласайық

Мен өзіңді шақырайын бір жерге,
Үрке қарап не қыласың, сыр берме.
Жастық деген нұр жайнаған жарқын күн,
Жарқын күн де батпайды ма бір демде.

Таңдармыз біз бәлкім өзен жағасын,
Кел сыздаған жүрекке ем табасың.
Өзегіңнен сызып тастар едің бір
Өткен күннің өкпесі мен наласын.

Қаяу түскен көңіліңе алаңмын,
Ақтарыла шертіп алғын маған мұң.
Көңіліңнен көктем лебін жұтайын
Мен де қайбір оңып жүрген адаммын.

Ұғысайық көкіректе сыр қамай,
Жалғыздықтың жан жауратып
тұрғаны-ай
Екі жүрек мұңды сөзін тербесін
Қарашада қатар ұшқан тырнадай.

Мен өзіңді шақырайын бір жерге…

Үй

Отбасында төрт адам,
Бір-біріне жат па құр?
Бақыт таппай ортадан
Төртеуі төрт жақта жүр.

Түйіспейді ойлары,
Үйлеспейді сөздері
Жоқты іздейді қайдағы
Айдалада көздері

Әкенің жоқ беделі,
Шешенің жоқ тәртібі.
Әңгіме жоқ келелі,
Үйде ұрыс әр күні.

Ұлдың сөзі айқай кіл,
Жарымаған мінезге.
Келін болса – сайтан бір
Құбылатын лезде.

Сенімі қақ жарылған,
Қиюы кем босаға.
Жанұя бұл нағылған
Бұл неткен үй, о тоба?!
* * *
Жылт етпей сезім бір түйір,
Күлкі азайды, қалды наз.
Көк аспанға бұлт үйір
Күзге қарай ауды жаз.

Білініп әр-әр кемдігі,
Өтуде күндер дүрлігіп.
Не болмақ өмір ендігі
Көңілде біздің жүр күдік?!

Төгілтіп суық жаңбырды,
Еңсені басар күзгі уақыт.
Жиналып мұңың сан жылғы,
Қинар-ау жанды сыздатып.

Сұстанар әлі тау-шың да,
Алдыда қатқыл қара күз.
Мазасы жоқ маусымға
Майдалап кіріп барамыз.

Астана

Бәрін де көрген бұл қазақ,
Осы шақ еді күткені.
Қарсы алып ғажап, күнді азат
Еңсесін биік тіктеді.

Ұмтыла берді алға шын
Болғанмен кезі сүрінген.
Беу, менің ұлтым, қандасым,
Сертінен сесі білінген.

Сүрлеуін тартқан салт, тілден
Сөзі өтіп жатқа, досқа да.
Қарады әлем жалт бірден,
Жайғанда қанат Астана.

Қиялға теңдес қала дәл,
Күн сайын өрлеп, өң алған.
Көрмеді мұны бабалар,
Көрген бізде жоқ арман.

Ұлтымды айтам текті деп.
Астанам – қамал, қалқаным.
Төбесі тұрған көк тіреп,
Төрінде сұлу Арқаның.

Таңдаулы жолдан таймайды ел
Арқасын тіреп арына.
Астана ару жайнай бер,
Қазақтың ырыс – бағына!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір