Сарғайған парақтар, ескірмейтін ойлар
27.11.2015
1335
0
Валерий МИХАЙЛОВ,
ақын, прозашы:
– Біз Жұмекенді Постников аудармасынан оқығанбыз. Сол кезде-ақ Нәжімеденовтің өлеңдеріне аңсарым ауды. Бірақ  шіркін, қазақша үйреніп, Абай мен Жамбылды, Төлеген, Мұқағали, Жұмекендерді өз тілінде оқығанға не жетсін?! Шынын айту керек, Жұмекен орысшаға көп аударылған жоқ және орыс оқырманы да оны тани алды дей алмас ем. Бірақ болашақта оның жырлары көп тілге тәржімаланып, ол қазақ әдебиетін әлемге танытады деп ойлаймын. Бұған күмәнім жоқ!..

Любовь ШАШКОВА,
ақын:
–  «Тұманды альбион» аспанын жаңғыртып, Лондонда өткен Олимпиада ойындарында Әнұранымыз жеті рет шырқалды. Жеті рет! «Менің Қазақстанымды» оң қолымызды жүрек тұсына қойып, спортшыларымызбен бірге қосылып, тебірене айттық. Бойымызды мақтаныш сезімі билеп, өңгелерден асқақ тұрғанымызды сонда ғана ұғындық. Әнін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған, тыңдаған адамға рух беретін туындыны 2006 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев жаңа Әнұран ретінде бекітті. Содан бері гимн ойналғанда ойымызға Жұмекен оралады. «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы». Қандай ғажап картина! Ол бұл өлеңді жиырма бір жасында жазған екен. Қаршадай бала ғой. Ұлтына деген махаббаты мен ақынның үлкен жүрегінен шыққан бұл туынды әр қазақстандықты бір серпілтіп тастайды. 
Жұмекен тағдырлы ақын. Өнімді еңбек ете отыра, өмір атты драманың басты кейіпкеріне айналды. Қырық сегізінде дүние салып, артына мол әдеби мұра қалдырып үлгерді. Уақыт атты күймеге отырып, мәңгілікке сапар шекті. Оған дейін ешкімнен қорықпай «айқайлап» келген өршіл орыс поэзиясы, алпысыншы жылдары «Көсемнен» қорқып, «сыбырлауға» көшкен уақытта Жұмекен адамгершілік, әзіл-оспақ, шынайылық, әділдік, турашылдықты ту етіп ұстап, өлеңі өзгеше екенін ұқтырды. Жұмекен дана, хакім Абайдың алдында аласарған сайын, біздің көзімізде асқақтай түсті. Оны құныға, қызыға оқыдық. Оның поэтикалық әлемі  қарапайым бола тұра күрделі, күрделі бола тұра қарапайым, жан-жақты және терең-тін. Ол – құбылыс! Жұмекен өлеңдеріндегі арманшылдық пен рух сені өзгеше бір сезімге бөлейді. Ол  сезімнің аты – тұңғиық! Шөлдесеңіздер Нәжімеденов деген тұма бұлақтан қанып ішіңіздер, ағайын!.. 

Надежда ЧЕРНОВА,
ақын:
– Жұмекен шығармалары көп аударыла қойған жоқ-ау. Дегенмен, қолымызға тиген жұқалтаң жыр кітабының өзінен оның поэтикалық қуатының қаншалықты екенін ұқтық. Менің бір құрбым оның «Көйлек» деген өлеңін оқып, қатты ғашық болып қалған еді. Мен оған: – Ол дүниеден өтіп кеткен! – дегенімде: Жақсы адамдар неге ерте кетеді екен?! – деді сұраулы жүзбен. Соған қарағанда Жұмекен орыс және басқа елдің оқырмандары үшін жаңалық бола алды деуге негіз бар. Оны көптеп аудару керек…

Татьяна ФРОЛОВСКАЯ,
ақын, аудармашы:
– Жұмекен Нәжімеденов поэзиясымен аса таныс емеспін. Сонау бір жылдары оның әдеби жиында баяндама оқығанын көргенмін. Болмысы бөлектеу, көп сөйлемейтін, өте ақылды, сабырлы адам ретінде көрінді. Сөйтсем, расында да сондай екен. Бірде кеңінен сөйлесудің реті келіп қалды. Сонда оның әлем әдебиетін терең білетіні мені таң қалдырды. Орыс ақындарынан Хлебников, Есенин, Рубцов, Кольцовтарды аса қатты оқитынын байқадым. Өлеңдерімен қызыға бастадым. Оқыдым! Ұнады… Оның өлеңге, өмірге деген көзқарасы ерекше, тосындау дер едім. Чили ақыны Пабло Неруда мен Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы рухтас, бір-біріне өте жақын. Өйткені, екеуі де өлең арқылы өз ұлтының азаттығын, бостандығын аңсайтынын ұқтырды… 
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір