Ахметжан Ашири. Әр күні адам болып өмір сүрдік
05.04.2021
1457
2

Ұйғыр халқының белгілі жазушысы, халықаралық «Алаш», «Қорқыт ата» әдеби сыйлықтарының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Ашири кесек-кесек туындыларымен, драматургиялық шығармаларымен, роман, повестерімен кеңінен танылған. Қаламгер сұхбат барысында  аз ұлттардың тағдыр-талайы жайлы сөз қозғап,  әдебиет турасындағы пікірімен бөлісті.

Сұрапыл соғыс сенімімізге селкеу түсіре  алмады…

  – Аға, балалық шағыңыз соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол жылдардың ауыртпалығы сіздердің болмыстарыңызға қандай да бір әсерін тигізді ме?

 – «Соғыс» дейтін қарғыс атқыр суық сөзді адамзаттың сөздік қорынан шығарып тастау керек деп ойлаймын. Себебі  соғыс адамзатқа ет, нан, май, су беретін қасиетті жерді азаптады, тәнін жаралады. Балалық шағымызды қасіретті күйге түсіріп, лаң салды. Бірақ, біз, балалар мылтықсыз майданда аналарымызбен, әпкелерімізбен бірге болдық. Олар жыласа, біз де бірге жыладық, олар күлсе, біз де бірге күлдік. «Ойпырмай, ыстық жасымыз неге таусылмайды екен?» деп қазір ойға батамын. Кейде майданнан «Мен тірімін!» деген хат алғанда қазіргі қуанышқа ешбір ұқсамайтын өзгеше қуанышқа, қазіргі өміріміздегі күлкіге ешбір ұқсамайтын ғажап сезімге кенелетін едік. Сол қиналған қыз-келіншектерден, мейірімді ана-әпкелерден қазір тірі жүргені өте аз шығар!.. Біз, балалар қайсар, шыдамды, рухты болып өстік. Ешнәрсеге қол сұғып, ұрлық жасаған жоқпыз. Қарнымыз аш, киіміміз жыртық, аяғымыз жалаңаяқ болса да, жасыған жоқпыз. Табанымызға тікен кіріп, қанталап  жүрсе де, «жұмысқа шықпаймыз», «ауырып қалдық» деп сылтау айтқан емеспіз. Біз ол кезде дәрі ішпейтін едік, ішетін дәрі, оны  алатын ақша да жоқ еді. Бір жеріміз жараланып қанаса, мейірімді әжелеріміз сол жерге топырақтан бір шымшым сеуіп қоятын. Сол сәтте-ақ бойымыз жеңілдеп, ауырғаны басылып,  тез жазылып кететін еді.  Әр күнге де тәубе дедік. Әкем соғыстан екі аяғынан бірдей жарақат алып тірі қайтты. Ол да атыз-даладан бір дорба топырақ әкеліп, аяғына әр күні сеуіп емдеп отыратын. Қазір сондай шипалы топырақ, қасиетті жер қалды ма?!..  Әй, қайдам, ондай дауа болатын топырақ қалмады-ау, деймін!.. Соғыс қандай сұрапыл, қару-жарақ  қанша күшті болса да, біздің көретін күнімізге, туатын айымызға, болашақ дәуірімізге деген сенімімізге селкеу түскен жоқ. «Адам болып өмір сүреміз» деген арманымызды өлтіре алмады. Ар-ожданымыз таза, саф күйінде қалды.   

          – Сол қиын кезеңде отбасыларыңызда тәрбие негізі қалай қаланды?
– Тәрбие – ­өмір бұлағы. Тәрбие үлкенге де, кішіге де ауадай қажет. Бұл қағиданы барлығымыз білеміз. Бізде: «Ата-ана сөзі – ақылдың көзі»  дейді. Шешем Симахан: «Әкең саған бір сөз айтса, мұқият тыңда, балам! Әкеңе қабағыңды шытып қарама.  Жан-тәніңмен құлақ сал! Оның айтқан әрбір сөзін жадыңа құйып ал! Ісіңнен қателік жіберме!» – дейтін еді. Отбасымызда сегіз перзент болдық. Наурыз айының бір күні әкем Ашир көрші ауылдағы бағбаннан есек арбамен өрік, алма, шабдалы секілді  жеміс-жидек ағаштарын алып келіпті. Біз барлығымыз үйден жүгіріп шықтық. Ол арбадағы көшеттерді аса мұқияттылықпен ептеп алып, сындырмай жерге қойып жатты. Бізге қарап: «Сен қолыңа күрек ал, сен қолыңа кетпен ал, сен қапақ шөмішпен су тасы, сен мына тамырлар емін-еркін сиятын шұңқыр қаз!»  –  деп жұмысты бөліп берді. Мен үйден балта алып шықтым. Әкем мені көріп: «Қолыңдағы балтаны таста! Бұдан былай қолыңа балта алғаныңды көрмейтін болайын!» – деді де, маған барлай қарап: «Сен қалам, қағаз алып шық!» – деді, қатал түрде. Мен оның бұйрығын орындадым.

         «Бағымызға бес түп алма, үш түп өрік, алты түп шабдалы, бір түп тоқаш жиде отрғыздық», – деп, дәптеріме жаздым.  Дәптерімді алып, көз жүгірткен әкем: «Балам Ахметжан, сен өте әдемі жазыпсың!» – деп бұйраланған шашымнан иіскеп, маңдайымнан сүйді. Ол маған қарап тағы да: «Сен жазудың, өнердің бағбаны боласың! Сонда сенің жазғаныңнан миуалы ағаш отырғызған  ұйғырдың тілегін білетін болады. Адал ниетіңді түсінетін болады», – деп арқамнан қақты. Міне, бұл бүгін өлгендер ортасында жүрген, бірақ, рухы тірі әкем Аширдің маған берген батасы екен.

Есепті көшіріп алуға шебер болдым…

   – Иә, әкеңіздің батасы қабыл болып, бүгінде ірі қаламгерге айналдыңыз. Ал, жалпы жазу өнеріне деген ынта-ықыласыңыз қай кезден бастау алған? Жазу адамына тән қасиеттер сізге қайдан дарыған?

         – Мен әсіресе, қыстың ұзақ түнінде шамның майы бітіп, өшіп қалғанша ыстық Каңның үстінде отырып әр күні кітап оқитынмын. Осылайша жазушылар суреттеген адамдарды, табиғатты көретін болдым. Олардың жазған оқиғаларын ойлап көп қиялдайтын едім. Сыныптастарым: «Сен осылай қиялдай беріп ес-ақылыңнан айырылып қалма!..»  – деп, мені келеке қылатын. Шынымды айтсам, математиканы білмейтін едім. Ұйғыр сыныбында Бего деген әзербайжан баласы оқитын. Ол есептен үздік болатын. Мен одан есепті көшіріп алуға шебер болдым. Математикадан сабақ беретін мұғалім мені тақта алдына шақырды.  Берілген есепті шығара алмадым. Маған бұйыра сөйлеп: «Далаға шық! Тез барып қарды домалатып ойыншық доп сияқты үлкен шар даярла! Сонсоң оны көтеріп осында алып кел!» – деді. Мен тез-тез қимылдап ұстазымның бұйрығын орындадым да, домалақтаған қарды көтеріп сыныпқа алып келдім.   

         Сыныпты қара темір пеш жылытатын еді. Мұғалім мені пешке жақын тұрғызды да: «Қолыңдағы домалақ қарды көтерген қалпыңда осылай тапжылмай тұр!» – деді. Мен мұғалімнің айтқаны бойынша екі қолыммен қарды көтерген күйімде пештің қасында тапжылмай тұрдым. Қолымдағы қар біртіндеп еріп, оның аққан суы білегіммен төмен бойлап, жыртық жейдемнің ішімен қолтығыма құйылды.

         Осы кезде орнынан тұрған Бего: «Ұстаз, сіз не істеп тұрсыз? Бұл деген оқушыны қорлау емес пе?» – деп, менің қасыма келді. Мен сол кезде қойны-қонышым су болып тұрып, Бегоны құшақтап жылап жібердім. Ал  Бего болса: «Мен бұл мектепте, осы сыныпта оқымаймын!» – деп, дәптер-қарындашын жиыстырып сумкасына салды да, сыртқа шығып кетті.  Мен жылап тұрып:  «Мұғалім, сізді неге соғысқа алмады?» – деп сұрадым. Ол маған қабағын түйіп тұрып: «Онда сенің шаруаң болмасын!» – деді мені оқты көзімен атып.  Кейін Бегоның су қоймасында тұншығып өмірден өткенін естідім. Осы оқиғаларды менің кішкентай жүрегім көтере алмады. Мұғалімнің жазасы, Бегоның батыл мінезі мені ойға салды. Ойлаған сайын тынысым тарылып, болған жайлар ішіме сыймай кететін. Осы оқиғаларды рет-ретімен баяндап, солақай қолыммен киіз кітабыма жаза бастадым. Бұл жазушылық қасиет ешкімнен дарыған жоқ, өзіме Алланың берген сыйы деп санаймын. Десе де, жазушы болғанымды әкемнің ізгі тілек, ақ батасынан бөле қарай алмаймын.  

         Гәп менің жазуымда емес, сол қолыммен жаза бастағанымда болды. Шешем мені бірінші сыныпта оқытқан алғашқы мұғалімім болатын. Сол қолмен жазып отырғанымды көріп,  әпкеме қарады анам. «Таң қалып отырсың ба, апа? Бұл інімнің сол қолымен көптеген көркем шығармаларын жазатынына күмәнім жоқ. Әй, солақай, саған ақ жол тілеймін!» – деді. Апам әпкеме бір, маған бір қарап қойды да, артық ештеңе айтқан жоқ. Сол қолыммен бақша отырғызып, миуалы ағаштарды сол қолыммен еккенімді, сол қолыммен дәптерге жазғандарымды әкем талай көрді. Бірақ  маған «мұның не, неге солақайсың?» деген жоқ. Жылдар өтті, көптеген мақала, әңгіме, повесть, роман, драмаларымды жаздым. Міне, қазірге дейін жазып келемін де… Алайда компьютерде жазуды білмеймін. Берекелі сол қолыммен жарты ғасырдан аса уақыттан бері жазып келемін. Қазір ұзақ жазсам, саусақтарым талып, ауыра бастайтын болып жүр…    

         – Әдебиетке біржола бет бұрған кезіңіз туралы айтып берсеңіз?

         –  ҚазМУ-де филология факультетінде оқып жүрген кезімде «Ақ көйлекті әйел» деген әңгіме жаздым.  Қаламыма ілінген бұл тақырып өмірде болған оқиға еді. Ол кезде ұйғыр тілінде «Коммунизм туғи» деген газет шығатын. Редакцияда атақты қаламгеріміз Хизмет Абдуллин істейтін. Ол кісі газеттің әдебиет бөлімін басқарады екен. Әңгімемді сол кісінің қолына апарып бердім. Тез оқып шықты да: «Ертең кел, жауабын сонда аласың!» – деп қайтарды. Мен ертесі редакцияға келдім де, Хизмет ағаның алдына бардым. Ол кісі менің қолыма қып-қызыл етіп түзеткен әңгімемді ұстатты. Мен көріп шықтым да: «Бұл – менің әңгімем емес», – деп едім, ол маған қарап тұрып:  «Әңгімеңнің оқиғасы, мазмұны жақсы. Негізгі сүйегі бар. Сен үздіксіз жаза бер! Жазуға деген қабілетің бар екен. Бірақ  көркемдік жағы жетпей жатқан сияқты», – деп ескертті. «Ақ көйлекті әңгімеңді газетке беремін», –  деп қосып қойды.  Әдебиетке біржолата бет бұрған кезім сол «Ақ көйлекті әйел» әңгімемнен басталды. Сол асыл ағамыз Хизмет Абдуллиннің мейірімі мен қолдауы арқасында шығармашылық өмір басталып кетіп еді.  

Қазақ тілінде сөйлеу –  менің үлкен бақытым

– Туған топырағыңыз шығармашылығыңызға ықпал етті ме?

         – Сұрақ менің жүрегімді жылытты. Туған топырақ жайлы толғансам, көзімнен жас сорғалай бастайды. Иә, ықпал еткені рас!.. Бұл – менің сырымды қозғайтын үлкен әңгіме. Осы кезге дейін көп әңгіме, повестерді жаздым. Бірақ   Шарбақ  ойымнан бір күн кетпейді. Елу жасқа таяғанда «Нұр ана» деген повесть жаздым. Жеңіс күні шарбақтық жерлестерім жеңіске қуанбады, қасіретке толы көз жастарын төкті. Келешегі жоқ елді мекендердің тізімі ішінде менің туған жерім  Шарбақ та бар болатын. Жеңіске мен де қуанбадым. Амалының жоқтығынан байырғы құтты мекені  Шарбақты  тастап,  Малыбайға көшіп бара жатқан жерлестерім әлі де көз алдымда.

         Көштің соңында біздің отбасымыз да болды. Екі есек арбаға тұрпан кауасын тиедік. Ат арбаға қазан-шөміш, дутар, тозып жыртылған киіз, соғыстан қайтпай қалған ағамның киімдерін салып алдық. Жауынгер батыр танкист ағамның  Украинадағы соғыс даласында  қайтыс болғанын жеткізген  «қара қағазды», ағамның соңғы суреттерін әкем маған берді. Мен «қара қағазды» алдым да, қайғыдан өзенге қарай жүгірдім. «Қара қағазды» жыртып-жыртып суға лақтырдым. Жейдемді шешіп оған туған жерімнің топырағын орап алдым. Сақтап жүрген сол топырақты кейін Малыбайда қайтыс болған әкемнің, шешемнің, әпкемнің, Қазақбай ағаларымның зират басына септім.

         Сол жолы арба жанында әлгі соғыстан жараланып келген аяғына Шарбақтың топырағын алып, суланып тұрған жарасына сеуіп, матамен байлап отырған әкем:  «Әй, Нұр ана, кеттік! Бізбен бірге Малыбайға жүр!» – деді дауыстап. «Ашир ака, мені кешір! Мен Малыбайға көшпеймін. Осы Шарбақта қаламын. Кеше парт билетімді Шелек аудандық партия комитетінің хатшысының алдына тастап шыққанмын. Қош болыңдар!..» – деді, нық дауыспен. «Сонда қалай? Жалғыз өзің осында қаласың ба? Олай болмайды ғой!» – деді әкем. Осы кезде менің ішімнен лап еткен ыстық сезім көтерілді, «Қала бер,  Нұр ана! Мен сені іздеп келіп тұрамын!» – дедім, масаттанып. Маған мойнын бұрған Нұр ана: «Міне, ақылды адамның сөзі. Мынау Ахметжан дұрыс айтады», – деп, менің басымды сипап жылы қоштасты. Ол тағы да: «Шарбақты есіңнен шығарма!» – деп, маңдайымнан құшырлана сүйді.

Әкем арбада тұрған дутарды қолына алып, құлақ күйін келтіріп: «Уай, уай!..» –  деп бастап, мұңға толы бір ән айтты:

Жуп-жуп көзлирим, янар хирә,

Дилим толди матәмгә!

Мениң үчин көк қара, әләм қараңғу,

Йуртимниң бәхти өмри қисқа болди.

Қени көк бөрә, көк бөрә!..

Мениң дилимда әндишә, тәшвиш тола!

Қени көк бөрә, көк бөрә!..

Вай, вай мирас Чарбақ! Мирас йурт!

Вай, вай, мирас Чарбақ!

Барлиғим қурбан саңа,

Та әбәд садиқ болуштур,

Мәндики арман саңа!

Һувлаңлар, Чарбақ бөрилири!

Меніңше, мұңсыз адам суреткер бола алмайды. Көрген, білген, естіген, бастан кешіргендерім, мені көп ойға салды. Ойдан, сезімнен, қиялданудан еш құтыла алмадым. Елуге тақағанда Шарбақ тағдырына арналған «Нұр ана» повесін жазып, кітап етіп шығардым. Әрі шарбақтың шырақшысы атанған Нұр ана Байсиханға кітабымды апарып сыйладым.

         Мен 1953 жылы жеті сыныптық оқуымды тәмамдап Түрген педучилишесіне түстім. Сол жылы «Сталин өлді» деп, мұғаліміміз ағыл-тегіл жылап сыныпқа кіріп келді. Ол жылауға студенттер қосылды. Шынымды айтайын, мен жылаған жоқпын. Есіме Шарбақ пен ондағы жалғыз қалған Нұр ана түсті… 

         –  Қазақ тілінде таза әрі көркем сөйлейтініңізді аңғарамыз. Бұның бастауын қайда жатыр деуге болады?

         – Қазақ тілінде сөйлеу –  менің үлкен бақытым. Біздің Малыбайға Балқаштан бір отбасы көшіп келді. Менімен жасты Тойлы деген баласымен таныстым. Ол: «Қазақша сөйлесең, мен саған «адаш» боламын», –  деді. Мен Тойлымен қазақша сөйлесетін болып келістім. Түргеннен кейін Жәркент педучилищесінде оқуымды ұйғырша жалғастырдым. Сонда бір қызық оқиға болған еді. Бір қызды сүйіп алғанымды сынып жетекшім көріп қалып, мені «жазалап» ұйғыр тілді топтан қазақ тілді тобына ауыстырып жіберді. Сонда да қазақ тілін жақсы білгендігім үшін, оқуымды үздік нәтижемен бітірдім. Одан кейін ҚазМУ-де филология факультетінде оқуға түстім. Онда бірыңғай қазақтың қыз-жігіттерімен оқып бітірдім. Жәркентте «жазаланып» қазақ тобына  ауыстырылғанымның пайдасын тіпті көре түстім. Мемлекеттік үлкен Университетте хас шебер, даңқты жазушы Мұхтар Әуезовтің, Зейнолла Қабдоловтың алдынан дәріс алдым. Қазақ тілі менің тағы бір ана тілім деп қуана айта аламын. Бірақ Махмұд Қашқари, Йусуп Хас Һажып, Ахмет Йгунекидің тілін, яғни өзімнің ана тілімді де бір сәт төмен санап көрген емеспін.

         Жазушы-драматург, қоғам қайраткері Қалтай Мұхаметжановтың: «Түптеп келгенде, жылжымайтын мүлік, үй, машина – байлық емес. Нағыз қазына – тіл. Тілді жүрегіңе сақта. Оны адам сатып ала алмайды. Есіңде болсын,  өзге тілге ана тілің қосылғанда ғана ол сенің нағыз байлығың қазынаң болады», – деп, айтқаны жүрегімнен еш шықпайды.  Қазақ тілінде мақалалар жазамын. Ой-пікірімді жеткіземін. Әрине, көркем шығарма жазуға қиналамын. Бірақ  қазақ тілін ар-ожданыммен қастер тұтамын.      

­– Туындыларыңыздың денін ұйғыр тілінде  жазасыз ба?

– Иә, әңгіме, повесть, роман, драмаларымды ұйғыр тілінде жазамын. жазушылар қауымы маған, ұйғыр тілін жақсы білмейді екенмін, жазғаныңа түсінбедік деген сөзді айтқан емес. Көрнекті жазушы Қалихан Ысқақ ұйғыр тілінде жазылған «Идиқұт» романымды оқып шығып: «Ахметжан, саған енді қазақ тілінде шығарма жазуға әбден болады. Тіліңде араб, парсы сөздері көп екен. Ал менің қазақ тілімде ондай жоқ, тап-таза. Бірақ сөздік қорларыңның  мол екені көрініп тұр», – деп  айтқан болатын.

         – Қазақ, Ұйғыр халықтарының тұрмыс-тіршілігінде, болмысында айырмашылық пен ұқсастықтар бар ма?

         – Екі халықтың сан ғасырдан бергі қалыптасқан салт-дәстүрінің, рухани мәдениетінің ұзақ тарихы бар. Тұрмыс тіршілікте аздаған айырмашылық жоқ емес. Қазақтар мал шаруашылығында озық. Ұйғырлар диқаншылығымен ерекшеленеді. Қазақтар – көшпенділіктің мәдениетін сақтаушы. Ұйғырлар там соғып, үй салады. Қол өнеріне мән береді. Отырықшылықтың негізін қалаған.

Екі ұлттың ұқсастығы, теміршілік, ағашшылық, бояушылық, киізбасу, киім тігу, тұмақ тігу, тақия тігу, тері илеу, етік тігу, қылыш-қанжар соғу, мылтық жасау, секілді ұқсастықтары көп. Ұйғырлар да – қазақ секілді ежелгі көшпенді халықтың ұрпағы.

         Екі ұлттың айырмашылығы, ұйғырда қағаз жасау, ежелгі ұйғыр жазуын тапқырлау, диірменшілік, аспаздық, наубайшылық, саудагерлік, қыш құю, құмданшылық, там соғу, нақыш өрнегін басу, мүсіншілік, өрнекті кірпіш құю, бағбаншылық, өнерлері бар. 

         Екі ұлт та бидай егеді, ұн тартады, талқан жейді, нан пісіреді, сүтті шәй ішеді. Төрт түлік малдың етін жейді, сүт өнімдерін тұтынады. Манты түйеді, самса пісіреді, ет асады.   Екі ұлт та әр түрлі көкөністерді ас мәзіріне қосады.

Айырмашылығы, ұйғырлар беденің (жоңышқаның) үш құлақ болып жаңа шыққан көктем кезінде және, жаңа өсіп шыққан жалбыздан шөшіре (пельмен) түйіп жейді. Қазақтар бұл жағына аса қызықпайды. Қазақтар жылқыны өте көп өсірген, тұлпарға мініп,  соғыста жауға тойтарыс берген. Жылқы төлін мемлекеттің, ұлттың байлығы ретінде сақтаған. Ұйғырлар да жылқы өсірген. Алайда олар оны көрші елдерге апарып сатып, оның есесіне ең қажетті заттарын алып отырған.

         – Сыртқы кескіні қазақтың қара домбырасына ұқсас келген ұлттық аспаптарыңыз да бар екен. Бірақ әуені бөлек көрінді.

         – Біздің ежелгі бабаларымыз домбырамен,  дутармен қатар отырып  ән айтқан. Иә, екеуінің де сыртқы көрінісі ұқсайды. Дутар –  біздің ұлттық музыкалық  аспабымыз. Дутардың мойыны сәл ұзындау, тұт ағашынан жасалады. Дауысы мұңлы, орындаушы өзі шалып, өзі ән салады. Дутар да – домбыра секілді сан ғасырдан бері келе жатқан тарихи ұлт аспабы. Дутар ұйғыр халқының тұрмысында халық әндерін айтуға ыңғайлы. Ұйғыр музыкасына арналған аспаптар өте көп. Шертпе музыкалық аспаптардан бәрбап, равап, тәмбір, пәнжитар, қалун, чаң, дилтар секілді аспаптар  бар. Одан өзге сатар, ғиржак (түрі көп), қоштар сынды топтық саз аспаптары кеңінен танылған.  Үрмалы дауыс шығаратын аспаптарға  тәбілваз, сапайы, қасық, тас, жалла, думдап, тағы басқалар жатады.

         Қалун –  әл-Фараби бабамыз жасаған музыка аспап. Бабамыз:  «Жүз жыл ғибадат етіп ала алмаған рахат-ләззатыңды саз сандығы Қалунның сым ішектерінен табасың!» – деген екен. Қалун ұйғырдың «Он екі мұқам» классик музыкасын орындауда қолданылады. Ол солардың ұйтқысы ретінде  ортада тұрады. Мен алғаш педучилишшеде студент болып жүргенімде скрипка тартып ойнайтын едім. Кейін ұлттық аспабымыз дутарды тартуды үйрендім.

 

Қалекеңе деген сағынышым  басылмайды…

  – Қазақ жазушыларымен етене жақын араластыңыз. Қаламгер  достарыңыз туралы үнемі ыстық ықыласпен, ерекше құрметпен сөз сабақтап отырасыз. Әзілхан Нұршайықов сіз жайында «Жылы жүрек» атты мақала да жазды. Қаламгер достарыңызды тағы бір еске алсақ, ол кісілердің  адам ретіндегі, жазушы ретіндегі болмысы қандай болды?

         – Қаламдастарым осы дүниеден жәннатты іздемей, иманды іздеген инсани кәмілдер еді. Алтын қалам иегері, хас шебер жазушылар мен туралы  ұйғыр әдебиеті мен халқым жайында ерекше құрметпен естеліктер жазды. Мұны оқырмандарыма, ұйғырларға ылғи да айтып жүремін. Жазушы досым Қалихан Ысқақ «Келмес күндер елесі» роман-эссесінде мен жайлы, Хизмет ағам туралы көрген-түйгендерін келтіре отырып, ішкі руханиятымыз жөніндегі  ойларын кеңінен толғап жазыпты.

         Ол өзінің сол мемуарында: «Одақтың беделі – ұйғыр жазушыларының да беделі. Мен жақсы білетін ұйғырдың екі жазушысы Хизмет акам мен Ахметжан Ақсофыұлы Аширов еді. Ахметжанмен күні бүгінге дейін дос жаран болып араласып жүрміз. Оның ағайын туғандарымен де таныстығым үзілген жоқ. Малыбайда тышқан мұрыны қанаса, басын маған сақтап отыратын әдеттері. «Әй, Қалеке, саған арнаған бір тоқтым бар еді. Сені күте-күте көксау болып өліп-ақ қалғаны, –  деп, Ахаңның мені көрген сайын қалжыңмен қағытып қоятыны бар. – Танауыңды көрсетсең болды, сенің арқаңда мен де сорпа-су ішіп жырғап қалайын да», –  дейді. Ағасы Қазақбай марқұм мені туғанындай көруші еді. Ахметжан ауылына барған сайын жігіттер мені сұрайтын болыпты», – деп, жазыпты.

         Иә,  бұл ақиқат болатын. Мен соңғы рет Малыбайға Қалихансыз, өзім жалғыз бардым. Әпкем лағман дайындап жатқан екен. «Қалихан қайда?» – деп сұрады бірден. Мына көршіңіздің үйіне кіріп кетті дедім. Ептеп қар жауып тұр еді, әпкем жалаңаяқ галошын сұға үйден шығып, көше жаққа қарап, қайтадан үйге кірді. «Қап, лағман суып қалатын болды!..» – деді. Сөйтіп, мейірімді әпкем екеуміз Қалихансыз үндемей отырып лағман жедік. Сол күні әпкеме  Қалиханның о дүниеге аттанып кеткенін  айта алмадым. Қалихан маған тағдырымен де, талантымен де бақидан пәниге қайтып келетіндей болып көрінеді. Өнер қайраткері ретінде ол өткеннің жалғасы, бүгіннің уайымы, болашақтың үмітіндей аяулы тұлға еді. Оның «Ақсу – жер жәннаты» кітабын қайта-қайта оқысам да, Қалекеңе деген сағынышым  басылмайды. Оның келбеті әлі көз алдымда.

         Кемел Тоқаев ағаның «Соңғы соққы» романын оқыған едім. Жазушылар одағында детектив жанры мен әскери патриоттық секциясын басқарды. Кемел аға кең пейілді, дархан көңілді, жомарттығы шүлен, батырға лайық аңғалдығы бар жан еді. Бір күні ол маған: «Аха, келінге айт! Лағман дайындасын! Лағманды сағындым», – деді, жымиып қана езу тартып,  күлімсіреп. Сонда Кемел ағаның лағманды шөкеге іліп алып, үзіп жегенін көрдім. Менің қарап қалғанымды байқап, ол: «Таң қалма, мен Текеліде ұйғыр аспаздарының шебер қолымен  дайындалған лағманды көп жегенмін», – деп түсіндірді. Сол күнгі әңгімеміз автордың «Соңғы соққы» романы жөнінде болды. «Махмут Қожамжаров Дутовты өлтірді», – деп жазыпсыз. Осы шындық па?» – деп сұрап едім, ол сенімді түрде: «Ол рас! Тарихты бұрмалауға болмайды. Ол сенің есіңде, қаперіңде болсын!» – деп, бетіме тура қарады.  

         – Қазақ жазушыларының қандай шығармаларын жақсы көріп оқыдыңыз?

         – Барлық қазақ қаламгерлерінің шығармасын толық оқыдым десем,  өтірік болар. Алайда өзіме ұнаған, қолым жеткен авторларды, мүмкіндігімше,  мұқият оқып жүретін адаммын. ҚазМУ-де студент болып жүргенде өмірдің сәулелі шақтарын басымнан өткіздім. Ардақты ұстаздарым, асыл ағаларым қаламгерлердің еңбектерін оқытты, сілтеме жасады. Сол бойынша, біз де бірталайын тауып оқыдық. Олардың руханиятқа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қалам иелерінің қазыналарын тереңірек оқып, жандүнием барынша байып, көкжиегім кеңи түсті. Маған үлкен шабыт берді. Асқар Сүлейменовтің «Бесін», Шерхан Мұртазаның «Мылтықсыз майдан», Ғабит Мүсіреповтың «Оянған өлке», Ғабиден Мұстафиннің «Көзкөрген», Бердібек Соқбақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Мұхтар Әуезовтің «Абай», «Абай жолы», Зейнолла Қабдоловтың «Ұшқын», Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я», «Язык письма», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз», «Иппархан», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Рафаэль Ниязбековтың өлеңдер жинақтары және «Қызыл үй» атты романы, Ғалым Жайлыбайдың «Тобылғы жарған», Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай»,  Мәлік Отарбаевтың «Бір қайыры бар дүние» еңбектері маған қатты әсер етті.  

          – Шығармаларыңызға ел тарихын, достық тақырыбын, түрлі адамдық қасиеттерді арқау етіп келесіз. Әр шығармаңызды жазу барысында қандай күйде боласыз?

         – Иә, солай. Қазақтардың болмысын, әсіресе, ауыл адамдарының мінезін шынайы аштым деп ойлаймын. Мен кейіпкерлерімнің бойына  жүрек мейірімімді қосып жаздым. «Қалай жаздым екен?» деп уайымдап,  шығармаларымды сол қолыммен қайта-қайта көшіріп түзетемін. Аллаға шүкір, қазақ пен ұйғырдың бірлігі, ұлттар достығы туралы желілер туындыларымда  баршылық.

         Бес жүз бет «Идиқұт» романымды бес рет көшіріп, Малыбай ауылында жазып бітірдім. Қуанғанымнан қолжазбаны көтерген бойда үйден таң атпай  шығып кетіппін. Әке-шешемнің зиратына бардым… Өзімнің жалға алған «Арзу» аталатын егістік жер теліміне бардым. Жиде ағашының саясында  жападан-жалғыз, емін-еркін отырып жылап алдым. Бұл қуанышымнан төгілген көз жасы еді. Өйткені осы романымды жазуға он жылдық өмірім кеткен болатын. Кейін бұл романым жайында ұлт жанашырлары, рухты қаламгерлер, ақылға, данышпандыққа, талантқа бай, шебер өр мінезді жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Дүкенбай Досжанов, Қалихан Ысқақов, Мұхтар Мағауин, Әкім Тарази, Иран Ғайып, Марфуға Айтқожа, Қалтай Мұхамеджанов, Сайын Мұратбеков, Ялқун Шамиев, Учкун, Алимжан Хамраев, тағы басқа сыншы, зерттеушілер баспасөзде жоғары бағасын берді. Әдебиетші Шерияздан Елеукенов, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы өздерінің пікірін  жазып,  лебіз білдірді.

         – «Жалғыз жалбыз» туындыңыз алғаш жарияланғанда қысқартылып берілген екен. Неліктен олай болды?  

         – Кітап редакторы: «Кейіпкерің қазақ Қасқараудың көркем образы күшті жазылған. Ал ұйғыр Сейіттің образы олай емес екен. Неге Қасқарау атаның образы басты орынға шығып кеткен?» – деп кінә тақты. Мен: «Қасқарау деген кейіпкерімді жақсы білемін. Ол кісінің Алтын деген қызымен бір сыныпта оқығанмын. Мен кітапты өзімнің ар-ожданыма сене отырып жазғанмын!» – деп редакциядан шығып кеттім. «Жалғыз жалбыз» романым білімсіз редакторлардың қиянатымен қысқартылып шықты. Кейін роман желісімен «Жалғыз жалбыз» драмасын жаздым. Қазақтың өрелі зиялылары оны көрді, тамашалады. Кейін «Жазушы баспасының» ұйғыр редакциясы жабылып қалды. Менің кітабыма мін таққан ұйғыр редакторлары да пәниден бақиға кетті.

         – Шығарманы жазу мақсатында әртүрлі деректерді ой сүзгісінен өткізетініңізді білеміз. Сондай ізденіс барысында сізді қайран қалдырған оқиғалар, деректер кездесті ме?

         – Кездесті. «Ұйғыр Орхон қағанатын» жазу кезінде сондай тосын деректер кездесті. Әдет-ғұрыпқа байланысты Таң династиясынан Ұйғыр қағанатына көмек сұрап келген елші, Ұйғыр Орхон қағанатының қағаны Моюнчордың алдына келіп бас иіп, ұйғыр тілінде сөйлеген, ұйғырша ән айтқан, ұйғырдың ұлттық биін билеп берген екен. Соңында Ұйғыр-Орхон қағанатының байрағын сүйгендігі жазылыпты. Міне, ғажап! Қазір де солай болса ғой!..

         Моюнчор өлгенде «Он ұйғыр», «Тоғыз оғұз» ру-тайпалары беттерін тырнап, қан-жоса етіп жылапты. Олар осылайша аза тұтыпты, қағанның екінші жары Таң патшасының қызы Ниңго бедірейіп жыламаған көрінеді. Оны байқаған Моюнчордың баласы Бого: «Сені әкеммен бірге көмеміз! Көрге бірге жатқызамыз!» – деген кезде, ол бетін тырнап, маңдайын тастың үшкір қырымен тіліп жылапты. Артынан Ниңгоны өз Отанына жіберіпті. Оғұзхан рухына ант беріп, қаған, ру, тайпалар оғұзханның әнін айтып, ұранын салатын болыпты.

         Ер жігіттер үйленсе, қызға қалың мал үшін өте көп жылқы береді екен.   Найзағай түскен жерді құтты мекен деп табыныпты. Ол жерге құрбандыққа жылқы сойылып, етін көміп тастап, қанын «Он ұйғыр», «Тоғыз оғұз» ру-тайпалары бөліп ішкен.

         Шыңғысхан қиратқан Найман ханының мөрін ұстаған ғалым, білімді, білікті Тататоңаның ұлты ұйғыр болыпты. Ол  кейін Шыңғысхан ордасына қызмет еткен. Сол Тататоңаның Шыңғысханның балаларын оқытқаны, ұстаз болғаны туралы дерек хатталыпты.

         Ұйғырдың ежелгі жазуы «Ұйғыр Орхон қағанатының қағаны Бого қаған» деп жазған деректі көрдім, оқыдым. Бого қаған «Моюнчор-2», «Бого қаған ескертікіші мәңгі тасын», «Тес мәңгі тасы», «Терхин мәңгі тасы», «Қөл байла мәңгі тасы» ежелгі ұйғыр жазуларымен жазылған деген деректерді таптым. Осыны көріп тарихта өткен бабаларымыздың құдіретіне қайран қалдым.      

Спектакльдің негізі – драматургия

   – Драматургияға бет бұрған кезіңіз жайында баяндап берсеңіз?

         – Мен қазақ, орыс, корей театрларының киелі сахналарында қойылған спектакльдерді көруге құмар едім. Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын», Қ.Шаңғытбаевтың «Ой, жігіттер-ай!», Д.Исабековтың «Мұрагерлер», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан» (студент кезімде осындағы өзбек рөлін мен ойнап едім), Ә.Таразидің «Күлмейтін комедия», «Махамбет» Хан Де Эннің «Тірі будда», «Сен – маған, мен – саған» қатарлы спектакльдерін тамсана отырып көрдім.

         Ал өзім ұйғыр театрына «Өлмес болып туғандар» деген пьеса әкелдім. Үш рет талқыға түсті. Көркемдік кеңес мүшелері әртүрлі пікірлер айтты. Сол пікірлерді жазып алып, пьесамды қайта-қайта түзеттім. Бірақ бір пікір айтқан кеңес мүшелері келесі жолы тағы басқа бір сөз айтып, басымды қатырды. Қатты ашуланып пьесамды алып шығып кетейін деп тұрғанымда есік алдында тұрған артист Р.Тохтанова: «Тоқтай тұр інім! Әкел пьесаны! Сенен драматург шығады», – деп алып қалды. Ол пьеса 1973 жылы қойылды. Қазақстан Республикасының Халық әртісі Б.Омаров қойды.

         Ұйғыр театрында қойылған барлық спектакльдерді толық көрдім. Сахна сырын меңгере бастадым. Кейін «Мұқамшылар», «Диқан», «Жалғыз жалбыз», «Идиқұт», «Баурчуқ Арт Текін», «Шарбақ», «Астана», «Он екі мұқамның» Рак, Чаббаят, Мушәвирәк, ПәнжигаҺ, ӨзҺал мукамдарына музыкалы драма жаздым.

         – Прозалық туынды мен драматургиялық шығарманың айырмашылығы қандай?

         – Драма әдеби жанр. Айырмашылығы бар. Прозаны еркін жазасың. Суреттеулер көп бола береді. Көбінше автордың баяндаулары мен бейнелеуі алға шығады. Драмада еркіндік жоқ. Баяндау да болмайды. Үлкен-кіші оқиғаны киелі сахнада көрсетесің.

         Пьеса режиссер, композитор, суретші, актерлердің бірлескен күшімен қойылады. Прозадағы портретті драма актерінің өзі орындайды. Диалогтар қысқа, өткір болу керек. Спектакльдің негізі – драматургия. Қазіргі драматургтерімізде осы жанрда, әсіресе, кейінгі жастар мен басқа жанрдан келген авторларда профессионалдық машық, кәсіптік қарым-қабілет жетіспейді. Драма жанрын тудыратын  театр өнері  дами берсін.

           – Әңгімеңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 05.04.2021 | 17:34

Ұлттар әдебиетіне үлес қосып жүретін қадірлі ақсақалдың сұхбаты соңғы кезде шықпай кетіп еді. Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!

Аноним 13.04.2021 | 08:15

Ахметжан Ашири қазақстанда өмір сүріп отырған өзге ұлт өкілдерінің ішіндегі осы отанға, осы елге жүрегімен берілген адам. Оның сөзімен өзі ылғида бір жерден шығады. Ол жазған әдебиеттің көркем жанрларында ұлттар достығы мен адамдардың қарым-қатынасын шынайы жеткізеді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай хакімнің сөзін ғана емес, рухын жанына сіңірген кісі Ахаң!..
Бек Сүйіндік

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір