Талаптан Ахметжан шығармаларындағы «Ар» концептісі

Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы «8D023 – Тілдер және әдебиет – (6D021300/8D02314 – «Лингвистика» мамандығы) даярлау бағытындағы Диссертациялық кеңесте Жанар Оралханқызы «Т.Ахметжан шығармаларындағы «Ар» концептісінің тілдік-танымдық сипаты» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Зерттеу жұмысында жазушы Т.Ахметжан шығармаларындағы «Ар» концептісі алғаш рет жан-жақты, ғылыми тұрғыдан талданды.
Еліміздің рухани құндылықтарын зерттеу, оның тілдегі көрінісі мен қазақ болмысындағы маңызы мен мәнін концепт ұғымы арқылы зерделеу көбіне көркем шығарма тілін сараптаудан айқын аңғарылады. Адамзатқа тән рухани байлықты, әсіресе ар, ұят, мораль құндылықтарын өз туындыларының басты нысаны етіп алған белгілі қаламгер, танымал жазушы Т.Ахметжан шығармаларының алатын орны ерекше. Әсіресе адамның ішкі рухани дүниесін психологиялық, философиялық, әлеуметтік ой-тұжырыммен бейнелі де көркем суреттеу жазушы қолтаңбасына тән шығармашылық ерекшелікті көрсетеді. Сол себепті бүкіл қазақ баласын, жас буыннан бастап интеллигенцияға дейін өз туындыларына арқау еткен, әдебиет пен мәдениетті үндес ұғымдар деп есептеген, жанр жағынан әр салада көркемдік деңгейге көтерілген жазушы шығармаларын «Ар» концептісі негізінде зерттеп-тану ғылыми жұмыстың басты нысаны болды.
Жазушы Т.Ахметжан шығармаларында қазақ ұлтының «Ар» түсінігі әлеуметтік мәселелер тұрғысынан сипатталып, халықтың, елдің ұлттық таным-түсінігін аша түседі. Әр ұлттың концептосферасында ұлттық ерекшеліктердің атқарар қызметі әртүрлі, сондықтан «Ар» концептісін Т.Ахметжан шығармаларымен сабақтастыра зерттеудің маңыздылығы жоғары.
Диссертацияда жазушы шығармаларындағы «Ар» концептісінің әлеуметтік нормалары анықталып, тұлға қалыптастырудағы маңыздылығы көрсетілді.
Арай ДАЛ,
Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ
журналистика мамандығының 1-курс студенті