Туған жердің аты – туған жер!
05.04.2021
929
0

Алла Гаврина 1992 жылы 4-желтоқсанда Қостанай облысының Арқалық қаласында дүниеге келген. 2014 жылы Қостанай мемлекеттік педагогика институтының Шет тілдері факультетін тәмамдады. Қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдеріне жетік. Қазір «Қазақстан» ұлттық арнасында бас редактор. Біз өскен ортасын, тілін құрмет тұтқан арумен шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 – Қазақ тілін қашан және қалай үйрендің?

– «Уау, қазақ тілінде таза сөйлейді екенсің ғой, қалай үйрендің?» – деген сұрақтардың шыны керек, қазір дәурені өтті. Ол дұрыс! Қашанғы айта беремін қазақ тілін үйренуімнің тарихын. (жақсылап бір күліп алды) Қалжың… Бірақ, шынымен де қазір орыс, украин, кәріс немесе басқа да өзге ұлт өкілі қазақша сөйлесе ешкім таңғалмайды. Бұл тәуелсіздіктің көрінісі, жемісі емес пе?! Бірінші сыныпты Ресейде оқығанмын. Кейін Қазақстанға көшіп келіп, оқуымды қазақша жалғастырдым. Ата-анам мектепке барған кезімде таңдауды өзіме қалдырды. Екі таңдау тұрды алдымда, содан қазақ сыныбына кіріп, 11 жылдан кейін бір-ақ шықтым. Алғашында қиналдым, түсінбедім, мұғалімдерді де біраз қинадым. Дегенмен, алтыншы сыныптан бастап қазақ тілі пәнінен алғашқы «мазмұндамамды» беске жазып, «Менің атым Қожа»-ны түсініп оқығанымда қуанғанымды айтып жеткізе алмаспын.

– Жоғары оқу орнында қазақ бөлімінде оқыдың ба? Жалпы, мамандығың қандай?

– Тілдерге деген қызығушылық мектептен басталды. Сондықтан жоғары оқу орнына түскен кезде филология факультетін таңдадым. Қазақ тобында оқыдым әрине! Бірақ ол кезде қазақша-ағылшынша аударма оқулығынан жетіспеушіліктер болғаны әлі есімде. Екінші курстан бастап француз тілі де қосылды. Тілдерді меңгеру қаншалықты қиын болса да, соншалықты қызық әрі өрісіңді ашатын танымды екенін түсіндім. Кітаптан бас алмайтынбыз. Кез келген шетел сөзін аударып, жаттайтынбыз. Аударма дәптерлерімнің саны шексіз еді… Сабақ, дәрістермен қатар түрлі байқауларға қатысып жүргенімді де айтайын. Ол кезде орыс жастары арасында қазақ тілін меңгергендерге арналған қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатысқаным бар. Әрине жүлделі орындармен оралдым.

– Өз тіліңді жақсы білесің бе?

– Ана тілім – орыс тілі. Бірақ соңғы кездері орыс тілінен гөрі қазақша сөйлегенім жағымдырақ естілетін сияқты. Айналамдағылар да соны айтады. Десе де, өз ана тілімді ерекше жақсы көрем.

– Өзге тілдерден тағы қандай тілдерге жетіксің немесе үйреніп жүрсің?

– Жоғарыда айтқанымдай, ағылшын тілін білемін. Жұмыс барысында да тіл білуімнің оң тұстары баршылық. Сұхбат, бағдарламалар барысында аудармашының көмегіне жүгінбеймін. Еркін саяхаттаймын, демек, тілден қиналмаймын. Француз тілін жетік білмесем де, бастапқы база есімде. Французша әндерді ұнатамын, әсіресе, әуезі ерекше естіледі. Жақында теледидардан футболдан әлем чемпионатын тамашалаған кезде Франция құрамасының әнұраны шырқалғанда олармен бірге айтқандай болдым. Қысқасы, француздардың әнұранын жатқа білемін, университетте түні бойы жаттағаным алдымнан шықты. (тағы да күлкі)

– Кітап, газет-журнал оқисың ба? Оқысаң, көбіне қай тілде?

– Кітапты күн сайын кемірмесем де, қызықты мақалаларды оқығанды ұнатамын. Зерттеулер мен қысқа оқиғалар күнделікті must read тізімінде. Әсіресе тарихи деректерді жақсы көремін. Бұл саяхаттан туған махаббат. Сөздік қорды молайту үшін көбіне қазақша оқуға тырысамын. Әлде де тілдік қорды молайту, тұрақты машықтану қажеттілігі мен үшін маңызды. Жоспарымда орысша оқысам деген кітаптар да көп. Жақсы деген кітаптарды сатып ала беретін әдетім бар. Сәті түскенде оқимын ғой деп. Ағылшыншамның деңгейін арттыру үшін сол тілде подкаст пен сұхбаттарды тыңдаймын көбіне.

Салыстырмалы түрде соңғы он жылды алайық. Мемлекеттік тілді меңгерген достарың аз ба, көп пе?

– Ол енді ортаға байланысты. Менің айналамда 99,9 пайыз қазақтар. Достарым, жақындарым, ұжымдағы әріптестер, бәрі жергілікті ұлт өкілдері. Сондықтан мен оны байқамауым да мүмкін. Мен үшін бүкіл Қазақстан қазақша сөйлейтін сияқты болып көрінеді. Қазақ достарымның ішінде өз тілінде сөйлемейтіндер де бар әрине. Бірақ ол сіз бен бізге емес, сол адамның өзіне тікелей байланысты ғой. Ана тілінде сөйлегісі келмесе… хозяин бари, мен точно қинамаймын. Бірнеше жылдан кейін бұл да өзгерер, елдің болашағы мемлекеттік тілде екенін уақыттың өзі көрсетті емес пе?!..

– Отбасын құрдың ба? Құрсаң, үйде қай тілде сөйлейсіңдер?

– Болашақ жолдасым жақсы адам болса болғаны. Бірақ ол да полиглот, мемлекеттік тілге құрметі зор болатынына күмәнім жоқ.

Көпшілікке айтуға болатын қандай арманың бар?

– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді. Арманым көп. Көбіне  ол жеке басыма байланысты. Алдағы жоспарларымды, армандарымды айта бермеймін. Жұмысыма қатыстысы – маман ретінде даму. Саяхаттау. Бұл өмірді бақытты жан болып сүре білу де арман шығар…

Болашақта Қазақстаннан кету ойыңда бар ма?

– Үшінші курста оқығанымда алғаш рет шетелге барып келдім. Жазғы демалысты Францияның оңтүстігінде өткен тілдік курстарға айырбастадым. Сондағы түйгенім – сыртқа шығып тұру керек-ақ, саяхат, жұмыс барысындағы іс-сапарлар болсын, бірақ туған жердің аты туған жер. Бұл Құдайдың бізге берген географиялық орны ғана емес, нағыз елбесік. Сондықтан бұл сұраққа жоқ, «туған елдей ел болмас» деп жауап қайтарар едім…

Бос уақыт қалай өтеді?

– Спорт! Спорт! Спорт! Жазғы күндері жүгірумен айналыссам, қыста фитнестен шықпаймын. Қысқасы, қашан да қозғалыстамын. Сосын, жақын достарыммен уақыт өткізуді жаным жақсы көреді.

– Сұхбатыңа көп рахмет, қарындасым!

Сұхбаттасқан Қ.ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір