«ҚАР БАСЫП, МЕНІ ЖАБАДЫ ҮНЕМІ…»
05.04.2021
667
0

ӨМІР МЕН ӨЛЕҢ

Юнна Петровна(Пинхусовна) Мориц 1937 жылы маусымның екісі күні Киевте(Украина) қызметкерлер отбасында дүниеге келген екен. Әкесі — аса білімді инженер, анасы — мұғалім болған. Онсыз да мұқтаждық зардабын шегіп жүрген бұл үйдегілер сталиндік қуғын-сүргіннің шеңгеліген құтыла алмады. Бір арызқойдың ғайбат арызының кесірінен әкесі нақақтан күйіп, сотталып кеткен. Кейіннен ақталып шыққанымен, түрмелер мен айдаудағы жылдар денсаулығынан мүлдем айырған еді… Ол жанарынан айырылып қалды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Морицтер Түскей Оралға қоныс аударған болатын. Челябіде төрт жасар Юннаның алғашқы шығармасы жазылып, бұл жол оның өмірінің мәніне айналды.

Соғыстан соң бұл отбасы Киевке оралып, орнығады. Юнна мектепті 1954 жылы бітіріп, Киев университетінің филология факультетіне оқуға сырттай түседі. Мектепте оқып жүргенінде-ақ «Советская Украина» басылымында өлеңдері  жарияланған ақын 1955 жылы Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институтының поэзия бөліміне қабылданады. Екі жылдан соң оның алғашқы жинағы «Бақыт жайлы әңгіме»(«Разговор о счастье») жарық көріпті.

Күнкөріс қамымен жүрген бойжеткен баспаханаға корректор болып жұмысқа тұруға мәжбүр болады. Осы кезде ол Арктикаға жасақталған экспедиямен бірге Солтүстік Мұзды мұхитқа кетеді. Бұл мезгіл жайлы ақынның бірнеше шығармасы бар. Әсіресе,«Ғажайыптар жайлы әңгімелер»(«Рассказы о чудесном») атты прозалық жинағында бұл тақырып кең тарқатылып, аса сәтті ашылған. 1957 жылы оны оқудан «шығармашылығындағы ауытқулар» үшін шығару туралы шешім қабылданады. Геннадий Айги және Белла Ахмадуллинамен бірге оқудан «бір жылға шеттетіліп», кейін оқуға қайта рұқсат берген екен. Ақыры, 1961 жылы Әдебиет институтын тәмамдайды.

«Тілек мүйісі»(«Мыс Желания») атты кітабы Жаңа Жер аралына сапарының әсерімен жазылған туындыларынан құралған. Антикеңестік үгіт  үшін «қара тізімге» ілігіп, жариялауға тыйым салынған ақынның бұл жинағы Н. Тихоновтың көмегімен жарық көріпті.«Тициан Табидзенің рухына»,«Жұдырықтасу» атты жырлары сол сорақы тізімге мықтап орнығып, оның өлеңдері Кеңестер Одағында көп жылдар басылмайды. Бұл өлеңдерді «Молодая гвардияға» шығарған бөлім меңгерушісі В. Цыбин да жұмыстан қуылып,«Үш әріптің» қаһарына ұшыраған жылдар болған.

Әр нәрсенің қайыры бар болар. Сол тыйымның «арқасында» Юнна Морицтің таланттарының тағы басқа да қырлары ашыла түсіп, ол балалар жазушысы, балалар ақыны, суретші ретінде танылып, шығармашылықта аса қуатты һәм өнімді кезеңді өткереді.«Юность» жорналы бұл туындыларын үздіксіз жариялап, ақын миллиондаған оқырман мен көрерменнің алғысына бөленеді.«5 жастан 500 жасқа дейін» топтамасымен балаларға арналған сегіз кітабы жарық көріп, шығармалары танымал әндерге айналады, олардың желісімен көптеген мультфильмдер түсіріледі.

Әр жылдары «Жүзім шағы»(«Лоза», 1970), «Қатты жіппен»(«Суровой нитью», 1974),  «Жалғанның жарығында»(«При свете жизни», 1977),  «Үшінші көз»(«Третий глаз», 1980),  «Таңдамалы»(«Избранное», 1982),  «Көк алау»(«Синий огонь», 1985),  «Бұл биік жағалауда»(«На этом береге высоком», 1987),  «Дыбыс кескіні»(«Портрет звука», 1989, Италияда жарық көрген),  « Дауыс апанында»(«В логове голоса», 1999) атты кітаптары басылған. 1990-2000 жылдар аралығында кітаптары баспа көрмей, «Азаттық» радиосында қызмет атқару барысында саяси көзқарасын ашық айтқан.

Бұл ғасырдың басында «Келбет»(«Лицо, 2000),  «Солайша»(«Таким образом», 2001),  «Заң бойынша — почташыға сәлем»(«По закону — привет почтальону», 2005) жарық көріп, 2000 жылы тәуелсіз «Триумф» сыйлығына, 2004 жылы А. Сахаров атындағы «Әдебиеттегі ержүректік үшін»  сыйлығына ие болған.

   Өткен жүзжылдықтың ортасында ең танымал мәскеулік қаламгерлердің бірі болған эстон ақыны Леон Томм Юнна Морицтің алғашқы күйеуі болатын. Алайда ол 1969 жылы көп қабатты үйдің терезесінен құлап кетіп, қаза тауып, бірнеше жылдан соң Юнна жазушы Юрий Варшавермен отау тіккен екен. Ұлы Дмитрий Глинский АҚШ-та тұрады.

Аудармашы ретінде Ю. Морицтің О. Уайльд, Ф. Г. Лорка, С. Вальехо, О. Дриз, Р. Гамзатов, М. Тейф, Т. Шевченко, К. Кавафис, С. Арамазд, Т. Абадашев, Ф. Алиева шығармаларын орыс тіліне тәржімалағанын, оларды оқырман зор ықыласпен қабылдағанын білеміз.

       Суретші ретінде өз кітаптарын ғана емес, өзге ақындардың(Н.Кондакованың) да жинақтарын безендіргені мәлім. Бірақ бұл еңбектеріне өзінің ерекше көзқарасы бар.

     Бірнеше ресейлік және халықаралық сыйлықтардың,«Құрмет белгісі» орденінің иегері.

     Қазір сексен төрт жасар ақын Мәскеуде тұрады. Ресми сайтын жүргізіп, поэтикалық һәм прозалық туындыларын, публицистік  ізденістерін сол сайтта жариялап тұрады.«Баспаға арналмаған» атты электронды кітабы осы ғаламтор басылымының беттерінде дәйім жаңа дүниелерімен толығып жатқаны қуантады. Бір анығы, Юнна Морицтің шаһқар шығармалар ғана жазатын шалқар шабытты шайыр екендігі. Біз бүгін қарымды қаламгердің бірнеше өлеңінің, әртүрлі толғамдарының, өзінен өзі алған сұхбаттың аудармасын ұсындық… Кейінгі сөз оқырманда!

ЖОЛ БАСТАР ЖҰЛДЫЗ

 

Кім тұр мұнша арайланып? Жан нұры.

Оны жаққан кім еді?

Нәрестенің бал тілі, нәзіктікте бар діріл,

қызғалдақтар кілемі.

 

Кім жүр сонша аласұрып? Жан шығар…

Кім күйдірген бейбақты?

Құйын-қанат қарсы ұрар, ащы ысқырар қамшылар,

мұз-құшақ дос, кей қатты.

 

Кім шырақпен шыққан мұнда? Жан болар…

Алқа-қотан отыр кімдер қауымда?

Бір теңізші, бір балықшы. Қалды олар

дәл сол туған ауылда.

 

Зулап жүрген зәу көкте кім? Жан ұшқан…

Қалмай мұнда, не іздемекші ғарыштан?

Ата-әжеге қайтқан түпкі,

Бабаларға айтқан, тіпті

барлығын да, орағытпай алыстан.

 

Қайрады олар: — Шерленбе орны толмасқа.

Қол-аяқтан басқа мұң бар, мәні өңге.

Жансың енді, сен — жұлдызсың жол бастар

бар теңізші, балықшыға әлемде.

 

ПУТЕВОДНАЯ ЗВЕЗДА

Кто так светится? Душа.

Кто ее зажег?

Детский лепет, нежный трепет,

Маковый лужок.

 

Кто так мечется? Душа.

Кто ее обжег?

Смерч летящий, бич свистящий,

Ледяной дружок.

 

Кто там со свечой? Душа.

Кто вокруг стола?

Один моряк, один рыбак

Из ее села.

 

Кто там на небе? Душа.

Почему не здесь?

Возвратилась к бабкам, дедкам,

И рассказывает предкам

Всё как есть.

 

А они ей говорят: — Не беда.

Не тоскуй ты по ногам и рукам.

Ты зато теперь — душа, ты — звезда

Всем на свете морякам, рыбакам.

 

*****

Қар көміп, мені жабады үнемі

аққа орап, толды етекке.

Шығарып бір құс салады мені

трамвай тоқтар бекетке.

 

Мен енді кері қайтып келгенде,

күтеді ол тағы… Тәңірім,

бұл — мүмкін емес, айтып бергенге —

бұйырмысы сол… бәрінің!

 

*****

Снег на меня садится,

В белое одевая.

Меня провожает птица

До остановки трамвая.

 

Когда я вернусь обратно,

Она меня встретит… Боже,

Это — невероятно,

И всё остальное — тоже.

 

Арақ ішіп көрмеппін ғұламаның бірімен…

 Арақ ішіп көрмеппін ғұламаның бірімен,

Алшақ ұстап араны, жақындатпай өздерін,

Жас ақын да болмастан, жұрттан жалқы жүріп ем,

Қанықтырмай құлағын, құнықтырмай көздерін.

 

Кім болса да аяқтың санап баспай ұшын мен,

Жалбақтамай жылтыңдап, түнек түріп тынысым,

Тәлпіштердің талайын тәубесіне түсіргем,

Мақтанқұмар масылға мадақ айтқан күні үшін.

 

Бұл аз болса, бұлтбұзар қабақтарым қатулы

Көз арбаған көп затқа бой ұсынбай, бас ұрып,

Сүйреп тастап тобынан саңлақтардың сатулы,

Қуып шықты қатардан…Айтқаным жоқ асылық!

 

Дүн-дүниеде дүмбілез еш шымылдық шілтері

Қоя алмады тосқауыл, тұлғалы еді тұманнан

Диірменімнің тастары, түнегің де үркеді

Озық ойдан, отқұрсақ жанартауда құралған.

 

Тартты мені Тәңірім нөпір нөкер ішінде

АбызДардың АзУлы тобырында тұрудан,

Сілекейлі «сезімнің» сіңір созып тісінде,

Жылмаң қағып, жәдігөй, қырт одақтар құрудан,

 

Жем болудан үмітсіз, сорлы үрейге жайларда

Жауыр болған, табынған топтан таппай тұғырды еш…

Кесір сөзді ойға алма, қысыр сөзге байланба,

Көп көлгірге үңілмес ӨЗ СӨЗІҢМЕН ғұмыр кеш!

 

Я с гениями водку не пила…

 Я с гениями водку не пила

И близко их к себе не подпускала.

Я молодым поэтом не была,

Слух не лелеяла и взоры не ласкала.

 

На цыпочках не стоя ни пред кем,

Я не светилась, не дышала мглою

И свежестью не веяла совсем

На тех, кто промышляет похвалою.

 

И более того! Угрюмый взгяд

На многие пленительные вещи

Выталкивал меня из всех плеяд,

Из ряда — вон, чтоб не сказать похлеще.

 

И никакие в мире кружева

Не в силах были напустить тумана

И мглой мои окутать жернова,

И замыслы бурлящего вулкана.

 

Так Бог помог мне в свиту не попасть

Ни к одному из патриархов Музы,

Не козырять его любовью всласть,

Не заключать хвалебные союзы,

 

Не стать добычей тьмы и пустоты

В засиженном поклонниками зале…

Живи на то, что скажешь только ты,

А не на то, что о тебе сказали!

 

     Аспаннан H2О ағылғанда

(«Мезеттіктер» топтамасынан)

 «Барша ағзаның туылатыны,  есейетіні, өмір сүретіні, қартаятыны һәм өлетіні, түсінікті. Бәрінің де жердегі орыны басқамен алмасады. Бұл биологиялық жүйенің тағдыры. Өркениет те пайда болады, есейеді, өмір сүреді және өледі. Бұл  әлеуметтік дамудың көрсеткіші. Қос өзен аралығы, Мысыр, Миной, Грек — Рим өркениеттері келмеске кетті. Еуропалық — христиандық та мәңгілік емес. Жаһанда мәңгі ештеңе жоқ!»

      Мұны заманауи ресейлік «фәлсафалық проза» авторларының қайсы айтқаны, тап қазір, осында қайсы жазғаны — еш маңызды емес. Мұндай қалыптар, аксиоманың, ешбір дәлелдеуді қажетсінбейтін талассыз ақиқаттың көрінісіндей болып, H2O — судың формуласы секілді, ортақ орынға айналды. Алайда судың тамшысы, ағысы, жылға, бұлақ, өзен, теңіз, мұхит, Касталь қайнары, көл, жаңбыр, ботана сел, бұршақ, мұз, нөсерлі бұлттар, қар, мұның ешқайсы да судың формуласында көрінбейді, онымен зерделенбейді, суреттелмейді: ол бір тостақ H2O ішті, терезе сыртында H2O сылдырап жатты, кемелер H2O айдынында жүзіп жүрді, H2O бар «құмыраны құлатып алды бір бикеш», ары қарай — тап осылай бар аялдамаларымен!..

        Маңайымыздың бәрі де бұрнағыдан өліге балайтын, ажал құшып, мәңгі келмеске кетті дейтін өркениеттерден, ол аз болса, ең көне өркениеттерден бізге: дөңгелек, балта, мал шаруашылығы, жер өңдеу, егін егу, теңізшілік, қолөнерлер, математика, химия, физика, алгебра, геометрия, поэзия, саз өнері, театр, цирк, эстетика, тарих, әлем халықтарының  аңыздары, мүсін өнері, кескіндеу, бейнелеу өнері, шәугім, көзеші ұршығы, фәлсафа, қыруар пайда көзіне айналған сәулет өнерінің қирандылары мұраға қалды. Тура осындай өлмес сыйлардың тізімі шексіз болмақ және оны толықтыруға, жалғастыруға, анықтауға мүмкіндік бары да анық. Менің баға жетпес оқырмандарым мемлекет пен әлеуметтік жүйенің тағдыры мәдениет, ғылым,  әдебиет, өнер жетістіктерінің мұраларын биологиялық, физикалық, психологиялық тұрғыдан жоймайтындығын, оларсыз мемлекетті «өлі» деп жариялап, оның өркениетін «қаза құшқан» етіп, бұндай «фәлсафаны» — дәлелдеуді қажет етпейтін, талассыз ақиқатқа айналдыратындардың жеміне айналарын түсініп, бар ықыласымен өз үлесін қосарына менің үлкен үмітім бар. Бұл жағдайда «қаза» сөзі біреулерге айтып жеткізгісіз пайда әкелуде. Жазбаша һәм ауызша баяндардың бағытын жіті қадалап, сіздерді алдымен сөзбен арбап, содан соң адамжегіштер сынды жалмап тынатын көз байлаушы сиқыршылардың фәлсафасына мән беріңіздер: адамжегіштер — керемет гипнозшылар, олардың алдымен арбап, содан кейін ғана жалмайтындығы көпке мәлім ғой!

        Кеңестер Одағы өлген жоқ-ау… ол көптеген мемлекеттерге айналғанымен, ғылымның, әдебиеттің, саз өнерінің, бейнелеу өнерінің зілдер құсап қырылып қалмайтындығы, оның орынының басқа ештеңемен алмастырылмайтындығы анық. Жалпы сауаттылық, тегін білім мен медицина, еңбек ету құқығы сияқты әлеуметтік жүйенің жетістіктері ешқандай «естен таңдыру арқылы емдеуге» бой алдырмайтын, халық санасында орныққан тарихи айғақ ретінде қала бермек.

        Атақты «Фаюм кескіндері» — сіз бен біздің бейнелеріміз, тап қазір, тура осы арадан, қарға адым аттамастан фаюм кескіндерін кездеріп жатсақ, түк таңдасбаспыз. Мұндай Адамшылықты жер жүзінде ештеңе алмастыра алмайды. Мынау да алмастырылмайды:

«Бірге болғанмын көргенде  халық өз күнін,

Бағы кем, соры қалың Ел сонда жүрді ептеп.

Мойындамап ек оларды, ойдың озбырын,

Жаттыңдар сендер астында үнсіз дірдектеп.»

 

АҚЫН ЖАЙЛЫ АЛТЫ АҚИҚАТ…

✓ Ең бірінші өлеңін төрт жасында жазған:

«Ослик встал на табуретку,

Ослик сьел свою таблетку.

И наконец-то горло

У него продерло».

✓ Юнна Мориц өзін «ақынша»(«поэтка») деп атайды.

✓ Кітаптарын безендірген суреттерді кескіндеме ретінде атамайды, бейнелеу өнерінің тілімен жазылған өлеңдер деп есептейді:«Бұлар кескіндеме емес, менің поэзиямның бір бөлігі…Сөзбен мазмұны ашыла қоймайтын, жеткізу мүмкін емес, тек қана осылай — қылқаламмен, сызықтармен, бояумен жазылуы тиісті жырлар!»

✓ Ақынның он жыл бойы өлеңдері баспа бетін көрмеген кездері болған(1990-2000 ж.ж.).

✓ Ақын Сербияны бомбалауды қатты сынға алып, «Звезда Сербости» поэмасын жазған. Оның айтуынша,«бұл поэманы геноцидке ұшыраған халықтың өкілі қазір қырғынға ұшырап жатқан халық жайлы жазып шыққан. Менің ойымша, дәл осындай ауыр соққы, терең тебіреністі менің өткеруім керек еді. Бұл азаматтық ұстаным емес, үстінен бомбалар ұшып келіп, жанында жарылып жатқан адамның көзқарасы. Неге Бабьи Ярда еврейлерді өлтіру — жеке адамның терең тебінесі, шексіз шері болып, Белградта сербтерді қырып салу — азаматтық ұстаным болуы керек?»

✓ Юнна Мориц өз шығармаларын «әйелдер антологиясында» басуға түбегейлі қарсы. Себебі, ақынның өз сөзімен айтқанда, «әлі бір де бір ақымақтың «ерлер поэзиясының» антологиясын жасап шығаруға ақылы жеткен жоқ!»

 

АШЫҚ ПІКІР

(ақын жазбаларынан)

✓ Арктикаға саяхаты туралы:«Мен көрген Арктикадағы адамдарды ешқашан ұмытпаймын, ол жерде материктегіден мүлде бөлек, тіптен басқа өмір салтын көргенмін… Ешқандай дүкенсіз, көшесіз, кинотеатрсыз, радистерге, радиацияға, авиацияға, мұз барлауына байланысты! Онда ғарыш — адам ішінде. Арктика айнасынан сенің кім екенің және тұлғаңның құндылығы, амалдарыңның, ақылыңның, адам бола білу талантыңның бағамы көрініп тұрады. Арктиканы сезіну — тағдырдың сыйы, әсіресе, 19 жаста, бұл —Құдайдың берген байлығы һәм «қоғамдық пікірдің» қатігез аяздарына қарсы тұру қабілеті».

✓ Ұстаздары жайлы:«Дәйім менің замандасым Пушкин, ең жақын серіктерім — Пастернак, Ахматова, Цветаева, Мандельштам, Заболоцкийлер, ал ұстаздарым — Андрей Платонов пен Томас Манн болды».

✓ Әйелдер поэзиясы жайында:«Анна Ахматова мен Марина Цветаевадан қырық-елу жыл кейін туған орыстың әрбір ақын қызы спартандық сәбилер сынды болуға мәжбүр: күштілерге — өмір, әлсіздерге — өлім!»

✓ Балаларға арналған өлеңдер турасында:«»Үлкендер» ақындары «балалар» ақыны бола алмайды, я, керісінше дегендей тіпті ақылға сыймайтын, жарымес түсінік болған, әлі де бар. Ал, мен алдымен кітаптарды үлкендер өздері оқып, содан кейін ғана поэзияны балаларға оқитынын естен шығармай, осы ұстанымда болдым. Солай мен үлкендерге де, менің өзіме де ұнайтын өлеңдерді балаларға арнап жаздым. Балаларға арнаған дүниелерімді мен рақаттанып, таза еркін түрде, жанымды жеп жаздым және әлі де бұл ләззаттан бас тартқан емеспін!»

✓ «Қара тізімдер» хақында:«Бұрын да, қазір де репрессиялар — аса пайдалы кәсіп болғандықтан, әдебиет саласындағы «қара тізімдерді» бір қаламгерлер басқа бір қаламгерлерге қарсы жасайтындығына көзім анық жетіп тұр».

«Мен жаман ортаға тым ерте түсіп қалдым…»

(Ақша, азаттық һәм поэзия жайлы сұхбат)

— Бұрын «кеңес ақыны»,«антикеңестік ақын» дейтін. Орыс ақыны болу — бұл не?

— Бұл — орыс ғалымы, саяхатшысы, сәулетшісі, суретшісі, әртісі, дәрігері, орманы(кенеттен шетке сатылып кеткен!), аспандағы бұлты болу… Бір мағынада жауап беру мүмкін емес, ол бірден алыпсатарлықтың үлкен кеніне, аса бәдік үгіт-насихатқа айналмақ.

      Мен үшін бұл — болу. Ақын болу. Дәстүрлі көне жәдігерлердің біріндегі ақын бейнесі — дөңгелекке (басын төмен қарата!) қадаулы тұрған адам. Ақын табиғатына қатысты бұл ежелгі көзқараста орысқа тән бір шындық бар. Орыс және әлем әдебиетінің дөңгелегіндегі орыс поэзиясының тілі бұл.

      Кеңестік, антикеңестік, я, кеңестен кейінгі жүйелер бар, ақындар емес! Ақынға ешқашан, ешқайда жүйені жапсырмаса керек. Феодалдық, капиталистік, республикалық-федеративтік, халифаттық, конституциялық-монархиялық ақындар болады дегенді естігендерің бар ма?

Батыстың біраз елдерінде халықаралық поэзия фестивалдері аясында менің авторлық кештерім өткен-ді. Онда «лондондық, техастық, стокгольмдік, федеративтік, мадридтік капиталистік ақын» деген мүмкін бе еді?! Бұндай надандық пен жабайылық бізде ғана бар! Мәскеулік, питерлік, тамбовтық, сібірлік, оралдық, қиыршығыстық, кеңестік, антикеңестік, кеңестен кейінгі, кеңеске дейінгі, рязандық ақындар… жетіп артылатын ақымақтық!.. Таза надандық! Ұлы әдебиет, ұлы поэзия елінде. Біздің прогресшіл, тумысынан сал болып жаратылған сұрыптаушылар өнер мен әдебиетке жарлық жапсырып, дәу диірмендерден өткізіп жатқанда қандай мәдени жаңғыру, өркендеу, зиялы қауым жайлы айтуға болады? Әрине, мен — орыс ақынымын. Сол себепті де менің жырларым көптеген еуропалық, басқа да тілдерге аударылды ғой…

— Қазір жастардың поэзияға түкіргені бар, ол тек алпысыншы жылдардың еншісінде деген сияқты пікір бар ғой…

— Мені алпысыншы жылғылар ғана емес, жиырмасыншы, отызыншы жылғылар да оқыған. Мен жарияланбай қалғанда да оқырмандарыммен нағыз махаббат романдарындағыдай болдым. Былтыр көктемде менің «Келбет», «Солайша» жинақтарымдағы лирикамды нәзік әлемді терең түсініп, жатқа оқып, «көркем тәрбие алған» балалар мүлде естен тандырды.

       … Таня Вакурова деген ғажап қыз!«Жастар поэзия оқымайды, ақындардың кештеріне бармайды, поэзия өліп қалды, оның табытының қақпағында билеу керек» дегендей өрескел өтірікті баспасөз де, өзге де ақпарат құралдары жариялап, шулатып-ақ жатыр. Бұл бүкілресейлік, жақсы ұйымдастырылған, арсыз шара.

       Поэзияға түкіру — Жетіқарақшы шоқжұлдызына түкірумен тең. Біз аса күшті, яки, жүйе мен ақшадан мықтырақ болғаннан емес.«Ақшасыз еркіндік те жоқ», — деген Пушкин. Бірақ Пушкин «ақшасыз поэзия да жоқ» деп жазбаған. Ақшасыз еркіндік те жоқ шығар, поэзия бар! Поэзияның еркіндігі — Жаратқаннан жеткен нығмет. Еш жүйе оны өлтіре алмаған, өлтіре алмайды да…Біздің аса қымбатты оқырмандар да жасай бермек! Коммунизменменшіл дәуірде туындылары жарияланбағанына қарамастан Блоктың, Ахматованың, Хлебниковтың, Пастернактың, Цветаеваның, Мандельштамның,Гумилевтың, Есениннің оқырмандары болғандығы тәрізді. Сән үлгілері секілді болып, поэзия, я, оның оқырмандары өзгермейді, өзінің таза қалпында қалады. Бір — бірін иттің етінен жек көретін жандар да, жеңімпаздар мен жеңілгендер де көбіне бір ақындарды жақсы көреді.

— Ақша демекші, ақша мен мәдениет — бұл арада не болып жатыр? Мәдени басшылықтың өзіңізге көзқарасы қандай?

— Аса маңызды ештеңе де болған жоқ: мәдениетті бомбылап жатыр, ол да өзін сәйкесінше ұстап жүр. Адамдардың өздері келіскен жағдайда ғана ақша өз дегенін істей алады. Біреу ақша үшін көптің өмірін улап, кісі өлтіреді, басқа біреу ондайға бармайды. Паскаль жазғандай:«Көп дүние күштің әділетті болуын, ал, әділеттің күшті болуын мойындатып, іске асыра алатын адамдарға байланысты».

         …« Мәдени басшылықтың» мен жайлы білетініне күмәнім бар. Оларсыз-ақ, Челябілік «АвтоГраф» баспасынан акроөлеңмен Ресейде тұңғыш рет жазылып отырған «Ванечка» атты балаларға арналған жинағым жарық көрді…

— Аса алыстай қоймаған кешегі күні қайраткер ақындар сұранысқа ие еді.  Ақын бүгін кімге айналды?

— Кіммен айналсын? Өз биігінде қалды. Ақын болып. 20-40 жыл бұрын да бұның астары болған, сайтанның сан түрлі жайттарда жасырын жүретіні мәлім ғой. Пастернак пен Ахматова ешқандай «қайраткер» болған жоқ, алайда, әріптестерінің «арқасында» олардың шығармалары жоғары жаққа жетіп, өзінің «мәдени қайраткерлерімен» бірге шыңырауға алаңсыз құлдырап бара жатқан саяси бюрода талқыланатын. Бір де бір билеуші топ «тыныштықты бұзушыларды» жақтырған емес, шама келгенше  , олардың жұтар оттегісін жауып отырады. Құлдырап бара жатып та «тыныштығын бұзушыларды» тұншықтыра береді, сол «самғауында» олардың шаһқар шығармаларынан кітапхана жасақтап үлгереді!..

          Бүгінгі «басқа әдебиеттің» баршасы әбден саясиланған құбыжыққа айналып, «үлкен қайраткерлікпен» орыс әдебиетін талқандағанын көріп, соцреализм белсенділері олардың қасында «көк белдің гүлі» деп түйдім. Теледидардан «Бәрі бірден» деген хабар көрдім, сонда музыкалық «пұттардың» бірі екінші бірін мадақтап, оның «ерліктерін» былай суреттеді:«Ол коммунизмнің жексұрын мәдениетін өз қолымен өлтіріп, жағын айырып, аузына дәрет сындырды…»

Мұндай да жаңа «кереметтер» бар. Мүрдеге дәрет сындырғыш даңғойлар…

— Бұл хабардың кейіпкері және мәдениет пен әдебиеттегі сол тектестер, мәдениеттің бар салаларындағы «попса», Сорокин мен «Бірге жүргендер» — мүмкін, бұларға шынымен цензура керек болар?

— Біріншіден, бұл — есірткі мен ішкілікті кең көлемде өткізіп, табыс табуға, сайлауға жастардың топтарын тартуға бағытталған аса ауқымды коммерциялық шара. Қандай цензура болмасын, бұған әдемі жарнама болмақ. «Бірге жүргендердің» Сорокиннің кітаптарын өртеуі, қайсыбір мамансымақтар мақтайтын жәдігөйлер мен  олардың шығармаларын ақтау үшін, біздің тарих пен мәдениетті бейраша қылып көрсетуге арналған сондай сорлы жарнаманың бірі ғана. Әрине, бұдан кейін бәрін де «сүйікті» өздерінен бастамақ, яғни, нөлден…

      Теледидар ұлы мәдениетті жоюдың жұмысын сериалдар өндірісіне бар күшін салып,  «адал» атқаруда. Қаһарман  керек пе? Сөз емес! Мархабат! Бұл алаңды «қатыгез қарақшылар» мен «данышпан із кесушілерге» толтырып, қанды дариядай ағызып, дене бөлшектерін ұшырып, шетел көліктерін өртеп, македонша атыстырып, моншада ойнас жасатып, шығыс жекпе-жектерімен көмкеріп қойған…

— Ақын мен билік: бұлардың арасындағы қарым-қатынас міндетті түрде керіске, я, жалбақтауға құрылу керек пе?

— Билік ешкімді жағымпаздыққа күштемейді, бұл бір ерікті іс қой, ал, жалбақтамайтындарға талант пен шынайылық бұйырмыс. Бар әлемнің тарихында ұлы адамдардың жан сақтау үшін биліктің табанының астында жатқанын айқындайтын тұстар жетерлік. Бұл жалбақтау емес-ау, қорлық болар. Халықтың көз жасы үшін билікті сөгу ме?..«Қайта құрулардың» құны да ол баста халықтың қасіретіне, бейнетіне құрылып, арнайы жоспарланады және сол арқылы «қайта құрғыштар» тарихта қалуды көздейді…«Жеңімпаздарға сот жоқ!»

— Көптеген, тіпті, аса қуатты ақындардың билікке — көсемге, патшаға арнаулары барын білеміз. Сталинге, Хрущевке, Брежневке арнау жазар ма едіңіз? Болмаса, Путинге…

— Шамамен, он жасымда, мен тым ерте жаман ортаға түсіп қалдым, сондықтан, менің әңгімелескен, пікір бөліскен адамдарым: мәңгі мас қаңғыбас Гомер, қашқын әрі сұмдық «арандатушы» Данте, ориентациясы күмәнді «қайраткер» Шекспир, «байлаулы» тыныштықты бұзушы әрі бұзақы Пушкин, жынды Блок және олар маған «жіберген» оқырмандар болды. Патшалар мен ақындар арасындағы әңгімелер тек орыста ғана бар дәстүр емес қой…

          Көкірегінің көзі ашық патшалар үшін ақынды шабыттандыра алу — үлкен мәртебе… Тіпті, ашу мен ызаға, қандай да болмасын жойқын сезімдерге шабыттандыра алу! Білімсіз, ақымақ кеңесшілерінің арыздарына құлақ асатын билеуші «тыныштықты бұзушы» ақынды шабыттандыру атты ұлық бақтан қағылмақ…

       Бұл патшалар мен ақындарға ғана қатысты емес. Бізде Довлатов бірінші рет жеке кітап болып жарық көргенде, мен қолжазбасын тапсырған баспадан бірнеше «керемет» адамдар хабарласып, менің бірнәрсеге ұрынып қалмауым үшін, ол адамдардың бейнесін «бұзып тұрған» Довлатовтан «масқара» тұстарды алып тастауымды талап етті. Олардың ойынша, барша оқырман оларды танып қойса керек. Әрине, ештеңе де өзгертілмеді: еш өнерді шекпен, я, аяқ киім сияқты өзіңе өлшеуге болмайды, бұл — патшалар мен ақындардың кішкентай топтарына арналған үлкен құпия!

— Биліктен не күтесіз?

— Тұрғындар мекендеген аумақты, үлкен байлық шоғырланған жер қойнауының, ұлы мәдениеттің һәм ғылыми ойдың қазынасының иесі — Халқы бар Елге айналдыруын!

(«Новое время», 16.02.2003 ж., ықшамдалып алынды).

   АЛАШТУҒАН

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір