СЫР САНДЫҚҚА ҚҰЛЫПТАП ҚОЙҒЫН МЕНІ…
28.08.2023
403
0

Әбілсапар ТҰРҒЫНБАЕВ

ЫСТЫҚКӨЛ ӘСЕРЛЕРІ

Ойлар, ойлар елесі,
Кетті мені жетелеп.
Шыңғыстың «Ақ кемесі»,
Тұр жағаға ерте кеп.
Жолаушылар асығып,
Мініп жатыр кемеге.
Ақ моншақтай шашылып,
Су тиеді денеге…
Сылдыр қаққан сырғадай,
Кеме ұзап барады.
Шығарып сап тұрғандай,
Шыңғыстың от жанары..

***
Күн бұлыңғыр…
Қыз көркем…
Толқып жатыр жаға жай.
Желбірейді бір желкен,
Жел өтіне қарамай..

Бұлттан шықты ай нұры,
Қайық қалды қалтырап.
Қыз ұмытып қайғыны,
Жатты құмда жалтырап…

***
Толқыны теңіздің,
Ұрады жағаға.
Күдерді мен үздім,
Қайдасың шағала?..
Ой кетті шарықтап,
Тиегі ағылып.
Сен жүрсің қалықтап,
Мен тұрмын сағынып…

***
Жылы жел желпіп жай ғана,
Көңілдің сырын шертеді.
Куәсі жалғыз ай ғана,
Ыстықкөл дір-дір етеді.
Әсем ғой теңіз,
Шат күлкі,
Ай туып тұрса осылай.
Көңілдің қимас бар мүлкі,
Осында екен досым-ай!..

***
Кемеріне келмей жатса көл суы,
Аққу қаздар мойын бұрмай кетеді.
Кірбің түскен көңілдің де толқуы,
Көлсіз қаздай жабырқаумен өтеді.

Өкінішке балама оны,қымбаттым,
Бір бақытың алда,бәлкім,сағынған.
Одан да сен жылы-жылы тіл қатқын,
Мен жүрейін бұлбұл ұшып бағымнан..

***
Нұр ұшқын көзіңдегі,
Сол күні сезілмеді.
Жанарың жарқылдаған,
Өткінші сезім бе еді?

Сен маған сыр ақтардың,
Мен саған кінә артпадым..
Түсінбей көңілімді,
Жүректен жырақтадың….

Жасыңдай көзіңдегі,
Таусылмай сезім селі
Бұлақ боп атқылайтын,
Сол бір сәт кезің бе еді…
..Сен маған сыр ақтардың,
Мен саған кінә артпадым…

БІР ДОСҚА

Келсін,
Келсін көз алдыма бәрі де,
Шарабыңды қоя тұршы әріге.
Сарыағаштың суы емес қой бұл деген,
Санап жүрген дертке дауа, дәріге.

Дөп келетін көңілімнің қошына,
Қымыз болса, құй кесеге, тосылма.
Саржайлауда бие байлай отырып,
Сақтап жүрген сияпатың осы ма?..

Жусан исін аңсағалы аз ба күн,
Жалғыз мен бе, айтып жүрген жазға мұң?
«Іш!» дегенше,
Қырда қалған сонау бір,
Балалықтың бал күндерін қозғағын…

Ал сонан соң,
Тарт тұлпарды көлденең,
Жайлау шығып, жарысайық желменен!
Кездескенде бір жасасын көңілім,
Сеніменен,
Мына туған жерменен!

ШАБЫТТЫ ШАҚЫРУ

Мазалап ойлар,бермейді тыным,
Барады мезгіл түн жарым ауып.
Қолымда қалам, шықпайды үнім,
Шабыттың шалқар теңізін тауып.

Мазалап ойлар, түрткілеп жанды,
Аша алмай әлек шабыттың сырын.
Бір ойдан бір ой қыздырып қанды,
Тазартып жатыр көңілдің кірін.

Ойым да желкен, көңіл де көркем,
Осындай болса өмірде бар сәт.
..Таң атпай жатып, оятып еркем,
Сағынышымды тұрсың ба аңсап?..

СЫР САНДЫҚҚА ҚҰЛЫПТАП ҚОЙҒЫН МЕНІ…

Сүйіндіріп өзіңді, күйіндіріп,
Сыйын көріп көңілдің күйін біліп.
Жетпіcке де жетіппіз бір еңкеймей,
Жастық шақты жасылға киіндіріп…

Арман қанша,
Адамда жыр етерлік,
Осы жаста айтатын сыр жетерлік.
Жастығымның жазуы мына тұлға,
Талай жүкті мойнына тұр көтеріп.

Ұшқыр көңіл қызуы көкке жетіп,
Қойды бізді кезінде өктем етіп.
Өткен күнге қарасақ ойлы көзбен,
Талай жанды қойыппыз өкпелетіп…

Алып ұшқан көңілдер тұрақ табар,
Кез де келді ініге сыр ақтарар.
Сенің жүрген кешегі ізіңдей боп,
Жапырылып жағада құрақ қалар…

Арнасына сыймастан ойдың кені,
Есіме алып еріксіз қойдым сені.
Сағынышты жылдарды шашыратпай,
Сыр сандыққа құлыптап қойғын мені..

УАҚЫТ

Қашан бір сәт көңілім көншіп едің,
Уақыт – ежелден бір еншім едің.
…Босқа өткен күндерім мен түндерімді,
Мен бүгін жақсы ырымға еншіледім….

Уақыт – оза берер, оралмайды,
Жақсы күндер, жаңғырар…жоғалмайды.
Бір сәтте, бар өмірің, қас-қағымда,
Үзілсе, сол қасірет, солар қайғы…

Қадірін уақыттың сезінбеппіз,
Еске түссе біз қалай көз ілмекпіз…
Жайдары жаз шуағы өтіп жатыр,
Үмітпен және келер бір сергек күз.

Уақыт – сағат, минут, сөткелерің,
Есімде талай-талай өткел-көлің.
Құмға сіңген судай боп кетті кейде,
Із-түзсіз жоғалып көп көктемдерім…

Керуенін өмірдің үзе алмастан,
Төбемізден төнеді нұрлы аспан.
Қара шашты ақ шашқа айналдырып,
Талай қыс, талай рет күз алмасқан.

Бұрынғыдай жайдары жазың қайда,
Ән салып әлеулеткен сазың қайда?
Солар еске түскенде жадырап бір,
Көңілің көк майсадай жазылмай ма?

Білдірмейсің, өткенді сездірмейсің,
Жақсы күндер жайдары мезгіл дейсің…
Жылжып жатқан уақыт болса қымбат,
Елеусіз өткен күнді көзге ілмейсің…

Бәріміз жерде жүрген пендеміз ғой,
Сондықтан алаңдатар елдегі ой…
Адам болып келген соң дүниеге,
Адам болып өту де – үлкен бір той…

Өткен күндер өтті ғой, санаспайық,
Уақыттан алдағы адаспайық….
Әр күнің, әрбір сәтің, біле білсең,
Тірі жүрген адамға нағыз байлық.

Күтетіндей бізді әлі алдан бақыт,
Қоясың әйтеуір бір армандатып…
Қайда қашып барасың жеткізбей сен,
Жастығымды ұрлаған қайран уақыт?!.

… АҚЫН ӨЛЕҢІНЕН КЕЙІНГІ ОЙ

…Құлагерді өлтірдік, Ақанды да…
Исраил Сапарбай.
…Құлагерді өлтірдік, Ақанды да…
Қайда кетіп барасың заман мына?..
Қысып бәрі жатқанда жан-жағыңнан,
Бір төңкергің келеді жаһанды да.

Не болып жатыр қазір мынау елде?..
Көтергің-ақ келеді кейде кеуде.
Ақан мінген құлагер желісімен,
Алайын деп ойлайсың сен де жүлде.

Батыраш-Қотыраштың заманын-ай,
Қолына бар билікті берген Құдай.
Тасадан тас атқандар көп болған соң,
Ақан өтті өмірден жылай-жылай…

Өзгеріп жатыр қазір заман қалай?..
Жүргендер көп байқамай, абайламай.
Алдынан не шығарын біле алмастан,
Жығылған, сүрінген көп талай-талай…

Сағымға кетті айналып Құлагер де,
Сері де жоқ көз тігер бұраң белге.
Еске түссе осылай қиналамын,
Жанымнан жан таба алмай шығар төрге!

СҮМБІЛЕ

Сүмбіледе су тұнық,
Таудан жылқы түседі.
Майлы түгі құлпырып,
Ағытылып кісені.

Суатта тұр жұлқынып,
Таудың нәрін тауысып.
Жылқышының құлқыны,
Елмен жылдам қауышу.

Сүмбіледе киелі ем,
Таудың суы, шөбі де.
Құлындаған биеден,
Бақ күтесің бәріне.

Туған құлын жайлауда,
Бәрін ерсі көреді.
Тұрады енді байлауда,
Қораға да көнеді….

ТАУ ӨЗЕНІ

Жаңғырта тауды салды ұран,
Ойнақтап, көкке атылып.
Түнеріп шыққан алдынан,
Тоспаны кетті жапырып…

Асыққан алға бөгелмей,
Еркесі таудың ерен-ау.
…Кей шақта таулы өзендей,
Тасып бір алу керек-ау?!.
Құстардың бұл мекені…
Үріккен құстар Ақсудан,
Қонады Қаратөбеге.
Қашады неге көп шудан,
Осы бір жайлы төбеге.
Төсінде оның бәрі бар,
Көгі де, нәрі, дәні де.
Қонатын жері, алды жар,
Мекен ғой құстың бәріне…
Аңшылар ғой еріккен,
Құстарды тартып жебеге.
Үркіткенді көріп пе ең,
Оқпенен қуып төбеге.
Қанаты талмай құстардың,
Төбеде еркін самғайды.
Естуге күнде құштармын,
Қиқуын әннен аумайтын…
Ақсудан үріккен ақққуың,
Қонады осы төбеге.
Ауылда жүрген шат күнің,
Демек, Қаратөбеде…
…Терезені түріп мен,
Қараймын күнде таңертең.
Ақсудан ұшып үріккен,
Тағы да құстар бар ма екен?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір