МЕНІ ҚҰРТҚАН – «КРЕМЛЬ»
03.04.2023
310
0

Мектепте тәп-тәуір оқыған бір ағамыз институтқа түсер емтиханда КРЕМЛЬ деген сөзді КІ-РЕ-МІЛ деп үш буынға бөлген екен, оқытушы оны сонысы үшін оқудан құлатыпты. Сөйтіп, жолы болмай, ауылға салы суға кетіп оралады. Келер жылы тағы сондай құдай атқан сөз кезігіп, онда да жолы болмайды. Содан соң ол ағамыз оқудан біржола күдер үзіп, ауылда қалды. Егін екті. Қолынан кетпен түспеді. Әрине, одан жаман болмады. Еңбегінің жемісін жеді. Өсіп-өнді. Бірақ жұрт сияқты оқи алмағаны есіне түскенде, қолы жүз грамға еріксіз барып қалатын. Ондайда «Мені құртқан – Кремль» деген әніне басады.
Ана тіліміздің табиғатын түсіне қоймаған надан кезімде ол ағама мен де күлетін едім. Кремльді үш буынға бөлгені несі деп. Сөйтсем бұл – күлетін нәрсе емес екен, жылайтын нәрсе екен. Біздің әуезді тілімізді сол Кремльдің жымысқы саясаты біржола құртуға айналғанын білмеппіз. Оны қазір де аңғарып, қырып бара жатқан түгіміз жоқ.
Қайта әлгі ағамның, айналып қана кетейін, аузындағы қызыл тілі мен екі жағы, ерні мен езуі кірме дыбыстар мен кірме сөздердің кесапатына ұшырамай, сау күйінде қалған екен. Ол КРЕМЛЬ деген құрып қалғыр сөзді үш буынға КІ-РЕ-МІЛ деп дұп-дұрыс бөліпті. Бізге жасап берген оқулықтағы ереже бойынша КРЕМЛЬ бір-ақ буын ғой. Өйткені біз ол сөзден жалғыз ғана дауысты дыбысты көріп тұрмыз. Бірақ қазақ оны үш дауысты дыбыс арқылы айтады.
Бұл жетпісінші жылдардың соңы еді.
Одан бері де жарты ғасырдай уақыт өтті. Бірақ сол КРЕМЛЬ деген сөзді қазақ әлі күнге дейін сол қатып-семген күйінде жазып жүр. Өйткені орфографиялық сөздікте Кремль деген сөздің өзі болмаса да, соған туыс сөздер жеткілікті. Оның КРЕМЛЬ емес, КІРЕМІЛ екенін айтып, түсіндіріп жүрген тіл білімінің нағыз ғалымдарын тіл білімінің жауыз ғалымдары мойындамайды. Оны мойын­дамағаны – Ақымет Байтұрсынұлын* да мойындамаған деген сөз. Өйткені Ақаңның «Cырттан… жат сөздер келсе, оны (кірме сөзді. – Н.С.) жаншып, кеміріп, өз тілінің (қазақ тілінің. – Н.С.) қалпына түсіріп… (жазу керек. – Н.С.)» (А.Байтұрсынұлы, «Шығармалары», 4-том, 271-бет, А., 2013, «Ел-шежіре») деген даналық сөзі әлі күнге орындалмай келеді. Ақымет Байтұрсынұлын осы қағидасы үшін-ақ атып тастады деуге болады. Неге десең, «кірме сөздер, оның ішінде орыс тілінен енген сөздер, сол тілде қалай жазылса, қазақ тілінде дәл солай жазылуы тиіс» деген қисынсыз ережені ендіру қажет болды. Осы ереже әлі күнге дейін күшінде. Өйткені осы «ес-ақылы» кем ережені қолдайтындар баршылық. Сол себепті КРЕМЛЬ сияқты қазақты көрер көзге басынған сөздер тілімізде әлі күнге дейін өріп жүр.
Ақымет Байтұрсынұлы ақталды, олай болса, оның негізгі қағидалары да ақталуы керек. 2020 жылы қарашаның 24-інде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлыққа қол қойды. Ол жарлықта саяси қуғын-сүргін құрбандарын жай ғана ақтау емес, толық ақтау туралы айтылған. Ендеше, Ақымет Байтұрсынұлының құнды қағидаларын да кешіктірмей ақтау керек. Ақаңның қағидаларын ақтау дегеніміз – оны емілеге батыл енгізу деп білеміз.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы
* Қазір кейбір тілші-ғалымдар
А. Байтұрсынұлының есім сойы осылай жазылуы керек деп жүр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір