«ҚАЛҚАМАН – МАМЫР». АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ
25.03.2021
8744
0

Өмірде болған оқиға негізінде жазылған Шәкәрім Құдайбердіұлының  «Қалқаман – Мамыр» дастанының жарыққа шыққанына биыл 129 жыл болады екен. Содан бері ел аузынан түспей, талай көркем шығармаларға арқау болған екі жастың қайғылы тағдыры осы уақытқа дейін ешкімді бей-жай қалдырмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанының астарында қандай сыр жатыр?  Ол – екі қағидаттың текетіресінен туған оғаш оқиға.

         Халық қақ жарылды. Жартысы екі жасты қолдаса, қалғаны жеті атаға толмай, үйленуге болмайды деген «Жеті жарғыны» қорғаштайды. «Заң міндетті түрде орындалуы керек», – дейді олар. Бұл заңның өміршеңдігін қазір біраз мемлекеттердің (бұрын емшек ембегендердің бәрі бір-бірімен үйлене беретін) де өз заңдарына енгізгенінен-ақ байқауға болады.

        Қазақтың бейтаныс адаммен бірінші кездескенде «Қай рудансың?» – деу қанымызға сіңген әдет. Мұны, әсте, трайболизммен шатастыруға болмайды. Қазақ қан тазалығынан дүниежүзінде алдыңғы орында тұратынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. «Былай тартса – арба сынатын, былай тартса – өгіз өлетін» осы заң үстемдік құрып тұрған  заманда жүректері қосылып, бірақ өрістері тарылған Қалқаман мен Мамырдың трагедиясы кімді де болса бей-жай қалдырмайтыны анық. Екеуі екі оттың ортасында қалып өртенді. Бірі өліп, бірі жазмыштың арқасында тірі қалып, бірақ тәнінің жартысын өрт шалса да, кеудесін кере ұстады, басын иген жоқ. Тағдырмен тақасып өтті. Өмір қайшысы оны қырқа алмады. Бірақ елді елең еткізіп, жүректерін қозғады, ауыртты, сыздатты. Қолдарынан келер қайран жоқ. Екі жастың өмірі көздеріне жас алғызды, іштерін алай-түлей етті. Сөйтіп олардың аттарын аңызға айналдырып, ғасырдан ғасырға жеткізіп, махаббаттың алапат күшін жастарға мирас етіп қалдырды.
   Ш.Құдайбердіұлы 1823-1825 жылдары болған Жоңғар шапқыншылығы кезінде ел ішінде болған оқиғаны арқау етіп жазған «Қалқаман-Мамыр» дастанын 1912 жылы Семейде бастырып шығарады. Дастан тұңғыш рет 1892 жылы «Дала уәлаяты» газетінде жарияланған. Абай төңірегіндегі ақындардың бәрі де бұл оқиғаны дастан еткен. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институының қорында жырдың 9 түрлі нұсқасы сақтаулы екен. Композитор В.Великов 1938 жылы Мұқаңның ұсынысымен «Қалқаман-Мамыр» балетін жазып, Опера және балет театрында сахналаған. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан да бұл дастан  жайлы жақсы пікірлер қалдырған.
  Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Алматы облысы Жамбыл ауданының бір топ қариялары: «Қарғалы ауылының бір көшесін Қалқаманның атына берейік», – деп, ауыл советінің бастығына, аупарткомның бірінші хатшысына барады.  Олар: «Қалқаман – рудың атауы. Әр ру атына көше атын бере берсек ұятқа қаламыз», – деп, жолатпайды. Қариялар маған келіп: «Енді не істерімізді білмей отырмыз. Бізге көмектес!» – деді. Ауыл советтің бастығы Шәушиевке барып, мән-жайды білдім. Ол: «Қалқаманның батыр болғаны, Жоңғарға қарсы соғысқаны жайлы нақты деректер алып келсін,  әйтпесе мұндағылардың бәрі оны ру басы деп отыр.  Аудандық бастықтардың да пікірі солай. Мен не істей аламын?» – дейді. Ақсақалдардың тілек-арызын алып, Алматыға тартып кеттім. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына келдім. Институт директоры С.Қирабаев іссапармен бір жаққа кетіпті. Орынбасары Ақселеу Сейдімбековке жолығып,  мән-жайды түсіндірдім. Ол архивтен Қалқаман батыр жайлы және Мамырмен байланысты деректерді алдыртып, оны машинкаға бастыртып, қол қойып, мөр басып, қолыма ұстатты. «Республикалық қазақ тілі қоғамына бар, «тірі энциклопедия» атанып кеткен Мұхтар Әбділдабеков деген жігітке жолық. Олардан да қағаз ал!» – деді. Оны да істедім. Ертеңіне олардың көшірмесін өзіме қалдырдым да, ауыл советтің бастығына тапсырдым. Бір аптадан соң ауылдық кеңестің сессиясында қаралып, бұрынғы Чехов көшесіне Қалқаман есімі берілді. Бір жылдан соң Советский деген көшеге Қалқаманның ағасы Қайдауылдың (ол да батыр) есімі берілді. Осы оқиғаға байланысты келер жылы алыс-жақындағы Қалқаманның ұрпақтары маған қайта-қайта келіп, ақыл-кеңес сұрап жүрген ауыл ақсақалдары К.Тілеукеев, Т.Қойшыбаев, Ә.Мұхамедиев т.б.  бас болып, Қарғалы ауылында үлкен той өткізілді. Майбұлақ ауылында тұратын исі қазақ,түрік, әзербайжан диаспоралары тойға түгел шақырылып, мен ғана «естерінен шығып» кетіппін. «Автобиографиям келсе де, географиям келмеген екен», – дедім де қойдым. Өйткені оның алдында ғана ауылдың клубында Америкадан (бір автобус болып) отызға тарта миссионерлер келіп, уағыз айтып, қазақ жастарын католик дініне кіргізбек болған әрекеттеріне қарсы тұрып, олардың іс-әрекетін аяқатпай, қуып жібергенмін.  Ол жөнінде «Ана тілі» газетінде «Тайраңдап келген қонақтарды тайып тұруға мәжбүр еттік» атты бір беттік мақалам жарияланған-ды. Онда осы мәселеге байланысты ауыл ақсақалдарына бір жиналыста өкпе-ренішімді білдіргенмін. Сірә, «ақсақалдарыма» осы әрекетім жақпаған болар. Иә, қазір әкімдер түшкіріп қалса «Жәрәкімалла» деп отыратын қариялардың көбейіп бара жатқанына күлеміз бе, жылаймыз ба. Оларды ел, жер, жастар тағдыры емес, жеке бастарының күйкі тіршілігі ғана қызықтыратын секілді.

 Қайдауылға да көше аты берілетін жөні бар. Өйткені Қалқаманды қызғыштай қорғап, оның өсек-аяңнан аулақ болуына, батырлығы мен ақылдылығына көп үлес қосқан ағасы – Қайдауыл. Оған да көше атын бергіздік.
Қалқаманның сонау Шыңғыстаудан Жетісуға (нағашыларын іздеп) келуіне күдіктенушілер де көп болған. Алғаш сенбеді. Қалқаманды тергеуге алды.
– Руыңды айт!
– Тобықты….
– Шешеңнің аты кім?
– Қалдығыз…
– Оны қалай дәлелдейсің?
Оң жақ қабырғасында алақандай қалы болған. Менде де сондай қал бар.
– Ендеше көрсет бізге!
Қалқаман шешініп, оң жақ қабырғасындағы қалын көрсетеді. Жаугершілік ала-сапыран кезінде Айқымның қызы Қалдығыз арғынның Әйтек деген жігітіне тұрмысқа шығып, Арқада қалып қойған екен. Мұны ел-жұрттың бәрі біледі. Қалқаман кішкентай кезінде көк дамбал киіп жүреді екен. Содан оны еркелетіп «Көкдамбал… Көкдамбал», – дейді екен үлкендер.
Ондай қал Айқымның өзінде де, үлкен ұлы Қайдауылда да болатын. Қалқаман жас кезінде бұлардың айтатын «көкдамбалын» да еске түсіріп: «Енді мені «Ақ дамбал» деп атаңдар»,– деп, елді күлдіреді. Қалқаманның жиен бала екеніне әбден көзі жеткен Қайдауыл мен оның бәйбішесі (елге сөзі өтімді, өжет әйел болған): «Енді жиенді көп қинамай, той қамына кіріселік. Түрінің де Қайдауылдан айнымағанын көріп тұрсыңдар ғой…» – деп,  жұрттың өрекпуін басып, той қамына жұмылдырып жібереді. Үлкен бір ту қойды сойып, қанына Қалқаманның қолын малдырып, ет піскенде қолына жілік ұстатып: «Енді сен бұдан былай Айқымның бір баласысың!» – деп,  қариялар батасын береді. Айқымның Сейтқұл деген баласы қайтыс болған екен. Оның жесірін Қалқаманға қосады. Сейтқұлдан  туған Берекені Қалқаман өз баласындай көріп, жақсы тәлім-тәрбие береді. Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаштан тауға қарай  5-6 шақырым жерде «Ынтымақ» деген ауыл бар. Берекенің ұрпақтарының көбі осы жерде тұрады. Қарғалы, Мыңбаев, Үмбетәлі ауылында да көп…

…Қалқаман Көкенай атқан садақтан оң аяғының тобығы сынып, айдалада бір тораңғының түбінде көп жатып қалады. Өтіп бара жатқан керуеншілер ыңырсыған дауысты есітіп, жан-жағына қарап, бір аттың тораңғыны айналшықтап, жамбастап жатқан біреуді тұмсығымен түрткілеп жүргенін байқап қалады. «Ат – адамның қанаты ғана емес, досы да» деген ел сөзі рас болып шыққанына керуеншілер таң-тамаша болады.

      Арасында Томақ деген мықты тәуіп, сынықшы, емші, көріпкел-сәуегей кісі бар екен. Керуен сол жерге шатыр тігіп, бір тәуліктей болып, Қалқаманға көмектесіп, сынығын салып, байлап беріп, жолға қайта шығады. Қалқаманды ала кетуге жолдары түйіспейді. Қалқаман күн батысқа қарай жүруі керек, бұлардың бет алысы күн шығыс. Жүрерінде тәуіп-көріпкел: «Шырағым, алдың жарық, келешегің кемелді болады. Халық сыйлайтын көсем, елді аузына қаратқан шешен, қарсы келген жауыңды алып та ұратын, шалып та жығатын батыр боласың. Ұрпағың көп болады. Батырлығың мен бастан өткен өмірің хатқа түсіп, тарихта мәңгі қаласың. Сені іздеп алыстан жиырма шақты адам келе жатыр. Көп ұзамай солармен ұшырасасың. Солар апарған жер сенің мәңгі тұрағың болып қалады», – деп,  батасын береді. Қалқаман рахметін айтып, тілегін де білдіреді: «Мені тобықтылар өлімге қиып, елден кетуге мәжбүр етті. Алатау бөктерінің Қарғалы деп аталатын өзенінің бойында отырған Айқым деген нағашы атам бар. Жөл-жөнекей кездескен елге менің жағдайымды айтып, нағашыларыма хабарымды жеткізерсіңдер». Бұл хабар нағашыларына мезгілінде жетпей, керуеншілер жолындағы Ақсу, Көксу бойындағы дулат, жаныстарға жетеді. Жаныс, Қапалдар Қалқаманды алып келу үшін шомдалған төрт түйемен он бес атты кісі жолға шығады. Қалқаманды тауып алып, қомдалған түйеге отырғызып, Аягөзге алып келеді. Жолда түйе итеңіне шыдас бермей, аяғының сынығы ажырап кетеді. Бір сынықшыға қайта салдырады да төрт түйені қатар қойып қомдап, өркештеріне иіліп тұратын шанақ орнатып, соған жатқызып, Қапал тауының етегіндегі «Баян жүрекке» алып келеді. Онда бірнеше күн жатып, жауға қарсы бірге соғысқан жігіттермен табысып, өткен-кеткенді айтып, еске түсіріп, жан жарасы біраз жеңілдегендей болады. Жігіттер Қалқаманның көрсеткен ерліктерін айтып, жұртты тәнті етеді. Сөйтіп,  батырдың еңсесі бұрынғыдан көтеріле түседі. Аяғының сынығы жазылғандай болады. Жігіттеріне,  ел-жұртқа алғыс айтып, жолға шығады. Отыз шақты жігіт Іленің бойына дейін шығарып салады. Еліне дейін еріп бармақ болған жігіттер де табылады.  «Сендер мұнда да керексіңдер, «жау жоқ деме, жер астында» деген, ойда жоқ жерден жаулар сап ете қалуы мүмкін. Өздеріңе, ел – жұртқа абай болыңдар! Мен өзен жағалай жүрем де, нағашыларыма өзім-ақ жетермін. Аяғым тәуір болды. Енді жол азабын тартпаспын, жанымда серігім, Күреңшарым бар ғой. Ол мені небір қиындықтарда да тастап кеткен жоқ. Жанымнан бір елі кетпей, тұмсығымен түртіп, екінші жағыма аударылып жатуыма үнемі көмектесіп жүрді. Аузым құрғаған сәтте көк шөптерді бетіме тақап, таңғы шықтарын сорғызатын. Әттең, тілі жоқ, әйтпесе оның достығы кейбір адамдардан зият. Қош болыңдар! Көріскенше күн жақсы», – деп, достарын қимай, құшақтасып қала берді.

Қалқаман Іледен өткел таба алмай, өзен жағалап көп жүреді. Бұл мамыр айының ортасы. Іле болса ылаймен қарақошқылданып буырқанып, адамға үрей тудырып, арнасынан асып, бұтақтар мен шөп-шаламға толып, долдана ағып жатқан кез еді. Жарлауыт жағаларынан өзенге түсер жер таба алмай көп жүрді. Бір кезде өткел болған, арғы беті мен бергі бетінде жүргіншілер соқпағының сүлбесі бар жайпақтау жерге келіп тоқтайды. Осы жерден басқа ыңғайлы орынның жоқ екеніне көзі жеткен соң киім-кешегін, сауыт-сайманын найзасының ұшына орап байлап, «бісміллә» деп тұлпары Күреңшарды өзенге салады. Бұдан басқа амалдың жоқтығын білгендей, ол да тартынбастан өзенге қойып кетеді. Қатты ағыс бір шақырымдай жерге дейін ырық бермей, ағыза жөнеледі. Тізгінді жайлап тартып, атқа салмақ түсірмейін деп, арғы жағаға қарай атының басын бұрыңқырап отырып, әлден соң жайпауыт жерге қарай икемдей берді. Жануар мұны түсініп, балықша жүзіп, сол жерден арғы бетке қарғып шығады. Қалқаман: «Уһ!» – деп демін алып, атқа тарамысша жабысып қалған тақымын жаза алмай, аттан аунап түсті де: «Құдіреті күшті қара жер, ана жер! Су түбіне кетем бе деп, қатты уайымдап едім, ана екеніңді тағы да дәлелдедің. Мені аман алып қалдың. Тәубе саған, құдіретті, Аллам! Тәубе саған,  қасиетті ана – қара жер! Қазақ болып туғаным рас болса, бір тамшы қаным қалғанша қорғап өтем өзіңді. Басқыншыларды талтаңдатпаймын төріңде,  жорғалатпаймын өріңде!»  Бұл сөздерді дауыстап айта алмай, іштей осылай деді Қалқаман. Іштей айтылса да күн нұрымен тамылжыған табиғат та үн-түнсіз тыңдап, Алатаудан соққан самал желмен тербеліп, көктемгі шыққан қызғалдақтары мен сарғалдақтары бас изеп, мұның сөзін құптап, ен далаға алып кетіп жатты. (Осы көрініс киноға сұранып тұрған эпизодтар екенін киношыларымыз білсе ғой, шіркін!)
Тұлпары да әбден шаршаған. Аптығын баса алмай дір-дір етеді. Анда-санда сілкініп қояды. Жер анасын біраз иіскеп жатқан соң Қалқаман найза ұшындағы киімдерін шешіп алып, су тиген жерлерін кептірмек болып, тораңғы іздеп біраз жүрді. Бір долана ағашын іздеп тауып, киімдерін бұтағына іліп, қару жарағын жастанып, түбіне жата кетті. Көзі ілініп, ұйықтап кеткенін байқамай да қалды.
Атының кісінегенінен оянып кетті. Ол әлдебір нәрсені көргенде, иісін сезгенде кісінейтін. Ол батыс жаққа қос құлағын тігіп, тыпыршып тұр екен. Бұл да қарады. Алыстан әлдекімдердің сұлбасы көрінді. Тұлпары қуанғанынан жер тарпып тұр. «Иә, Аллам, бұл жақсылық болғай». Әне, адамдар бейнесі анық көрінді. Жиырма шақты атты адам. Ең алдында күмістей жалтылдаған ұзын ақ сақалды кісі келеді. Айыр қалпағындағы

өрнектелген жібек жіптері күнмен шағылысып жарқ-жарқ етеді. Бұл нағашы атасы Айқым екенін бірден таныды. Солай қарай адымдай жөнелді. Айтпай ұғысты, іштей тілдесті. Құшақтар айқасып: «Бауырым, тірімісің!» – деген дауыстарды буырқанған Іле ағысы өздерімен бірге Жетісу аймағына таратуға асығыс ағып, жөңкеріле жөнелуде. Жүргіншілердің аттарымен Қалқаманның тұлпары да бірін-бірі жатсынбай иіскелесіп жатты. Нағашы мен жиен осылай елге, Айқым ауылына аттанып кетті. Атасы Жаныс, Қапалдар жіберген хабарды кеше ғана алыпты. Түнде түс көреді. Бір ақ сақалды қария: «Бір үлкен өзен бойында сені іздеп ұрпағың келе жатыр. Тез жет!» – дейді. Содан өзен бойын жағалап келе жатқан беті екен. Елге келген соң Қалқаманның қалай тергелгенін, ел – жұрттың қалай қарсы алғанын жоғарыда айттық. Енді оған тоқталмаймын. Той бітіп, қолы қанға малынып, жілік ұсталып, ел тарқағаннан кейін нағашы атасы Айқым  мен ағасы Қайдауылға басынан өткен оқиғалардың бәрін жайып салады.
       … 1723 жылы Сыр бойында қырғын соғыс болып, Тобықтының біраз жұрты Шу, Қарағанды арқылы үдере көшіп, Семейге жақын Шыңғыстауға келіп қоныстанады. Бұрын жаугершілікке дейін ата қонысы осы жер болатын. Ағасы Олжай үнемі жаугершілікте жүргендіктен әкесі Әйтек жылқышыларына  бас-көз болуды Қалқаманға тапсыратын. Мамыр да әкесі Байғазының жылқышыларымен  бірге (ерлерше киініп алып) сайын  далада сайран салып, оларға көмектесіп жүреді. Екі ауылдың жылқышы жігіттері жылқыларын жусатып қойып, аударыспақ, қылыштасу, жамбы ату, күрес, садақ ату, шауып бара жатқан аттың бауырына жабысу, ат үстінде тік тұрып шабу сынды басқа да неше түрлі өнерге машықтанады. Ара-арасында домбыра тартып, ән шырқап, айтыс та ұйымдастырып, өз қызықтарымен өздері болып жатады.  Мамыр бастаған бір топ қыздар келгенде жігіттердің де делебесі қозып, думан бұрынғыдан да қызып қоя береді. Әсіресе,  көктемде даланы құлпыртып, түрлі түсті кілемше түрлендіріп жіберетін сан түрлі гүлдер иісі,  жастарды ішпей мас етіп, жемей тоғайтып, мәре-сәре етеді. Қалқаман мен Мамырдың үнсіз тілдесіп, көзқарас арқылы ұғысып жүретін мезеті – осы кез. Бұл жай бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын дағдыға да айналды.
 Төңірегіндегі жігіттер де мұны тез байқайды. Күбір-күбір сөздер ел құлағына да жетеді.
Бұлар осылай думандатып жүргенде Сыр бойынан «жау қайта шапты» деген хабар жетеді. Елден атқа қонуға жараған бір топ жігіт Сыр бойына аттанады.
Мамыр көз жасын көл қылып төгіп, қала береді. Қалқаманға жұртқа білдірмей, күмістелген кемер белдігін беріп жіберіп: «Жауға шапқанда айнадай жарқыраған, алақандай күмісі көрінетіндей етіп, сол қолына байлап алсын! Оның кереметін өзі бағалар», – деп, сәлем айтады. Қос ғашықтың бір-біріне деген ынтазарлығы алыстаған сайын арта береді.
           Бір жолы жаудың өзінен екі есе үлкен, астында есік пен төрдей аспанға шапшыған жүйрігі бар «Қарадауыл» атты батыры: «Жекпе-жек, жекпе-жек!» – деп, ойқастап шыға келеді.

Бірталай жігіттер ұмтылып еді. Қалқаман оларды қолымен жасқап қайтарды да, өзі ат ойнатып, суырылып шығады. Шарт та шұрт айқас басталады. Найза сүңгілері шарт-шұрт, айбалталары жалт-жұлт, сауыттары шақыр-шұқыр, садақтары зу-зу… Әлем тапырақ дүние басталады да кетеді. Екеуі де бір-біріне беріспей, сүт пісірімдей уақыт айқасады. Қалқаман жау батырының көзін қайта-қайта көлегейлей бергенін  байқап  қалады. Алғаш оның әдеті екен деп ойлады. Байқаса, сол қолының білегіне ораған Мамыр  берген кемер белдіктегі күміс тананың сәулесі жау көзіне қайта-қайта түсіп, шағылыстырады екен. Енді соны жау көзіне дәл түсірудің амалын қарастыра бастады. Оны да үйреніп алды. Міне,  жау көзінің қарашығы қайда қараса да айна сәулесімен шағылысып, ештеңені көре алмай, көзін білегімен сипалай бергенде Қалқаманның найзасы кеудесін тесіп өтеді. Қарадауыл  бір жағына қисайып,  үзеңгіден аяғын шығара алмай, жер бауырлап салбырап қалады. Аты үркіп әлдеқайда ала қашып, сарбаздары артынан қуып кетеді. Қазақ жасақтарының: «Қалқаман, Қалқаман!» – деген қуанышты үндері керімсал даланы жаңғырықтырып, Қаратау бөктеріне жетіп, оның шың-құздары да оның есімін қайталап жатты. Ашуға мінген тағы бір жау батыры: «Қалқаманмен ғана жекпе-жекке шығамын!» – деп ат ойнатып, аласұрып тұрып алады. «Мені қорықты деп ойламасын», –  деп, кезек күткен жігіттеріне өзім шығамын деген белгі беріп, Күреңшарын ойнатып бұл да шыға келді. «Айна» тәсілін қолданып, оны аттан бірден аударып түсірді. Тасыраңдаған екі батырынан әп-сәтте айырылған қалмақтар ат басын кері бұрып, қаша жөнелді. Қазақ жігіттері біраз  жерге дейін қуып барып, аттары шабаңдап қалған бес-алты қалмақты қолға түсіріп, олжамен қайтты. Қалқаманның даңқы елге де жетіп, Мамырдың қуанышында шек болмады. Оның елге жеңіспен оралуын асыға күтті. Қалқаман Мамырдың: «Жауға шапқанда белдігімді сол қолының  білегіне орап ал!» – деуінің сырын енді ұқты. Оның бойында сұлулық пен сымбаттылығынан басқа, ақылдылығы мен тапқырлығына қайран қалды. Тылсым күш иесі екеніне де көз жетті. Ғашықтық дерт одан бетер алаулатып, денесін күйдіріп ала жөнелді. Алдында қаншама алынбас қамал тұрса да, бәрін бұзып-жаруға өз-өзіне серт етті. Тірідей айырылмасқа тастүйін бекінді. Бұл қасиет, мүмкін,  Олжай атасының ұлы Айдостың бәйбішесі, елге адуындылығымен, әділдігімен, көріпкел-әулиелігімен танымал болған Айпара анасынан дарыған болар.

Қалқаман жігіттері одан кейін де жау шабуылын тоқтатып, талай жеңістерге жетеді. Бір жорықта үзіңгілес жолдасы Мұратбек жараланып, елге қайтады. Бір шайқаста Қалқаман да жараланып, емделуге Шыңғыстауға оралады. Үш жылдай жорықта жүріп Мамырды да қатты сағынады. Еліне келсе, Мамырды қаракесек руының бір шонжары Дүйсенбай қажы дегеннің ұлы, елге ерте қайтқан майдандас досы Мұратбекке атастырып, Мамырдың әкесі Байғазыға қалың малын беріп те қойыпты. Мұның бәрін жасап жүрген (Қалқаманның жоқтығын пайдаланып)  қыздың немере ағасы  Көкенай мерген екен. Ол кезде қыздардың басында ерік деген жоқ. Әке-шешелері қыз қаламаса да «тұмақпен ұрғанда құламаса болды», – деп зарлатып, еңіретіп (жат жұрттықсын дегені тағы бар)  ұзататын. Мамырдың да көз жасына қарамай, ұзатылғалы жатқан тойының үстіне тап болады Қалқаман.
           Ел аузында жүрген Көкенай қарындасының өз атақ-даңқына сай болуына тырысып, тойды дүркіретіп өткізбек болып жатыр екен. Ат жарыс, қыз қуу, аударыспақ, балуан күрес, ақындар  айтысы, жамбы ату т.б.  да толып жатқан салт-дәстүрдің бәрін ойластырып қойыпты. Іші қанжылап Қалқаман да той дүрмегіне еріксіз араласады. Өзінің келгенін  білдірмек болып Мамырдың Ажар деген құрбысы арқылы садағының ұшын орамалға түйіп Мамырға беріп жібереді. Ол да қатты  қуанып, жүзігін кестелі орамалға орап беріп, Ажарды қайта жұмсайды. Бұл: «Мен сендікпін!» – деген белгі еді. Өрекпіген Қалқаман жүрегі орнына қайта түсіп, той салтына араласып кетеді. Той дәстүрі бойынша аударыспаққа, күреске,  жамбы атуға құдалар жақтан бір-бірден жігіт шығуы тиіс екен. Қалқаман жарасы әлі жазылмағандықтан күрес пен аударыспаққа қатыса алмай, жамбы атуға шықты. Қаракесектіктер жағынан есімі елге мәлім, батырлығы мен тасырлығы басым,  мергендігімен көзге түсіп жүрген Ескене батыр бірінші болып, садақ тартады. Оғы мүлт кетеді. «Иә, әруақ!» – деп, іштей тас түйін болып бекінген Қалқаман садағын құлаштай тартып, жамбыны жерге топ еткізеді. Тобықтылар Қалқаманды аспанға көтеріп: «Болсаң,  осындай бол! Міне,  нағыз жігіт!…» – деп  шуласады. Мұны көріп, жанын шүберекке түйіп отырған Мамыр әй-шайға қарамай, жүгіріп келіп, Қалқаманды құшақтай алады. Ыза-кектен терісіне сыймай отырған Ескене қанжарын суырып алып Мамырға қарай ұмтылғанда, Көкенай оның қолын қағып жіберіп: «Жазасын өзіміз береміз!» – дейді. Той осылай ырду-дырду жанжалмен аяқталады.  Ертеңіне Көкенай Әнет бабаға келіп, мән – жайды түсіндіреді: «Елге қарабет болдық. Анау бетімен кеткен қыз әруағымызды аттап, ата-салтымызды бұзды. Жол сілте бізге, баба!» – дейді.
– Әкесі Байғазы не дейді?
– Не деуші еді? Түк болмағандай тойдан соң тісін шұқып, үйінде отыр омалып. Қаперінде дәнеңе жоқ. «Қызым Қалқаманды сүйсе, мен не істеймін… Қалқамандай күйеу балам болса, риза болар ем Аллаға», – деп міңгірлейді ол маубас. Әнет баба омырауға түскен әппақ сақалын саумалап, тақиясын бір шешіп, бір киіп, көзін жұмып, күбірлеп ұзақ отырды. Әлдең соң:
                              Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?!
Ақыл айтар шалы жоқ,
Ерім қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер!?

                              Оңы менен солы жоқ
Ұлан қайтіп күн көрер?! –
деп біраз толғанып отырды да, «Мені де салдыңдар күйікке. Сексеннен асып селкілдеп отырған менен не сұрамақсыңдар! Алла алдында екі сөйлеп күнәһәр болар жайым жоқ. «Жеті Жарғыда» менің де қолым бар. Оған ұрпағымның қан тазалығы үшін қол қойғанмын. Ол шартты бұза алмаймын. Қалқаман мен Мамырды да өлімге қия салмаймын…

– Енді не істейміз, баба?!
– Екеуі жүз қадам жерден атпен шауып өтсін! Садақпен атыңдар! Өлсе – құны жоқ. Тірі қалса, өлгенмен  тең. Өз күндерін елден жырақта, аулақта көрсін. Менің шешімім осы.
– Болды, баба! Айтқаныңды орындаймыз…
Ертеңіне ел жиналып, Әнет бабаның ұйғарымын есітіп, ақ-таң болады. Мамырды Ескене батыр, Қалқаманды Көкенай мерген атпақ болады. Ел іші екіге жарылып, гу-гу әңгіме көбейе түсті.
– Атам қазақтың «жүрекке әмір жүрмейді» деген даналық сөзін аяққа таптаймыз ба сонда…
– Жеті Жарғыдағы шара – бәрімізге ортақ. Оны бұза берсек ұрпағымыз азып-тозбай ма…

Елдің жандай шаптары атқа мінген Мамырды межелі жерге алып барады. Ескене садағын дайындай бастады. Қалқаманды еңгезердей жігіттер құшақтап алып келді. Бұл әрекеттері Қалқаман бір бүлік шығарады-ау деп, қауіптенгеннен туған еді. Оны атуға Көкенай қорамсағына қол салды. Мамыр батысқа, Қалқаман шығысқа  қарай шабуы тиіс. Үкім бір  мезгілде орындалуы қажет. Екі жас бірі батысқа, бірі шығысқа қарай заулай жөнелді.
Ескене батырдың оғы  Мамырды дәл жүрегіне барып қадалды. Ару қыз өт жалын құшып кете барды. Ескененің айызы қанып, аяғын алшаң басып: «Өліктеріңді алып кетіңдер» – деп, қалың жұрттың арасына кіріп кетеді.
Көкенайдың атқан оғы Қалқаманның оң аяғының тоқпан жілігін опырады. Қалқаманның ат үстінен құламай, көзден бұлбұл ұшқанына намыстанған Көкенай садағын жерге бір ұрып, талқанын шығарады. Шарт бір мезгілде орындалғандықтан Қалқаман  Мамыр өлімінен хабарсыз еді. Еті қызған тұлпары бас бермей, бес-алты шақырымға дейін шауып барып, әрең тоқтайды. Артынан қуып келген жігіттер: «Әйтеуір аман қалдың. Аллаға шүкіршілік ет! Елге қайт!» – деп, басу айтады. Қалқаман Мамырдың өлгенін солардан есітіп, есінен танып қала жаздайды. «Бізді өлімге қиған елде тұра алмаймын. Жетісудағы нағашыларыма кетемін, мені әурелемеңдер!» – дейді. Бұл кезде Қалқаман үстіндегі жейдесін жыртып, аяғының сынған жерін байлап отыр еді. Айтқанынан қайтпайтын мінезін білетін ел азаматтары қайыр-қош айтысып, амалсыз ауылға қайтады.

Бұдан кейінгі болған  оқиғаларды жоғарыда айттық.

Өзін Абайдың немере інісімін деп жүрген Қайыржан қажы Мамин: «Қалқаман тоқтамай шаба береді де, Алматыда «Алтын орда» базарына қарсы тұрған Қалқаман ауылына, нағашыларына келеді. Мұнда келіп үйленіп, балалы-шағалы болады», – деп, жансақ кетеді.
     Ал шындығында Алматыдағы ол атау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары отставкаға шығып, М.Әуезов ауданында комендант болып тұрғанда подполковник Әбсалам Мұхамедиев (Қалқаманның тікелей ұрпағы. Атақты композитор  Әсет Бейсеуовтың жақын ағасы)  жаңадан құрылған мөлтек ауданға Қалқаманның атын бергізеді. Мамырсыз Қалқаман есімі аталмайды ғой.  Кейін көкірегі ояу, көзі қарақты жігіттер жаңадан құрылған мөлтек ауданға Мамырдың есімін бергізеді. Ал Айқым нағашысының ауылы Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты (Ұзынағаштан  аудан орталығы тауға қарай 6-7 шақырым жердегі) Қарғалы, Ынтымақ  деген жерде. Алматыдан 50 шақырымдай.  Мен бұл еңбегімді жазғанда бір жарым ғасырдан бері ата-бабалары бір-бірінен үзбей көшіріп, (бұрын еш жерде жарияланбаған) кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен Қалқаман батырдың тікелей ұрпағы Оңғарбаев Нағымжан (қазір 80-нен асқан кісі) ақсақалдың шежіресін пайдаланғанымызды айтқанымыз жөн. Көкірек көзі ояу, Қарғалы ауылының абыз ақсақалы, ұлын ұяға, қызын кияға қондырған, шежіреші қартқа алғысымызды белдіреміз.

Айқымнан таралған ұрпақтар егеменді еліміздің келешегі үшін түрлі салаларда еңбек етуде. Олар мемлекет және қоғам қайраткері Бақыт Оспанов, Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қоғамының Қазақстандағы  президенті Еркебек Арғынбаев, жазушы Нағашыбек Қапалбеков, ғарышкер Талғат Мұсабаев, марқұмдар Балшахан Ырысалдин (майданда Талғат Бигелдиновпен бірге соғысқан, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыштардың бірі, соғыстан кейін Ж.Шаяхметовтың  жеке ұшқышы  болған) атақты педагог Жұмабай Жадрин, Жамбыл «қара жорға» атап кеткен Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев, атақты кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев, Халық әртісі Қасым Жәкібаев, атақты сазгер Әсет Бейсеуов, тағы басқалар.

Міне, осылай Қалқаман, Мамыр есімдері екі ғасырға жуық ел жадында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Біздің мақсатымыз Қалқаман – Мамыр оқиғасының шындығын ашып, аңыз бен ақиқатын ажырату. Бұған Қалқаман ұрпақтарының алып-қосарлары болса, шындықтың беті бұдан да көбірек ашылар еді деп ойлаймыз.

Тұрсынбек  ЕШЕНҚҰЛОВ, жазушы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір